|  |  | 

Тарих Әдеби әлем

Шәкір Әбенов. ҚҰН немесе керей мен тобықты тартысы

Тобықты ішінде Мамай – үштің бірінен саналатын жуан ру. Жеті Мамайдың ішінде қара күшке Қарабас әлуетті. Қарабас ішінде Ыбырай рақымсыз қатал, найзагер мықты болған. Мұнымен қоса ол сапырма ұры, қолына түссе бітім бермейтін, өз айтқанынан басқаға көнбейтін қыңыр болған. Туысы жуан, қол көмегі мол Ыбырайды тарпа бас салуға маңайдағы ел батпайды. Оның қолында ойдан-қырдан құралған бірнеше сіңбе ұрылар болады.

Бір жылдары ел жайлаудан қайтқанда Ыбырай өзі бастатқан жеті кісі жондағы Жобалай керейге аттанады. Ішінде қаныпезер ұрының бірі Кәрсеннің Жүнісі бар. Сол жондағы Жобалай керейден қашып келіп, Ыбырайдың қолына сіңген бір ұры тағы бар.

Ай жарық. Бұлар келе жатқанда Барлы қызыл деген жерде жеті кісі кездеседі. Олар да ұры, бұлар да ұры. Қарсыласа кеткенде жеті кісінің жортуыл бастығымен Ыбырай бетпе-бет келіп қалады. Ертерек қимылдаған Ыбырай оны аттан найзамен түйреп түсіреді. Қалған алтауы қаша бастаған соң, Ыбырай оларды қуғызбайды. Аттарынан түсіп, қорқырап жатқан адамның қасына барса, жаны шығуға айналған. Сол беті тіл тартпастан кетеді. Өлген адамды бұлардың ішіндегі керей жігіт таниды.

– Біздің жамағайын жақынымыз, қайтпайтын-ақ сабаз еді, «жортуыл басы жолда қалады» деген осы-ау, – деп қатты қынжылады ол. Мұны көрген Ыбырай пышағын суырып алып, сөзге келместен жаңағы қынжылып отырған жігітті жайратады да салады.

– Ойпыр-ай, Ыбыке, бұл не қылғаныңыз! – деген жолдастарына:

– Жап ауыздарыңды! Өлгеніне қынжылуға именбеген бұл, ертең «Ыбырай өлтірді» деуге имене ме, бір кісі өлтіріп құн арқалағанша, екі кісі өлтіріп дау арқалаймын, – дейді Ыбырай.

Өлген екі адамды басқа жерге апарып көміп, аттарын да боршалап, жым-жылас қылады. Керей жиналып келсе, өлген жерінде кісі жоқ. Дәу де болса бұл тобықтының жаулығы деп жорамалдап, жыра-жырадан, таптаурын жерлерден із шалады. Бір жырадан бері қарай жүрген жеті аттының ізін көреді. Мұнан қозыкөш жерде бір жырадан қайтқан алты аттың ізін көреді. «Келгенде жетеу, қайтқанда алтау, бұл қалай? Қайтқанда да, келгенде де бір аттың ізі орасан үлкен»  десіп, керейлер жаңағы үлкен аттың ізін өлшеп алады.

Керей астыртын іздеу салып, жоқ іздеген болып тобықтыны аралайды. Керейдің Қарабасқа ұзатқан бір қызы қанына тартып, нақ сол қарсаңда Ыбырайдың ат үстінде болғанын хабарлайды. Бірақ қалай қарай аттанды, қанша кісі, мал әкелді ме, білмейді. Бұл әйелдің сөзін керей жарыққа шығара алмайды. Мұнымен қабат өлген керейдің жамағайыны – Ыбырайдың қолында жүрген ұры жоқ болады. Келгенде жетеу, қайтқанда алтау болып көрінген із «бұл керейді де Ыбырай өлтірді» деп тұрғандай. Осы себептерді құрастыра келіп, керей «екі кісімді де өлтірген құныкерім сенсің» деп Ыбырайға жармасады. Мойындай қоятын Ыбырай ма! Керейге құн бермеске барлық мамай болып тұтас  жұмылады. Мамай:

– Батыр айғақ, балуан куәң жоқ, табандап ұрып, тап жыққанымды көрген жоқсың, «секілді», «сықылдыларға» құныкер болмаймыз, – десе, керей:

– Бұл іске жанды куәнің керегі жоқ. «Жанды куә жалпақ, жансыз куә нақпа-нақ» деген, жырлайтұғын жыры жоқ, сырлайтұғын сыры жоқ, айдан ашық іс, жетсем – алам, жетпеген жерде қалам, – дейді. Осымен дау ұзарып, ұлғая береді.

Қыс өтіп, ел жайлауға шыққанда керей Мамайдан жылқы алады. Мамай керейдің бір ауылын шабады. Құн иесі керей ішінде Шақантай да – қалың ру Керей, тобықты болып бас қосып, келісім таба алмайды. Бар тапқаны қазақтың ескі жорамалы бойынша «барымта қайтып болмай, дау айтып болмайды» деп, барымтаны қайта қайтарысады.

Мамай мен Шақантайды найман Серікбайға төрелікке айдайды. Серікбай екі жақтың дауын тыңдай келіп:

– Бұл мен билік айтатын дау емес екен. Менің төрелігім: Абайдың алдында арылың-дар, – дейді. Бұған керей ризалық береді. Мамай Абай алдына баруға жалтақтаған соң, Серікбай:

– Абайдан қашсаң ісің арам, құныкер боласың, – деп кесіп айтады.

Мамай лажсыздан Абай ауылына баруға күн байласады. Абай ауылына керей бармай қалса – дауы аяқсыз қалмақ, мамай бармай қалса – ол құныкер болмақ. Керейдің тілегі бойынша, мамай Ыбырайдың ақтобық атын Абайдың алдына ала баруға тиіс.

Мамай кісісі қайтып келе жатқанда Шымырбай:

– Япыр-ай, Серікбай қулық-сұмдықты білмейтін бірбеткей деуші еді, осы жолы қулығын өткізіп кетті-ау, – дейді. «Осы ақтобық атты Абайдың алдына апарып керегі не?» деген сұраққа қарқылдан күледі. Ол:

– Керей кісісі өлген жерге жиналып келмей ме екен, кісісінің сүйегі табылмаған соң маңайды тексермей ме екен. Өткелден бе, жырадан ба, өзектен бе, әйтеуір бір жерден аттың белгілі ізін көрмей ме. Соған өлшеуіш салып алып, Ыбырайдың ақтобық атының ізі деп жорамалдамай ма, – дейді. Иісбан (Ыбырайдың інісі):

– Ой, тәңір-ай, сол да сөз бе екен! Мен бара сала ақтобық атты алып соғып тұяғын жонып, өткір егеумен егеп тастамаймын ба, – дейді.

Бұрын мамайдың өз адамдарына да нақақпыз деп мойындамай қойған Шымырбай енді Иісбайдың мына сөзінен сезіктеніп қалады. Келе сала Кәрсеннің Жүнісін астыртын шақыртып алып, істің шындығына көзі жетеді. Бірақ, мұны тірі жанға тіс жарып айтпайды.

Абайдың алдына баратын күн де жетті. Шымырбай бастатқан мамайдың барлық атқамінерлері түгел. Ішінде Тобышақ бар. Жеті мамайдың ішінде азы да, нашары да Жолбарыс – Тобышақтың атасы. Ал Тобышақ – сөз тапқыш әрі тентек. Керей кісісі бұрын келіп өздеріне арналған үйге орналасқан екен. Олар келісімен тағаның өлшемін Абайдың қолына береді. Өлшеуіш жіңішке түзу тобылғымен тұяқтың дәл ортасынан, маңдайынан артқы тұрқына дейін бір өлшенген, тұяқтың дәл ортасынан көлденең бір өлшенген. Осы төрт тармақ өлшеудің арасынан төрт қысқа тобылғымен тағы өлшеген. Екі ұзын, төрт қысқа тобылғыны құрағанда дөңгелек болып шығады. Абай тобылғыны құрап көріп, «Мынау сонша дәріптейтін үлкен тұяқ емес қой» деп қомсынады.

Ертеңінде сәскеде ауылдан аулақ көгалға барып, керей мен мамай жақтың адамдары екі жарылып Абайдың алдында жүгініске отырады. Көлденең адамдар да көп жиналады.
Алдымен ақтобық аттың тұяғы сарапқа түседі. Атты алып келген соң Абай бір жігітке «Әкел» деп ым қағады. Нені әкел дегенін ешкім ұққан жоқ. Жігіт иін әбден қандырып, қатты ғып илеген саз балшықты алып келеді. Бір жігітке аттың басын ұстатып, енді бір жігіт саз балшыққа аттың аяғын көтертіп, тағанын түсіреді. Саз балшыққа аттың тағаны бедеріне дейін айқын түседі.

Сарапшыға керейден Мырзахан, мамайдан Шымырбай шығады. Мырзахан Абайға былай дейді:

– Аттың тұяғы мұқалады да, өседі де. Біздің бәйгеміз аттың тұяғы емес, ішкі тұрасының өлшеуі.

Керейдің бұл айтысын Абай да, Шымырбай да сол жерде бір-ақ біледі. Аттың тұрасы өлшенеді. Төрт қысқа, екі ұзын тобылғы да ақтобық аттың  тұрасына дәл келеді, тіпті, пышақ жүзі артық-кемі жоқ. Мырзахан дауысын көтеріп:

–  Не айтасың, Шымырбай? – дейді. Сонда Шымырбай:

–  Өлшеу – өлшеу ғой, – дейді.

Бұл жиынға Ыбырай келмей, інісі Иісбайды жіберген. Ол аттың тұяғын қаншама жонғызып, егегенімен, оның еш пайдасы болмады. Абай билік айтты:

– Әдетте талапкер бұрын сөйлейді, жауапкер жауап қайтарады. Ал, мен алдымен жауапкерге бір сұрақ қоямын. Шымырбай, сен жауап бер. Жанды айғақтан дау-дауға ұласады, жансыз айғақ тапжылтпай дөп басады. Ұрыны ұры демей арын кім төгеді, ар мен малдың арасы жер мен көктей. Елдің елдігін ар сақтайды, мал сақтамайды. Шымырбай, сен  бұған не дейсің?

– Елдің елдігін бұзам дей алмаймын. Арамға арымды да салмаймын, – дейді Шымырбай. – Мұнан арғысын Мырзахан айтсын.

– Шымырбай елдің елдігін сақтаймын десе, әрекеге баспағаны, берекеге бастағаны ғой, – дейді Мырзахан. – Ұры уысында тұр, алақанын жазсын  да, алдыма әкеп жайсын…

Енді мәселе анықталғандай. Абай Шымырбай мен Мырзаханға:

– Ендеше, екеуің осы даудың тындымын жасаңдар, – дейді де, орнынан тұрып үйге қарай жүріп кетеді.

Шымырбай мен Мырзахан екеуі оңаша сөйлесуге кетеді. Отырған ел аң-таң. Керей жағы: «Ердің құны екі ауыз сөзбен бітеді» деуші еді, Абай бір емес, екі ердің құнын бір-ақ ауыз сөзбен бітірді-ау, – десіп жатты.

Мырзахан мен Шымырбай көп кешікпей топқа қайтып келді. Мамай құныкер екенін мойындады Қазақтың ережесінде ердің құны елу түйе болса, ұрыға жарты құн. Сонда керей жағы біржарым құн алатын болып, дау шешілді. Керей жақ Абайға ризалығын білдіріп, мамаймен сөз байласып, аттанып кеткен екен.

Шәкір Әбенов, халық ақыны.

zheruiyq.kz

Related Articles

  • Аттыға жол, ауыздыға сөз бермеген Тұрым батыр

    Әр дәуірде халықтың пана тұтар, қормал санар құрметті азаматтары болады, солардың бірі заманы Аттыға жол, ауыздыға сөз бермейтін, батырлығымен халқы жақта тұрып, мынау ортасы мен мекенін қорғау жолында сырт жауға сес болып келген Тұрым батырды туған халқы мәңгі ұматпайды. Тұрым бала күнінен балуандығымен, қамшыгерлігімен аты шыққан, есейіп ат жалын тартып міне көз алартқан жауларының бетін қайтарып көзге түскендіктен «бұл өңірде Тұрым бар» деп сырт жаулар аттап баспайтын болған. Тұрым өмірінің соңында зиратын қазып, қабырын тұрғызып қойып қажылық сапарға аттанып, қайтарында бүгінгі Семей өңірі маңына келгенде тұйықсыз дүние салып, жол жолдастары сүйекте бұзбай Сартеректегі өзі әзірлеп кеткен қабырға жеткізіп, ел, жұртына табыс етіді. Ителі руының бір мұнша атасы Ажы гүң болып

  • «Сен есірке, тыныш ұйықтат, бақ сөзіме!» /АБАЙ/

    «Сен есірке, тыныш ұйықтат, бақ сөзіме!» /АБАЙ/

    Біздің қазақта «малға достың малдан басқа мұңы жоқ» – «малдан боғы ғана бөтен» талай жарымес Абайдың атына неше түрлі сөз айтқан. Оның ішінде саудагер ғана емес, өзін “сөз ұстаған”, “ел ұстаған” санайтындар да болды. Бұларға Абайдың өзі жауап беріп кеткен: «Тыныш ұйықтат, сен есірке, бақ сөзіме!». Ал, анау жігіт «малдың буымен» негізгі ойын дұрыс жеткізе алмаған сияқты. Ол, «Құнекең малын шығындап, Абайды оқытып, жағдай жасамағанда қалай болар еді… Біз де сол Құнекең сияқтымыз…» дегенді айтпақшы болды – ау деймін… Құнекең қайда, сен қайда… «Қуаты күшті нұрлы сөз, Қуатын білген абайлар…» – дейді Абай. Сөздің қуатын білмеген өте қиын, күйіп қалуың мүмкін… Осы арада Британияның Премьер – министрі болған Бенджамин Дизраэлидің

  • Тибет асқан көш не себепті басталды?

    Тибет асқан көш не себепті басталды?

    1883-жылы Алтайдан Жамысбай бастаған қазақтар алғаш рет Баркөл жеріне көшіп барды, 1887-1891-1895 жылдары тағыда көшіп келгендер болды. онан кейінде көшіп келгендер болды, мысалы 1912-1913 жылдары, 1920 жылдары, 1924-1929 жылы келгенлер болды, олардың дені Алтайдан болатын. 1912 жылдан кейін манжу билігі құлап қытай билігі орнады, 1928 жылы билікке келген Жин Шурын Алтай төресі Қасымқан ұлы Шәріпқанды, Тарбағатай төресінің ұлы Қызырды, Баркөл қазақ үкірдайы Әліптің ұлы Елісқанды Үрімжіде оқытты, Елісқан заманауй Әскери білім алды, қытай тілін үйренді. Оны 200 адамдық қарулы қазаққа басшы етіп оны «Шығыс Шыңжаң шегара қорғаныс отрияды» деп атады. 1931 жылы Құмыл ұйғырлары Қожанияздың бастауында көтеріліс жасады. Оқиға Бір қытай әскер басының бір ұйғыр қызды зорлықпен әйел етіп алмақ

  • Мыржақып Дулатов түрмеде жатқанда жазған өлеңі

    Мыржақып Дулатов түрмеде жатқанда жазған өлеңі

    Жеке архивімнен табылған құнды мұрағат «Мыржақып Дулатов түрмеде жатқанда жазған өлеңі) Бұл өлеңді 1980 – жылы Өр Алтайдың Көктоғай ауданына қарасты Дүре ауылында 61 жастағы Қауан Орынбасарұлы деген ақсақал айтқанынан жеке архивімде сақталып қалғанынан тауып оқырманмен бөлісіп отырмын. Ай, құдай – ау, аққа жақ, Өзіңі аян мен нақақ. Ақиқат деген жолыңнын, Абыройыңды ашпа хақ. Аятбенен қадысқа, Алла ниет ақ іске. Жан алмасам жоқ еді-ау, Жаза тартсын деген бақ. Мені соттап байлатып, Зығырданды қайнатып. Масайрасын мәз болып, Қинағанды өзің тап Жақын жерден жау шығып, Мақүл істен дау шығып. Дұшпан үстап қолымнан, Иттер тістеп тонымнан. Жаман тосу болған шақ, Түтқын болып тарығып, Жалғыз жатып зарығып, Ашу қысып ойды алып, Дерт жәйіліп бойды

  • Ғалым Боқаш мерейлі 50 жаста

    Ғалым Боқаш мерейлі 50 жаста

    Altyn Magauina Бүгін Атамыздың ең жақын шәкірттерінің бірі, біздің бауырымыз, қазақтың мақтан тұтатын жастарының бірі Ғалым Боқаш мерейлі 50 жасқа толып отыр. Біз үшін бұл күн – жай ғана Ғалымның туған күн емес, бұл – оның жарты ғасырлық өнегелі өмір жолының, адал еңбегінің, биік парасат пен адамгершілігінің мерекесі. Біз Ғалымды тек терең білімі үшін емес, үлкен жүрегі үшін қадірлейміз. Ғалымның әлемнің ең беделді оқу орындарының бірі – Оксфорд университетінде білім алып, “Азаттық радиосында жемісті еңбек етіп, бүгінде Америка Құрама Штаттарының мемлекеттік қызметінде абыройлы жұмыс атқарып жүргені оның табандылығының, білімге құштарлығының және еңбекқорлығының айқын көрінісі. Алайда адамның шынайы бағасы оның қызметімен немесе жеткен жетістіктерімен ғана өлшенбесе керек. Адамның қадірі оның жүрегінде,

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: