|  | 

Жаһан жаңалықтары

Украина күштері Херсонға беттеді. Ресей әскері шегініп жатыр ма?


10 қазанда ресейлік әлеуметтік желіде өзі жариялаған суретте Макар Теплинский өзендегі паромда Ресей әскери техникасының жанында тұр.

10 қазанда ресейлік әлеуметтік желіде өзі жариялаған суретте Макар Теплинский өзендегі паромда Ресей әскери техникасының жанында тұр.

Украина күштері Херсон облысының оңтүстігіне шабуылдап жатыр. Херсон қаласын азат ету Украина үшін ірі жеңіс болар еді. Ал Днепр өзенінің оң жағалауынан кетіп жатқан Ресей әскерінің әлеуметтік желіде жариялаған фото-видеолары жағдайдың қалай өрбіп жатқанын аңғартады.

10 қазанда әлеуметтік желілерде әскери киімдегі ер адамның Ресейдің соғыс техникасының жанында тұрған паромда түскен фотосы жарияланды. Үш күннен соң осы аккаунтта тура сол паром мен құрал-жабдықтар көрінетін видео пайда болды.

“Біз көшіп жатырмыз” дейді видеода Луганск облысындағы Макар Теплинский деп көрсетілген ер адам. Кейінірек кадр сыртында “Мұны кімге көрсетіп жатырсың?” деген дауыс естіледі. Азаттық видеоны геолокация, спутниктен түсірілген суреттер мен айналасындағы нысандарды салыстыра отырып тексеріп көрді.

Азаттықтың Орыс қызметі мен Украина қызметінің “Схема” зерттеу тобы оңтүстікке жылжып жатқан Украина күштері Ресей әскеріне қысымды күшейткенін айтады. Сарапшылар бұл жетістіктер Херсон қаласын жаудан қайтарып алу амалдарына әкелуі мүмкін дейді. Херсон – 24 ақпанда Украинаға басып кірген Ресей әскерінің қолындағы жалғыз облыс орталығы.

Егер Украина қаланы азат етсе, бұл оның негізгі тактикалық жеңісі болып, Ресей күштері мен президент Владимир Путиннің масқарасын шығарады.

Ресей билігі Украинадағы соғысқа байланысты елде "ішінара" әскери мобилизация жариялағаннан кейін армия қатарына шақыртылған ресейліктер туған-туыстарымен қоштасып тұр. Мәскеу, 6 қазан 2022 жыл.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Әскерге алынғандардың алды өліп жатқанда, Путин мобилизация аяқталатынын айтты

ҚЫСПАҚҚА ТҮСКЕН ӘСКЕР

Украина тамызға дейін бірнеше апта бойы Херсондағы Ресей күштері мен әскери басқару бөлімдеріне шабуылдау үшін АҚШ пен басқа да Батыс елдері берген, нысананы дәл көздеп ататын қазіргі заманғы қару-жарақ қолданды.

Олар Днепр өзеніндегі біршама нысанды, оның ішінде Херсон қаласын өзеннің арғы бетімен жалғап тұрған Антонов көпірін нысанаға алған. Ресей күштері қираған көпірге жақын жерде паром өткелін жасап қойған. Антонов көпірінің маңында бейбіт тұрғындар өтетін екі өткел мен Ресей әскері пайдаланатын басқа да өткелдер бар.

Жуырда ғана Украинаның артиллерия және зымыран шабуылы әскери сарапшылар мен блогерлер құжатқа түсірген құрлықтағы шабуылға ұласты. Онда Украина әскерінің Днепрдің батыс жағалауынан оңтүстікке қарай жылжып, Ресей әскерін өзен арқылы оңтүстік пен шығысқа ойысуға мәжбүрлегені байқалады.

Херсондағы әскери іс-қимылдар солтүстік-шығыстағы жүздеген шақырымға созылған шабуылға байланысты болуы мүмкін. Ол кезде Украина Ресей әскеріне ойсырата соққы беріп, Харьков облысындағы ондаған қаланы және Донецк облысындағы маңызды темір жол бөлігін жаудан қайтарып алған еді.

Украина күштері Харьков облысындағы Шевченко ауылында. Бұл ауыл енді ғана азат етілді. 10 қыркүйек 2022 жыл.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Украина қарымта шабуылды үдетті. Соғысты бағыты өзгерді ме?

Кейінгі кезде шығыстағы шабуыл бәсеңдеді, бірақ оған не әсер еткені белгісіз: бұл Украина армиясының қайта топтасып, күш жинауына байланысты ма, әлде Ресейдің қарсылықты күшейтуіне немесе Украина күштерінің қайтадан Херсонға бет алуына байланысты ма?

Кейінгі уақытта Украина күштерінің қарсы шабуылы кезінде Ресей лауазымды тұлғалары мен олардың жергілікті жердегі сенімді өкілдерінің Ресей әскеріне қысым көрсетіп жатқаны, ресейлік әскери басшылар Днепрдің батыс жағалауынан толығымен шегіну мәселесін қарастыруы мүмкін екені байқала бастағандай.

18 қазанда жарияланған сұхбатта Украина жеріндегі Ресей әскерінің жаңадан тағайындалған қолбасшысы Сергей Суровикин Херсон облысындағы жағдай өте қиын екенін, Ресей жауынгерлеріне онда өте күрделі шешім қабылдауға тура келуі мүмкін екенін айтты.

Суровикиннің нені меңзегені белгісіз. Кей сарапшылар оның сөзі Ресейдің Днепр өзенінің батысынан әскерін әкететінін білдіруі мүмкін дейді.

19 қазандағы жағдай бойынша, Украина күштерінің Козацкое ауылы мен Новая Каховка қаласынан қырық шақырымдай жерде екені жайлы болжам айтылды.

Сол күні Херсон тұрғындары Украина әскері шабуылдауы мүмкін болғандықтан, қаладан дереу кету керек деген смс-хат алған. Жергілікті тұрғындар “Отбасыңызды құтқарыңыз: сол жағалауға көшіңіз” деген хабарлама таратылғанын айтады.

“Херсон үшін шайқас жақын күндері басталады” дейді қаладағы Ресей әкімшілігі басшысының орынбасары Кирилл Стремусов.

“Херсон қаласы қамалға айналып жатыр” деді ол.

Тағы бір шенеунік Владимир Сальдо облыста тұрғындардың жүріп-тұруы шектелгенін, дәрігерлер мен мұғалімдер секілді бюджет саласы қызметкерлерінің өзеннің сол жағалауына көшірілетінін айтты. Ол 50-60 мың адам көшіріліп, кейбірі Ресейге жіберіледі дейді.

“Олар Херсон үшін шайқаста [өздерінің] жеңілетініне халықты [алдын ала] дайындап жатқан сияқты” деді Украина шенеунігі, Херсон облыстық кеңесі төрағасының бірінші орынбасары Юрий Соболевский Настоящее время телеарнасына.

“Яғни, олар жеңілетіні туралы хабар болатынына жұртты дайындап жатыр” деді ол Ресейдің облысқа қойған әкімшілігін меңзеп.

ПАРОМДАР НЕНІ АҢҒАРТТЫ?

Украина күштерінің Днепр өзеніндегі өткелдерге шабуылы Ресей әскерін уақытша понтон көпірлері мен олардың бөлшектерінен құрастырылған паром қолдануға мәжбүрледі.

Азаттық қарастырған фотолар мен видеоны Ресейдің ВКонтакте әлеуметтік желісінде Теплинский есімді қолданушы жариялаған.

Әлеуметтік желі архивіндегі деректер әкесі секілді Теплинскийдің де 2015 жылдан бері Ресей әкімшілігі бақылауындағы әскери бөлімдерге қызмет еткенін көрсетеді. Бұл бөлімдер ресейшіл сепаратистер “Луганск халық республикасы” деп атап жүрген Луганск облысын бақылайды.

Луганск пен Донецк облыстарындағы Ресей бақылауындағы бөлімдер Донбасс пен Херсон облыстарындағы шайқасқа Ресей жағында қатысқан.

Азаттық Теплинскийдің видеосында көрсетілген Днепрдің оң жағалауында Казацкое маңындағы паромдар қозғалысын тексеріп көрді. Паром ауылды сол жағалаудағы Новая Каховкамен байланыстыратын каналға бет алған.

Азаттық Planet Labs жеке компаниясынан қазанның басында алған, спутниктен түсірілген суреттер сол жерде бірнеше паром болғанын көрсетті. Әскери техника тиелген паромның Новая Каховкадан Козацкое ауылына бара жатқаны соңғы рет 4 қазанда байқалған.

5 қазанда олар жүк тиеп, Новый Каховкаға қайтуды жоспарлаған. Қазанның 8-і мен 12-інде түсірілген суреттер оң жағалауға қарай бос паромдар бара жатқанын көрсетеді. Солардың бірі 13 қазанда Теплинский жариялаған суреттерге түсіп қалған.

Теплинский 13 қазанда жариялаған тағы бір видеода оның Новая Каховкада тұрған үйінің метадеректері бар. Ол досының туған күнінде түскен тағы бір видео жариялаған, ол да сол кезде түсірілген.

Теплинский Азаттық хаттарына жауап берген жоқ.

Азаттықтың Орыс қызметінің тілшісі Марк Крутов пен “Схема” тілшісі Кирило Овсянийдің материалдары бойынша дайындалды. Мақаланы жазуға Настоящее время тілшісі Алексей Александров атсалысты.

Херсонда Антонов көпіріне соққы жасалды, төрт адам қаза болды

 Антонов көпірі.

Антонов көпірі. 

Украина әскері бейсенбі күні кешке Херсондағы Антонов көпірі маңына соққы жасады. Бұл жөнінде жергілікті “Мост” жаңалықтар сайты хабарлады. Басылым тілшілерінің айтуынша, соққы жасалған кезде көпір маңындағы өткелде орыс әскері мен техникасы жылжып бара жатқан.

Дәл осының алдында ауданға Ресей президенті әкімшілігі жетекшісінің орынбасары Сергей Кириенко мен Мәскеу аннексиялап алған Қырым жетекшісі Сергей Аксенов келіп кеткен.

Зымыран шабуылы туралы украиналық және ресейлік телеграм-арналары хабарлады.

Херсон облысының Ресейге қарайтын әкімшілігі жетекшісінің орынбасары Кирилл Стремоусов өткелге соққыдан төрт адам опат болғанын, он адам жараланғанын айтты. Оның айтуынша, жараланғандар арасында бейбіт азаматтар мен жергілікті ресейшіл журналистер бар.

Украина қарулы күштерінің “Оңтүстік” басқармасының өкілі Наталия Гуменюк ауданға соққы жасалғанын растады. Оның сөзіне қарағанда, бейбіт азаматтардың зардап шегуі мүмкін емес, себебі соққы бейсенбі күні кешке жасалған. Ал Херсонда мұндай кезде коменданттық сағат жарияланған, қарапайым азаматтарға өткелден өтуге тыйым салынған.

Соғыс жағдайында тараптардың мәлімдемесін тексеру қиын.

Херсонды Днепрдің сол жағалауымен жалғап тұрған Антонов көпірі бұған дейін украиналық зымырандар шабуылының салдарынан жарамсыз болып қалған. Көпірдің жанынан паром өткелі ұйымдастырылған. Ресейге қарайтын билік украин әскерінің Херсонға басып кіруге дайындалып жатқанын айтып, тұрғындарды басқа жаққа кетуге үндеген.

Украина президенті Владимир Зеленский бір күн бұрын орыс күштері Херсон облысында Кахов су электр станциясын миналап тастағанын мәлімдеген. Оның пікірінше, орыс күштері шегініп бара жатып су қоймасын жарып жіберуі мүмкін. Ал Ресей тарабы Украина жағын солай істеуі мүмкін деп мәлімдеген.

Харьков пен Запорожье билігі жұма күні таңертең Ресей күштерінің қалаларды атқылағанын хабарлаған еді. Жергілікті биліктің мәліметінше, тұрғын үйлер мен инфрақұрылым қираған, әзірге зардап шеккендер туралы мәлімет жоқ. Харьковте өнеркәсіп нысанына зымыран түскен, алты адам жараланған.

 

Азат Еуропа / Азаттық радиосы

Related Articles

  • АҚШ сенаты Украинаға қаржылай көмек қарастырылған заң жобасын мақұлдады

    АҚШ конгресі.  АҚШ сенаты 13 ақпанда Украина, Израиль және Тайваньға 95 млрд доллар болатын қаржылай көмек беру туралы заң жобасын мақұлдады. Сенатта демократтар басым орынға ие. Енді заң жобасын Республикалық партия басым Өкілдер палатасы қарайды. Өкілдер палатасында жобаның заң статусын алуға мүмкіндігі аз деген болжам да айталады. Президент-демократ Джо Байден біраз уақыттан бері екі палатаны Украина мен АҚШ-тың Үнді-Тынық мұхит аумағындағы серіктестеріне көмек беруді жылдамдатуға шақырып келеді. Украина билігі басты одақтасы АҚШ-тан қолдау азайған тұста қару-жарақ жетпей жатқанын бірнеше рет мәлімдеген. Украина президенті Владимир Зеленский бүгін, 13 ақпанда АҚШ сенатының бұл заң жобасын мақұлдағанына алғыс айтты. Құжатта Киевке 61 млр доллар беру қарастырылған. “Американың көмегі Украинаға бейбіт өмірді жақындастырып, әлемдік

  • АҚШ сенаты Украина мен Израильге көмек беру туралы заң жобасын мақұлдады

    Азат Еуропа / Азаттық радиосы АҚШ сенаты Украина мен Израильге 118 миллиард доллар қосымша қаржы көмегін беру туралы екі партия ұсынған заң жобасын және АҚШ-тың оңтүстік шекарасын нығайту туралы заң жобасын мақұлдады. Былтыр қазан айынан бері жалғасып келе жатқан “ұлттық қауіпсіздікке байланысты қосымша қаржыландыру туралы” дауға нүкте қоятын компромистік мәтін АҚШ сенатының сайтына шыққан. Заң жобасы бойынша, сенаторлар 60 миллиард долларды Украинаны қолдауға, 14 миллиардты Израильге көмекке, 20 миллиардтан астам долларды АҚШ-тың Мексикамен шекарасын қауіпсіздендіруге, шамамен бес миллиардты АҚШ-тың Тынық мұхит аймағындағы серіктерін қаржыландыруға, екі жарым миллиардқа жуық долларды “Қызыл теңіздегі” операцияны қолдауға, тағы да сондай қаржыны АҚШ-тың Орталық қолбасшылығына бөлуді жоспарлаған. АҚШ президенті Джо Байден конгресстен Украина, Израиль және Тайваньға

  • Мәскеу Тоқаевтан Пригожиннің бүлігін басуға көмектесуді сұрады ма?

    Елнұр ӘЛІМОВА Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және Ресей басшысы Владимир Путин. Бұл аптада Батыс басылымдары маусым айында «ЧВК Вагнердің» жетекшісі Евгений Пригожиннің әскери бүлігі кезінде Ресей Қазақстаннан көмек сұрағанын, бірақ президент Қасым-Жомарт Тоқаев одан бас тартқанын жазды. Сонымен қатар Астана мен Анкара әскери саладағы серіктестікті күшейтіп, 2024 жылы елде дрон шығара бастайтынына тоқталды. Бұдан бөлек Орталық Азия Батыс елдері үшін не себепті маңызды аймаққа айналғанын талдады. ҚАЗАҚСТАН МЕН ТҮРКИЯ ANKA ДРОНЫН ШЫҒАРА БАСТАЙДЫ АҚШ-тағы Jamestown қоры Қазақстан мен Түркия әскери серіктестікті күшейтіп жатқанына назар аударады. Қазақстан 2024 жылдан бастап елде Түркияның Anka дрондарын шығара бастайды. 28 қараша күні қорғаныс министрлігі дрон өндіретін отандық компанияны таңдап жатқанын хабарлады. Мәлімдемеде Түркияның Anka дроны елде

  • Әзербайжан Қарабаққа шабуыл бастады. Қазірге дейін не белгілі?

    Азаттық радиосы Әзербайжан қорғаныс министрлігінің Таулы Қарабақта “армениялық әскерилердің позициясын жойдық” деп таратқан фотосы. 19 қыркүйек 2019 жыл.  19 қыркүйекте Әзербайжан Таулы Қарабақта “антитеррористік операция” бастағанын мәлімдеді. Бакудың бұл мәлімдемесінен соң Қарабақта тұратын армяндар артиллериядан шабуыл басталғанын айтады. “Степанакертте жарылыс естіліп жатыр. Балалар мен ата-аналар жертөлелерге түсті. Балконымнан әр жақтан жарылыс дауысы естіліп жатыр, тоқтар емес. Артиллерия қатты атқылап жатыр, атыс дауысы да толастар емес” деді Таулы Қарабақтағы тәуелсіз журналист Марут Ванян. Азаттықтың Армян қызметінің хабарлауынша, 19 қыркүйек 11:10-да Әзербайжан күштері Қарабақтағы Аскеран ауданын атқылаған. “Эхо Кавказ” сайты Степанакерт қаласында әуе дабылы қағылғаны хабарланды. Степанакерт қаласында қашып бара жатқан адамдар. 19 қыркүйек 2023 жыл. Таулы Қарабақтағы армяндардың бақылауындағы аймақтың омбудсмені

  • АҚШ украин сарбаздарын F-16 жойғыш ұшақтарын басқарып үйретуге рұқсат берді

    F-16 жойғыш ұшағы.         АҚШ президенті Джо Байден украин ұшқыштарын F-16 жойғыш ұшағын басқарып үйретуге рұқсат берді. Бұл жөнінде Пентагонның баспасөз хатшысының орынбасары Сабрина Сингх хабарлады. Оның айтуынша, Нидерланд және Дания оқыту жағына жауап беруі мүмкін. Пентагон өкілі бұдан өзге ақпарат бермеді. Шілде айында Politico журналы Дания мен Нидерланд бастаған 11 елден құралған коалиция украин ұшқыштарын F-16 жойғыш ұшақтарын басқарып үйретуге дайын екенін, алайда ол үшін ұшақты шығарушы ел АҚШ-тың ресми рұқсаты қажет екенін хабарлаған. Басылымның жазуынша, дегенмен 11 елдің ешқайсысы әзірге ол бағдарлама үшін ұшақ бөлмеген. Шілде айында Ақ үйдің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі үйлестірушісі Джон Кирби оқыту мерзімі, орны мен ұзақтығы әлі қарастырылып жатқанын айтқан. Өткен аптада Politico

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: