ҚАЗАНАМА
Монғолия еліне еңбек сіңірген қайраткер аяулы жар, ардақты әке, ұлағатты ата, ел ақсақалы Қанан Байысқанұлы атамыз 81 жасқа қараған шағында 2017-жылы қаңтардың 29-күні Қазақ елінің Талдықорған қаласы жанындағы Көксу ауданы, Балпықби ауылында ұзақ созылған науқастан қайтыс болып, орны толмас қазаға душар болдық.
Қанан атамыздың өмір баянынан дерек: “Қасиетті Алтайдың теріскей беті Баян-Өлгей аймағының Сақсай ауылында 1936-жылы руы Керей, Шеруші, Төлек дәулескер күйші Байысқан шалдың шаңырағында дүниеге келген. Жастайынан зерек, еңбек құмар атамыз 1945-жылы мектеп табалдырығын аттап, 1955-жылы мектепті бітіріп, Ұланбатыр қаласына политекникалық техникумға жолдама алып 1958-жылы үздік бітірген. Увс аймақтық “Явары” көмір шахтасында техникші мамандығымен еңбек жолын бастап, 1965-жылы Баян-Өлгей аймағында жол жөндеу мекемесінде аға техникші, 1970-жылдан бастап аймақтық жол жөндеу және құрылыс салу мекемесінің бастығы болып 25 жыл қалтқысыз табысты еңбек етіп зейнетке шыққан. Аймақтың жол қатынасын салуға өлшеусіз ерен еңбек сіңіріп, басқару саласында тың идеяларымен құрметке бөленген шебер ұйымдастырушы басшы болды. Асыл ағамыздың еңбегін Монғолия мемлекеті жоғары бағалап “алтын жұлдыз” ордені, 1989-жылы мемлекетке “еңбек сіңірген қайраткер” атағын және тағы басқа орден-медальдармен марапатталған. Асыл жар, 7 баланы ұлын ұяға, қызын қияға ұшырған ұлағатты әке, немерелері үлгі тұтарлық ата, ағайын-туыстың ауылдың данагөй ақсақалы болды.
2000-жылдың басы кезінде атамыз атамекеніміз Қазақстанға көшер алдында әкем марқұм аға-жеңгемді қонақ қылам деп үйге шақырып дәм татқызып, шүйіркелесіп келелі әңгіме дүкен құрғаны есімде…
Атажұртқа үрім-бұтағымен жер жәннаты жетісуға коныс аударған.
Ұрпақтары атамекеннің әр саласында жемісті еңбек етуде.
Бар ғұмырын елдің даму индустрия саласына сарп еткен атамыздың топырағы торқа, иманы жолдас болсын! Артында қалған ұрпақтарына жасын да, бағын да берсін! Жаратқан Иеміз атадан асып туатын ұрпақтар беруді нәсіп етсін!
Марқұм атамыздың жарқын бейнесін, адамгершіл қасиетін мәңгі ұмытпаймыз!
Бүгін 31-қаңтар 2017-жылы азанда Талдықорған қаласы жанындағы Көксу ауданы, Балпықби ауылында жаназа болатынын алыс-жуықтағы ағайын-туыстарға хабарлаймыз!
Пікір қалдыру