Трамп ЦРУ-дың кибершабуыл туралы тұжырымын сынады
АҚШ-тың жаңа сайланған президенті Дональд Трамп Орталық барлау басқармасының (немесе ЦРУ) “Ресей президент сайлауына килікті” деп тұжыруын “күлкі келтіреді” деп атады. Оның пікірінше, демократтар оны Хиллари Клинтонның неге жеңілгенін түсіндіретін “тағы бір сылтау” ретінде пайдаланады.
Fox News Sunday телеарнасына берген сұхбатында Трамп президент Барак Обаманың сайлау науқаны кезінде болған кибершабуылдарға талдау жасау туралы бұйрық бергеніне қарсы емесін айтты. Дегенмен, Трамптың сөзінше, бұл жерде тек Ресей туралы айтуға да болмайды. ” Басқа да елдер, бәлкім, басқа да адамдардың бұл шабуылдарға қатысы бар болуы мүмкін екені айтылуға тиіс” деді Трамп.
Обама әкімшілігі Ақ үй Ресей тарапынан жасалуы мүмкін кибершабуылдарды ғана емес, сонымен қатар 2008 және 2012 жылдары қытайлық хакерлер жасаған кибершабуылдарды да тексеретінін айтады.
АҚШ конгресіне Демократиялық партия мен Республикашыл партиядан сайланған төрт сенатор бүгін Ресейдің сайлау кампаниясына килігуі “әрбір америкалықты алаңдатуы” тиіс екенін және Конгресс бұл істі қандай да бір партия мүддесі үшін емес, ел қауіпсіздігі мақсатында тексеруі қажет екенін мәлімдеген.
“Бұл оқиғаларды тыңғылықты зерттеп, кибершабуылды тежеп, одан ары қарай қорғанудың кешенді шараларын жасау үшін демократтар мен республикашылдар Конгресте бірге жұмыс істесуі тиіс” деп мәлімдеді сенаттағы демократтар басшысы Чак Шумер, демократ Джек Рид, республикашыл сенаторлар Джон Маккейн және Линдси Грэм. Олар қоспартиялық жүйеде жұмыс істесуге және бұл тексеруге қатысты күш біріктіруге дайын екенін білдірді.
Бұған дейін Washington Post газеті ЦРУ Ресей Трамптың Клинтонды жеңуіне көмектесу үшін сайлауға килікті деп хабарлаған. Трамп мұны дереу жоққа шығарып, “Бұл – Саддам Хусейнде жаппай қырып-жоятын қару бар” деген адамдардың жұмысы” деп бағалады.
Азат Еуропа / Азаттық радиосы
Пікір қалдыру