|  |  |  | 

Көз қарас Сұхбаттар Қазақ шежіресі

Алексей Скалозубов, қазақ тілі курсының негізін қалаушы: “Қазақстандағы орыстар қазақ қоғамындағы бөлек ру сияқты”.


Алексей Скалозубов, "Batyl bol" қазақ тілі курсының негізін қалаушы. Алматы, 1 қазан 2022 жыл.

Алексей Скалозубов, “Batyl bol” қазақ тілі курсының негізін қалаушы. Алматы, 1 қазан 2022 жыл. 

Batyl bol қазақ тілінде сөйлесу клубының негізін қалаушы Алексей Скалозубов Азаттыққа берген сұхбатында Қазақстандағы орыстардың Украинадағы соғыс туралы пікір білдіруі неге маңызды екенін, “қазақ” орыстардың Ресейдегі орыстардан қандай айырмашылығы барын, мобилизациядан қашқан ресейліктерге қалай қарайтынын айтып берді.

“БІЗДІҢ ОРЫСТАРДЫҢ ОЙЫНДА НЕ БАР?” 

Пётр Троценко: Қазақстандағы орыстар мен Ресейде туып-өскен орыстардың арасында қандай айырмашылық бар?

Алексей Скалозубов: Айырмашылық өте көп. Бірінші кезекте, мәдени айырмашылық. Қазақстандағы орыстар басқа ұлттарға, жат мәдениет пен дінге толерантты қарайды. Олар көпмәдениетті ұлттық ортада өскен, бала күнінен басқаларға құрметпен қарауды үйренген. Бұған біз өмір сүріп жатқан орта әсер етті: әртүрлі ұлттар араласқан мәдени қазанда өскен адам бәрімен дос болуға, араласуға, қарым-қатынас құруға бейім болады.

Өкінішке қарай, Ресейде олай емес. Ол жақта орыстар басым ұлт саналады, көбі өз елін орыстарға тиесілі бірұлтты мемлекет деп қабылдайды. Қалған адамдардың бәрін қонақ, эмигрант көреді. Мұны алғаш рет 13 жасымда Нижний Новгородтағы туыстарымның үйіне барғанда байқадым. Қабырғада “Ресей орыстар үшін” деген жазу ілініп тұрды. “Мұндай да болады екен-ау” деп таңғалғаным есімде.

Біздің “қазақ” орыстар да бір-біріне ұқсамайды. Оларды екі санатқа бөліп қарастырамын: біріншісі – тәуелсіз Қазақстанда білім алғандар, екіншісі –Совет одағы кезінде туып-өскендер. Аталған екі толқынның арасында үлкен мәдени шыңырау жатыр. Тәуелсіз Қазақстанда өсіп, заманауи білім алған балалардың көзқарасы бөлек. Олар Қазақстан жері жүздеген жыл бойы қазақтарға тиесілі болғанын, Алтын Орданы, Қазақ хандығын, отаршылдық, ашаршылық және қуғын-сүргін жылдарын біледі. Жасы 35-тен асқан адамдардың ойы Ресейдегі орыстардың көзқарасына ұқсайды. Олар бәрімен дос болып, Қазақстанды жақсы көруі мүмкін. Бірақ Алматы – Верный, ал Солтүстік Қазақстан – Ресейдің жері деп ойлайды. Көбі осыған сенеді, бұл – үлкен мәселе. Өкінішке қарай, ештеңені өзгерте алмаймыз, өйткені олар осындай парадигмада өсіп-жетілген.

Пётр Троценко: Бұған Ресей пропагандасын тарататын арналарды қосыңыз.

Алексей Скалозубов: Қазақстандағы орыстардың көбі, әсіресе, кабельдік телевидениеге қосылмаған ауыл тұрғындары ресейлік арналарды қарап, Кремль пропагандасының құрбаны болады. Қазір жастар теледидар көрмейді, оның үстіне, жаңалық беретін, пропагандаға толы арналарды қарамайды. Бірақ ересек адамдар үнемі осындай ақпарат тұтынады, теледидарда айтылған ойларды қолдап, соған сенеді.

Пётр Троценко: Кейінгі жазбаларыңыздың бірінде солтүстіктегі көршіміз Қазақстан территориясына көз алартпауы үшін Павлодардың атын ауыстыру керек деген ұсыныс айттыңыз.

Алексей Скалозубов: Қазақстанға қатысты жасалған ең үлкен империалистік мәлімдемелердің бірі – Ресейдің бізге “жер сыйлағаны”, уақыты келгенде “сыйлықты кері қайтару керегі” туралы әңгімелер. Павлодар атауының өзі “Ресейдің сыйлығы – осы” деген ой қалдырады. Қазақстанда орысша қала атаулары болғанына қарсы емеспін, бірақ солтүстіктегі территориямыздың Ресейге қатысы бардай көрінгенін қаламаймын. Павлодардың атауын қазақшалаған кезде сыйлық туралы бір аргументтен құтыламыз. Мұндай аргументтер неғұрлым аз болса, соғұрлым жақсы.

Алексей Скалозубов, "Batyl bol" қазақ тілі курсының негізін қалаушы. Алматы, 1 қазан 2022 жыл.

Алексей Скалозубов, “Batyl bol” қазақ тілі курсының негізін қалаушы. Алматы, 1 қазан 2022 жыл.

Пётр Троценко: Twitter парақшаңызда Украина тақырыбын жиі қозғап, соғысқа қарсы пікір білдіріп, басқа орыстарды да солай жасауға шақырып жүрсіз. Мұның сыры неде?

Алексей Скалозубов: Иә, Қазақстанның орыстары соғысқа қарсы деп ашық айта бастадым. Өйткені ақпанның соңы – наурыздың басында әлемде Ресейге, оның ішінде ресейліктер мен орыстарға қарсы жеккөрініш пайда болды. Мұның Қазақстандағы орыстарға да қатысы бар. Қазақстандықтардың көбі “Біздің орыстардың ойында не бар? Күні ертең Донбастың орнында Солтүстік Қазақстан болса, біздің орыстар не істейді?” деп ойланған сияқты. Достарым, таныстарым, тіпті, бейтаныс адамдардың өзі “Қазақстандағы орыстардың атынан ешкім сөйлеп жатқан жоқ, алаңдаушылық артып келеді, бәрі үнсіз отыр” дей бастады.

Сол кезде батылдығымды жинап, “Ұлтым – орыс, отаным – Қазақстан, Украинадағы соғысқа, басқа мемлекетке, оның ішінде өз еліме біреулердің көз алартуына қарсымын” деген видео жарияладым. Бұл видео көп реакция жинады, осылай адамдарды сәл де болса сабырға шақырдым деп ойлаймын. Осыдан кейін орыстардың көбі пікір білдірді. Мысалы, журналист Александра Мыскина “Қазақстан – Жерұйығым” деген тамаша флешмоб бастады. Көктемде позициясын білдіруге қорықпаған азаматтардың арқасында қоғамдағы шиеленіс деңгейі төмендеді.

Бір қазақ “Құдай сақтасын, Қазақстанда ұлттық кикілжің бола қалса, орыстар өздерін қорғауға сөз таба алмайтын сияқты. Олар қанша уақыттан бері үнсіз келе жатыр ғой” деді. Сондықтан орыстардың атынан “Отанымыз – Қазақстан”, “Біз өз отанымызды сүйеміз”, “Тіл үйреніп, бір-бірімізді түсініп, мәдениетімізді жақсы көргіміз келеді”, “Қажет болса, Қазақстан үшін соғысуға дайынбыз” деген қарапайым ақиқат жиі айтылуы керек. Қазақстандағы орыстар “Біз –партизан не сепаратист емеспіз, Отанымыз бен халқымыз үшін қасық қанымыз қалғанша күресеміз” дегенді көрсетуі тиіс. Үндемей жүре берсең, басқалар сен туралы әртүрлі ойда болуы мүмкін. Ал ойыңды ашып айтсаң, позицияң анық болады.

“ҚАЗАҚСТАНҒА КЕЛГЕН РЕСЕЙЛІКТЕРДІҢ ҚАНШАСЫ СОҒЫСТЫ ҚОЛДАЙТЫНЫН, ҚАНШАСЫ ҚАРСЫ ЕКЕНІН БІЛМЕЙМІН” 

Пётр Троценко: Қазір Қазақстанға Ресей азаматтарының жаппай келіп жатқанына қалай қарайсыз?

Алексей Скалозубов: Мобилизациядан қашқан ресейліктердің арасында жөні түзу, жақсы адамдар көп екенін білемін. Олардың көбі соғысқа, бейбіт халықты өлтіруге қарсы. Бірақ келгендердің арасында кейінгі жеті ай бойы георгий лентасын, Z белгісін тағып жүрген, Путинді қолдаған адамдар да бар. Олар соғысқа, адамдарды қырып-жоюға қарсы емес. Тек мобилизацияға ғана қарсы. Ресейден келгендердің қаншасы соғысты қолдайтынын, қаншасы қарсы екенін білмеймін. Бірақ Қазақстанға ресейліктердің қаптап келуінен мемлекетімізге қауіп көп деп есептеймін. Бұл әртүрлі деңгейдегі қауіп болуы мүмкін. Мысалы, империализм.

Әзірге ресейліктер тыныш жүр, бірақ кейін “бізді ренжітті, қорлады, қазақша сөйлеуге мәжбүрледі” деп шағым айтуы мүмкін. Олар өзара әңгіме барысында жергілікті орыстарға “Сендер бұл жақта – екінші сорттағы адамсыңдар, Ресейде өз адамдарымыздың ортасында жүрер едіңдер, мемлекет сендерге қамқор болар еді” деп, құлағын бұрауы мүмкін. Әлеуметтік желіде осындай пікірлер жиі кездеседі. Қазақстанға келген Ресей азаматына бәрі басқа болып көрінеді. Ресейде өзің би, өзің қожа болып жүрсең, бұл жақта құқығың аз, өйткені Қазақстан азаматы емессің.

Алексей Скалозубов, основатель разговорного клуба казахского языка "Batyl bol". Алматы, 1 октября 2022 года.

Алексей Скалозубов, основатель разговорного клуба казахского языка “Batyl bol”. Алматы, 1 октября 2022 года.

Пётр Троценко: Оқуда немесе жұмыста орыс болғаныңыз үшін қиындықтарға кезіктіңіз бе? Ұлттық сипатыңызға байланысты қысым көрген кездеріңіз болды ма?

Алексей Скалозубов: Ешқашан болған емес. Керісінше, Алматыға көшіп келген, орыс тілін білмейтін қазақ жігіт тамаққа тапсырыс берейін десе, ойын жеткізе алмағанын, оған қазақ тілінде қызмет көрсететін адам табылмағанын көрдім. Ол өз жерінде жүріп, туған тілінде тапсырыс бере алмағанына қатты қапаланған шығар деп ойлаймын. Біздегі компаниялардың барлығы дерлік орыстілді. Орыс тілін білмесең, жұмысқа тұру қиын.

Бірақ жағдай өзгеріп келе жатыр. Жұмыс бойынша клиенттерге хабарласамын, олармен қазақ тілінде сөйлесуім керегін түсіне бастадым. Сату менеджері ретінде клиентпен ортақ тіл табысу үшін кейде қазақ тілінде сөйлеген жеңілірек екенін байқадым.

Пётр Троценко: Қазақстанда туған орыс ретінде ұлттық болмысыңызды анықтау қиын болмады ма?

Алексей Скалозубов: Өзімді қазақ санаймын. Саяси ұлтым – сондай. Қазақ жерінде тудым, әкем де, атам да осында өсіп-жетілді. Әулетіміз жылдар бойы қазақ қоғамы мен мәдениетіне сіңісіп кетті. Өз өмірімізге риза болғандықтан, Қазақстанда қаламыз деп шештік.

Этностық тұрғыдан орыспын. Бұл менің сыртқы келбетімнен, туған тілімнен, сенімім мен мәдени ерекшеліктерімнен көрінеді. Қазақстандағы орыстарды қазақ қоғамындағы қожа, төре, ноғай қазақтары сияқты бөлек ру немесе жүз деп қараймын.

Шетелде Қазақстан азаматтарын, оның ішінде мені де қазақ деп қабылдайды. Бәрін неге солай атамаймыз? Сондықтан “қазақстандық” деген сөзді қолданбаймын. Еуропалық, еуразиялық деген ұлт болмайтыны секілді, қазақстандық деген де ұлт жоқ. Бұл сөзді қолданыстан шығару керек. Мұндай ұғым Совет одағынан қалған, ол саяси және этностық болмысты араластырып, қоғамға жік салады.

Пётр Троценко: Қазақ тілін үйренуді қашан қолға алдыңыз?

Алексей Скалозубов: 2019 жылы Алматыға көшіп, орталық мешіттің жанынан пәтер жалдап тұрдым. Бұл – қазақтілді аудан, онда дін жолындағы адамдар көп, дәмханадағы даяшылардың өзі қазақ және орыс тілдерін жетік біледі. Жұмыстан кейін дәмханаға кіріп, тамаққа тапсырыс беріп, даяшылармен қазақша сөйлесуге тырысатынмын. Олар менімен сөйлескеніне қуанатын. Өкінішке қарай, күнде дәмханадан тамақ ішуге ақшам жетпейтін. Сондықтан қазақ тілінде сөйлесу клубтарын іздедім. Олар не грамматикадан бастайды, не тілді жақсы білетін адамдармен жұмыс істейді екен. Қазақ тілінің грамматикасын онсыз да білемін, маған тәжірибе қажет болды.

Кейін Тараз бен Шымкенттен достарым көбейді. Олар сөйлесіп отырып, қазақ тіліне көшіп кетеді. Менімен де қазақша сөйлесетін. Солардың арқасында бірнеше ай ішінде сөйлеу деңгейім жақсарып қалды. Екі рет жеке мұғалімнен сабақ алдым, бірақ олардан қайыр болмады. Маған қайтадан грамматиканы үйретіп, күнделікті өмірде қажет болмайтын мәтіндер оқытуға тырысты.

Биыл көктемде оқырмандарыма қазақ тілінде сөйлесу клубын ашуды ұсындым. Осынша қолдау болады деп ойлаған жоқпын. Қазір Batyl bol клубы Қазақстанның он қаласында жұмыс істейді. Бәрі тегін, бірақ еріктілер шаршады, бағдарламаны дамыту қиын. Қолымыздан келгенше тырысып жатырмыз, енді клубымызды қоғамдық қор ретінде тіркеп, қаржыландыру көздерін іздеп көрсек деген ой бар. Бәрі тегін болсын деп, тегін орын, материалдарды тегін шығарып беретін жігіттерді де таптық. Маңызды жоба болғандықтан, қолдаушылар табу қиын болған жоқ.

Пётр Троценко: Курста қандай тақырыпта сөйлесесіздер?

Алексей Скалозубов: Клуб форматы жаңадан келген адам бірден сөйлеп кетуіне жағдай жасауға негізделген. Сондықтан күнделікті өмірде, тұрмыста қолданылатын диалогтармен жұмыс істейміз. Алғашқы тақырыптардың бірі – дүкеннен тамақ сатып алу, дәмханада тапсырыс беру. Диалогтар жеке тәжірибемнен алынған: жұмыстың жанындағы асханаға кіріп, сұрақ қойып, диалогымызды жазып алатынмын. Кейін бұл диалогтарды брошюраға айналдырдым. Басында қиын болды, қазақшамнан ұялып, бәрі шығып кеткенше күтіп тұратынмын.

Batyl bol клубында грамматиканы емес, өмірде қолданылатын сөздерді ғана үйретеміз. Арасында шағын емтихандар ұйымдастырып, сабақтан кейін дәмханаға барып, қазақ тілінде тамаққа тапсырыс береміз. Ресейден келген, қазақ әліпбиін білмейтін қыз-жігіттердің өзі тез үйреніп кетеді. Сондықтан бұл әдіс шынымен тиімді деуге болады.

Азат Еуропа / Азаттық радиосы

Related Articles

  • Тарихшы: Батыс Сібір – байырғы қазақ жері. Көшім хан – ұлттық батырымыз! 

    Абылай МАУДАНОВ Қостанайлық ғалым Сібір жерін орыс патшалығынан бұрын қазақ рулары игергенін кітап қылып бастырмақ, деп хабарлайды Express Qazaqstan. Тарих ғылымдарының докторы Аманжол Күзембайұлының есімі ғылыми ортада кеңінен танымал. Ол үнемі “Тәуелсіз ел өз тарихын өзіндік көзқарасы тұрғынан қарап, талдап, баға беру керек” деген ұстанымды айтып келеді. Қостанайлық тарихшы бірнеше жыл бұрын үлкен бір жобаны қолға алды. Бүгінде ол ұлы Еркін Әбілмен бірге “Алтын Орданың Батыс Сібір ұлысы: этно-саяси тарихы” атты еңбек жазып жатыр. Бұл кітап алдағы жылы (орыс тілінде) жарық көрмек. Мұнда қазіргі Қазақстанның шекарасынан тыс қалған байырғы қазақ жері мен руларының көптеген тарихы қамтылады.Express Qazaqstan тілшісі ғалымды осы тақырыпта сөзге тартып, әңгімелескен еді. Батыс Сібір — біздің байырғы

  • Соғыс жақын арада аяқтала ма? Ресей ұзақ соғысқа дайын ба? Америкалық сарапшылармен сұхбат

    Радио Свобода Украин сарбаздары Соледар түбіндегі майданда, Донецк облысы. 11 қаңтар 2023 жыл. Биыл соғыс ұзаққа созылып, қос тарап тағы да тең түсе ме? Украинамен ұзақ текетіресте Ресейдің жеңіске мүмкіндігі бар ма? Бірінші Дүниежүзілік соғысқа қарап, Украинадағы соғыс барысын болжауға бола ма? Азаттықтың Орыс қызметі (Радио Свобода) бұл сауалдарды америкалық сарапшылар – Индиана университетінің экономисі Михаил Алексеевпен және Сетон-Холл университетінің тарихшысы Натаниэл Найтпен талқылады.  Соғысты аяқтамай, Украинаның діңкесін құрту. Америкалық бірнеше сарапшы Ресейдің сценариін осылай бағалады. Олар биыл Украинадағы соғыс қалай жүретінін болжап, Вашингтонды соғыс жақын арада аяқталады деп күтпеуге шақырды. АҚШ-тың НАТО-дағы бұрынғы өкілі Иво Даадлер мен Вашингтондағы Америкалық университеттің саясаттанушысы Джеймс Голдгейер Foreign Affairs журналына “Батыс елдері Ресеймен ұзақ кикілжіңге дайын

  • Ресейдің атақты заңгері Фёдор Плеваконың анасы Алма (Өлмесек) Алдарқызы туралы

    Ресейдің белгілі заңгері Фёдор Плевако Орта жүз қазақтарының Қарабалық қыпшақтары жерінде Алаш жұрты Мұнанай не Мағынай деген атаумен белгілі қазіргі Ресейдің Челябі облысының Троицк қаласында дүниеге келген. Қала қазақ шекарасынан 6 шақырым қашықтықта ғана тұр. Бірақ, тақырып қала туралы емес, тіпті, Фёдор Плевако жөнінде де емес, өзгенің тұтқынына түсіп, жастайынан қиыншылық көрген қазақ қызы Алма (Өлмесек) Алдарқызы туралы болмақ. Алма Алдарқызы Торғай облысы Қостанай үйезінің Шұбар болысының 7-ші ауылында дүниеге келген деп есептеледі, әкесі Алдар бай һәм батыр болған кісі деседі. Еміс-еміс есінде қалған өз өмірі туралы Алма қартайған шағында былай деп айтады екен: «Біз киіз үйде тұрған едік, Троицкіге жақын маңда өмір сүрдік. Әке-шешем бақуатты адамдар болатын, киіз үйіміздің

  • Америка генералы Бен Ходжес: Ресей Ираннан дрон алады, ал Украинаға 50 ел көмектесіп жатыр

    Важа ТАВБЕРИДЗЕ Ресей ракетасы түскен Днепрдегі көпқабатты тұрғын үй. 14 қаңтар 2023 жыл. АҚШ армиясының отставкадағы генералы Бен Ходжес Азаттыққа берген сұхбатында Ресей әскерінің жүйесіз қимылдап жатқанын атап өтіп, Батыстың жаңа қару-жарағы Украинаға соғысты қалай өзгертуге мүмкіндік беретінін айтты. Отставкадағы генерал Бен Ходжес 2014-2017 жылдары АҚШ-тың Еуропадағы құрлық әскерін басқарған. Қазір Вашингтондағы Еуропа саясатын талдау орталығының стратегиялық зерттеулер кафедрасына жетекшілік етеді. Генерал Азаттықтың Грузин қызметіне сұхбатында Украинаға жаңа әскери техника жеткізу соғыс барысын өзгертуге қалай көмектесетінін айтып, Ресей операциясында жүйе жоғын түсіндірді. Азаттық: Украинаның Бахмут және Соледар қалалары “Вагнер” жалдамалы әскерінің үздіксіз шабуылына ұшырап отыр. Елдің шығысындағы Бахмутты алу неге сонша маңызды? «Вагнер» тобының басшысы Евгений Пригожин Бахмутта қандай нәтижеге

  • БАЙБАТЫРҰЛЫ ЫҚЫМ.

          Байбатырұлы Ықым Алматы облысы ( 1940-жылға дейін Шұбартау Алматы облысына қараған) Шұбартау ауданы, Қосағаш ауылында 1876 -жылы қой төлдеген уақытта ауқатты отбасында дүниеге келеді. Жастайынан өзінің  пысықтығы мен әкесі Байбатырдың қолдауымен Шұбартау өңіріне танымал Нақысқожадан арабша, кейіннен латынша оқып хат таниды. Көптеген шығыстың хисса- жырларын оқып жатқа айтатын. Өзінің парасаты мен білімділігінің арқасы шығар ол Семей облысы, Шұбартау ауданы, Мадениет ауылдық округі, Бақанас өзенінің бойына (Ақүшкел аталған) 1923-жылы  Тойғарин Бейсенбаймен бірігіп, алғашқы мектеп салдырады.  Ынтасы бар ауыл балаларын Ташкенткке апарып оқу орындарына орналастырады. Солардың бірі – Ибраев  Кәрімді  Ташкентке апарып САГУ-дің (Среднеазиатский государственый университет) медицина факультетіне түсіреді. Ауыл тұрғындарына қамқорлық көрсетіп, еңбекке тартып, отырықшылық өмірге бейімдеуге септігін тигізеді. Егістік жерлерді суғару үшін

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: