|  | 

Әдеби әлем

ҮРЕЙЛІ ҮШ СОРАҢ 

14359105_605599812934157_6671579690080101963_nТұрсынхан Зәкенұлы
(1)

–Ертеде, көк түріктің заманында әйгілі Үш сораңның етегінде, Хуанхэ қыратында болған ақсүйек қырғынның хикаясы

Солтүстікке аттанған қол күн-түн жорта жүріп, Сарыөзеннің Бөрілі тау тұсындағы жайылмадан өтіп, Үржардың арғы бетіндегі саргерге өріп шыға келді. Өзеннің бұл тұсы Бөрілі тауға тиіп тұратын. Күн салқын күзге айналған. Он оқтарға, тибеттерге қарсы шаңды жорықтарда қол бастап, талай шайқасты басынан кешкен Сяо Сы-ие алыстан қарауытқан тауды көргенде жүрегі шайлығып қалды. Басын аппақ қар басқан, етегі қара барқын, тұнжыр тыныштықта мүлгіген осынау иеннің бір сұмдықты ішіне бүгіп тұрғанына көз жеткізді.
Қалай дегенмен де енді ұрыста тұрыс жоқ екенін сезген ол әскерінің көптігіне арқаланды.
Ол Юань Дачжэнь мен Ли Цзинцзяньді қасына шақырып алып, әскерді үш бағытқа бөліп, орта бағытқа өзі қолбасшылық етіп, Бөрілі таудың күнгейі мен теріскейін сүзіп шығуды, ал өзі бір жерден жылжымай, қай жаққа қажет болса солай қарай лап беруге бекінді.
Бөрілі тау – Сарыөзеннің теріскейіндегі Шұғай құзының батысында өз алдына оқшау, дара тұрған тау еді. Сарыөзеннен бөлінген Ұржар өзені осы таудың бөктерін соға, Қара Нарынды кенерелей құмыға ағып, Сарыөзенге қайта келіп құйылатын.
Бөрілі тау мен Шұғай құзының басынан қарағанда Сарыөзеннен өтіп, Қара Нарынның қабағына қарай қайқайған қалың қол алақандағыдай ап-анық көрінетін.
Ашына Низек Табғаштың жазалаушы қолының келе жатқанынан хабардар болатын. Сол себепті қалың қол өзеннен өткенше өздері азғана адамын Бөрілі тауға қалдырып, негізгі қолды Шұғай құзына жасырған болатын.
Сяо Сы-иенің тауға жақындай бере ішін тартып ойлануында да мән бар еді. Ол түріктердің алыстан шырғалайтын әдісін бұрыннан білетін. Сол үшін әдейі байырқалап, жан-жағын байқастап көрді. Аңыраған батыс желінің әсерімен ызыңдаған бұта-қарағаннан, қолды-аяққа тоқтамай, анда-санда жер иіскеп көшіп жатқан қаңбақтан басқа ештеңе көрінбеді. Дала төсі сүркейлі. Оның үстіне күзгі қара суық сүйекті қарып, кешеден бері аш құрсақ, үдеріп әрең келе жатқан қалың қол қалжыраңқы болатын. Ай бойы жөнді ұйқы-күлкі көрмеген олар қара жерді болса да жастанып жата кетіп бір сәтке көз шырымын алғысы келер еді.
Бірақ үрей мен үміт қоса қабаттасып, тыным таптырар емес. Сарыөзеннің бойында, Бөрілі таудың бауырында бірде-бір түрік көрінбейді. Ізім-ғайым жоқ болған. Қайда кеткендері белгісіз. Бәрі де қарасын жасырып үлгеріпті. Сяо Сы-ие енді оларды қайдан табары белгісіз. Осынау ұшы-қиыры жоқ маң дала, сарқуаң, көңілсіз күз, азынай соққан терістік желі көңілге қаяу түсірердей еді.
–Алдымен қосынды тынықтыру керек! – деді Юань Дачжэн Сяо Сы-иеге жақындап.
–Қайда тынықтырамыз?
–Жер сырын білетін Ван Либэньннен сұрайық.
Ван Либэнь қосынды Бөрілі таудың күнгейіндегі атам заманғы борықты бастауға бастады. Ол бастау бас-аяғы қозы көш жерге ағатын шолақ, шырғанақ су еді. Айналасы боз ши мен қызыл шілік, қара тораңғы еді. Табғаш қолы сол суды жағалай аттан түсіп, шатырларын тікті. Қазан-ошақтарын сайлап, отын теріп, ас-су ішуге қамданды.
Батыс желі одан сайын үдеді. Аспанды қара бұлт торлап, ызыңдаған желмен қоса, тау жақтан үздік-создық ұлыған шиебөрілердің үні естілгендей болды. Оттар жалпылдап жанып, алаң-қуаң әредікте әлдеқандай бір қатерлі күштер іргеден төніп тұрғандай әсер етті. Әскердің бәрі бір-біріне үрейлене қарап, сарқылдап қайнаған қара қазанға итиіп, не болса да аузымызға ас тисе екен деп бозарып, бөденедей бүрісіп, тоңып отырды.

Бөрілі тау ежелден солтүстіктің табиғи қақпасы саналатын. Онымен Шұғай құзының арасындағы табиғи өткек қаншама ақсүйек қырғынның куәсі болған. Ерте күнде Хан патшасының сайыпқырандары Вэй Цин мен Хуо Цуйбиң осы арадан ғұндарды қалың қолмен түре қуып, маңғар шөлден көктей өтіп, сонаудағы Орқын суының бойына дейін жетіп қайтқан еді. Ғұндар ол жолы Сарыөзеннің сыртындағы бес таудың бесеуінен де ада-күде айырылып, көзінің жасын көл қылып, шалғай терістікке – Ханғай мен Қарақұрым тауының аралығындағы ен өлкеге қоныс аударған-ды.
Сарыөзеннің сыртындағы сол бес тау – батыстан шығысқа қарай Аталай, Алатау, Құлан тау, Бөрілі тау және Шұғай құзы деп аталатын. Алатау демекші, ол Сарыөзенге жақын, Аталай мен Құлан таудың арасындағы бір тау еді. Ол ғұндар Цин Шихуаң тарапынан Сарыөзеннің түстігінен қуылған соң бауыр басқан ұйық жұрты болатын. Кейін жер кенедей кеулеген Хан әскері бұл жерді де мекендеп тұруға мүмкіндік бермеді. Жүз мыңдаған қалың қол иін тіресіп, үлкен шеп болып алға жылжып келіп, көк сүңгі найзаларын серт ұстаған бойда оларды Алаутаудан қуып шықты. Олардың атты жасақтары ғұндардан да көп еді. Талай жылдар бойы үйсіндерден алған, өздері өсірген қан жирен жылқы олардың тақымында еді. Үйсін Күнбиі Хань сарайымен бірігіп, ғұндарға бір бүйірден тиісуден бас тартса да, өздерінің асыл текті жылқыларын Чан-аньға көптеп айдатып, есесіне маңлық жібек матаға қарық болған болатын. Сол жылдары ғұндарды қуған табғаштар бұттарына шалбар киіп келген-ді. Шалбар киген табғаштарды көріп қариялар:
–Е, Тәңір, жалған! Табғаштар бұрын тегіс жаяу жүретін еді, атқа мінетін болды. Ұзын мешпет киіп, жалаңбұт жүретін еді, енді шалбар киетін болды. Оларға бәрін бердік. Өйткені өзіміз оларға үйірсек болдық. Оларға жақын жүргендіктен олар біздің шалбарымызды киді, шалбарымызды киіп, өз аттарымызбен өзімізді ата мекенімізден қуды. Дүниеде осы қорлықты ұмытпаңдар! – деді.
Айтып-айтпай, бұған дейін табғаштардың шалбар кигеніне алты жүз жылдай ғана уақыт болған еді. Олар атқа мінгенді үйренгеннен бастап шалбар да киді. Бірақ сол шалбары құрғыр, мынау түркілердікіне бірде-бір ұқсамай-ақ қойды. Ұқсатса да бір жері жетіспейтін. Түріктердің шалбары жазда тақыр, қыста жүнді болатын. Қыстағы шалбарлар көбінде қой терісінен жүнін ішіне қаратып, ал жазғы шалбарлар ешкі не арқар терісінен жүнін қырып, тақырлап істелетін. Қой терісі қыста жылы, ешкі мен арқар терісі жазда салқын болатын. Табғаштарда ондай шалбар тігу үшін соншама көп ешкі мен қой қайдан болсын. Киген торқалары, бөз маталары оңай сетінеп, жыртылып қалатын. Суыққа ондай қоңылтақ киіммен шыдас беру мүмкін емес. Қыстыгүні суықтан қорғайтын бір қабат киім жасату үшін кемінде бес қойдың терісі керек еді. Ондай көп тері түріктерде болса да, табғаштарда табыла бермейтін. Айтпақшы, олардың суыққа төзімді ұзын қонышты саптама етіктері де бар. Етік жылы, ұлтанды болмаса өлдім дей беріңіз. Ол да терісіз жасалмайды. Оған ірі қараның терісі керек, жақсы и керек, мықты тарамыс, қатты ұлтан, жылы ұлтарақ, киіз шұлық керек. Аяз ақырған кезде сол етік екеш етіктің өзінен де бүріп жіберетіні бар. Онда күніне бір сәт ішетін ыстық ет-сорпа, қою қатық жаныңды аман алып қалады. Әйтпесе, солтүстікпен ойнауға келмейді. Солтүстік, иә солтүстік өз дегенін істейді. Солтүстікте тек бөрілер мен оларды кие тұтқан түріктер ғана жасайды. Қандай қатал болса да олар онымен тіл табысуға жаралған. Қатты аяз, ақ түтек бұрқасында да, алай-дүлей қарлы боранда да олар аман қалады. Мұндайда ешкім де бұл мекенге аяқ баспақ емес. Аяқ басса да артына қайтулары мұң болар еді.

– Автордың “Мәңгітас” кітабынан

Related Articles

  • Аттыға жол, ауыздыға сөз бермеген Тұрым батыр

    Әр дәуірде халықтың пана тұтар, қормал санар құрметті азаматтары болады, солардың бірі заманы Аттыға жол, ауыздыға сөз бермейтін, батырлығымен халқы жақта тұрып, мынау ортасы мен мекенін қорғау жолында сырт жауға сес болып келген Тұрым батырды туған халқы мәңгі ұматпайды. Тұрым бала күнінен балуандығымен, қамшыгерлігімен аты шыққан, есейіп ат жалын тартып міне көз алартқан жауларының бетін қайтарып көзге түскендіктен «бұл өңірде Тұрым бар» деп сырт жаулар аттап баспайтын болған. Тұрым өмірінің соңында зиратын қазып, қабырын тұрғызып қойып қажылық сапарға аттанып, қайтарында бүгінгі Семей өңірі маңына келгенде тұйықсыз дүние салып, жол жолдастары сүйекте бұзбай Сартеректегі өзі әзірлеп кеткен қабырға жеткізіп, ел, жұртына табыс етіді. Ителі руының бір мұнша атасы Ажы гүң болып

  • «Сен есірке, тыныш ұйықтат, бақ сөзіме!» /АБАЙ/

    «Сен есірке, тыныш ұйықтат, бақ сөзіме!» /АБАЙ/

    Біздің қазақта «малға достың малдан басқа мұңы жоқ» – «малдан боғы ғана бөтен» талай жарымес Абайдың атына неше түрлі сөз айтқан. Оның ішінде саудагер ғана емес, өзін “сөз ұстаған”, “ел ұстаған” санайтындар да болды. Бұларға Абайдың өзі жауап беріп кеткен: «Тыныш ұйықтат, сен есірке, бақ сөзіме!». Ал, анау жігіт «малдың буымен» негізгі ойын дұрыс жеткізе алмаған сияқты. Ол, «Құнекең малын шығындап, Абайды оқытып, жағдай жасамағанда қалай болар еді… Біз де сол Құнекең сияқтымыз…» дегенді айтпақшы болды – ау деймін… Құнекең қайда, сен қайда… «Қуаты күшті нұрлы сөз, Қуатын білген абайлар…» – дейді Абай. Сөздің қуатын білмеген өте қиын, күйіп қалуың мүмкін… Осы арада Британияның Премьер – министрі болған Бенджамин Дизраэлидің

  • Мыржақып Дулатов түрмеде жатқанда жазған өлеңі

    Мыржақып Дулатов түрмеде жатқанда жазған өлеңі

    Жеке архивімнен табылған құнды мұрағат «Мыржақып Дулатов түрмеде жатқанда жазған өлеңі) Бұл өлеңді 1980 – жылы Өр Алтайдың Көктоғай ауданына қарасты Дүре ауылында 61 жастағы Қауан Орынбасарұлы деген ақсақал айтқанынан жеке архивімде сақталып қалғанынан тауып оқырманмен бөлісіп отырмын. Ай, құдай – ау, аққа жақ, Өзіңі аян мен нақақ. Ақиқат деген жолыңнын, Абыройыңды ашпа хақ. Аятбенен қадысқа, Алла ниет ақ іске. Жан алмасам жоқ еді-ау, Жаза тартсын деген бақ. Мені соттап байлатып, Зығырданды қайнатып. Масайрасын мәз болып, Қинағанды өзің тап Жақын жерден жау шығып, Мақүл істен дау шығып. Дұшпан үстап қолымнан, Иттер тістеп тонымнан. Жаман тосу болған шақ, Түтқын болып тарығып, Жалғыз жатып зарығып, Ашу қысып ойды алып, Дерт жәйіліп бойды

  • Қазақ этногенезінің дағдарысы һам жаңа концепция

    Қазақ этногенезінің дағдарысы һам жаңа концепция

    Арма ағайын! Шағын сараптама Бірінші, қазақ этногенезінің дағдарысы келе жатыр. Дағдарысқа қарсы қазақ этногенезінің жаңа концепциясының жасалмауы алаңдатады. Біз қазір 18 ғасырлардағы қазақ хан-сұлтандары қабылдаған этногенездік концепциясымен әлі өмір сүріп келе жатырмыз. Одан кейінгі үш ғасырда колонизациялық кіріптарлық этногенездік жаңа концепцияны қабылдауға һәм трансформациялауға мұрсат бермеді. Қолданыстағы қазақ шежіресін ашып қараңыз, рулар шежіресінің концепциясы 18 ғасырларда қабылданған мизамға сәйкес келеді. Тіпті шежіредегі аталық рулар сол ғасырдағы қандайда бір тарихи тұлғадан (батырдан) бастау алады немесе шежіредегі аты аталатын рулар 18- ғасырға барып тоқтайды, ары қарай үзік-үзік. Бұл 18- ғасырдағы жаугершілік заманның талабына сай сұрыпталған қазақ этногенезінің көрінісі еді. Яғни қазақ шежіресінің концепциясы қазақ этногенезінің моделін қалыптады. Екінші, саяси және мәдени шешімдердің

  • Мемлекеттік тіл: Қауқарлы ма, әлде әлі де декларация ма?

    Мемлекеттік тіл: Қауқарлы ма, әлде әлі де декларация ма?

     Серік Ерғали Суреттер: aqmeshit-zhastary.kz, democrat.kz сайттарынан алынды. Ата Заң жобасының талқысы Қазақстандағы ең сезімтал, ең ұзақ талқыланып келе жатқан мәселенің бірі — мемлекеттік тілдің нақты мәртебесі. Конституцияда қазақ тілі мемлекеттік тіл деп жазылғанына отыз жылдан асты. Алайда қоғамдағы шынайы сұрақ әлі де ашық: қазақ тілі — басқарудың тілі ме, әлде символдық мәртебедегі тіл ме? Тіл мәселесі неліктен шешілмей келеді? Себебі біз ұзақ уақыт бойы тілге: – мәдени құндылық ретінде ғана қарап келдік; – оны мемлекеттік басқару тілі ретінде нақты бекітпедік. Нәтижесінде: – Конституцияда бір мәтін, – тәжірибеде басқа жағдай қалыптасты. Бұл қайшылық тілдің емес, конституциялық айқындықтың әлсіздігінен туындады. 9-баптағы басты түйін Жоба бойынша: 1. Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі. 2. Мемлекеттік ұйымдарда

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: