23 қаңтар сағат 00.09-да Алматыда қатты жер сілкінді. Қазақстан төтенше жағдайлар министрлігінің сейсмикалық байқау және зерттеу ұлттық ғылыми орталығының мәліметінше, жер сілкінісінің эпицентрі Алматының оңтүстік-шығысынан 264 шақырымда, Қазақстан мен Қырғызстан шекарасында болған.
Жер дүмпуінің магнитудасы 6,7. МSК-64 шкаласы бойынша Алматыда жер дүмпуі – 5 балл, Шымкентте 2 балл болған.
Алматы қаласы төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Нұрлан Атығаев адам шығыны мен қираған ғимараттар жайлы ақпарат түспегенін мәлімдеді.
ТЖД халықты лифт қолданбауға, тез арада үйлерінен шығып, қауіпсіз аймақ табуға, газ, су және жарықты сөндіруге шақырды. Ведомство халықты сабыр сақтауға үндеді.
Ал сағат 00:44-те Алматыда жүр дүмпуі қайталанғаны, екінші жер сілкінісі шамамен 2-3 балл болғаны хабарланды
Желіде тараған видеоларда халықтың сыртқа шығып кеткені байқалады. Бұдан бөлек алматылықтар үйлеріндегі жиһаздардың қатты теңселген видеоларымен де бөлісіп жатыр.
Сағат түнгі 01:05 шамасында қалалық ТЖД басшысы Нұрлан Атығаев видеомәлімдеме жасап, “Алматыда таңғы 5 шамасында жойқын жер сілкінісі болады деген жалған ақпарат тарап жатыр. Сіздерді сабырлық сақтап, төтенше жағдай департаментінің ресми өкілдерінің ақпаратына сенуге шақырамын. Сейсмология институтының болжамынша, жер сілкінісі қайталанбайды” деді.
Азаттықтың Қырғыз қызметі Бішкек қаласы мен Ыстықкөл облысында қатты жер сілкінгенін, халық жаппай сыртқа шығып кеткенін хабарлады.
Ақпарат толықтырылады.
azattyq.org
Пікір қалдыру