|  | 

Әдеби әлем

Рух жыры

Мен – сол, баяғы Менмін!
Үзілмей қалған деммін…
Ұлы далада қасқырдай ұлып,
Заманға есесі кеткен елмін!

Қазақ

Менің ата-бабаларым арбаның дөңгелегін ойлап тапқан күннен бастап, тіршілік тізгініне жан бітіп, мына дүние дөңгеленіп жүре берді. Содан бастап өр рухым – мәңгі өлмеске бекіп, орнынан түрегелді.
…Тыныштық пен үнсіздік тылсым әуенге тұншығып, бесіктей тербеліп тұрды. Тылсым әуеннен сиқырлы үн шығарып, уілдеген үннен саз құраған ұлы дала ұлағаты – сол, менің өр рухыма дем беріп тұрды.
Ата тілім – Сақа тілім еді!.. Тәңірмен де тең сөйлесетін. Ана тілім – мейір тұнған тұма тілім еді, даламның тасын да тебірентіп, тербететін!
…Күннің қатты ыстығы, айдың жұмсақ жылуы бауырынан түлеген аспаптардың атасы – Қобызды ойлап тапқан да, жұмыр жердің жүрегін ән мен күйге бөлеген де – менің ата-бабам!

Мен – дүниенің барын түгендеп, жоғын іздедім.
Адам боп қалудың жолын іздедім.
Мәңгіліктің мәстегіне мініп алып,
Қорқыт боп жүріп, өлместің емін іздедім.

Алдында тұрып, Тәңір дейтін тақсырдың.
Ата жауымды ат тұяғына тапсырдым…
Саф алтын сауыт кисем де,
Бір құдайдан құрық бойы пәс тұрдым.
Тірі өлікті бүктетіліп, бүрместен
Өлексені назарыма да ілместен,
Асқақтығымды аласартпай аш жүрдім.
Өйткені мен – өрлігіне ғана құл болған
Бөлтірігі емес, бөрісі едім ғой қасқырдың…
Тіл мен ділім, дінім – бәрі бір өлшем,
Бөлшектенбей қайта қалқып шығатын
Табанында қалса-дағы тарих дейтін тасқынның.
Қас қылғанды – дос қылдым.
Достың өзін пенделікке қас қылдым.
…Дүниені түгел аралап,
Әлемді құшағыма алып, қапсырдым!..

Үмітімді дем үзілгенше, үзбедім.
Күй боп төгіліп,
жыр боп өріліп, тарихта жатыр іздерім.
Жұмыр жердей жүрегімді көтеріп,
Асанқайғы боп жерұйығымды іздедім!
Батырлығым – дала жырында.
Асылдығым – даралығымда.
Ақындығым мен хакімдігім –
Абайдың даналығында!..

Қилы-қилы қыңыр өткен заманды,
Қырсық шалып, бұрын өткен заманды,
Қиюы мен қыры кеткен заманды,
Зәузатыма жететіндей зауалды,
Зары менен мұңы жеткен заманды,
Қазақ болып өткізгенмін басымнан.
Ғапыл көріп, ғарасатты ғасырдан.
Аманат пен өсиеттің қолымен
Қасиетімді жинап келем шашылған.
Қосылмас та ажырамас ақ пен қара секілді,
Қайран дүние, қайда бұрдың бетімді?!
Дәстүр-дінімді дуалап,
Салт-санамды сыналап,
Кім өшірді менің нұрлы отымды?!
Көп отырғам,
қазан-қазан ой қайнатқан ошақтың
көмейінен от көрмей, сырт жағынан сығалап.
Оты ұрланған кәрі Шаһар секілді.

Тұрса-дағы арманыңның жолы алда
…көң тергізіп, қоң жинатқан қоғамда,
Ақшаның буымен буыны бекіп,
басқаның тілімен бұғанасы қатқан
сорлы ұрпақтың ертеңі – қорқынышты ертегі…
Балаң түгіл, бабаң шошып оянар!..
Сосын әлгі…
Жылап оянған баладай
Күні бойы көңілсіз боп, күмілжіп,
Шақша басы – шарадай
бір ынжықты жұбатады бір ынжық;
Соқырдың тілі өткір,
мылқаудың көзі өткір,
Қорқақтың қолы қатты,
Батырдың да жаны тәтті…
Соған бола мен қайтейін түңіліп,
Өмір ғой ол – жататұғын бір сүрініп-жығылып.
Соқырдың да көзіне тік қарағам,
Көк жүзіндей көкірегіне үңіліп…
Мылқаудың да жан айқайын естігем
Пәк-пышақтай бүктетіліп, бүгіліп…
Өлерменнің өзегінде өртенген
Өкініші өткір еді, не деген!..
(Тірі өлсе де… пәлен-түген демеген)
…Шаһитты да жерлеп тұрып, ерте өлген
өр намысын алып қалдым,
Еш бір жауға бермеген.
Құдайсынған пендеңді де ұрғам жоқ,
Кеуде соғып, «Мен!» деген.
Ар-намысты асқақ тұтқан рухым бар
Ешбір жаннан жеңілмеген, жеңбеген…
Жеңілмесем – кетпегені елге есем.
Ар жолынан аттамадым – жеңбесем.
Міне, осындай, менің рухым – алдаспан,
Мәртебем де мәңгілікке жалғасқан.
Бар адамзат ойсыз-мұңсыз тыңдаған
Менің «Бесік жырым» еді – алғашқы ән!
Әлдилеген әуенім де пәк еді
Пенделік-ай, әуезіне мұң қосқан,
Қу тірлік-ай, өзегіне зар қосқан…

Мысалы, анау, күн мен түндей, алма-кезек ауысып,
Жақсы менен жаманның да жүрегіне жабысып,
Бір пәле жүр!..
«Пәле, кет!» – деп айта алмайсың сен оған.
Өзің қашып құтылмайсың тағы да…
Оны өлтіру – өзіңді өзің өлтіру!
Өйткені ол – мына сенің,
жарқанаттай жабысып ап жаныңа,
сіңіп кеткен, жүрегіңе-қаныңа!
Иә, ол – Пендешілік!!!
О, Пенделік,
Күн мен түндей бір-біріне кіріге алмай, кіре алмай,
от пен судай бірін-бірі сүйе алмай не қия алмай,
«Мен – Ұлымын!..» дейді тағы ұялмай!

Адамдық пен пенделіктің арасы –
қас-қағым сәт болғанмен,
ортасында сан мың жылдың іздері бар,
азап көріп, қан кешкен!
Бесік-табыт, өмір-өлім арасы –
Қас пен көздің арасындай болғанмен,
Қадымдардың қасіретіне шомылып,
қазақ болып зар көшкен…
бұл ғаламда ештеңе жоқ мәңгі өшкен!

Қай қоғам да қайтара алмас ер намысын, ел сесін
Өйткені олар тіктеп алған өр рухымен еңсесін!
Бірақ мынау
жұмыр ай мен жұмыр күннің жүрегіндей жұмыр жер
талмаусырап жатқандығын,
сендер біле жүріңдер!
Ей, жүргіндер, …иә, біліңдер!
Бір кезде ол да жас еді…
Жасыл еді, жұмаққа тән жұпарлы.
Пенделіктің ең алғашқы оты неден тұтанды?!
…Сол-ау, бәрін бүлдірген.
Қызғаныштың қызыл итін үргізген.
Бақастық пен бақталастық, менмендік –
Ынтымақ пен берекенің
зерлі етегін түргізген.
Әйтпесе,
Күннің көзі солғын тартты дер ме едің?
Нұрдың өзі көр-құрсақты дер ме едің?
Бәрі-бәрі тірлігі еді пенденің!
Һәм анау,
Ібілістің нәті – әлгі, оттан дүр
Содан болар, сол сайтандар әлі күнге оттап жүр!

Бақ деген не?
Қорға айналған сұлбасы ма пенденің?
Құт деген не?
Мұңы болар, Қорқыт-Қобыз – кеуденің?
Осыны айтып зарлайды-ау кеп,
жүректегі жұмыр жер,
О, Жаратқан,
жүрегімдей жұмыр жерге ғұмыр бер!

Жерді айтсам, топырақ жылайды .
Желді айтсам, жапырақ жылайды.
Елді айтсам, азамат жылайды.
Ерді айтсам, қазанат жылайды.
Сөзді айтсам, ақындар жылайды.
Езді айтсам, батырлар жылайды.
Ұлтты айтсам, арыстар жылайды.
Рухты айтсам, намыс зар жылайды.
Көрді айтсам, күрегің жылайды.
Сорды айтсам, жүрегің жылайды.
Жылайды бәрі, жылайды бәрі, жылайды…
Тек жылатып алмаңдаршы,
Жүректің ішіндегі Құдайды!!!

Өйткені мен – мұңлымын да зарлымын…
Зарлап жүріп, зау көгіңе қарғыдым.
Қайғырғанда – қанатымнан от шаштым,
Қуанғанда – мұңменен дос ән-жырым.
Шапақ жиып шаттанам да кешқұрым,
Қарсы аламын Тәңір жүзді таң нұрын.
Келешекке – кемел болсын тағдырым,
Болашаққа – бедел болсын ар-жүгім.

…Ал бүгін,
етек-жеңін жинаған ел болсам,
Ата-баба аманатын сөйлеттім.
Жерұйыққа айналып жатқан жер болсам,
Жүрегімді адалдыққа шөлдеттім.
Астанадай Алты Алашқа төр болсам,
Аманатты арқалап жүріп ержеттім.
Ел үшін туған ер болсам,
Мен – кебінге емес, кебенекке айналар жөргекпін!

Бақыт БЕДЕЛХАНҰЛЫ Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері                                                                                                    zhasalash.kz

Related Articles

  • Тұрсын Жұманбай «Үйсінбай кітабы»

    Тұрсын Жұманбай «Үйсінбай кітабы»

    Бұл Дағандел, Бақанас өлкесінен шыққан би Үйсінбай Жанұзақұлы хақында құрастырылып жазылған кітап. Тың толықтырылған еңбекте болыс Әлдеке Күсенұлы, Дағанделі болысының басшылары мен билерімен қатар Әбдірахман Әлімханұлы Жүнісов сынды айтулы тұлғалар жайлы әңгіме қозғалған. Олардың ел алдындағы еңбектері, билік, кесім – шешімдері, халық аузында қалған қанатты сөздері мен өмір жолдары, ата – тек шежіресі қамтылған. Сонымен қатар мұрағат деректеріндегі мәліметтер келтірілген. Кітапқа есімі енген ерлердің заманы, үзеңгілес серіктері туралы жазылған кей мақалалар, жыр –дастандар, үзінділер енген. Кітап қалың оқырман қауымға арналған. Тұрсын Жұманбай «Үйсінбай кітабы», - Жебе баспасы, Шымкент қаласы.134 бет толық нұсқасын төмендегі сілтеме арқылы оқи аласыз. Үйсінбай кітап kerey.kz

  • «Алғашқы кітап» деректі бейнефильмі

    «Алғашқы кітап» деректі бейнефильмі

    Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Мәдениет комитетіне қарасты Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының тапсырысымен «JBF company» компаниясы Семей қаласында, Шыңғыстау өңірінде, Алматы облысының Жамбыл ауданында  «Алғашқы кітап» атты деректі бейнефильм түсіруде. Деректі фильм Абайдың 1909 жылы Санкт Петербургтегі Илья Бораганский баспасында басылған алғашқы шығармалар жинағының жарық көруіне арналады. Ұлы Абай мұрасының қағаз бетіне таңбалану тарихын баяндайды. Қазіргі адамдар бұрынғы уақыттың, Абай заманының нақты, деректі бейнесін, сол кездегі адамдардың әлпетін, киім үлгісін көз алдарына елестетуі қиын. Көпшіліктің ол уақыт туралы түсінігі театр мен кинофильмдердегі бутафорлық киімдер мен заттар арқылы қалыптасқан. Алайда Абай уақытындағы қазақ тіршілігі, қазақтардың бет-әлпеті, киім киісі, үй – жайы, бұйымдары таңбаланған мыңдаған фотосуреттер сақталған. Бұлар Ресей, Түркия, Ұлыбритания

  • ШОҚАН УӘЛИХАНҰЛЫ ДЕГЕН ЕКЕН..

    ШОҚАН УӘЛИХАНҰЛЫ ДЕГЕН ЕКЕН..

    Ел аузында қазақ оқымыстылары айтты деген сөздер аз емес. Белгілі ғалым, этнограф А. Сейдімбек құрастырған тарихи тұлға, асқан оқымысты Шоқан бабамыздың тапқыр сөздерін назарларыңызға ұсынамыз. * * * Омбыға оқуға жүрер алдында бала Шоқан әкесінің ел іші мәселесін шешудегі кейбір өктем, ожар қылықтарына көңілі толмай, «оқуға бармаймын» деп қиғылық салса керек. Тіптен көнбей бара жатқан баласын қатал Шыңғыс жәрдемші жігіттеріне байлатып алмаққа ыңғайланып: «Шықпаса көтеріп әкеліңдер, арбаға таңып аламыз!» − дейді. Сонда дәрмені таусылған Шоқан әкесіне: «Байлатпа! Абылай тұқымынан байланғандар мен айдалғандар жетерлік болған!» − деп тіл қатады. Бала да болса ақиқат сөзді айтып тұрған баласынан тосылған әке дереу Шоқанды босаттырып жібереді. * * * Петербургте Сыртқы Істер министрлігінің бір

  • Кітапқұмар жасқа тегін оқу бақыты бұйырды

    Кітапқұмар жасқа тегін оқу бақыты бұйырды

    Адамзат кітапқа ғұмыр бойы қарыздар. Кітапсыз келешектің алтын кілтін ешкім қолына мықтап ұстай алмаған. Мардан Рахматулла – кітапқұмар он жеті жасар жігіттің бойында өз қатарластарының бойынан табыла бермейтін ұлы қасиет бар. Ол – кітапқа деген махаббат. Бұл махаббаттың сәт санап артуының да сыры бар. Мардан – Асылы Осман, Дархан Қыдырәлі сынды бүгінгі қазақ руханиятының тірегі саналатын азаматтар туған топырақт туып-өскен. Топырақтың киесін дәл осы кезде еріксіз мойындай түсесің. Қоғамдағы «жастар кітап оқымайды» деген қасаң пікірді жоққа шығаруға тырысқан жастардың да саны басым. Күн санап олардың саны артып, кітаптың құдіретін жер-жерде дәлелдеп бағуда. Кітапқа жаны құмар жан бір күнін кітапсыз елестете алмайды. Ғұмыры кітаппен етене байланған, оқу ғұмырының мәніне айналған жастарды

  • «Бейсенбі ме бүгін деп, Жұмаға қарсы өткені-ай…» (Абай)

    «Бейсенбі ме бүгін деп, Жұмаға қарсы өткені-ай…» (Абай)

    Қазақ халқының даңқты перзенті, ұлы жазушы Мұқтар Мағауин 85 жасқа қараған шағында дүниеден озды. «Бейсенбі ме бүгін деп, Жұмаға қарсы өткені-ай…» (Абай) Шұбартауда дүниеге келді. Жондағы Жобалай Керейдің ең үлкен Аруағы Жобалай бидің ұрпағы еді. Байқотан би, Томан би, Бегеш шешен, Уәйіс, Төлеу ақын… Атағы Аталарынан асып кетті… Тірісінде олай деген жоқ… Бұл сөзді дүниеден өткен соң біз айтып отырмыз… Өмірінің соңғы кездері шетте өтті. «Үкіметке, басқаларға да өкпем жоқ, өкпелейтін олардың жағдайы жоқ!» (М.Мағауин) деген еді өзі бертінде. Астары ауыр, еңсеңді езердей салмақты сөз… Данышпан адам неге елден жырақ кетті. Бұл «Оңаша жатқанды ұнатамын, Елімді ел қылмасын ерте сезіп… Елден кеттім жырақ…» (Шәкәрім) дейтін кетіс сияқты. Сонда да «Көк

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: