|  | 

Саясат

“Ресей үстемдігіне соққы”. Қазақстан Каспийдегі әскери теңіз күштерін не үшін күшейтіп жатыр?


Қазақстан әскери-теңіз күштерінің кемесі. Қорғаныс министрлігінің Телеграм-арнасынан алынған.

Қазақстан әскери-теңіз күштерінің кемесі. Қорғаныс министрлігінің Телеграм-арнасынан алынған. 

Батыс басылымдары бұл аптада Түркия Қазақстанға Каспийдегі әскери теңіз флотын күшейтуге көмектесетінін жазып, бұл теңіздегі флотилиясы мықты Ресейдің үстемдігіне қалай әсер етеді деген сұраққа жауап іздеді. Сонымен қатар Қазақстан Батыстың жанама санкциялары мен оның ықтимал салдарынан қауіптеніп отырғанын талдады. Бұдан бөлек сыртқы державалар Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказды біртұтас географиялық аймақ ретінде қарастыра бастағанына назар аударды.

ТҮРКИЯ ҚАЗАҚСТАННЫҢ КАСПИЙДЕГІ ФЛОТЫН КҮШЕЙТУГЕ КӨМЕКТЕСПЕК

Сарапшы Пол Гобл АҚШ-тағы Jamestown қорының сайтында Түркия Қазақстанға Каспийдегі әскери теңіз күштерін күшейтуге көмектесетінін жазды. Анкара мен Астананың жоспары Каспийдегі флотилиясы ең қуатты Ресейдің үстемдігіне қалай әсер етпек?
Ресейдің Каспий флотилиясы көп жыл бойы теңіз айдынында үстемдік етті. Сондықтан да болар, көпшілік Каспийде бұдан басқа ұлттық флоттар бар екенін елемей жатады. Оның үстіне осы күнге дейін теңіз жағалауындағы өзге елдер әскери-теңіз флотын қорғаныс үшін емес, іздеу-құтқару жұмыстары немесе теңіздегі бұрғылау платформасы мен құбырлардың қорғайтын күзет үшін қажет етті.

Дегенмен Қазақстан бұл ахуалды өзгертуі мүмкін. Гоблдың жазуынша, ел жағалаудағы ғана емес, теңіздің таяз жеріндегі қорғанысқа да мән бермек.

Қазақстан әскери-теңіз күштерінің кемесі. 1 наурыз 2023 жыл. Қорғаныс министрлігінің Телеграм-арнасынан алынған.

Қазақстан әскери-теңіз күштерінің кемесі. 1 наурыз 2023 жыл. Қорғаныс министрлігінің Телеграм-арнасынан алынған.

Өткен аптада Қазақстанның мемлекеттік «Зенит» зауыты Түркияның Asfar және YDA Group компанияларымен Оралда әскери кемелерді жасау туралы келісімге қол қойды. Гоблдың пайымдауынша, бұл келісімнің бірнеше салдары бар.

Біріншіден, ол Мәскеудің Қазақстанның кеме жасау өнеркәсібінде үстем ойыншы болып қала беремін деген жоспарына соққы жасайды. 2010 жылы Мәскеу Астанаға кеме жасайды деген келісімге қол қойылғалы Ресей өзін бұл саладағы басты ойыншымын деп келген. Бірақ одан бері мина сүзетін екі кеме ғана жасалған соң, Қазақстан кеме жасайтын басқа ойыншыларды іздеуге кірісті.

Екіншіден, бұл келісім Анкараның Астанамен қорғаныс саласындағы ынтымақтастығын күшейтеді. Түркия үкіметі Орталық Азия мемлекеттерінің қарулы күштерін дамытуда жетекші рөлге ие болуға талпынып жатыр. Гобл Астанамен кеме жасау туралы Анкараның келісімі осы жоспардың бөлігі деп есептейді.

Үшіншіден, Ресей де, Қазақстан да Каспийдің солтүстігіндегі судың тартылуынан туындайтын стратегиялық және экономикалық салдарға алаңдайды. Астананың бұған дейін ұстанып келген шағын кемелер жасау саясаты енді Түркиямен келісім аясында жалғасатын тәрізді. Ал бұл Астананың экономикалық, тіпті әскери позициясын жақсартады, тіпті Ресейден де үстем етуі мүмкін.

Гобл Түркиямен кеме жасау туралы келісім Қазақстан мен Ресей Каспий теңізінде текетіреседі дегенді білдірмейді дейді. Ресей кемелерінің саны аз болғанымен, әскери қуаты әлдеқайда мықты. Сонымен қатар бұл келісім Түркия қанша жерден үміттенсе де, Анкара жақын уақытта Каспий теңізінде үстем ойыншыға айналады деген сөз емес. Түркия Каспий жағалауындағы Ресейден өзге елдерге кемелер мен оның бөлшектерін жасап беріп жатса да, тез нәтижеге қол жеткізе алмайды, себебі шағын кеме жасаудың өзі көп уақыт талап етеді. Бұдан шығатын қорытынды: Қазақстан Каспийдің тіпті бір бөлігінде жақын уақытта үстемдікке ие болуы екіталай.

Бірақ Каспийдің солтүстігі тартылған сайын таяз жерде жүре алатын Қазақстанның әскери кемелері көбейе түседі. Бұл Астанаға кемелері үлкен Мәскеу алдында артықшылық береді.

Каспий теңізінің аумағында өткен ведомствоаралық оқу-жаттығу. Маңғыстау облысы, 2 тамыз 2022 жыл. Қорғаныс министрлігінің Телеграм-арнасынан алынған.

Каспий теңізінің аумағында өткен ведомствоаралық оқу-жаттығу. Маңғыстау облысы, 2 тамыз 2022 жыл. Қорғаныс министрлігінің Телеграм-арнасынан алынған.

Гоблдың ойынша, Ресейдің Каспий флотилиясы мен кемелері біртіндеп көбейіп жатқан Қазақстанның әскери-теңіз флоты арасындағы арасалмақ біртіндеп өзгере бермек. Бұл Каспий жағалауындағы елдердің аймақтағы сауда және құбырмен байланысты жоспарына әсер етеді. Ал бұл жоспар Қазақстан мен Ресейдің қарым-қатынасына ғана емес, Астананың Орталық Азия, Кавказ бен Батыс елдерімен қарым-қатынасына да әсер етеді.

“ҚАЗАҚСТАН ЖАНАМА САНКЦИЯДАН ҚАУІПТЕНІП ОТЫР”

Жапонияда шығатын Asia Nikkei басылымы Ресей қос мақсатта қолданылатын тауарды алдырып, өз газын сату үшін Орталық Азия елдерімен қарым-қатынасты күшейтіп жатқанын жазды.

16 маусым күні Өзбекстан Ресейдің «Газпром» компаниясымен газ келісіміне қол қойды. «Газпром» 1 қазаннан бастап Өзбекстанға 2,8 миллиард текше метр газ тасымалдайды. Биыл қыста Өзбекстан газ тапшылығына тап болды, бұл келісім тапшылықты азайтуға септігін тигізуі керек. Газ Қазақстан аумағы арқылы «Орталық Азия – Орталық» газ құбырымен тасымалданады. Бұл үшін «Газпром» Қазақстандағы мемлекеттік «QazaqGaz» компаниясымен келісімге қол қойды.

Басылым «Газпром» Қазақстанмен де осындай келісімді талқылап жатыр деп жазады.

Украинаға басып кірген соң, Еуропа нарығына газ өткізе алмай қалған Ресей Өзбекстанмен газ келісімінен ұтты. Мақала авторлары Алматыда тұратын журналистер Пол Бартлет пен Нәубет Бейсеновтің жазуынша, Ресей Орталық Азияны газ өткізетін нарық ретінде ғана емес, азаматтық және әскери салада қолданылатын қос мақсаттағы тауарды алдыру үшін пайдаланып жатыр. Ресейге санкцияларды айналып өтуге көмектескен аймақтағы бірқатар компанияға санкция салынды.

Тоқаев жаппай тәртіпсіздіктен қауіптене ме? Путиннің “газ одағы” біртіндеп іске аса бастады ма?

20 шілде күні АҚШ-тың қаржы министрлігі тыйым салынған тауарды Ресейге жеткізгені үшін Қырғызстандағы төрт компанияға санкция салды. Сәуір айында АҚШ қаржы министрлігі «Ресейдің әскери-қорғаныс өнеркәсіп кешеніне көмектесу үшін және АҚШ-тан санкция салынған тауар алдыру үшін құрылған» Өзбекстандағы екі компанияға санкция салды.

Авторлардың жазуынша, Қазақстан жанама санкциялар мен оның салдарынан қауіптеніп отыр. Жанама санкциялар шетелдік инвестицияларға нұқсан келтіріп, беделге сызат түсіруі мүмкін.

Маусым айында сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин Қазақстандағы компаниялар Ресейге қос мақсаттағы технологиялар жібергенін растады. Ол үкімет алдағы уақытта 104 тауар түрін Ресейге жеткізуге жол бермеу үшін экспортпен айналысатын компанияларға бақылау күшейетінін мәлімдеді.

Бейсенов пен Бартлет Ресей өз газын экспорттайтын жаңа нарық тапқанымен, Мәскеудің Орталық Азиядағы одақтастарына қарсы санкциялар күшейген сайын қос мақсаттағы тауарды алу қиындай түсуі мүмкін дейді.

“ОҢТҮСТІК КАВКАЗ БЕН ОРТАЛЫҚ АЗИЯ БІРТҰТАС ГЕОГРАФИЯЛЫҚ КЕҢІСТІК РЕТІНДЕ ҚАРАЛА БАСТАДЫ”

Тбилисидегі Еуропа университетінің халықаралық қатынастар жөніндегі профессоры Эмиль Авдалиани АҚШ-тағы Jamestown қорының сайтында Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказ арасындағы қарым-қатынас күшейіп жатқанына назар аударады.

23 маусым күні Қазақстан, Әзербайжан мен Грузия Орталық Азия − Оңтүстік Кавказ арасындағы жүк тасымалын жақсарту үшін бірлескен логистикалық компания құрды. 2022 жыл басынан бері Грузия, Әзербайжан мен Орталық Азия елдері түрлі меморандумға қол қойып, аймақтар арасындағы алыс-берісті күшейту үшін транзиттік тосқауылдарды жою мәселесін белсенді көтеріп жүр.

Авдалианидің пайымдауынша, бұл оқиғалар соңғы он жылда Қара теңізден Орталық Азияға дейінгі аумақ бірте-бірте біртұтас, ажырамас географиялық кеңістік ретінде қарала бастағанын айқындайды. Ресейдің Украинаға басып кіруі бұл үрдісті күшейте түсті.
Ресей Украинаға басып кірген соң, Мәскеуге салынған Батыс санкциялары Азия мен Еуропаны жалғайтын дәліздер жұмысына әсер етті. Ресейді айналып өтетін балама бағыттарды дамытуға ұмтылыс Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказ ең қысқа дәліз екенін айқындады. Бұл сыртқы ойыншыларды екі аймаққа қатар, тандем ретінде қарауға итермеледі.

Авдалианидің ойынша, Орталық Азияда да, Оңтүстік Кавказда да Украинада соғыс басталғалы бірде-бір сыртқы держава үстемдік етпейді. Осылайша екі аймақ бір-бірімен қарым-қатынасты дамытып, баланстауға мәжбүр. Мысалы, Қазақстан Түркия, Еуроодақ пен Қытаймен қарым-қатынасты күшейтіп жатыр. Аймақ елдерінің бұлайша сыртқы державалардың арасында амалдауға ұмтылуы сыртқы ойыншылар арасындағы бәсекені күшейтеді.

Зерттеушінің пайымдауынша, Оңтүстік Кавказ бен Орталық Азияны біртұтас географиялық кеңістік деп қарау бір аймақтағы оқиға екінші аймақтағы процеске көбірек әсер ете бастайды дегенді білдіреді. «Сондықтан аймақтағы ірі ойыншылар үшін ең тиімдісі – трансаймақтағы инфрақұрылым мәселесіне келгенде сегіз ел (Армения, Әзербайжан, Грузия, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Өзбекстан) қатар қатысып, ортақ шешім қабылдай алатын механизмдер құру», − деп қайырады зерттеуші.

Азаттық радиосы

Related Articles

  • АҚШ Иранның Харк аралын басып ала ма? 

    АҚШ Иранның Харк аралын басып ала ма? 

    Киан ШАРИФИ Иран ислам республикасына тиесілі Харк аралы. Америка мен Израильдің Иранға әуе шабуылдары жалғасып жатқан тұста АҚШ-тағы саяси ортада ислам республикасына тиесілі Харк аралын басып алу идеясы талқылана бастады. Сарапшылардың айтуынша, Вашингтон Ирандағы мұнай экспортының негізгі ошағы саналатын Харк аралын нысанаға алуы әбден мүмкін. Бұл санкциялар құрсауындағы Иран экономикасын құлатпай ұстап тұрған басты табыс көзін жауып тастауы ықтимал. Алайда Иран мұнай экспортының 90 пайызын қамтамасыз ететін Парсы шығанағындағы шағын аралды басып алса, бұл АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысын тіпті ушықтырып жіберуі мүмкін. Мұның өзі де Иран экономикасын толық құрдымға жібере алмайды дейді сарапшылар. 7 наурызда Axios басылымы АҚШ әкімшілігі Харк аралын басып алу мүмкіндігін талқылағанын хабарлады . Иран бұл аралға

  • Тоқаев мырза тіл жайлы тағы бірдеңе депті 

    Тоқаев мырза тіл жайлы тағы бірдеңе депті 

    Zhalgas Yertay Орыс тілінің мәртебесін еш төмендетпедік, оның бәрі күңкіл сөз деген екен. Қазақ тілінің де мәртебесі төмендеді деп байбалам салмаңдар деп ұрсыпты. Алдымен жауабы жоқ сұрақтардан бастайық. Тоқаев мырза, егер ештеңе өзгермесе, онда “тең” сөзінің “қатарға” ауысуы жай көз алдау әрекеті ме? Қоғамдағы градусты басуға талпыныс қана ма? Қазіргі мемлекеттік бюрократиялық аппараттың статус-квоны сақтап қалуға тырысуы деп бағаласа бола ма? Енді Тоқаев мырзаның әр сөзіне тоқталсақ.“Жаңа Конституция мәтінінің ресми құжат ретінде қазақ және орыс тілдерінде жариялануы көп нәрсені аңғартпай ма? Бұл жерде түсініктеме беріп, ақталудың өзі артық”Иә, қазіргі қазақ тілінің проблемасы да сол – қазақ тілі мен орыс тілінің құқықтық теңдігі мемлекеттік тілді кемсітіп тұр. Өйткені бюрократия құжаттарды орысша әзірлеп, кейін

  • Конституцияда қазақ тілін мемлекеттік әрі ресми тіл етсек, басқа тілдердің құқы шектеле ме?

    Конституцияда қазақ тілін мемлекеттік әрі ресми тіл етсек, басқа тілдердің құқы шектеле ме?

    Бұған нақты жауап – жоқ, бұл шешімнен ешбір тілдің, соның ішінде, орыс тілінің де құқы шектелмейді. Неге? Өйткені конституциядағы мемлекеттік тіл мәртебесі биліктің жұмыс тілін ғана реттейді. Ол норманың қарапайым адамдардың қатынас тіліне қатысы жоқ. Яғни, мемлекеттік тіл – мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару ұйымдары жұмыс істейтін тіл деген сөз. Бұл шешім орысша сөйлейтіндердің құқығын шектемейді, орысша сөйлеуге тыйым салмайды. Қарапайым адамдар үйінде, қоғамдық орындарда, бизнесте, медиа мен мәдениет ошақтарында қалаған тілінде сөйлей де, жұмыс істей де алады. Бұған конституцияның басқа баптары нақты кепіл болып отыр. Ал жаңа конституцияда 9-баптың 2-тармағы қазіргі күйінде қалса, бұл – қазақ тілінің құқығын шектейді. Себебі мемлекеттік органдар құжаттарды өздері үйренгендей алдымен орысша жазып,

  • Қазіргі биліктің ең үлкен қорқынышы…

    Қазіргі биліктің ең үлкен қорқынышы…

    Zhalgas Yertay Конституциядан орыс тілін алып тастасақ, Ресей бізге соғыс аша ма? Билік осылай қорқыта бастады. Бірақ ол сұраққа қысқа жауап – жоқ. Себебі, Ресейге қарсы Әзірбайжан да, Армения да неше түрлі әрекетке барды, барып та жатыр, бірақ оларға қазір соғыс қаупі төніп тұрған жоқ. Бұл әдісті саяси манипуляция дейді, шын мәнінде, бұны қазіргі статус-кво жағдайын сақтап қалғысы келетін жүйенің асығыс ойлап тапқан аргументі деуге болады. Ойлап көріңізші, Ресейге біздің мемлекеттік органдар қай тілде іс-қағаз жүргізетіні емес, лоял болғанымыз керек. Ендеше, Ресей біздің лоялдығымызды сақтап қалғысы келсе, конституциядағы тіл мәселесіне қарсы болмауы керек. Себебі бұл ішкі тұрақтылық мәселесі. Дені сау елдің билігі өз көршісіне осындай қарсы аргумент айтар еді. Енді

  • «Мағынасыз жұмыстан шаршадым»: қазіргі Конституцияның авторы мәлімдеме жасады

    «Мағынасыз жұмыстан шаршадым»: қазіргі Конституцияның авторы мәлімдеме жасады

    Қазіргі Ата заңның авторларының бірі, академик Майдан Сүлейменов Конституция реформасын сынады. Ол заңның мәтінін шағын бір топ әлдеқашан жазып қойғанын, ал комиссия жай ғана мақұлдайтынын айтады. Оның сөзінше, ғалымдар мен сарапшылардың ұсыныстары ескерілмейді. Бұл туралы академик Facebook-те жазды: Кейінгі кезде менен Конституцияны талқылап жатқанда, неге үнсіз қалғанымды жиі сұрап жатыр. Қысқа қайырсам: мағынасыз жұмыстан шаршадым. Иә, мен қазіргі Конституцияның авторларының бірімін. Талқылау кезінде екі мәселе үшін күрестім: Конституциялық сотты сақтау және Парламенттің өкілеттігін шектемеу. Бірақ екеуі де қабылданбады. Соған қарамастан, мен бұл Конституциядан ұялмаймын. Мен Назарбаев пен оның отбасының жеке билігін нығайтуға бағытталған кейінгі түзетулерден ұяламын. Назарбаевтың кезінде-ақ осы масқара түзетулердің барлығын талдап, Конституцияны жетілдіру бойынша бірқатар ұсыныстар енгізу туралы

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: