|  | 

Саясат

Қытайда Оспан батыр ұрпақтары өмір бойы қамауға үкім етілуде

 Біріккен Ұттар Ұйымы (United Nations), 

Халықаралық Адам Құқықтарын қорғау ұйымы (International Human Rights Organizations),

Еуропа Парламенті (European Parliament) және  ҚР Президент әкімшілігінің,  

ҚР Сыртқы істер министрлігінің назарына:

china1-800x480 

  Соңғы жылдары Қытай үкіметі «терроризмге, діни экстремизмге қарсы күресті» желеу етіп Шыңжаңдағы аз санды ұлт өкілдеріне қысымды күшейтті. Бұл қазақ, ұйғыр, қырғыз, т.б. Шыңжаңдағы жергілікті аз санды ұлт өкілдері құқықтарының ауыр дәрежеде тапталуына себеп болды. Миллионнан астам аз санды ұлт өкілі сотсыз, сұрақсыз лагерлерге (Бейжің билігі «Білім беру орталықтары» деп көрсетуге тырысады) қамалып, мыңдаған адам жалған жалалармен қудаланды. Нәтижесінде, Шыңжаң өңірі әлемдегі адам құқығы ең ауыр дәрежеде тапталған аймаққа айналды.

  2020 жылы 10 шілде күні (Бейжің уақытымен 08:00 ден 15:30 аралығында) Шыңжаңдағы Алтай аймағының Көктоғай ауданында үш қазақ азаматына қатысты сот отырысы өткен. Нұрлан Нәбиұлы, Нағыз Мұхаммедұлы, Толқын Соғысайұлы қатарлы қазақ азаматтары бұдан 3 жыл бұрын (2017 жылдың аяқ шенінен 2018 жылдың наурыз айына дейін) Көктоғай аудандық Қоғам қауіпсіздік мекемесі жағынан ұсталып, содан бері Көктоғай ауданында қамауда болған. Алғашында оларға «Жоспарлы тууға», «Қос тілді оқытуға» (Қытайдағы демография және білім беру саясаты) қарсы шыққан, әсіре ұлтшылдық, ұлттық бөлшектеуші және отан тұтастығын бүлдіруші, т.б. айыптар тағылған.

    10 шілдедегі сот барысында оларға тағылған айыптардың бір қатары алынып тасталып, «әсіре ұлтшыл», «ұлттық бөлшектеуші», «отан тұтастығын қауіп төндірген», «отан сатқыны» деген айыптар тағылған. Алайда, мәліметтерге қарағанда, тағылған айыптарға қатысты нақты дәлелдер (қандай да бір аудио немесе видео жазбалар) көрсетілмеген, тек арнайы дайындаған «куәгерлердің» «айғақ сөздерін» алға тартқан.  

  Ақпарат көздерінің (жеке қауіпсіздігіне байланысты аты-жөні аталмайды) берген мәліметіне қарағанда, сот отырысынан бұрын тергеушілер оларды сот кезінде «қылмыстарын» мойындап, «партия мен үкіметтен рақымшылық, кеңшілік сұрауға» көндірмек болған. Сонда ғана сот шешімінің жеңіл болатынын айтқан. Айыпталған азаматтар сотқа дейін келіскен сыңай танытқан, (егер олар бұл талаптармен келіспегенде сот отырсы болмауы да мүмкін) сотта жарыссөз алғанда үшеуі де өздеріне тағылған айыптармен келіспейтінін ашық айтқан. Олар сөзінде өздеріне тағылған айыптармен мүлде келіспейтіндерін, керісінше жазықсыз қамауға алынып, 57 күн бойы азаптауға ұшырағандарын, денсаулықтарына ауыр дәрежеде зақым келгенін алға тартып, Көктоғай аудандық Қоғам қауіпсіздік мекемесі (Полиция) мен Ұлттық қауіпсіздік бюросының бұл әрекеттерін заң аясында қайта қарауды талап еткен (Мәліметтерге қарағанда, оларды жан түршігерлік жазалау әдістерін қолданып, «қылмыстарын» мойындатпақ болған. Екі айға жуық уақыт бойы ұрып-соғып, ұйқысыз, тамақсыз небір ауыр жаза түрлерін қолданған).

   Алғашқы сот отырысынан екі айдан астам уақыт өткенде (24 қыркүйекте) Нұрлан Нәбиұлы, Нағыз Мұхаммедұлы, Толқын Соғысайұлы қатарлы қазақ азаматтарына сот үкімі шығып, үшеуінің де өзіне тағылған айыптармен келіспегеніне қарамастан өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы берілген. Сот үкімінде «әсіре ұлтшыл», «отан тұтастығына қауіп төндірген» т.б. айыптармен қатар, «Қазақстандағы «қазақшыл» ұйымдармен байланыс орнатқан», «Қазақстанмен жиі байланысқа шыққан», «Қазақстанның Тәуелсіздік күнін құттықтап, қонағасы берген» деген айыптар да бар. Сот үкімінде айыпталушылардың бірі Нұрлан Нәбиұлының ауыр дәрежедегі көру қуатының әлсіздігіне байланысты мүгедектігі де ескерілмеген.

   Назар аударарлық бір жайыт, ауыр айыптар тағылып, өмір бойына қамау жазасы берілген үш азамат та XX ғасырда Шыңжаңдағы Қазақ Ұлтазаттық күресінің жетекшісі әйгілі Оспан батыр Сәлімұлының тіке және аталас ағайындарының ұрпақтары.

N-rlan-N-biНұрлан Набиұлы (Оспан батырдың немересі) 1966 жылы ҚХР ШҰАР Көктоғай ауданында туған. 1990 жылдан бастап Көктоғай аудандық халық сот мекемесінде қызмет істеген. 2000 жылы денсаулығына байланысты мемлекеттік қызметтен шегінген. 2018 жылы науырыз айынан бері себепсіз қамауда.Na-yz-M-hammed Нағыз Мұхаммедұлы (Оспан батырдың немере ағайныдарының ұрпағы) 1968 жылы ҚХР ШҰАР Көктоғай Ауданында туған. 1991 жылдан бастап Көктоғай аудандық Мәдениет үйінде, кейін Алтай аймақтық мәдениет мекемесінде қызмет істеген. 2018 жылы науырыз айында себепсіз қамауға алынған. WhatsApp-Image-2020-09-26-at-20.02.25Толқын Соғысайұлы (Оспан батырдың аталас ағайындарының ұрпағы) 1968 жылы ҚХР ШҰАР Көктоғай ауданында туған. 1990 жылдан бастап Көктоғай аудандық № 1 орта мектепте ұстаздық еткен. 2017 жылы Желтоқсан айында себепсіз қамауға алынған.

   Дерек көздерінің мәліметіне қарағанда, айыпталған азаматтардың сотталуына олардың Оспан батырдың тіке және аталас ағайындарының ұрпақтары болуы басты себеп болған. Оспан батыр Қытайда, әсіресе Шыңжаңда саяси-тарихи тұрғыда ақтауға шектеу қойлған санаулы тұлғалардың бірі. Шыңжаңда Оспан батырдың есімін ұлықтауға, дәріптеуге, ұлт азаттық күресінің жетекшісі ретінде көрсетуге, тіпті атын атауға да шектеу қойылған. Керісінше, мемлекеттік «идеология машинасы» жағынан «бүлікшіл», «банды» деп көрсетуге күш салады. Шыңжаңдағы «терриоризм мен діни экстремизмге қарсы күрес» желеуіндегі аз санды ұлттарды жаныштау саясаты күшейген тұста, «екі жүзділерді әшкерелеу» саяси қозғалысы жүргізілді. Асыра сілтеуге мейлінше жол берілген бұл қозғалыс нәтижесінде көптеген ұлтжанды және белсенді аз санды ұлт өкілдері қудаланды. Оларға «шетелмен байланыс орнатқан», «отан сатқыны» деген айыптар тағылды. Осы тұста Көктоғай ауданында және Алтай аймағындағы үкіметтік отырыстарда «Оспан бандыны түп-тамырымен құрту, қалдықтарын аластау» деген саяси ұрандар да айтылған.

   Мәліметтерге қарағанда, жоғарыда аталған үш азаматтың айыпталуына және ауыр жазаға кесілуіне Алтай аймақтық партком секретары Жаң Янь (张岩/Zhang Yan) мен оның орынбасары, аймақ басшысы (уәлиі) Қаден Кәбенұлы және Көктоғай аудандық партом секретары Лию Чың (刘成/Liu Cheng) тікелей ықпал еткен. Олар «банды Оспанның ұрпақтарын, астыртын жалғасқан ұйымдарын құртып, қатаң шешім жасауға» тапсырма берген. Көктоғай аудандық Қоғам қауіпсіздік мекемесі (полиция) мен Ұлттық қауіпсіздік бюросының жетекшілері де Нұрлан Нәбиұлы, Нағыз Мұхаммедұлы, Толқын Соғысайұлы қатарлы азаматтардың өздеріне тағылған айыптарды мойнынап жазалануына барынша күш салған.

   Дерек көздері бұл аталған аймақ, аудан басшыларының Оспан батырдың әулетіне қатысты бұл істі жоғарыға соттар мен жоғары әкімшілік билік деңгейіне жеткізбеуге тырысып отырғанын мәлімдеді. Мәліметтерге қарағанда, Нұрлан Нәбиұлы, Нағыз Мұхаммедұлы, Толқын Соғысайұлы қатарлы азаматтарға қатысты іс жоғары сот және әкімшілік тарабынан «негізі әлсіз», «толық тексерілуі керек» деген талаппен бірнеше рет Көктоғай ауданының қарауына қайтарылған. Дерек көздерінің болжауынша, бұл да жоғарыда аталған аймақ және аудандағы басшылар мен қатысты орган жетекшілерінің мақсатты әрекеті. Алайда, айыпталған азаматтар өздеріне тағылған айыпқа да, сот шешіміне де мойынсал емес екендікерін ашық білдірген.  Мәліметтерге қарағанда, Толқын Соғысайұлының «екі жүзді тұлға» ретінде айыпталуына аудандық № 1 орта мектептің директоры Тән Сұңның тікелей жала жабуы себеп болған. Тәуелсіз сарапшылардың пікірінше, аталған ресми тұлғалар өздерінен жоғары билікке саяси қозғалысты «табысты орындағанын» дәлелдеу үшін Оспан батырдың ұрпақтарын мақсатты түрде көрсетіп, қудалануына себеп болған. Бұдан тыс, сот процесінің қазақ тілінде болуы, онлайн режимде болған сотқа тек қазақтардың ғана қатыстырылуы да саяси ойын деп айтуға негіз бар. Оспан батыр тақырыбының қазақ-қытай қатынасы үшін нәзік тақырыптардың бірі болғандықтан, бұндай мәселені мақсатты түрде қазақтардың өз ішінде болып жатқан мәселе қатарында көрсетуге тырысуда. Ал, аталған азаматтарға тағылған айып пен оларды күштеп мойындатуға тырысу әрекеттері істің ондай қарапайым емес екенін анық көрсетеді.

   Қытай билігінің Шыңжаңдағы әсіре саяси әрекеттері ондағы аз санды ұлт өкілдерінің азаматтық және адами құқықтарын ауыр дәрежеде бұзумен қатар, белгілі деңгейде қазақ ұлтының ортақ құндылықтары мен Қазақстан азаматтарының отбасы мүшелеріне өзінің кері әсерін тигізуде. Көктоғай аудандық Қоғам қауіпсіздік мекемесі мен Ұлттық қауіпсіздік бюросы жағынан негізсіз айыпталған азаматтардың туыстары (балалары, ата-анасы және бауырлары) Қазақстан Республикасының азаматтары. Бұған қоса Оспан батыр қазақ халқы арасында аса биік мәртебеге ие тарихи тұлғалардың бірі. Елімізде және шетелдерде өткен халықаралық-ғылыми конференцияларда оны қазақтың ғана емес тұтас түркі дүниесінің ұлттық қаһарманы ретінде атайды. Бұндай тұлғаның ұрпақтарына жасалып жатқан қудалау тұтас қазақ халқының арасында үлкен дүмпуге, наразылыққа себеп болары хақ. Нәтижесінде екі елдің достық байланысқа құрылған дипломатиялық, сауда-экономикалық қарым-қатынастарына кері әсер етуы бек мүмкін. Сондықтан, бұл мәселені ҚР Сыртқы істер министрлігі, Президент Әкісшілігі назарына алуы, дипломатиялық арналар арқылы ұлттар ара қарым-қатынасқа ықпал ететін бұндай келеңсіз жайттерге жол бермеуге күш салуы тиіс.

   Шыңжаңдағы 1 миллоннан астам аз санды ұлт өкілдерінің лагерлерге қамалуы (БҰҰ мәліметі бойынша), олардың ең қарапайым құқықтарының, ұлттық салт-санасы мен діни наным-сенім еріктерінің ауыр дәрежеде бүлінуі XXI ғасырдағы адамзаттың ортақ құндылықтарына жасалған ең үлкен қастандық деп саналуы тиіс. Сондықтан да, Біріккен Ұттар Ұйымының (United Nations), Халықаралық Адам Құқықтарын қорғау ұйымдарының (International Human Rights Organizations), Еуропалық Парламенттің (European Parliament) Шыңжаңдағы адам құқығы мәселесіне баса назар аударуын, халықаралық санкция қысымын күшейтуін, сол арқылы адамзаттың ортақ құндылықтарды қорғауға күш салуын үміт етеміз.

 qazaqtimes.com

Related Articles

  • Мәдениет министрі неге өтірік айтты?

    Өткен аптада Мәдениет министрі Ақтоты Райымқұлованың Орталық коммуникациялық қызметі алаңында халық алдында есеп беру кездесуі өтіп, Қазақстандық режиссер Гүлнар Сәрсенова «Нартай» деген фильм түсірді. Былтыр қатаң карантин болмағанда трагикомедия қалың көрерменге жол тартар еді. Әттең, экранизацияның премьерасы салтанатты түрде болған жоқ, дегенмен, интернет беттерінде трейлері қаптап, фильм туралы ақпараттар шықты. Сауал осы фильмге қатысты болған-ды. Өйткені, туындының музыкасын министр жазды. Композитор ретінде шенеуніктің қанша гонорар алғанын білгіміз келді, алайда, Ақтоты Райымқұлова «менің қатысым жоқ, барлық ақпарат жалған» деп, басын ала қашты. Құжаттарда көрсетілгендей, үш миллион алты жүз теңгеге гонорар министр Райымқұловаға бөлінген. Ақпаратқа қолжетімділік елде қамтамасыз етілген. Құжаттар арнайы сайттарда сарнап тұр. Министр неге өтірік айтты екен. Өзіңіз айтқандай, мемлекеттік

  • АҚШ-Қытай-Ресей үштік державаның талас-тартысы Орталық Азияны ыңғайсыз жағдайға қалдыруы мүмкін…

    Шағын Сараптама Естеріңізде болса осыдан бір жарым жыл алдына Ауғанстан және Орталық Азия тақырыбы бойынша бір сұқбат жасаған едік. Сондағы кейбір болжалды түйіткілдер дәл қазір әлемдік саяси аренада кеңінен пікір-таласқа салынып жатыр. Ары қарай… Бірінші, Әлемдік ірі ақпарат көздері АҚШ әскері Ауғаныстаннан толық шегінген жағдайда туындайтын гео-саяси ахуалды қызу талқыға салып жатыр. АҚШ (және НАТО) әскері толық шегінсе Ауғанстан үкіметі елдегі тыныштықты қамтамасыз қыла ала ма; Ауғаныстандағы ислами күштер нені жоспарлап жатыр; Ауғаныстандағы жағдай алдағы кезеңде қытайға қалай ықпал жасауы мүмкін; Қытайдың қандайда бір стратегиялы жоспары бар ма; тб өзекті тақырып қазақ баспасөзінде тәуелсіз һәм тарапсыз талқыға салынуы керек. Екінші, АҚШ әскері толықтай шегінген жағдайда Орталық Азияны қандай қауіп және

  • Әлем алпауыттарының стратегиялық кездесулері неге жиіледі? (Шағын сараптама)

    Наурыздың 18- күні Ақш Сыртқы Істер Министрі Антони Блинкен мен Қытай Сыртқы Істер Министрі Ван И (王毅) Алияскада аса маңызды кездесу жасады. Осы кездесуден соң қос үйекке жіктелгендей болған екі жарты шардың алпауыттары тоқтаусыз стратегиялық кездесулерді бірінен соң бірі бастап кетті. Ақш СІМ’лері Жапон, Корея, Үндістанмен маңызды кездесулер жасап жатқанда 22- наурыз Ресей Сыртқы Істер Министрі Лавров Гуйлиньде Қытай СІМ’і Ван И-мен кездесті. 24- наурыз Түркия СІМ’і Мевлют Чавушоглу (Mevlüt Çavuşoğlu) Брюссельбегі НАТО СІМ’лерінің басқосуында Ақш-тың СІМ Блинкенмен кездесті. 27- наурыз Қытай-Иран Сыртқы Істер Министрлері аса маңызды тарихи кездесу жасады да аса ірі стратегиялы құжатқа қол қойды. Иран осы маңызды келсімнен соң Орталық Азия елдерін бетке алып 7- сәуір біздің

  • КЕНЕСАРЫ ХАН үшін қуанып отыра берудің пайдасы қанша?

    Ресей Қорғаныс Министрлігі Орталық Әскери Окургінің баспасөз қызметі Сәуірдің екінші күні ірі көлемді әскери жаттығулардың алдағы уақытта одан ары жалғаса беретінін айтқанын білесіздер. Орталық Әскери Окург қолбасшысы генерал-полковник Александар Лапин, Орталық Азия аймағындағы 2-ші және 41-ші біріккен жойқын қарулы күштердің қатысуымен де ірі көлемді әскери жаттығулар өткізетінін хабарлаған еді. Қазақ, Қырғыз және Тәжік территориясындағы әскери нысандарды да қамтитын Орталық Әскери Окургтің алдағы ірі көлемді әскери жаттығуы Орталық Азияға көзалартып отырған төңіректегі аймақтық күштер мен державалардың назарын аударатыны анық. Осындай тұста бізге сүйегі әлде-қашан шіріп кеткен КЕНЕСАРЫ ХАН үшін қуанып отыра берудің пайдасы қанша? Сәуір бойы осы “қуаныштың” буымен мәз-майрам бейғам отырғанда Ресейдің біздегі әскери нысандары келелі стратегиялық іс-қимылын жүзеге асырып

  • АҚШ пен Қытай арасындағы бәсекеде Орталық Азия текетірес аренасына айнала ма?

    Рейд СТЭНДИШ Қытай лидері Си Цзинпин (оң жақта) мен Қазақстанның сол кездегі президенді Нұрсұлтан Назарбаев Батыс Қытайдан Батыс Еуропаға жүк таситын теміржолдың ашылу салтанатында. 8 маусым 2017 жыл. Қытай мен АҚШ арасындағы бақталастықтың артуы Еуразия елдеріне әсер етпей қоймайды. Себебі қос держава да әлемнің басқа бөлігімен салыстырғанда Еуразияға өзгеше стратегиялық көзқараспен қарайды. Бұл құрлық екі держава арасындағы бәсекедегі негізгі аренаға айнала ма? Пекин мен Вашингтон қарым-қатынасының нашарлауы 18-19 наурыз күндері Аляскада АҚШ пен Қытайдан келген ресми тұлғалардың арасында өткен екікүндік келіссөзде айқын көрінді. Кездесуде екі тарап сөзбен шарпысып қалды. Аляскадағы кездесу қос мемлекеттің қарым-қатынасы түзелуі мүмкін деген үмітті жоққа шығарды. Бұл – Джо Байден АҚШ президенті болып сайланғалы әлемдегі ірі екі

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: