Жекешелендірдік. Жетістік пе?
Халықтың хал-ахуалын жақсарту үкіметтің алдындағы ең бірінші міндет. Ол үшін
халықтың нақты табысы артуы керек, алайда оның өсуі мүлде мардымсыз. Халық
қаражатының шығыс құрылымына қарасақ, адамдар қазір барлық табысының жартысынан
астамын тамаққа жұмсауға мәжбүр. Өйткені, бәрі қымбат және баға күннен күнге арта
түсуде. Ал әлеуметтік қызмет көрсету сапасы қандай десек, бұл бағытта да тілді тістететін
мәселелер көп.
Осы мәселелерді айта келіп Мәжілістегі «Халықтық коммунистер» фракциясының
жетекшісі Айқын Қоңыров үкімет басшысы Асқар Маминге жолдаған депутаттық
сауалында жекешелендіруге берілген әлеуметтік нысандардың жай-күйі туралы сұрау
салды. «Бүгінгі таңда жекешеге берілген әлеуметтік нысандар саны 500-ге жетіп қалды.
Соның жартысы коммуналдық меншікке жататын емханалар, сауықтыру кешендері,
диагностикалық орталықтар, диспансерлер, санаторийлер, спорттық клубтар, музыкалық
және көркемсурет мектептері, оқушылар сарайлары. Осыларды жекешеге сатқаннан
мемлекеттік бюджетке мардымды түсім келген жоқ. Оларды жекешелендіруге берген
себебіміз нысандар қызметінің сапасын арттыру, бағаларын төмендету, қызмет түрлерін
көбейту делінді. Бірақ соны тексеріп жатқан адам бар ма? Тек іс-әрекетінің профилін
сақтау, жұмыс орындарының санын кемітпеу индикаторы ғана бақыланады», дей келіп
А.Қоңыров өзінің сауалында Премьер-Министрден жекешеге берілген әлеуметтік
нысандардың бүгінгі жай-күйі туралы толық ақпарат беруді сұрады. Соның ішінде қызмет
алушыларға электронды сауалнама жүргізу арқылы нысандардың қазіргі сапасын анықтау
сұралды. Сонымен бірге сатып алынған нысандарға қанша инвестиция құйылғаны,
жаңадан қанша жұмыс орындары ашылғаны, қызмет түрлерінің артқаны немесе кемігенін
анықтау ұсынылды. Депутат осынша (500) дана әлеуметтік нысан азайғаны себепті
оларды бақылаған мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік органдардың қанша
қызметкері қысқарғанын да сұрады. Басқасына жауап берсе де дәл осыған А.Мамин жауап
бере алмайтын шығар. Өйткені, ешқандай БАҚ ақпараттарында 500 нысан жекешеге
берілгені себепті сонша мемлекеттік қызметкер қысқарды деген ақпарат болған емес.
Тіпті, жекешелендірудің пайдасын да айта алар ма екен?
С.ЕЛЕУ, сарапшы
Kerey.kz
Пікір қалдыру