Жапон премьері Перл-Харбордағы шабуыл құрбандарын еске алады
Жапония премьер-министрі Синдзо Абэ АҚШ президенті Барак Обамамен бірге америкалық Перл-Харбор әскери-теңіз базасына кіру үшін Гавайи аралына ұшып барды. Жапония премьер-министрі соңғы он жылда Гавайиға бірінші рет барып отыр. 75 жыл бұрын жапон әскері базаға шабуылдап, одан соң АҚШ Екінші дүниежүзілік соғысқа кіріскен.
Синдзо Абэ 1941 жылы 7 желтоқсанда базаға жасалған шабуыл үшін кешірім сұрамайды деген болжам бар. Ол шабуылда екі мыңнан астам адам қаза тапқан. Дегенмен, Абэ аралға барар алдында журналистермен әңгімесінде “шабуыл құрбандарын Жапония премьер-министрі, жапон халқының өкілі ретінде” еске алатынын мәлімдеді.
Мамыр айында Обама 1945 жылы АҚШ атом бомбаларын тастаған екі қаланың бірі – Хиросимаға барған. Атом бомбасынан жүздеген мың адам құрбан болып, Жапония соғыста жеңілген. Ақ үйдің осы айдың басында жасаған ресми мәлімдемесінде Обама мен Абэнің сапарын “бұрынғы жауларды жақын одақтасқа айналдырған” бітімнің жарқын көрінісі болмақ деген.
Азат Еуропа / Азаттық радиосы
Пікір қалдыру