|  | 

Тарих

Уақытша үкімет және большевизм

1917 жыл Ресей тарихындағы түбiрлi бетбұрыс жылы болды. Ел дамудың реформалық және революциялық жолдарының бiреуiн таңдауға тиiстi еді. Бiрiншi дүниежүзiлiк соғыс қарсаңында және соғыс кезiнде қалыптасқан жағдайлар елдi революция жолына түсiрдi. Бiрiншi дүниежүзiлiк соғыс Ресей экономикасының жағдайын ерекше нашарлатты. Өнеркәсіптің басым бөлігі майдан қажеттіліктерін өтеуге жұмылдырылғандықтан, қалаларды азық-түлікпен және тұрмысқа қажетті тауарлармен қамтамасыз ету қиындады. Соғыс
шығындары көбейген сайын баға да өстi, алыпсатарлық кең өрiс алды. Ресей қоғамында елдi күйзелiстен шығаруға дәрменсiз болып отырған патша өкiметiне деген наразылық
күшейдi. Наразылық қоғамның барлық әлеуметтiк топтары мен жiктерiн қамтыды. 1915 жылы Мемлекеттiк Думаның құрамындағы алты партияның өкiлдерiнен Прогресшiл одақ құрылды. Патша үкiметiне қарсы күресте барлық саяси партиялардың келiсiмге келуi осылайша басталды. Прогресшiл одаққа меньшевиктер мен еңбек тобы кiрген жоқ, бiрақ
олар да партиялардың ынтымақтастық әрекетiн қолдады.

«Ресейдің Штюрмерде, ал Штюрмердің Ресейде не ақысы бар?»

Патша өкiметi 1916 жылы 20 қаң­тар­да үкiмет құрамына өзгерiс жасады: премьер-министр болып ерекше қа­бiлетi бай­­қалмаған, бірақ қызметке тия­нақ­ты Б. Штюрмер тағайындалды. Бұл қо­ғам­да абыржушылық тудырды. Граф И.М.Толстой сол күндерде: «Бұл православие сеніміндегі неміс баяғыдан белгілі болатын: …қатал адам, ақылы, әкімшілік тәжірибесі бар және сыпайы адам. Бірақ дәл бүгінгі күні немісті премьер қылып тағайындау Ресейде және әскер арасында қандай әсер туғызады деген сұрақ пайда болады. Содан кейін оның православтық екенін және неміс тілінен гөрі орыс тілінде әлдеқайда жақсы сөйлейтінін дәлелдеп көр», – деп жазады. Ал Сыртқы істер ми­нис­трлігінің экономикалық де­пар­та­мен­ті­нің жетекшісі князь Л.В.У­ру­сов­­тың күн­де­лігіне: «Штюрмер ту­­ралы ешбір жер­де еш­­кімнен жақсы сөз ес­тіл­мей тұр – бү­кіл жұрт оны неге та­ғай­ындағанын түсіне ал­ма­й­ды және оны өте төмен бағалайды… Петро­градтың тоғышарлары Ресейді неміс бас­қаратын болды деп ашуланып жатыр, алайда бұл түсінбеушілік. Ресейдің Штю­р­мерде, ал Штюрмердің Ресейде не ақы­сы бар?». Үкiметке жақын топтар бұл ше­шiмдi патша Григорий Распутиннiң ық­палымен қабылдады деген ойда болды (құжаттық деректер бұл мәселедегі им­пе­ратордың шешіміне патша-ханымның ық­палы болғандығын көрсетеді).

1916 жылы 1 қарашада кадеттердiң жет­ек­шiсi П.Милюков Думаның мә­жiл­i­сiн­де үкiмет елдi қиыншылықтан шы­ға­руға ешқандай әрекет жасамай отырғанын ай­та келiп, «бұл не – ақымақтық па әлде сат­­қындық па?» деген сұрақ қойды. Штюр­мер патшаға үнемі Мемлекеттік Ду­маны жа­ман­даумен болды. Бұл үкімет пен Мем­ле­кеттік Дума арасындағы қа­ты­нас­тар­ды қатты шиеленістіріп жіберді. Ақы­ры пат­ша 11 қарашада Штюрмердi орнынан ал­ды. Жалпы, соғыстың үш жылында Ре­сейде төрт премьер-министр ауысты. Бұл өкiметтiң дағдарысқа ұшырауының кө­рi­нiсi болды. Патшаның революцияның қар­саңында жүргізген саясаты Романовтар әу­летінің Еуропадағы билеуші әулеттердің «ағартушылық абсолютизмі» деген атауға ие болған тәжірибесінен сабақ алма­ған­ды­ғын көрсетті. Ресей монархиясы ел­дің қо­ғамдық өміріндегі өзгерістеріне бей­ім­­де­луге ұмтылған жоқ, абсолюттік м­о­на­р­хияның кү­ні өтіп бара жатқанын түсіне ал­мады.

Оппозиция монархиялық тәртiптi жою, елдi демократияландыру мақсатымен мем­ле­кеттiк төңкерiс жасауға дайындалды. Әйт­се де төңкерiс төменнен басталып кеттi. Оң­шыл топтар мен ұйымдар соғыста жеңiп шы­ғуды және сол жеңiстi қамтамасыз ете­тiн патша өкiметiн қолдауды ұран қы­лып көтердi. Либералдық бағыттағы пар­тиялар (октябристер мен кадеттер) со­ғыс жағ­дайында Ре­сейдiң жеңiске же­туiне ке­дергi келтiрмеу үшiн уақытша мо­нар­хия­лық тәртiпке қарсы күрестi тоқтата тұру қажет деп тапты. Әйтсе де майдандағы орыс әс­кер­лерiнiң жағдайы нашарлаған кезде кадет партиясының iшiнде әртүрлi пiкiрлер ту­ды. Солшыл кадеттер патша билiгiне қа­тысты қатаң саясатқа көшудi талап еттi.

«Айналам толған сатқындық…»

23 ақпанда (8 наурызда) Выборгта жұ­мыс­шы әйелдер Халықаралық әйелдер кү­нiн атап өтуге арналған жиындарында бү­кiл қала жұмысшыларын қымбатшылық пен жоқшылыққа қарсы наразылық ереу­iл­дерiн жасауға шақырды. Сол күнi Петроградтың көптеген кәсiпорындарында ереуілдер басталды. 27 ақпанда (12 нау­рызда) социалистердің ұсынысы бойын­ша Петроград жұмысшы және жауынгер депутаттарының Кеңесі құрылды. Ат­қа­рушы комитеттің төрағасы болып мень­ше­вик Н.С.Чхеидзені тағайындады, ал оның орын­басары эсер А.Ф.Керенский бол­ды. Осы күні Мемлекеттік Думаның мү­шелері Уақытша комитет құрып, оны М.В.Родзянко басқарды (1911-1917 жж. Мем­лекеттік Думаның төрағасы).

25 ақпанда (10 наурызда) Могилевтағы әс­кери орталықтағы патша Николай ІІ ас­танадағы жағдай туралы хабар алып, Петроградқа қарай жолға шықты. Жолдағы әртүрлі кедергілерден өтіп, патша 1(14) нау­рызда Псковтағы Солтүстік майданның штабына келіп жетті. Патша Мемлекеттік Думаның төрағасы М.В.Родзянкомен телефон арқылы сөйлесіп, егер Дума Петроградтағы жағдайды реттей алатын болса, өз тарапынан барлық талаптарға келісетінін айтты. Родзянко жағдайды реттеу мүмкіндігі мүлде жоқ екендігін ескертті. Өйткені, 28 ақпанда (13 наурызда) үкiмет қызметтен кетіп, министрлердiң бiрқатары тұтқындалған болатын. 1(14) наурыздың кешiнде князь Г.Е.Львов бастаған Уақытша үкiмет құрылды.

Николай II патшаға тақтан бас тарту туралы ұсыныс жасалды. Патша май­дан­дар­дың қолбасшыларымен, өзіне жақын адамдармен ақылдасты, олар тақтан бас тартудан басқа жол жоқ дегенді айтты. 2 (15) наурызда iнiсi Михаилдың пайдасына тақтан бас тартты. Сол күні Николай ІІ өзінің күнделігіне мындай өкінішті сөздер жазды: «Менің тақтан бас тартуым қажет екен. Ресейді құтқарып қалу үшін және әскерді майданда тыныш ұстап тұру үшін мен осы шешімге бел байлауым қажет. Мен келістім. Ставкадан Манифестің мәтінін жіберді. Кешке қарай Петроградтан Гучков пен Шульгин келді, мен олармен сөйлесіп, Манифестің өзгертілген және қолым қойылған нұсқасын бердім. Түнгі сағат бірде Псковтан шіміркенген ауыр сезіммен аттанып кеттім. Айналам толған сатқындық, қорқақтық және алдау-арбау!». Келесi күнi Михаил таққа отырудан бас тартып, бүкiл билiктi Уақытша үкiметке бердi. Осылайша Ресейде монархия iс жүзiнде жойылды (ресми түрде республика 1917 жылы 1 қыркүйекте жарияланды).

9 (22) наурызда Америка Құрама Штаттары мен Ұлыбритания, 11(24) нау­рызда Франция мен Италия Ресейдің жаңа үкіметін ресми түрде мойындады. Осы күндерде АҚШ әскери-теңіз флотының хатшысы И.Даниелс өзінің күнделігіне президент Вудро Вильсон орыс революциясын «жасампаз әрекет» деп атағаны туралы жазған еді.

«Құдай қаласа, бәрі реттеледі!»

Ақпан революциясының алғашқы күндерінде князь Г.Е.Львов осы сөзді жиі айтатын еді. Бұл сөз еңбекқор, білімді, зиялы, адал, халықтың қуатына сенген адамның сөзі болатын. Николай ІІ патшаға дағдарыстан шығу үшін бұрынғы үкіметті таратып, жаңа үкімет құруды ұсынғандардың барлығы да жаңа үкімет басшысы қызметіне князь Г.Е.Львовты атаған еді. Тақтан бас тарту туралы мәлімдеме жасамай тұрып, патша бұрынғы үкіметті тарату және Г.Е.Львовты жаңа үкіметтің басшысы етіп тағайындау туралы жарлыққа қол қойған болатын. Алайда, бұл кезде бұрынғы үкімет биліктен айырылып қалған еді, сондықтан либералдар патшадан басқа құжат – тақтан бас тартуы туралы мәлімдемені талап етті. Бірақ Мемлекеттік Думаның мүшелері үшін патшаның аталған жарлығы айрықша маңызды болды, ол биліктің патша тағайындаған үкіметтің қолынан Дума құр­ған үкіметтің қолына заңды түрде өтке­нінің айғағы сияқты еді.

Князь Львов басқарған Уақытша үкімет елді Құрылтай жиналысы шақырылғанға дейін басқаруға тиісті болды. Елді басқару түрі мен конституция жасау сияқты түбiрлi мәселелердi Құрылтай жиналысы шешуге тиiстi едi. Уақытша үкiмет 3 наурызда өзiнiң бiрiншi кезекте iске асы­рат­ын ша­ра­лары туралы мәлiмдеме жа­ри­ялады. Бұл құжатта саяси және дiни көз­қарасы бой­ынша тұтқын болғандарды бо­сату, сөз, баспасөз, одақтар, жиналыс және ере­у­ілдер бостандығын беру, сос­ло­вие­лік, діни сенімдік және ұлттық шект­еу­ліліктерді жою, Құрылтай жиналысын жал­пыға бір­дей, тең, құпия және ті­келей дау­ыс беру не­гізінде шақыруға де­реу дайын­дық жасау, жергiлiктi өзiн-өзi бас­қа­ру органдары­на сайлау жүргiзу, тағы бас­­қа мiндеттер бел­гiлендi.

Уақытша үкімет 19 наурызда аграрлық мәселе туралы қаулы шығарды. Қаулыда жер мәселесін оны біреулерден тартып алу арқылы шешуге болмайды, «зорлық пен тонау – экономикалық қатынастар са­ласындағы нағыз жаман да қауіп­ті әдіс», жер мәселесі заңды жолмен ше­ші­луге тиіс­ті деген мәлімдеме болды. 21 сәу­ір­де жер комитеттері құрылды, олар ба­р­лық по­мещиктердің, шіркеулердің және импе­ра­тордың жер иеліктерін есепке алуға тиісті болды, есепке алынған жерлер болашақта халық иелігіне берілуге тиісті еді.

Соғыс мәселесі Уақытша үкіметтің алдындағы кезек күттірмейтін мәселе қойды. Уақытша үкімет халықаралық қатынастардың сол кездегі қалыптасқан дәстүрлі қағидаларын сақтауға тырысты, соғыстан шығу және сепараттық бітім жасау деген ой мүлде болған жоқ, үкімет Англия­мен және Франциямен одақты күшейту қажет деп тапты.

Уақытша үкімет қоғамды демократияландыру бағытында бірқатар қадамдар жасады. Барлық саяси тұтқындар босатылды, цензура жойылды, сөз, баспасөз, жиналыс, одақтар құру бостандығы жарияланды. 3(16) наурызда әділет министрі А.Ф.Керенский Петроградтың бітімшілік соттарына халық­тың әртүрлі топтары арасындағы қақ­ты­ғыс­тық мәселелерді шешетін уақытша сот­тар құруға қатысу туралы ұсыныс жаса­ды. 12(25) наурызда өлім жазасын жою ту­ралы қаулы шықты. Бұл сол замандағы адам­шы­лық қағидасын енгізген маңызды құжат бол­ды. Әскер мен флотта әскери-дала сотын құру жүйесі жойылды. Мамыр айында жергілікті өзін-өзі басқару мекемелеріне сайлау жүргізу туралы заң шықты. Сайлауға ауданның барлық азаматтары қатыса алатын болды. Үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуге еркіндік берілді. Елде 8 сағаттық жұмыс күні енгізілді. Кәсіпкерлік еркіндігі жарияланды, кооперативтер құруға жол ашылды. Патшалық кезеңнің полициясы таратылып, халықтық милиция құрылды. Қалалық, уездік, аудандық және ауылдық милиция бастықтары мен олардың орынбасарларын жергілікті өзін-өзі басқару мекемелері сайлайтын болды. Осы шаралардың барлығы Уақытша үкіметтің демократиялық сипатын көрсетеді.

6 мамырда Г.Е.Львов басқарған үкімет құрамына Петроград жұмысшы және жауынгер депутаттары Кеңесінің өкілдері кіргізілді. Сол күні құрама (коалициялық) үкіметтің бағдарламасы жарияланды. 7 мамырда «Известия» газеті Петроград Кеңесі өз өкілдерінің Уақытша үкімет құрамына енгізілгенін көпшілік дауыспен мақұлдады деп хабарлады. Бұл іс жүзінде елдегі билік қос өкімет жүйесінен заңды бір өкімет жүйесіне өткендігін көрсетеді. Алай­да, большевиктерді елдегі негізгі сая­си күштердің осылайша ымыраласуы қана­ғат­тандырмады, олар жеке өздерінің билігін аңсады.

Уақытша үкіметтің мүшелері арасында Украинаға автономия беру туралы үкімет мәлімдемесіне байланысты алауыздық туып, 2 шілдеде кадеттер үкімет құрамынан шығып кетті (жеке ұлттарға автономия беру мәселесін Құрылтай жиналысы шешуге тиісті еді). Уақытша үкіметтің Оңтүстік-Шығыс майданда шабуылды өрістетіп, шиеленіскен жағдайды реттеуге бағытталған әрекеті сәтсіздікке ұшырады. Майдандағы сәтсіздіктерді пайдаланып, большевиктер Уақытша үкіметке қарсы үгіт-насихатты күшейтті. Шілде айында большевиктер Петроградта жарты миллион адам қатысқан шеру ұйымдастырды. Шеру кезіндегі қақтығыс Уақытша үкіметтің беделіне үлкен нұқсан келтірді. 7 шілдеде Львов премьер-министр қызметінен кетті де, орнына А.Ф. Керенский тағайындалды. Уақытша үкімет пен большевиктердің арасында ашық күрес басталды.

«Кешігу – өліммен тең!»

Ленин большевиктер партиясының алдына қарулы көтеріліске дайындалу міндетін қойды. Л.Б. Каменев, Г.Е. Зиновьев сияқты байсалды большевиктер қарулы көтеріліс бастауға қарсы болып, Құрылтай жиналысын күтуді, өкімет билігін зорлықсыз, заңды жолмен алуды ұсынды. Алайда, 16 қазанда Орталық Комитет қарулы көтеріліс туралы шешім қабылдады (19 дауыс қолдады, 2 адам қарсы болды, 4 адам қалыс қалды). Қарулы көтерілісті дайындауды Әскери-революциялық комитет іске асыруға тиісті болды. Алайда, 24-25 қазанда Петроградта болған оқиғалар ауқымды қарулы көтеріліс деңгейіне жеткен жоқ еді. Ленин «Ресей азаматтарына» деген құжат дайындады. 25 қазанда таңертең жарияланған бұл құжатта Уақытша үкімет құлатылды, билік Петроград Кеңесі мен Әскери-революциялық комитеттің қолына көшті деп хабарланды. Алайда, Уақытша үкімет әлі құлаған жоқ еді. А.Ф. Керенский 25 қазан күні таңертең Уақытша үкіметке адал әскерді Петроградқа алып келу үшін Солтүстік майданға аттанған болатын. Ленин большевиктердің алдына Уақытша үкімет майданнан көмекке әскер шақырып үлгермей тұрып, Қысқы сарайды жылдам басып алу міндетін қойды, Лениннің «кешігу – өліммен тең!» деген сөзі осы тұрғыдан айтылған еді. Керенский үкіметінің Жұмысшы депутаттары кеңесінің алдында беделінен айырылып қалуына, Кеңестерде большевиктердің ықпалының күшеюіне генерал Корниловтың бүлігі де әсерін тигізді. Екі жақтан – оңшылдардың және большевиктердің – қыспағына ұшыраған Уақытша үкімет жеңіліс тапты.

Кеңестік кезеңде А.Ф. Керенский туралы өте бір жағымсыз пікірлер қалыптастырылды, сондай-ақ «Керенский әйел киімін киіп, Петроградтан қашып кетті» деген аңыз таратылған еді. Кеңестік «Баспасөз жаңа­лық­та­ры агенттігінің» тілшісі Генрих Боровикпен өткен ғасырдың 60-жылдарында кездескен кезде, Керенский әңгімесін «Мен Қысқы сарайдан әйел киімін киіп қашқан жоқпын!» деген сөзбен бастаған.

Керенский 1917 жылдың мамырында Уақытша үкіметтің құрамына жұмысшы депутаттары кеңесінің өкілдерін енгізу туралы идеяны ашық айтып, демократиялық партиялардың ымыраласуына мұрындық болған-ды. Петроград большевиктердің қолына көшкен кезде Керенский майдандағы әскерге жеткен еді, алайда оған бірінші кездескен әскерлер бұрын Корнилов басқарған корпустың 3-ші атты әскер бөлімі болып шықты. Керенскийді қолдауға аз ғана казактар бөлімі келісті де, олар Петроградқа бет алды. 14 қарашада олар Гатчино сарайына орналасқан кезде большевиктердің қарулы тобы келіп, Керенскийді ұстап берсе, казактардың үйлеріне қайтуына рұқсат береміз деп мәлімдеді. Керенский мен көмекшісі большевиктердің қолына түскенше, өлімді артық көріп, дайындала бастаған еді. алайда, оларды эсерлер партиясында болған жас жауынгер құтқарып алып, алыстағы ауылға жеткізді. Кейіннен 5 қаңтарда Құрылтай жиналысының ашылуына кенеттен бармақшы болып ниеттенген Керенскийді партиялас әріптестері тоқтатты, бұл қадам Керенскийдің өмірін сақтап қалды. Одан кейін ағылшын елшілігінен серб офицерінің атына паспорт алып, Керенский Мурманск портынан француз кемесіне отырып, шетелге сапар шекті, содан ұзақ уақыт Лондонда, Берлинде, Парижде тұрды. Францияны немістер басып алғаннан кейін Керенский Америка Құрама Штаттарына кетті. 50-60-жылдарда Керенский америка тарихшысы Р.П.Браудермен бірлесіп, Гувер институтындағы орыс құжатттарын реттеп, аударып, жинақ шығарды. Стэнфорд университетінде орыс революциясының тарихы бойынша семинар жүргізді. 1965 жылы Керенскийдің естелігі басылып шықты. Керенский туралы Ресейде шыққан жариял­анымдарда Уақытша үкіметтің соңғы төрағасы туралы әртүрлі, қайшылықты пікірлер айтылып жатады. Дегенмен де, бұл адам Ресей тарихында өзіндік орны бар қайраткер екені даусыз.

«Орыс пролетариаты тек қана азамат соғысын тудырады…»

25 қазанда кешке қарай Жұмысшы және жауынгер депутаттары Кеңестерінің ІІ съезі ашылды. Съезде билік, бітім және жер туралы декреттер қабылданды. Онда Ресей соғыстан шығады, демократиялық бітім жасалынады, шаруаларға жер беріледі деп көрсетілді. Үкімет Халық Комиссарларының Кеңесі (ХКК) деп аталды, төрағасы В.И. Ленин болды. Осылайша Құрылтай жиналысының шақырылуына жеткізбей, большевиктер мемлекеттік төңкерістің нәтижесінде билік басына келді (мемлекеттік төңкеріс революция емес). Большевиктер заңды жолмен өкімет билігін ала алмайтын еді, өйткені халық арасында жақтаушылар аса көп партия эсерлер (социалист-революционерлер) партиясы болатын. Құрылтай жиналысының 707 депутатының қатарында 410 эсер, 175 большевик болды.

Құрылтай жиналысы 1918 жылы 5 қаң­тар­да ашылды. Я.М. Свердлов «Еңбекші ж­ә­не езілген халық құқықтарының декларациясын» бекітуге ұсынды. Бұл құжатта Ресей жұмысшы, жауынгер және шаруа депутаттары Кеңестерінің Республикасы деп жарияланған болатын. Құрылтай жиналысы көпшілік дауыспен құжатты қабылдамай қойды. Құрылтай жиналысы Кеңестердің ІІ съезінде қабылданған декреттердің күшін жойды. Өзіне қауіп төнгенін сезген кеңес өкіметі Құрылтай жиналысын тарату туралы шешім қабылдады. Осылайша Ресейде парламенттік демократияға, көппартиялы жүйеге өтудің бір мүмкіндігі жойылды.

Меньшевиктердің солшыл тобының жетекшісі Л. Мартов Кеңестердің съезінде сөйлеген сөзінде большевиктердің өкімет билігін зорлықпен тартып алуы демо­кра­тиялық күштер арасында алауыздық туғызды, бұл азамат соғысына апаруы мүмкін деп мәлімдеген-ді. Г.В.Плеханов та өзінің Петроград жұмысшыларына 1917 жылдың 27 қазанында жазған хатында тап осындай ескерту жасады: «Сіздердің көпшілігіңіз А.Ф. Керенскийдің құрама үкіметін құлатқан және саяси билікті Жұмысшылар мен әскерлер депутаттарының Петроград Кеңесінің қолына алып берген оқиғаларға қуанышты екеніңізге күмән жоқ. Сіздерге ашық айтайын: мен бұл оқиғаларға қынжыламын. Жұмысшы табының салтанат құруын қаламағандықтан емес, қайта соны бүкіл жаныммен тілегендіктен қынжыламын. …Орыс пролетариаты өкімет билігін кезексіз алып, әлеуметтік революция жасай алмайды, ол тек қана азамат соғысын тудырады, ал бұның өзі оны осы жылдың ақпанында және наурызында қол жеткізген жетістіктерінен де тым артқа қарай шегіндірген болар еді….». Бұл жорамал кейіннен расқа шықты, елде азамат соғысы басталды және онда жеңіп шыққан большевиктер Ресейді тоталитарлық мемлекетке айналдырды. Уақытша үкіметтің кезінде Ресей республикасының демократиялық реформалары мүлде жойылды. Адам құқықтары мен бостандықтары тек қағаз жүзінде қалды.

«Зұлымдықты тек қана махаббат жеңеді…»

Е.Г.Львов Уақытша үкіметтің басшысы ретінде патшаның болашақ тағдырын шешуге тиісті болды. Николай ІІ генерал М.В.Алексеев арқылы патша отбасының Мурманск портына жақын жерге баруына рұқсат беруді өтінді, өйткені бұл портта ағылшын әскери кемелері тұрған еді. Патшаның саяси пана ретінде Англияны таңдауы кездейсоқ емес-ті. Англия Ресейдің соғыстағы одақтасы болуымен қатар Георг V король Николай ІІ патшаның туған бөлесі болатын (замандастарының айтуынша, болашақ монархтардың бір-біріне қатты ұқсайтындығы сондай, осы екі баланы кейбіреулер шатастырып та алатын). 6 (19) наурызда Львов келісімін беріп, генерал Алексеевке жеделхат жіберді. Алайда, Петроград жұмысшы және жауынгер депутаттары кеңесінің төңірегіне біріккен саяси күштер бұл мақсатты іске асыруға жол бермей, патшаны тұтқындауды талап етті де, Уақытша үкімет патша мен патша-ханымды тұтқынға алу туралы шешім қабылдауға мәжбүр болды. Дегенмен де Уақытша үкіметтің Сыртқы істер министрі П.Н.Милюков Ресейдегі ағылшын елшісі Дж.Бьюкененге орыс патшасына Англиядан саяси пана беру туралы өтініш жасады. Милюковтың ресми өтінішіне Ұлыбританияның Сыртқы істер министрлігі орыс патшасының отбасы үшін қолайлы тұрақ Дания немесе Швейцария болатын шығар деген жорамал айтты. Десе де, 22 наурызда патша отбасы Ұлыбританиядан пана табатыны туралы келісімге қол жетті, бірақ Дж.Бьюкенен патша отбасы дұрыс өмір сүруі үшін Ресей үкіметі жеткілікті түрде қаржымен қамтамасыз ету туралы мәселені шешеді деп үміттенетіндіктерін айтты. Алайда, Ресей үкіметі тарапынан қаржы мәселесі туралы шешім берілген жоқ, ал ағылшындар жағы бұл мәселені жыл­дамдату туралы бастама көтеруге асық­пады (осы мәселеге байланысты король сарайы мен британ үкіметі арасында орыс патшасының отбасын құтқарып ал­ма­ғандары үшін бірін-бірі айыптау орын алды). Кейіннен британ құпия қызметі патшаның отбасын құтқару әрекетін жоспарлады, бірақ большевиктердің күшейіп кетуі және майдандағы жағдайларға байланысты бұл жоспар іске аспай қалды. Дегенмен де ешкім большевиктердің патша мен оның отбасының тағдырын аяусыздықпен шешетінін күткен жоқ.

Патша отбасы әуелі бес ай шамасында үй тұтқынында болды, тамызда оларды Тобольск қаласына алып келді. Большевиктер өкімет басына келгенге дейін патшаның отбасына қатты қауіп төнген жоқ еді. 1918 жылдың сәуір-мамыр айларында патшаның отбасын Екатеринбург қаласына әкеліп, Ипатьев үйіне орналас­тырды. Николай ІІ отбасының бұл жердегі өмірі аса ауыр болды. Олар өз өміріне қауіп төніп тұрғанын айқын түсінді. Патшаның үлкен қызы Ольга өзінің хатында: «Әкем… ол үшін кек сақтамауды өтінеді, өйткені ол барлығын кешірді және олар үшін құдайға құлшылық қылды, және қазіргі әлемдегі зұлымдық бұдан да күшейе түсетінін, алайда зұлымдықты зұлымдық жеңбейтінін, оны тек махаббат қана жеңетінін есте сақтауды өтінеді», – деп жазған.

Шілденің 16-сынан 17-сіне қараған түнде Ипатьев үйінің төменгі қабатында большевиктер Николай ІІ патшаны, патша-ханым Александраны, олардың балалары Ольга, Татьяна, Мария, Анастасья және Алексейді азаппен өлтірді. Олармен соңғы демі біткенше бірге болған дәрігер Е.Боткин, қызметшілер А.Трамп пен А.Демидова, аспаз И.Харитонов та қаза тапты.

Егер тарихқа көз жіберсек, XVII-XVIII ғасырлардағы алғашқы революцияларда ғана патшаны өлім жазасына кесу орын алғанын көреміз. Ал ХІХ-ХХ ғасырлардағы революцияларда монархтар тақтан түскен соң, шетелдерге кетуіне бөгет жасалмайтын. Патша ханым Александраның туған бөлесі кайзер Вильгельм ІІ Гогенцоллерн 1918 жылы тақтан түскен соң, Голландияға кетіп, 82 жасқа дейін өмір сүрді. 1919 жылы Париж конференциясы кайзерді соғыс қылмыстысы ретінде жауапқа тартпақ болған кезде, Голландия королевасы Вильгельмина оны беруден бас тартты. ХХ ғасырда, әлемде гуманизм, құқықтық мемлекет, еркіндік пен бостандық идеялары жеңіп жатқан кезде, Ресей патшасының өзін ғана емес, бейкүнә балаларын да азаптап өлтіру қажет пе еді?

Гүлжаухар Көкебаева,
тарих ғылымдарының докторы, профессор

egemen.kz

Related Articles

  • ОА қорғанысқа қаржыны не себепті арттырды? Каспийден Украинаға зымыран ұшырған Ресей суды ластап жатыр ма?

    Елнұр ӘЛІМОВА Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Әзербайжан әскері бірігіп өткізген «Бірлестік-2024» жаттығуы. Маңғыстау облысы, шілде 2024 жыл. Қазақстан қорғаныс министрлігі таратқан сурет.  Орталық Азия елдері қорғаныс шығынын арттырды, мұның астарында не жатыр? «Қазақстан ауыл шаруашылығы өнімдерін екі есе көп өндіруді жоспарлап отыр, алайда үкімет бұл салада жұмыс күшінің азайғанын есепке алмаған». «Каспий теңізінен Украинаға зымыран ұшырып жатқан Ресей теңіздің экологиялық ахуалын ушықтырып жатыр». Батыс басылымдары бұл аптада осы тақырыптарға кеңірек тоқталды. ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ҚОРҒАНЫС ШЫҒЫНЫН АРТТЫРДЫ. МҰНЫҢ АСТАРЫНДА НЕ ЖАТЫР? АҚШ-тағы «Америка дауысы» сайты Украинадағы соғыс тәрізді аймақтағы қақтығыстар күшейген тұста Орталық Азия елдері қорғаныс саласына жұмсайтын ақшаны арттырғанына назар аударды. Бірақ сарапшылар мұндай шығын тұрақтылыққа септесетініне күмән келтірді. Стокгольмдегі бейбітшілікті

  • Христиан миссионерлерінің құмдағы іздері

    Орыны: Қашқар қ-сы; Жылы: 1933 ж; Аты-жөні: Қабыл Ахонд; Діні: христиан; Түсініктеме: Бұл жігіттің кейінгі есімі Қабыл Ахонд, христиан дінін қабылдаған алғашқы ұйғыр. Кейін діни сеніміне байланысты өлтірілген. Сурет еуропадағы миссионерлік музей архивінде сақтаулы. Аталған музейде жүздеген христиан ұйғыр өкілдерінің суреті сақталған. 1930 жылдары христиан ұйғырларына тұрғылықты мұсылмандар мен әкімшілік билік тарапынан қысым көрсетіле бастаған соң бір бөлімі миссионерлерге ілесіп еуропа елдеріне “һижраға” кетті. Алқисса Христиан әлемінің Қашқарияға баса мән беруі әсіресе Яқұп Бек мемлекеті кезеңінде жаңа мүмкіндіктерді қолға келтірді. 1860-70 жж. Қашқарияның Цин империясына байланысты көңіл күйін жақсы пайдаланған Христиан әлемі Үндістан мен Тибет арқылы Қашқарияға мәдени ықпалын жүргізе бастады. Олардың мақсаты бұл аймақты Ресей империясынан бұрын өз ықпалына

  • Айтпай кетті демеңіз… (Тибет архиві туралы)

    Алтайдан ауған ел туралы тарихи жазбаларда оқтын-оқтын айтылғаны болмаса исі қазақ жұртына Тибет туралы түсінік әлі күнге дейін беймәлім. Әсіресе Тибет жазба деректерінде күллі түркі баласының тарихы туралы тың деректердің көмулі жатқанын тіптен біле бермейміз. Тибет- тарихи деректің ең көп сақталған аймағы саналады. Мәдени, әдеби, рухани және тарихи түрлі деректердің ықылым заманнан бері жақсы сақталуымен сырт әлемді өзіне баурап кеген Тибет жұртына 19 ғасырдан бастап Батыс экспедициясы баса назар аударып кешенді зерттеулер жасады. Соның негізінде Тибеттегі кейбір салалық байырғы деректер Батысқа көшірілді. Есесіне Тибеттану ғылымы қалыптасты. Жағырафиялық орналасуы тым ұзақ болғандықтан Тибеттану ғылымы қазақ жұртына қажеттілік тудырмады. Тибеттанумен негізінде алпауыт күштер айналысты. Олар тибет жұртын игеруді басқа қырынан бағалады. Тибетте

  • Демографиялық сараптама

    1-ші сурет қазақтар; Демографиялық ахуал 1949-2020 жж. аралығын салыстырмалы көрсеткен. 1949 жылға дейін, атап айтқанда коммунистік қытай үкіметі орнағанға дейін Шынжаң өлкесінің солтүстік бөлігінде қазақтар, оңтүстік бөлігі Қашқарияда ұйғырлар басым санды ұстады. 1951-54 жылдары ұлттық межелеу кезінде орталық үкімет құрған комиссия сараптамасы бойынша ұлттық автономиялық территорияны анықтау мына екі бағытта жүргізілді. Олар: БІРІНШІ, ұлттық автономияны межелеу бойынша оның атауын тұрақтандыру. Осы бойынша үш атау ұсынылды: *ШЫғыс Түркістан автономиялық федерациялық респубиликасы; *Ұйғырстан автономиялық респубиликасы; *Шынжаң автономиялы респубиликасы. ЕКІНШІ, автономияның әкімшілік тұрпатын анықтау; Осы бойынша: *Федерециялық тұрпат; *Автономиялық облыс және окург тұрпат; *Аймақ және аудан дәрежелі автономиялық окург тұрпаты. Межелеу комиссиясы аталған екі бағытта сараптама нәтижесін қорытындылады. Комиссия қорытындысы бойынша Шынжаң өлкесінің

  • Бақсылар институты

    Сараптама (оқысаңыз өкінбейсіз) Бірінші, ілкіде Түркі баласында арнайы қаған құзіреті үшін жұмыс істейтін көріпкел бақсылар институты болған. Аты бақсы болғанымен ханның қырық кісілік ақылшысы еді. Көріпкел бақсылар хан кеңесі кезінде алдағы қандайда бір саяси оқиға мен ситуацияны күні бұртын болжап, дөп басып талдап һәм сараптап бере алатын соны қабілеттің иесі-тін. Оларды саяси көріпкелдер деп атаса да болады. Хан екінші бір елді жеңу үшін білек күшінен бөлек көріпкел бақсылардың стратегиялық болжауына да жүгінетін. Қарсылас елдің көріпкел бақсылары да оңай емес әрине. Екінші, уақыт өте келе саяси көріпкел бақсылар түркілік болмыстағы стратегиялық мектеп қалыптастырды. Түркі бақсылары қытай, үнді, парсы, ұрым елдерін жаулап алуда маңызды рөл атқарды. Ол кездегі жаһандық жауласулар жер, су,

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: