Көз қарас Мәдениет Руханият Әлеумет
Қазақ тілінің болашағы енді демографияға тіреліп тұрған жоқ. Ол халықтың ішкі күші мен биліктің саяси еркіне қарайлап тұр
Ертеректен бастайық. Баяғыда қазақтың басты проблемасы санында еді, ол рас. Қазақтар өз жерінде азшылыққа айналған-ды. Ал қалада қазақша есту қиын болатын. Мектептерде, университеттерде, мемлекеттік басқаруда, бизнесте қазақ тілі шеттетілді. Сол кезде қазақ тілінің тағдыры демографияға тәуелді еді. Бұл логика ұзақ уақыт дұрыс саналған.
Бірақ бүгінгі Қазақстанға қарасақ, жағдай өзгерді. Қазақтар көпшілікке айналды. Қазақ тілін түсінетіндер мен сөйлейтіндер саны бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. Қазақ мектебіне баратын балалардың саны жыл сайын артып келеді. Қазақ тілі күнделікті өмірдің негізгі тіліне айналды.
Бірақ неге тіл мәселесі әлі өзекті болып тұр?
Мәселе санға емес, санаға тіреліп тұрған сияқты. Біз тәуелсіз елі бар халық ретінде әлі күнге дейін өз күшімізді толық сезініп үлгермедік-ау.
Кейде қазақтар өзара қазақша сөйлесіп тұрып, орысша сөйлеуге ыңғайы бар адам келсе, бірден бәрі орысшаға көше салады.
Кейде қазақша сұрақ қойған адамға қазақтың өзі орысша жауап беріп тұрады.
Кейде баласы қазақша сөйлеп жүрсе де, ата-анасы оны орыс мектебіне береді. Себебі оның қазақша білгеніне емес, орысша білмей қалатынына алаңдайды.
Кейде мемлекеттік органда істейтін қазақ қызметкер қазақ азаматымен орысша сөйлесуді табиғи нәрсе деп қабылдайды.
Мұның бәрінің демографияға түк қатысы жоқ. Бұл психология мәселесі. Бірнеше ғасыр бойы тарихи санамызда қалған инерция. Ғалымдар мұны әртүрлі атап жатады ғой. Біреуі символдық үстемдік дейді. Басқасы тіл иерархиясы дейді. Енді бірі отарлық сананың сарқыншағы деп жатады. Атауы маңызды емес. Маңыздысы – құбылыстың өзі бар.
Біз кейде өз елімізде өз тілімізді қолдануға моральдық рұқсат сұрап тұрғандай көрінеміз. Ал шын мәнінде оған ешкімнен рұқсат сұраудың қажеті жоқ.
Қазақ тілі – осы елдің мемлекеттік тілі. Тарихи тілі. Осы жердің табиғи тілі. Қазақша сөйлеу ешкімге қарсы әрекет емес. Қазақша сөйлеу – қалыпты нәрсе.
Қазақша қызмет сұрау – қалыпты нәрсе.
Баласын қазақ мектебіне беру – қалыпты нәрсе.
Қазақша құжат жүргізу – қалыпты нәрсе.
Қазақша бизнес жасау – қалыпты әрекет.
Біз кейде мұны күрес, талап, саяси ұстаным сияқты қабылдаймыз. Бірақ шын мәнінде бұл – қалыпты өмір болуы керек.
Бірақ бар жауапкершілікті халыққа артып қою да дұрыс емес. Қазақтардың өз күшін сезінуі, әрине, маңызды.
Алайда мемлекет өз жауапкершілігін халықтың мойнына ысыра салмауы керек. Ал бізде қазіргі жағдай солай. Кез келген елде қоғамдық норманы алдымен билік қалыптастырады.
Егер министр қазақша сөйлемесе, әкім қазақша талап етпесе, мемлекеттік орган қазақша жұмыс істеуді міндет санамаса, онда қарапайым азаматтан талапшыл әрі батыл болуды күтудің өзі қисынсыз.
Адамдар биліктің әрекетіне қарап үйренеді. Мемлекет қандай тілді беделді деп көрсетсе, қоғам соған бейімделеді. Қазақстанда қазақ тілінің алдында тұрған ең үлкен қайшылық – осы.
Бір жағынан мемлекет қазақ тілін мемлекеттік тіл деп жариялайды. Екінші жағынан мемлекеттік аппараттың едәуір бөлігі қазақ тілін басқару тілі ретінде емес, салтанатты жиындардың тілі ретінде қабылдайды.
Қазақша құттықтайды. Қазақша ән айтады. Қазақша концерт өткізеді. Бірақ шешім қабылдау, құжат әзірлеу, жұмыс жүргізу, талқылау басталған кезде орыс тіліне ауысып кете салады.
Бұл қоғамға нақты сигнал беріп тұр. Жұмыс жүргізу тілі басқа деген сигнал.
Сондықтан қазақ тілінің мәселесін тек қазақтардан іздеу жеткіліксіз. Мәселенің екінші жағы саяси ерікке келіп тіреледі.
Тарихқа қарасақ, әлемдегі ешбір тіл жай ғана нарықтың немесе демографияның күшімен толық үстемдікке жеткен жоқ. Француз тіліне Франция мемлекеті сүйенді. Неміс тіліне Германия мемлекеті сүйенді. Түрік тіліне Түркия мемлекеті сүйенді. Өзбек тіліне Өзбекстан мемлекеті сүйеніп отыр.
Ал мемлекеттік тілдің артында мемлекет тұрмаған жерде тілдің дамуы баяулайды.
Тіл халық саны аз болғандықтан емес, сол халық өз тіліне толық сенбегендіктен әлсіреген жағдайлар аз емес. Және керісінше де болған, кей тілдер халық өз күшін сезінген кезде күрт күшейген.
Қазір қазақ тілінің болашағын қазақтардың таңдауы мен мемлекеттің саясаты бірге анықтайды.
Егер қазақтар қазақша сөйлеуді табиғи норма деп қабылдаса, мәселенің жартысы шешіледі. Егер билік қазақ тілін шын мәнінде басқару тіліне айналдырса, қалған жартысы шешіледі.
Халық бір жаққа, билік бір жаққа тартқан жерде нәтиже баяу болады. Ал халықтың сұранысы мен мемлекеттің саясаты бір арнаға тоғысқан кезде тілдің күшеюі табиғи процеске айналады.
Қазақ тілінің ең үлкен проблемасы – қазақтардың өз күшін әлі толық бағамдап үлгермегенінде және мемлекеттің сол күшті толық мойындамай жатқанында деп ойлаймын.
Өз елінің иесі екенін сезінген халықтың қолдайтын билігі пайда болған кезде, ол тілдің болашағына сырттан ешкім ықпал ете алмайды.


Пікір қалдыру