|  |  | 

Жаңалықтар Саясат

Тоқаев Дариға Назарбаеваның өкілетін неге тоқтатты?


Маска таққан Дариға Назарбаева сенат отырысында. 9 сәуір 2020 жыл.

Маска таққан Дариға Назарбаева сенат отырысында. 9 сәуір 2020 жыл.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев парламент спикері Дариға Назарбаеваның өкілетін тоқтатқанын саясаттанушылар «билік транзитіне әсері бар қадам» деп санайды. Бұрынғы премьер-министр Әкежан Қажыгелдин «саяси дағдарыс» деп есептейді.

“БИЛІКТЕГІ БЕЛГІСІЗДІК”

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сенат төрайымы Дариға Назарбаеваның депутаттық өкілетін тоқтатқаны жайлы бүгін, 2 мамырда түсте жариялаған жарлығы алуан түрлі пікір тудырды.

Биліктің өзі бұл шешімге байланысты ешқандай түсініктеме немесе ақпарат таратқан жоқ. Жарлықты әлеуметтік желіде жариялаған президент баспасөз қызметінің жетекшісі Берік Уәли арада бір сағат өткен соң Тоқаевтың Дариға Назарбаеваға алғыс айтқаны туралы твиттер парақшасына жазғанын бөлісумен шектелді.

Саяси сарапшылар Қасым-Жомарт Тоқаев Дариға Назарбаеваның өкілетін Нұрсұлтан Назарбаевтың келісімімен тоқтатты ма, жоқ па, әлі белгісіз, бірақ қалай болғанда бұл – қатардағы кадрлық өзгерістердің бірі емес деп санайды.

Саясаттанушы Досым Сәтпаевтың сөзінше, Дариға Назарбаева өкілетінің тоқтатылуына бірнеше түрткі себеп болуы мүмкін.

- Біріншіден, Қазақстанның тұңғыш президентіне байланысты бір жағдай болуы мүмкін. Тоқаев осы сәтті пайдаланып, саяси элита ішіндегі балансты өз пайдасына шешкісі келеді, ондай болса жартылай билік транзиті аяқталды деген сөз. Екіншіден, мұның бәрі Назарбаевпен келісілген әрекет деуге, бәлкім парламент сайлауы қарсаңында Дариға Назарбаеваға өзге позиция тапқан болар. Үшіншіден, бұл – Дариға Назарбаеваны элита ішіндегі күрес шеңберінде шектеуге бағытталған қадам болып шығуы да ықтимал, – дейді ол.

Оның сөзінше, сенат төрағасы қызметіне кімнің тағайындалатыны биліктің жоспарын айқындай түседі. Егер Қасым-Жомарт Тоқаевпен байланысы бар адам емес, басқа біреу тағайындалса, билік транзитіндегі белгісіздік жалғаса береді.

“ДАРИҒА ПРЕЗИДЕНТ СЕКІЛДІ СӨЙЛЕЙ БАСТАДЫ”

Бұрынғы дипломат Қазбек Бейсебаевтың жазуынша, Қазақстан суперпрезиденттік республикаға айналғандықтан елді басқару жүйесі президентке мейлінше ыңғайлы жасалған. Ал Нұрсұлтан Назарбаевтың Қауіпсіздік кеңесінің өмірбойғы төрағасы болып, көп өкілеттіктер алуы президентттік билікті тежеп, мемлекеттік басқаруды екіұдай күйге түсірген.

- Оның үстіне сенат төрайымы соңғы кездері мемлекет басшысы айтатын сөздерді айта бастады. Төтенше жағдай кезінде бұл дұрыс емес. Қазіргі жүйе бойынша билік президентте болуы керек, – деп жазды ол Facebook парақшасына.

Назарбаеваның арада біршама уақыттан кейін жаңа күшпен қайта оралатынын көріп жүрміз. Сондықтан Дариғаның саяси өмірбаяны аяқталды деуге болмайды

Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы маусымдағы президент сайлауынан кейін құрған ұлттық сенім кеңесінің мүшесі Андрей Чеботарев “Дариға Назарбаеваның өкілеті қауіпсіздік кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевпен және Дариға Назарбаеваның өзінің келісімімен тоқтатылуы әбден ықтимал” деп санайды.

- Мұны Дариға Назарбаеваның кіші ұлы Айсұлтан Назарбаевтың биыл қаңтар – ақпан айларындағы мәлімдемелеріменбайланыстыра салуға болмайды. Біз Дариға Назарбаеваның сенат төрайымы ретінде белсенділік таныта бастағанын көріп отырмыз. Бірақ оның 2003 жылдан бергі саяси мансабына қарасаңыз, белсенділігі күшейе бастағанда белгілі бір шектеулерге ұшырайтынын байқаймыз. Ол аз уақыт вице-премьер болғанда да осыған ұқсас жағдай болған, – деп жазады Андрей Чеботарев Facebook парақшасына.

Андрей Чеботарев билік төңірегіндегі элита тартысы кезінде Дариға Назарбаеваны әкесі Нұрсұлтан Назарбаевтың сақтап қалуға тырысқан амалы болуы мүмкіндігін де жоққа шығармайды.

- Бірақ Дариға Назарбаеваның арада біршама уақыттан кейін жаңа күшпен қайта оралатынын көріп жүрміз. Сондықтан саяси өмірбаяны аяқталды деуге болмайды, – деп жазады ол.

Андрей Чеботарев Дариға Назарбаева премьер-министр қызметіне тағайындалуы да мүмкін деп санайды. Оны соңғы кездері белсенді пікір айтып, гендерлік саясат жайлы да жиі сөйлей бастағанымен байланыстырады.

Қазақстанда көп жылдар жұмыс істеп келе жатқан АҚШ журналисі Джоанна Лиллис “Дариға Назарабаеваның өкілеті тоқтатылғанымен әрі қарайғы жағдайдың белгісіз күйде қалуы биліктегі интриганы күшейте түседі” деп біледі.

- Біз “Тоқаев президент – Назарбаев тұңғыш президент және Дариға Назарбаева мемлекеттегі үшінші адам” жағдайында өмір сүріп жатырмыз. Интрига көп – бұл нені білдіреді? Назарбаевтың өзі бұған қалай қарайды? Назарбаевтан кейінгі дәуір басталды деген сөз бе бұл? Көкейде жауаптан гөрі сұрақ көп,- дейді ол.

САЯСИ ДАҒДАРЫС ПА?

Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі, соңғы 20 жылдан астам шетелде тұрып келе жатқан Әкежан Қажыгелдин Дариға Назарбаева сенат басшысы болып отырып та бұрынғы әдетінен арылмады деп санайды.

Егер Тоқаев шын мәнінде билікті алғысы келсе, келесі аптада парламенттің екі паласатын қосып, сенаттың қажетсіз екенін күн тәртібіне қоюы керек.

- Дариға қандай қызметке барса да тыныш отыра алмайды. Осында бірнеше күн бұрын карантин кезінде қалаларға кіргізілген әскерді қалдыра тұру жөнінде де бастама көтерді. Мұндай «ақылдар» төңірегіне жайсыз тиюі мүмкін,-дейді ол.

Әкежан Қажыгелдиннің сөзінше, Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығының астарына үңілу керек деп есептейді.

- Нұрсұлтан Назарбаев қызы Дариғамен екеуі тағы бір астыртын жоспар жасамаса, Тоқаевтың бұл қадамы дұрыс. Егер Тоқаев шын мәнінде билікті алғысы келсе, келесі аптада парламенттің екі палатасын қосып, сенаттың қажетсіз екенін күн тәртібіне қоюы керек. Сонда ғана реформаға бірінші қадам деуге болады, – дейді ол.

Қажыгелдиннің пікірінше, Қазақстан Конституциясы бойынша биліктегі екінші адамның өкілеті мерзімінен бұрын не үшін тоқталығанын түсіндірмегені – биліктің ішінде әлі де келісім жүріп жатқандығының белгісі болуы мүмкін. “Егер Дариға Назарбаеваны премьер-министр қызметіне тағайындаса, онда бұл қазіргі жүйені жылдам күйрететін қадамға айналады. Өйткені Дариға Назарбаеваның үкімет басқаратындай тәжірибесі жоқ”.

- Дариға Назарбаеваның шетелдегі байлықтары, Рахат Әлиев екеуінің бизнестеріне байланысты мәселелер – үлкен негатив. Әкесі Нұрсұлтан Назарбаев осыны және биліктегі тартысты ескеріп, оны жанжалдан аулақ ұстағысы келуі мүмкін. Қалай болғанда Дариға Назарбаеваның сенаттан кеткені жақсы нышан. Өйткені сенат басшысы Қасым-Жомарттың аяғындағы негізгі тұсаудың бірі болатын, – дейді ол.

Әкежан Қажыгелдиннің айтуынша, “сенат басшылығына Нұрсұлтан Назарбаев кімді ұсынса да әрі қарай президенттікке апара алмайды. Өйткені 2019 жылдың маусымындағы президент сайлауы халықтың ондайға көнбейтінін көрсеткен”.

- Меніңше, бұл терең астары бар саяси дағдарыс. Бұрынғы президенттің билік транзиті туралы жоспары орындалмайтыны белгілі бола бастады, – дейді ол.

Әкежан Қажыгелдин таяуда Қазақстан президенті Қасым – Жомарт Тоқаевқа хат жазып, «шындықты тыңдай білу, айта білу және халықпен сұқбаттасу керек» деген үш кеңес бергенін айтады. Бірақ әзірге ешқандай жауап алмаған.

Қазақстанның бұрынғы президентінің үлкен қызы Дариға Назарбаева отыз жылға жуық билікте болған әкесі Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылы наурыз айында өкілетін доғарған соң мемлекеттік билік иерархиясында президенттен кейінгі екінші лауазым – сенат спикері қызметіне отырған еді.

Сол кезде “Нұрсұлтан Назарбаев президент лауазымын Қасым-Жомарт Тоқаевқа бергенімен парламент сенатының спикері қызметіне Дариға Назарбаеваны тағайындау арқылы өзінің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жатыр, болашақта Дариға Назарбаева президентттік ұсынылуы мүмкін дейтін” жорамалдар тараған болатын.

Дариға Назарбаева 2019 жылы қыркүйекте парламенттің жоғарғы палатасы – сенат спикері болып қайта сайланды. Оның кандидатурасын Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған.

Қазақстан Конституциясы бойынша, президент қайтыс болса немесе денсаулығына байланысты қызметін атқара алмаған жағдайда оның қызмет өкілеті мерзімі аяқталғанша сенат төрағасына өтеді.

Азат Еуропа / Азаттық радиосы

Related Articles

  • “Төңкеріс жасауға машықтанғандар” кім? Қаңтар құпиясы ашылса, салдары не болады? Депутатпен сұхбат

    “Төңкеріс жасауға машықтанғандар” кім? Қаңтар құпиясы ашылса, салдары не болады? Депутатпен сұхбат

    Нұрбек ТҮСІПХАН Қазақстан парламенті мәжілісінің депутаты, заңгер Абзал Құспан Азаттыққа сұхбат беріп отыр. Астана, 26 қазан, 2023 жыл Қаңтарды кім ұйымдастырғанын билік біле ме, білсе неге ашық айтпады? Парламентте неге Қаңтар бойынша тағы тыңдау өтпейді? Президент Тоқаев Қаңтар “төңкеріс жасауға әбден машықтанған мамандардың жетекшілігімен” ұйымдастырылды деді. Олар кімдер? Мәжіліс депутаты Абзал Құспан осы сұрақтарға жауап берді Азаттық: Абзал мырза, сіз – Қаңтар оқиғасына бір тараптан емес, жан-жағынан қарауға мүмкіндік алған адамсыз. Ең алдымен сол оқиғаға тікелей қатыстыңыз, жұртты алаңға шығуға шақырдыңыз. Одан кейін қанды қырғында қамауға алынғандарды босатуға ат салысып, заңгер ретінде де араластыңыз. Одан бөлек мәжіліс депутаты есебінде де жаңа бір ракурстан қарап отырсыз. Айтыңызшы, жан-жағынан қарағанда Қаңтар оқиғасында сізге

  • Атеистер мен тәңіршілдерге мың алғыс! 

    Атеистер мен тәңіршілдерге мың алғыс! 

    Елдес Орда Сурет: Автордың жеке архивінен алынды. Қазақ қоғамында жаңа интеллектуалдық кезең туып келеді. Бірінші, қазіргі қазақ қоғамында сенім мәселесіне қатысты пікірталастардың күшеюі кездейсоқ құбылыс емес. Бұл дегеніңіз әлеуметтік желілердің, ашық ақпараттық кеңістіктің және жаһандық интеллектуалдық ағымдардың ықпалымен қалыптасқан жаңа қоғамдық ойлау формасының көрінісі. Атеистік көзқарастардың ашық айтылуы, тәңіршілдік идеялардың қайта жаңғыруы және дәстүрлі діни орта арасындағы пікір қақтығысы зиялы ортада алаңдаушылық тудырғанымен, шын мәнінде бұл құбылыс қоғамның рухани әлсіреуін емес, саналы ізденіске бет бұрғанын көрсетеді. Екінші, ұзақ уақыт бойы қазақ қоғамындағы діни дискурс негізінен МОНОЛОГТЫҚсипатта болды. Уағыз айтылды, ал тыңдаушы тарап оны талқылаусыз қабылдауға тиіс еді. Сұрақ қою күмәнмен, күмән әлсіз иманмен теңестірілді. Мұндай ортада сенім дәлелдеуді емес, қайталауды талап етті. Ғылыми

  • Қытай интеллигенциясы қытай иероглифін сынады, қытай тілін емес…

    Қытай интеллигенциясы қытай иероглифін сынады, қытай тілін емес…

    Қазір әлеуметтік желіде кейбір қазақ зиялыларының қазақ тілін сынаған пікірі тарап жүр. Есіме бір кездері Қытай интеллигенциясының қытай иероглифін сынағаны түсіп кетті. 20- ғасырдың алғашқы ширегінде қытайдың дәстүрлі иероглифтерін сынамаған зиялы кемде кем. *** *** *** “Иероглифтерде заманауи идеялар мен теорияларды жеткізетін сөздік қор жоқ, әрі олар зиянды ойлардың ұясына айналады. Оларды жоюда ұят жоқ” деп жазды 1918 жылы Қытай Коммунистік партиясының негізін қалаушылардың бірі әрі Жаңа мәдениет қозғалысының жетекші қайраткері Чэнь Дусю (陈独秀). Қытай иероглифін қатты сынаушылардың қатарында тағы да Қытай коммунистік қозғалыстың жетекшілерінің бірі Цюй Цюбай (瞿秋白) де болған. Ол тіпті 1931 жылы “Қытай иероглифтері шын мәнінде әлемдегі ең лас, ең жексұрын әрі ең жиренішті нәрсе. Тіпті ортағасырлық

  • Тұрсын Жұманбай «Үйсінбай кітабы»

    Тұрсын Жұманбай «Үйсінбай кітабы»

    Бұл Дағандел, Бақанас өлкесінен шыққан би Үйсінбай Жанұзақұлы хақында құрастырылып жазылған кітап. Тың толықтырылған еңбекте болыс Әлдеке Күсенұлы, Дағанделі болысының басшылары мен билерімен қатар Әбдірахман Әлімханұлы Жүнісов сынды айтулы тұлғалар жайлы әңгіме қозғалған. Олардың ел алдындағы еңбектері, билік, кесім – шешімдері, халық аузында қалған қанатты сөздері мен өмір жолдары, ата – тек шежіресі қамтылған. Сонымен қатар мұрағат деректеріндегі мәліметтер келтірілген. Кітапқа есімі енген ерлердің заманы, үзеңгілес серіктері туралы жазылған кей мақалалар, жыр –дастандар, үзінділер енген. Кітап қалың оқырман қауымға арналған. Тұрсын Жұманбай «Үйсінбай кітабы», - Жебе баспасы, Шымкент қаласы.134 бет толық нұсқасын төмендегі сілтеме арқылы оқи аласыз. Үйсінбай кітап kerey.kz

  • Зеленскийдің “жалғыз сенері әрі оң қолы”. Андрей Ермак кім?

    Зеленскийдің “жалғыз сенері әрі оң қолы”. Андрей Ермак кім?

    Рэй ФЕРЛОНГ Андрей Ермак (сол жақта) пен Украина президенті Владимир Зеленский (оң жақта). 2019 жыл. Андрей Ермак ұшақтан түсе сала өзінің бастығын құшақтады. 2019 жылы қыркүйекте президент Зеленскиймен жылы жүздесу жаңадан басталып келе жатқан саяси серіктестіктің басы еді. Бұл – Ермактың Ресей түрмесінде отырған 35 украиналықты Мәскеуден алып келген сәті. Ал 2020 жылы Ермак Зеленский әкімшілігінің басшысы болды. Бірақ Украинадағы жемқорлық шуынан кейін оның қызметіне жұрттың назары ауды. Себебі Ермак Украина энергетикалық инфрақұрылымына бөлінген қаржы жымқырылған коррупция схемасында негізгі рөлде болған деген ақпарат тараған. Бірақ тергеушілер бұл жайттың жай-жапсарын толық ашқан жоқ. Ермактың өзі Азаттықтың Украина қызметінің ресми сауалдарына жауап берген жоқ. Сонымен Зеленскийдің кеңсесін басқарып отырған Ермак кім? ТЕЛЕВИДЕНИЕДЕН

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: