|  |  | 

Саясат Суреттер сөйлейді

Ұмыт қалған ашаршылық және Назарбаевтың ықтимал мұрагерлері


Ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіш. Алматы қаласы, 31 мамыр 2017 жыл

Ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіш. Алматы қаласы, 31 мамыр 2017 жыл

Халықаралық БАҚ осы аптада Қазақстанда ашаршылықтың Украинадағыдай өткір бағаланбауының себептерін, Назарбаевтың ықтимал мұрагерлері туралы жазған. Ықтимал мұрагерлер қатарында Тоқаев, Тасмағамбетов, Құлыбаевтың аттары аталады. Әлемдік баспасөз бұған қоса, Қазақстанның Қытайға тасымалдайтын газ көлемін арттыру мәселесін және Тамғалыдағы петроглифтер тақырыбын да қозғаған.

ҰМЫТ ҚАЛҒАН АШАРШЫЛЫҚ 

Америкалық Wall Street Journal журналы “Ұмыт болған советтік ашаршылық: Сталиннің Украинаға істегендері есімізде, бірақ Қазақстанға жасағандарын білмейміз” атты мақалада америкалық зерттеуші, Maryland-College Park университетінің тарих профессорының көмекшісі, “Ашаршылық жайлаған дала: ашаршылық, зорлық-зомбылық және советтік Қазақстанның құрылуы” атты кітаптың авторы Сара Камеронның пікірін жариялаған. Зерттеуші мақалада ашаршылықтың Қазақстанда Украинадағыдай өткір бағасын алмауының себептеріне тоқталады.

Сара Камеронның пікірінше, оның бірнеше себебі бар.

“Біріншіден, АҚШ-та шағын ғана қазақ диаспорасы бар. Украиндарға қарағанда, қазақтар Ашаршылықты ұлттық жадысының өзегіне айналдыра алмады. Оған бір жағынан қазақ үкіметінің Ресеймен тығыз қарым-қатынасы себеп. Кейбір украин азаматтары аштық Украинада ғана болған оқиға ретінде танығысы келеді. Осылайша тарихтағы түрлі этникалық топтардың басынан өткен, олардың арасында қазақтар мен орыс шаруалары да бар, сұмдық оқиғалары ұмыт болып барады” деп жазды зерттеуші.

1930 жылдары аштықтан босып бара жатқан қазақтар. (Суретті Дмитрий Багаев түсірген.)

1930 жылдары аштықтан босып бара жатқан қазақтар. (Суретті Дмитрий Багаев түсірген.)

Камеронның ойынша, бұл жерде қазақтардың көшпенді өмір салтын ұстанғаны да маңызды рөл атқарады.

“Өркениеттен” қалған топтарды “өркениетке бейімдеудің” жолы деп біз көшпенді халықтардың тарихында болған зорлық-зомбылықты жиі ұмытамыз. Аман қалған қазақтар қоныстануға мәжбүр болып, өздерінің мәдениеті мен болмысынан тым алшақ дүниені ауыр қабылдады” деп жазды Сара Камерон.

“Белгілі бір тұрғыда украиндардарға қарағанда қазақтарда ашаршылық өте ауыр болды. Бұған қоса, қазақтар күштеп ұжымдастырылды, ашыққан халық қатаң репрессияға ұшырады, олар қаша алмас үшін шекараны жауып тастады. 1.5 миллионнан астам адам өлді. Қазақтардың үштен бірі қырылды. Бұл совет одағындағы халықтарды ұжымдастыру кезінде бұрын-соңғы болмаған ең жоғары өлім көрсеткіші шығар” делінген мақалада.

1930 жылдарғы аштық кезіндегі қазақтар. (Дмитрий Багаев түсірген сурет.)

МҰРАГЕР КІМ БОЛАДЫ?

Вашингтондық Diplomat газеті “Пост-назарбаевтық кезеңде Қазақстанды кім басқарады?” атты мақалада Нұрсұлтан Назарбаев кеткен жағдайда кімнің президент болуы мүмкін екені туралы болжам жасайды.

“Қазақстандағы билік құрылымы басқа постсоветтік елдердегідей, пирамида сипатында түзілген. Биліктің жоғары жағынан бастау алған патронаж желісі үкімет мүшелеріне қарай төмен бағытталып, маңызды байланыстарға қарай ақша, артықшылықтар мен билік бөлінеді. Егер Назарбаев кенет биліктен кете қалса, не болатыны, оны кімнің алмастыратыны белгісіз. Қазақстанның жүйесіне ұқсайтын елдерде биліктің ауысуы күрделі. Мұндай ауысулар жетекші саяси ойыншылармен байланысты тұлғаларға қауіп төндіреді және оның қалай болатынын алдын-ала болжау қиын. <…>

Мұндай бұлыңғырлық режимнің ауысуы кезінде билік үшін аяусыз күрес пен адастыруға апаратын түрлі драмалық сценарийлерге жол ашады. Бұл сонымен бірге пирамида басындағылардың өзін аман алып қалу үшін процесті мұқият басқаруына жағдай жасайды. Сол себепті Назарбаевтың мұрагері қазіргі жоғары билікке жақын, қазіргі билікке таныс ортадан шыққан, радикалды өзгерістерді қаламайтын адам болатын шығар. Және лайықты кандидаттар да көп емес” деп жазды Diplomat.

ТОҚАЕВ, МӘСІМОВ, ТАСМАҒАМБЕТОВ…

Diplomat басылымы ықтимал кандидаттарға Қасым-Жомарт Тоқаев, Кәрім Мәсімов, Иманғали Тасмағамбетов, Дариға Назарбаева, Тимур Құлыбаевты жатқызады.

Басылымның жазуынша, Тоқаевтың президент болу мүмкіндігі көп. Сенат төрағасы ретінде ол билік пирамидасында екінші болып тұр. Егер бірдеңе болса, Конституция бойынша қазіргі президенттің орнын сол басуы керек. Мақала авторының пікірінше, әйткенмен Тоқаевтың “ішкі саясатта тәжірибесі аз”. Бұған қоса, жасы 65-те дейді.

Нұрсұлтан Назарбаев және Қасым-Жомарт Тоқаев

Нұрсұлтан Назарбаев және Қасым-Жомарт Тоқаев

Ұзақ уақыт билікте жүрген және “президент отбасына адалдығымен” талай рет көзге түскен Кәрім Мәсімовті де басылым ықтимал кандидаттар қатарына қосады. Diplomat оның артықшылығы ретінде экономиканы сәтті басқару тәжірибесін атайды және Қытай, Ресейді жақсы білетінін атап өтеді. Алайда Мәсімов – этникалық ұйғыр, сондықтан оған елдегі ең жоғары лауызымды сеніп тапсыратынына газеттің күмәні бар.

Иманғали Тасмағамбетовте “президентке қажет қасиеттердің бәрі бар және сол себепті де оның болуы мүмкін емес шығар” деп жазды басылым. Diplomat-тың жазуынша, Тасмағамбетов үкіметте үнемі маңызды рөл атқарып келді, бірақ 2016 жылы оны кенет Ресей елшісі қылып жіберді. Бұл оның президент болу мүмкіндігіне “балта шапты”. Себебі, заң бойынша президент кандидаты Қазақстан территориясында кемінде 15 жыл тұруы керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан сыртқы істер министрі болған кезде Семей ядролық сынақ полигоны құрбандарына орнатылған ескерткіш алдында сөйлеп тұр. Семей, 8 қыркүйек 2006 жыл.

Басылымның пікірінше, Қазақстан президентінің үлкен қызы Дариға Назарбаеваның президент болуы күмәнді, себебі саяси тәжірибесі аз. Оның үстіне әйел саясаткер. Мақала авторы билік ауыса қалған жағдайда Дариғаға премьер-министр немесе министр креслосы бұйыруы мүмкін деп топшылайды.

“Әйткенмен көрші Қырғызстанда Роза Отунбаева елді сәтті басқарды, әкесі үнсіз қолдағанмен Назарбаев қызының дәл осындай “ерлік жасауы” неғайбыл. Отынбаеваның президент болуы “ұлттық саясатта әйелге орын жоқ” деген пікір басым Орталық Азияда сирек құбылыс болып саналады. Егер Назарбаева президенттікке ұмтылса, оппозицияның үлкен қарсылығына тап болады және оны қолдайтын одақтастар аз болады” деп жазды басылым.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаева сайлау учаскесінде тұр. Астана, 15 қаңтар 2012 жыл.

Назарбаевтың ортаңғы қызының күйеуі Тимур Құлыбаев білімі мен тәжірибесінің арқасында “өте жайлы позицияда тұр”. Оның Назарбаев отбасына қарсы келуі де мүмкін емес дейді басылым.

Оның бір кемшілігі “жеке өмірінің бейберекет” болуы деп Diplomat оған екі ұл туып берген Гога Ашкеназимен байланысын алға тартады.

“Батыста мұндай нәрсе саяси резонанс тудыруы мүмкін еді, ал Қазақстанда совет одағы құлаған соң элитаның бір бөлігі екінші әйел алу практикасына қайтып оралды, сондықтан бұл жағдайды есепке алмаса да болады” деп жазды газет. Бірақ Құлыбаевтың президент болуына кедергі келтіретін нәрсе оның 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасына қатысы болуы.

“Қазақстандағы биліктің ауысуы туралы көп жорамал Назарбаевтың кенеттен қайтыс болып немесе ауырып қалып, биліктен кетуі сияқты болжамдарға негізделген. Алайда жоғары билік үшін биліктің қолдан ауысқаны тиімдірек, ал бұл 2020 жылы болуы мүмкін. <…> Егер бұлай бола қалса, онда билікті Құлыбаев қолына алуы мүмкін. Ол қазіргі билікке бөтен емес адам, сол саяси құрылымның бөлігі. Орасан байлығы мен аймақ пен Батыстағы байланысының арқасында ол қазіргі жүйені бұзбай, Қазақстан мемлекетінің қауіпсіздігіне қауіп төндірмей патронаж жүйесін сақтап қала алатын оңтайлы жағдайда тұр“ деп түйіндейді Diplomat.

ҚЫТАЙДАҒЫ ГАЗ

Жапондық Asia Nikkei басылымы “Қытай АҚШ пен сауда соғысын бәсеңдетуге тырысып жатқан шақта” Қазақстан билігінде Қытайға тасымалдайтын газ көлемін 2019 жылы 10 миллион текше метрге жеткізу жоспары барын айтады. Газ экспорты туралы бес жылдық келісімге 12 қазанда “КазТрансГаз” және PetroChina International компаниялары қол қойған.

Қытайдағы газ танкері

Қытайдағы газ танкері

“Пекин Вашингтонға балама жолдарды іздеп жатыр. Ол сонымен бірге Оңтүстік Шығыс Азия арқылы теңіз маршрутында геосаяси тұрақсыздық туындаған жағдайда қосымша амалдарының болғанын қалайды. Себебі бұл Таяу Шығыстан газ тасымалдауға қауіп төндіруі мүмкін” деп жазды басылым.

Asia Nikkei дерегінше, Қазақстан жоспарын Бейнеу – Бозой – Шымкент газ құбыры жолындағы үш компрессор станциясы арқылы жүзеге асырады. Бұл құбыр Түркіменстан мен Өзбекстан газын Қытайға жеткізетін Орталық Азия – Қытай газ құбырына апарады.

Дерек бойынша, Қазақстан 2017 жылы газ өндірісін 19 пайызға ұлғайтқан яғни 27,1 миллион текшеметрге дейін жеткізген. Ал елде газ тұтыну көлемі небәрі үш пайызға ғана өскен, яғни 16,3 миллион текше метрге жеткен.

Asia Nikkei жазуынша, Қазақстанның газ тасымалдау мүмкіндігінің артуы Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы келісімнің болашағын бұлыңғыр етіп қойды. Өйткені бұл келісім бойынша, Өзбекстан шамамен 3,5 миллион текшеметр газды Оңтүстік Қазақстанға тасымалдайды. Есесіне дәл сондай көлемдегі газды Қазақстан Өзбекстан атынан Ресейге қарай асырады. Бұл транспорт шығынын азайту үшін жасалған амал.

"Росатом" жобасы - Беларусь атом электр станциясы. Көрнекі сурет

“Сарапшылардың пікірінше, көршілер бұл келісімді әрі қарай да жалғастыра алады, себебі бұл Қазақстанға қолайлы. Қазақстан Ресейге газды арзан бағамен сата алмайды немесе Ресей арқылы Еуропаға экспорттай алмайды, себебі Ресейдің Еуропа нарығында өз мүдделері бар” делінген мақалада.

“Қазақстан газын Еуропаға тасымалдау өте қиын, себебі арақашықтық өте алыс, транспорт шығыны да көп болады. Ал Қытай болса жанымызда, оған кез келген өнімді берсең, жұта береді” дейді алматылық сарапшы Сергей Смирнов.

ТАМҒАЛЫНЫҢ ПЕТРОГЛИФТЕРІ

Осы аптада BBC сайтында Қазақстанның оңтүстігіндегі петроглифтер жайлы видеосюжет жарияланды. Өткен ғасырда 50-жылдардың аяғында Қазақстанның оңтүстігіндегі Тамғалы аңғарынан шамамен бес мың петроглифі бар ежелгі қоныстар мен қорымдар табылған. 2004 жылы ЮНЕСКО-ның әлемдік мәдени мұрасының қатарына енді.

Тамғалыда болған BBC тілшісі табиғат аясындағы петроглифтерді тамашалап, “мұндайды музей әйнегінен гөрі осындай жерде тамашалаған жақсы емес пе?” деп таңданған.

Related Articles

  • “Төңкеріс жасауға машықтанғандар” кім? Қаңтар құпиясы ашылса, салдары не болады? Депутатпен сұхбат

    “Төңкеріс жасауға машықтанғандар” кім? Қаңтар құпиясы ашылса, салдары не болады? Депутатпен сұхбат

    Нұрбек ТҮСІПХАН Қазақстан парламенті мәжілісінің депутаты, заңгер Абзал Құспан Азаттыққа сұхбат беріп отыр. Астана, 26 қазан, 2023 жыл Қаңтарды кім ұйымдастырғанын билік біле ме, білсе неге ашық айтпады? Парламентте неге Қаңтар бойынша тағы тыңдау өтпейді? Президент Тоқаев Қаңтар “төңкеріс жасауға әбден машықтанған мамандардың жетекшілігімен” ұйымдастырылды деді. Олар кімдер? Мәжіліс депутаты Абзал Құспан осы сұрақтарға жауап берді Азаттық: Абзал мырза, сіз – Қаңтар оқиғасына бір тараптан емес, жан-жағынан қарауға мүмкіндік алған адамсыз. Ең алдымен сол оқиғаға тікелей қатыстыңыз, жұртты алаңға шығуға шақырдыңыз. Одан кейін қанды қырғында қамауға алынғандарды босатуға ат салысып, заңгер ретінде де араластыңыз. Одан бөлек мәжіліс депутаты есебінде де жаңа бір ракурстан қарап отырсыз. Айтыңызшы, жан-жағынан қарағанда Қаңтар оқиғасында сізге

  • Атеистер мен тәңіршілдерге мың алғыс! 

    Атеистер мен тәңіршілдерге мың алғыс! 

    Елдес Орда Сурет: Автордың жеке архивінен алынды. Қазақ қоғамында жаңа интеллектуалдық кезең туып келеді. Бірінші, қазіргі қазақ қоғамында сенім мәселесіне қатысты пікірталастардың күшеюі кездейсоқ құбылыс емес. Бұл дегеніңіз әлеуметтік желілердің, ашық ақпараттық кеңістіктің және жаһандық интеллектуалдық ағымдардың ықпалымен қалыптасқан жаңа қоғамдық ойлау формасының көрінісі. Атеистік көзқарастардың ашық айтылуы, тәңіршілдік идеялардың қайта жаңғыруы және дәстүрлі діни орта арасындағы пікір қақтығысы зиялы ортада алаңдаушылық тудырғанымен, шын мәнінде бұл құбылыс қоғамның рухани әлсіреуін емес, саналы ізденіске бет бұрғанын көрсетеді. Екінші, ұзақ уақыт бойы қазақ қоғамындағы діни дискурс негізінен МОНОЛОГТЫҚсипатта болды. Уағыз айтылды, ал тыңдаушы тарап оны талқылаусыз қабылдауға тиіс еді. Сұрақ қою күмәнмен, күмән әлсіз иманмен теңестірілді. Мұндай ортада сенім дәлелдеуді емес, қайталауды талап етті. Ғылыми

  • Олжас Сүлейменов. Мен білем!.. 

    Олжас Сүлейменов. Мен білем!.. 

    Серік Ерғали Суреттер: madeniportal.kz және С.Ерғали мұрағаттарынан алынды. «Я знаю!..» кітабынан үзінді-аударма. ОСИРИС ЗАҢЫ I Біз адамзат тарихын өте нашар білеміз. XIX ғасырдың басында Наполеон әлемге Мысырды ашты, ал ғалымдар бұл елдің қирандыларын зерттеп, оның шамамен б.з.д. III мыңжылдыққа тиесілі екенін анықтады. Сол кезде адамзат тарихы тағы да қос мыңжылдыққа тереңдей түсті. Бірнеше мыңжылдық бұрын (мен білем) адамзат (немесе оның кейбір бөлігі) таңбалы жазуды қолданып, жазып жүрген. Бұл білімдерді қалпына келтіру арқылы біз XX ғасырдың басында жасанды түрде үзілген тіліміздің тарихына қатысты қолжетер шындықты қайта тануымызға тура келді. 1926 жылы Бакуде өткен алғашқы түркологиялық конгрестен кейін түркология ғылым ретінде қалыптаса алмады… …2018 жылы Назарбаев мені әңгімелесу үшін Ақордаға шақырды. Үлкен үстелдің басында

  • Қытай интеллигенциясы қытай иероглифін сынады, қытай тілін емес…

    Қытай интеллигенциясы қытай иероглифін сынады, қытай тілін емес…

    Қазір әлеуметтік желіде кейбір қазақ зиялыларының қазақ тілін сынаған пікірі тарап жүр. Есіме бір кездері Қытай интеллигенциясының қытай иероглифін сынағаны түсіп кетті. 20- ғасырдың алғашқы ширегінде қытайдың дәстүрлі иероглифтерін сынамаған зиялы кемде кем. *** *** *** “Иероглифтерде заманауи идеялар мен теорияларды жеткізетін сөздік қор жоқ, әрі олар зиянды ойлардың ұясына айналады. Оларды жоюда ұят жоқ” деп жазды 1918 жылы Қытай Коммунистік партиясының негізін қалаушылардың бірі әрі Жаңа мәдениет қозғалысының жетекші қайраткері Чэнь Дусю (陈独秀). Қытай иероглифін қатты сынаушылардың қатарында тағы да Қытай коммунистік қозғалыстың жетекшілерінің бірі Цюй Цюбай (瞿秋白) де болған. Ол тіпті 1931 жылы “Қытай иероглифтері шын мәнінде әлемдегі ең лас, ең жексұрын әрі ең жиренішті нәрсе. Тіпті ортағасырлық

  • Зеленскийдің “жалғыз сенері әрі оң қолы”. Андрей Ермак кім?

    Зеленскийдің “жалғыз сенері әрі оң қолы”. Андрей Ермак кім?

    Рэй ФЕРЛОНГ Андрей Ермак (сол жақта) пен Украина президенті Владимир Зеленский (оң жақта). 2019 жыл. Андрей Ермак ұшақтан түсе сала өзінің бастығын құшақтады. 2019 жылы қыркүйекте президент Зеленскиймен жылы жүздесу жаңадан басталып келе жатқан саяси серіктестіктің басы еді. Бұл – Ермактың Ресей түрмесінде отырған 35 украиналықты Мәскеуден алып келген сәті. Ал 2020 жылы Ермак Зеленский әкімшілігінің басшысы болды. Бірақ Украинадағы жемқорлық шуынан кейін оның қызметіне жұрттың назары ауды. Себебі Ермак Украина энергетикалық инфрақұрылымына бөлінген қаржы жымқырылған коррупция схемасында негізгі рөлде болған деген ақпарат тараған. Бірақ тергеушілер бұл жайттың жай-жапсарын толық ашқан жоқ. Ермактың өзі Азаттықтың Украина қызметінің ресми сауалдарына жауап берген жоқ. Сонымен Зеленскийдің кеңсесін басқарып отырған Ермак кім? ТЕЛЕВИДЕНИЕДЕН

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: