«Марстықтар қазақ үйде тұра ма?» – баспасөзге шолу
ҚазАқпарат – «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 9 мамыр, сенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.
***
«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры Отан соғысы ардагерлерін қолдау мақсатында соңғы жылдары есте қалар жобаларымен ерекшеленіп жүр. Әрине, ерекше жобалардың бағасы да бөлекше болады. Мысалы, өткен жылы соғыс ардагерлерін қолдауға 130 млн теңге қаржы бөлген Қор биыл бұл мақсатқа 600 млн теңге жұмсады.«Айқын» газетінің жазуыша, бұл жөнінде Қордың Бұқарамен байланыс жөніндегі бас директоры Дархан Қалетаев жария еткен. «Қор өткізетін шаралар жоспары үкіметтік бағдарламаларды қайталамайды. Сонымен қатар, шаралар жоспары Қазақстанның «Ардагерлер ұйымы» орталық кеңесімен келісілген. Бастысы, бұл шаралар бір кезеңмен немесе 9 мамырмен ғана шектелетін кампания емес, жыл соңына дейін де, келер жылы да жалғасады», – деді Д.Қалетаев. Ал «Самұрық-қазына» ұлттық әл-ауқат қорының Әлеуметтiк серiктестiк орталығының бас директоры Нұрлан Ерiмбетов «Қажеттiлiктер картасы» жобасы туралы айтып берді. «Қор бүгiнгi күнi өзiнiң серiктестерiмен бiрге «Қажеттiлiктер картасы» деп аталатын жобаны iске қосады. Яғни, кез келген қазақстандық, кез келген азамат бүгiнде ұялы телефон арқылы ардагерлерге атаулы көмек көрсете алады. Kcell және K-Mobile нөмiрлерi үшiн 1945 деген қысқа нөмiрiн терiп, хабарлама жiбересiз. Сонда сiздiң шотыңыздан 250 теңге алынады. Бұл – бүкiл ел болып қатысатын шара», – дейдi ол. Мақала «Ардагерлер үшін 600 млн теңге жұмсады» деген тақырыппен берілген.
«Ұлы Отан соғысының ардагері Жармұхамбет Өткелбаев ақсақал 92 жасында 2010 жылы Алматыда қайтыс болған-ды. Алатаудың етегінде еңбегінің зейнетін көріп, бақи дүниеге аттанған баталы қарияның ғибратқа толы ғұмыры ұрпаққа үлгі боларлық ұлағатқа толы», – деп жазады «Айқын» газеті «Үш майданда соғысқан ұшқыш» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның жазынша, финдермен соғысқа үш жарым ай қатысып, он екі рет әуеге көтерілген ол әскери тапсырмаларды мінсіз орындап шығады. Сол еңбегі үшін «КСРО Әуе қарулы күштерінің үздігі» төсбелгісіне ие болады. Ал 1941 жылы кезекті жауынгерлік тапсырманы орындау кезінде ол мінген әуе кемесіне оқ тиіп, ұшақ жана бастайды. Парашютпен секіргенмен, жау тылына түскен Жармұхамбет ауыр жараланғанына байланысты, жүруге жарамай, жау қолына түседі. Алдымен, Беларусь жерінде, сосын Польшада екі жылдай еріксіз тұтқында болып, ауыр азап шегеді. Амалын тауып лагерьден қашып шыққаннан кейін ол кеңес әскері сапына қайта қосылып, 135-атқыштар дивизиясы құраында соғыстың соңына дейін қатысады. Ең соңында Халкин Голь шайқасына қатысып, 1946 жылы 10 мамырда елге аман-есен оралады.
***
«Атырауда спорт жұлдыздары аллеясы пайда болады», деп жазады «Время» «Ростки памяти» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның жазуынша, Жеңіс күнін мерекелеу аясында танымал спортшылар қала аудандарының бірінде бірнеше жүз ағаш көшетін отырғызған. Осылайша, «Геолог» шағын ауданында терегі мен қайыңы, үйеңкісі мен шағаны жайқалған аллея пайда болған. Тал отырғызғандардың қатарында 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасының қола жүлдегері Арман Шылманов, 2013 жылғы кикбоксингтен әлем чемпионы Арман Жүсіпов және 2013 жылғы самбодан әлем чемпионы Аманбай Қыздарбаев бар.
***
«Бір жылдан астам уақыт бойы барша әлем ғалымдары қазақтың киіз үйіне ұқсас Марста табылған нысанның не екендігін таба алмай бас қатыруда», – деп жазады «Экспресс К» газеті «Марсиане живут в юртах?» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның жазуынша, дәл осы сурет Қызыл ғаламшардағы тіршіліктің бар екендігін дәлелдейтін ең басты айғақ болып отыр. Бұл сурет алғаш рет ғарыш тақырыбына арналған американдық порталдардың бірінде жария етілген болатын. Бұл суретті жария еткен ғаламтор пайдаанушы аталған нысанның қазақ үйге қатты ұқсайтындығын жазған еді.
«Сәл уақыттан кейін қазақ үйге ұқсас бұл нысан жоқ болып кетті. Мен мұның сырын білмеймін. Мүмкін марстықтар су іздеп үнемі көшіп-қонатын шығар. Сондықтан да мен қызыл ғаламшарға аттанатн экспедицияның құрамында міндетті түрде қазақстандықтар болуы керек», – дейді елордалық уфолог Әділ Қорзабаев.


Пікір қалдыру