|  |  | 

Тарих Тұлғалар

АБАЙ МЕН ТӘКЕЖАН

  Тәкежан (шын аты – Тәңірберді) – Абайдың жалғыз ағасы. Мәселе сонда, туыстар   арасындағы араздық пен жарықшақтың іздері Абай шығармашылығында «мені біл, анықта!» деп сайрап-ақ жатыр.

Мысалы, 1886 жылғы «Көжекбайға» өлеңінде ақын:

Әркімде-ақ бар ғой туысқан,

Қайсысы жауды қуысқан?

Күн жауғанда қойныңда,

Күн ашықта мойныңда,

Арылмас міндет болған соң,

Әркімнің көңілі суысқан, -

десе, бұл өз басынан кешкен жәйт.  Үлкенді-кішілі алуан оқиғалардан бүгінге жеткені – 1887 жылы Базаралы бастатқан жігітек жігіттері Тәкежан байдың бір қос жылқысын (800 бас) шауып алады. Соған байланысты келер жылы Семей қаласында ояз билері кеңесінің соты өтеді. Абай оған қатысудан бас тартады. Елдің әрекесін тілемей, берекесін тілегендіктен және Олжай арасын онан әрі ушықтырмау жайын ойлағандықтан (Тәкежанның даугері ретінде жүгініске жасы 30-ға енді ғана толған, ол күнде Тәкеңнің тәрбие-ықпалында жүрген, Шәкерім түсіп, бір сәтте «шешен», «жүйрік» деген атақ-даңққа бөленгенін айта кетудің орайы бар. «Мұтылғанның өмірі» деген өзі туралы дастанында Шәкерімнің:

Ұлық пен елге жағындым,

Әртүрлі атақ тағындым.

Ар кетіп, айла жамылдым,

Бейне алдамшы сопымын.

Қарасам мақтау айнадан,

Әлемнен озған мен бір жан:

Ел құтқарған топаннан

Тобықтының мұқымын, -

деп, өкінішпен сан соғуы астарында осы аты-шулы оқиға да жатыр.

Сол 1888 жылы Абайдың «Қараша, желтоқсанмен сол бір-екі ай» деген өлеңі дүниеге келген. Онда Тәкежан мен бәйбішесінің тастай сараңдығы мен мейірімсіз ит мінезін көріп ақын:

…Ол да өзіңдей ит болсын, азғыр, азғыр! –

деп, қатты ызамен жазғырады.  «Бұл өлеңді, – дейді Тұрағұл, – өзінің Тәңірберген деген ағасының ауылында, ағасы мен жеңгесінің Дінісләм деген немересін «тамағыңды үйде отырып іш» деп аңдып отырғанын, оның құрбыларымен бірігіп ішкісі келіп отырғанын көріп айтқаны» (бір тәуірі, үшінші буын Абай рухының шапағатын сезініп өсті, жаңағы Дінісләм Әзімбайұлы 1917 жылы Семей уездік Земствосына мүше 30 қазақтың бірі).

Үш жыл кейінде болған кейісті уақиғаны да Тұрағұл аузынан естиік:

«1891 жылы Оразбай Оспанмен араздасып жауласқанда Тәңірберді деген ағасы Оразбай жаққа шыққан. Былайша болмақтың себебі – Тәңірберді сүйегі бос адам еді, ертерек қартайып, билікті Әзімбай деген баласы алған. Әзімбайдың жауласқан себебі: талабы бар оқымаған жас жігіт абұйырлы болмақты ел билеумен табамын деп ойлап, өзін қолдаушы ел таппаққа ең қолайлы жол – ағаларының жауын ел қылғаны болып көрінді. Оразбаймен құда болған. Оразбайлар ойлаған, бұларды бөлмесек болмайды, өстіп құда болып бөлелік деп».

Көрдіңіз бе, Тәкежан мен Әзімбай жаңа құдасы Оразбай жағына шығып, өзінікін өзектен теуіп, тобықтан қаққан. Бұл шикілік, кезіндегі Ерболдың опасыздығы сияқты, Абайды қатты қынжылтқан.  Кекете, мұқата, дөп тигізе айтқан «Тәңірбердіге» деген 7 шумақ арнау өлеңі сол кейістің жаңғырығы есепті.

Байсып, паңсып,

Көрінгенге бәлсіп,

Өзі ғана келгендей,

Дүниеге жансып.

Маң-маң басып,

Мен-мендігі асып,

Мал бітті деп, көңілі

Көтеріліп тасып.

Өлең осылай басталған. Келесі шумақтарда ағасының сараңдығы, жақынға жаны ашымастығы мен «өтірік, өсек, дау десе, бәйге атындай шабатын» мінезі сыналған. Өлеңнің соңын түйіндегені:

Қолыңнан келер түк те жоқ,

Осының маған болды кек.

«Қолыңнан келер түк те жоқ» дейтіні Тәңірберді от басы, ошақ қасы ұсақ шаруадан бойы аспаған адам (кім өнерсіз, ел жұмысына епсіз, бірақ тәкаббар болса, сол кісі бойына жаман мінездер әмісе үйірсек келеді).

Абайдың қатты ашынған жайы оқырманға ұғынықты болу үшін сол 1892 жылы уайым, қайғылар қат-қабат келгенін еске сала отыралық. Бірінші, оқыстан қайтқан інісі Оспанды жөнелту, оның орнын күзету. «Бұл інісі елдің міндетінің барлығын Абайдан шығарып, өз мойнына көтеріп алған еді. Өзге туысқан ішінде Абайдың ең жақсы көрген інісі еді» дейді Мұхаң. Екінші,     сүйікті ұлы Әбіш сырқатының асқынуы. Осы жылы Әбіш Петербордан Кавказға барып ем-дом алады. Әйтсе де өкпе ауруы – құрт дертінің беті қайтпаған. «Әбдірахман өліміне» өлеңінде:

Петерборда-ақ кідірмей,

Біліпті дерттің барлығын.

Тәуекел қып білдірмей,

Күтіпті Тәңірі жарлығын, -

деуінде осы астар бар. Осыған Абай мен Әйгерім арасында пайда болып, тым ұзаққа созылған қамырықты, кірбің мен түсінбеушілікті қосыңыз.

Ал Оразбай, Күнтудің  болыстықтан үміткер Әзімбайды Абайға қарсы айдап салған әрекесі онсыз да жайсыз ахуалды қоюлата түседі. Абайға Әзімбайдың «Оспан мұрасынан кем қалдым деп өкпелеп жүргені» (Әрхам)  аян-ды.                 Сонымен, жоғарыда баяндалған жәйттерден Абайдың «Тәңірбердіге» деген өлеңі, сірә да, 1892 жылы жазылған деп байлам жасауға болады. Әлі күнге «жазылған жылы белгісіз» делінетін өлеңді өз орнына қоятын уақыт жетті.

Тәңірберді неліктен даңқты да қасиетті інісі қайғырса бірге қайғырып, қуанса бірге қуана алмаған, қазақы ұғыға салып айтсақ, қанына тартпаған? Енді осыған келейік. Ол атасы Өскенбайдың қолында өсті. Бірақ басты себеп – ішкі түсінбеушілік, жолы бөлектік. Бұл ретте қазақтың бас кітабы – «Абай жолы» эпопеясы «Қастықта» тарауынан бір үзіндіге жүгінелік. Естеріңізде ме, Әзімхан төре (Әлихан Бөкейханов деп оқыңыз) Шыңғыстауға ат басын тіреп, құрметті қонақ ретінде күтілмей ме. Соны суреттеген тұста Мұхтар Әуезов былай деп жазады: «Шұбар (Шәкәрім деп оқыңыз) Абай өлеңінің бәрін біледі. Жатқа айту керек болса, Абай отырған жерлерде ағызып, судыратып айтып та бере алады. Әзімбай, Тәкежандар болса, әрине, «Абайдың сөзі» деген жалғыз ауыз сөзді жаттап көрген емес. Ал Шұбар болса, Абайдың бар қоймасын білетін, ол көргенді қоса көріп, ол білгенді бірге біліп, одан «қалыспай жүріп қарасамын» дейтін адам».

Көріп отырсыздар, ғұлама Мұхаң төрт туыстың арақатынасы қалай қалыптасқанын астарлап, майдан қыл суырғандай етіп жеткізген. Соңғы екеу – құлқынның құлы болып, алдыңғы екеу – дүниеге бой алдырмай өмір сүрді. Жолы бірді қазақ «жолдас» дейді. Ал жолы бөлек болса ше? Құдай сақтасын, онда бірге туған ағайының да жат болады да шығады.

Сөйтіп, Абай мен Тәкежан бөлінісі тұрмыстық араздықта емес, гәп дауасы жоқ рухани алшақтықта жатыр. «Абай жолында» баяндалғандай, өз туысының опасыздығы Абайдың жанын жаралап, көңілін құлазытқан, ақыр соңында қан қысымы дертіне (гипертония) әкеліп соққан жағдаяттың бірі болған.

Енді 1892 жылғы Абай өлеңдеріне жүгінелік.

«Не іздейсің, көңілім, не іздейсің?» өлеңінде:

Жұрттың бәрі сөз сатқан,

Сатып алып не керек?

Екі сөзді Тәңірі атқан –

Шыр айналған дөңгелек.

Осы жолдар ойландырады, ақынның елестеткені Әзімбай бейнесі, жүдә. Екі сөзді де, шыр айналған пысық та сол еді ғой. «Жүрегім, ойбай, соқпа енді!» өлеңінде:

Жүрегім, ойбай, соқпа енді!

Бола берме тым күлкі.

Көрмейсің бе, тоқта енді,

Кімге сенсең, сол шикі.

«Шикі» сөзі ағасы Тәкежанға ма? Жұрттың оны «солқылдақ, шикі» санағаны мәлім. «Бойы бұлғаң, Сөзі жылмаң» өлеңінде:

Түзу бол деген кісіге,

Түзу келмес ырықтап.

Сырдаң тартып қашады,

Ұстайсың қайтіп құрықтап?

Тағы да Әзімбай, білем. Қалай болғанда да қатты ұқсайды (осы жылы тұңғышы Ақылбай бір ісімен Абайды қапа қылған-ды. Аңқаусоқ Ақылбайды «Сен де Еркежанның әмеңгерісің, қапы қалма!» деп арандатқан осы Әзімбай-тұғын). «Жақсылық ұзақ тұрмайды» өлеңінде:

Кез келсе қайғы қат-қабат,

Қаңғыртпай қоймас адамды.

Қасиетсіз туған – ол да жат,

Күңкілдеп берер сазаңды.

Қазақта «қасиетсіз» сөзі – кісіліктен жаңылу деген мағынаны білдіреді. Абай «қасиетсіз туған» деп бұл жолы да Тәкежанды меңзеген деп болжам айтамыз. Онсыз да «мыңмен жалғыз алысқан» ақынға бір туған ағасының «күңкілдеп» айтқандары ауыр тимегенде қайтеді. Ғақлия сөзінде ойшылдың:   «Екі сөздің басын қосарлық не ақылы, не ғылымы жоқ бола тұра, өзімдікін жөн қыламын деп, құр «әй, Тәңірі-ай!» деп таласа бергеннің несі сөз? Оның несі адам?» (34-сөз) деуі осы болжамды құптай түседі.

Бақсақ, 1892 жылғы төрт-бес өлеңнің шығу төркіні бір. Түбінде, Абайдың кейбір ғақлиясы мен «Малға достың мұңы жоқ малдан басқа» (1896), «Жүрегім менің – қырық жамау» (1899) сияқты кейінгі өлеңдері де  «қасиетсіз» туыстарға деген өкпе-сыздан ада емес. Зарлы өлең шамданған, қорланған, ашынған көңіл-күйден туады әсте.

Екі туыста  мінез, оған қоса, өмірлік ұстаным-мақсат екі басқа болғаны аздай, құданың құдіреті, Тәкежанның дене бітімі мен бет-әлпеті де өзгерек болған (бір естелікте ол «ұзын арық ақ шал» делінген және жеңгелері оған «Құсмұрын» деп ат қойғаны аян). Не керек, аралары ашылып, асқынған жараға айналған, ол бітеу жараны тескен біз – 1892 жылғы оқиға екеніне, тағы бір айтайын, «Тәңірбердіге» өлеңі куә болады.

Бірақ Тәңірбердіні «арамза, қаскөй болған» деуге ауыз бармайды. Ол Абайдың бір ауыз сөзін жаттап көрмеген қырдың надан байларының бірі. Типтік бейне. Өзгеректігі – Абайға туыстығы ғана. Әзелде көзі көргендер Тәкең жайлы сипай қамшылап қана айтады (Тұрағұлдың «сүйегі бос адам еді» дегені сияқты). Төсек тартқан соңғы күндері «Анадан төртеу ек, енді сен де кетіп, мен жалғыз қалмақпын ба?!» деп кемсеңдей кірген Тәкежанға Абай: «Ер бір өледі, ез мың өледі» депті-міс.

Мынаған қараңыз: 1893 жылғы сайлауда Абай болыс, ал оның кандидатына «оқымаған» (Тұраштың сөзі) Әзімбай сайланыпты. Бұл татулыққа қадам ба, құшақ жайған туыстық нышаны ма?

Бірақ… соңғы туындысының бірі – 1901 жылғы «Ұялма дегені көңіл үшін» өлеңінде ойшылдың:

Туысқаның, достарың – бәрі екі үшті,

Сол себепті досыңнан дұшпан күшті.

Сүйсе жалған, сүймесе аянбаған,

Бұл не деген заманға ісім түсті?! –

деп қапа болуы көңілді тағы да күпті қылары анық.

Қорыта айтқанда, туыстардың іс-мінездері Абай шығармашылығында  айшықты із қалдырғаны (Тоғжанға уыз ғашықтығы, Ерболға шын пейілі сияқты) хақ. Абайдың айналасын танып-білудің  маңызды болатыны сол.  Көрсе қызарлық, менмендік, күншілдік қазір де қоғамды жегідей жеп, ел ішін, ағайындар арасын алатайдай бүлдіріп жатыр. Оның дауасы – Абай идеясы, салған жолы.   Өмір – шолақ, адам – қонақ. Сол шолақ ғұмырда жол – ортақ, бағыт бір болғанға не жетсін. Сол үшін баршамызға да Абай тілінде сөйлеудің, Абай сөзін жаттап өсудің қажеттігі сөзсіз.

Асан Омаров,

зерттеуші.

Abai.kz

Related Articles

  • Аттыға жол, ауыздыға сөз бермеген Тұрым батыр

    Әр дәуірде халықтың пана тұтар, қормал санар құрметті азаматтары болады, солардың бірі заманы Аттыға жол, ауыздыға сөз бермейтін, батырлығымен халқы жақта тұрып, мынау ортасы мен мекенін қорғау жолында сырт жауға сес болып келген Тұрым батырды туған халқы мәңгі ұматпайды. Тұрым бала күнінен балуандығымен, қамшыгерлігімен аты шыққан, есейіп ат жалын тартып міне көз алартқан жауларының бетін қайтарып көзге түскендіктен «бұл өңірде Тұрым бар» деп сырт жаулар аттап баспайтын болған. Тұрым өмірінің соңында зиратын қазып, қабырын тұрғызып қойып қажылық сапарға аттанып, қайтарында бүгінгі Семей өңірі маңына келгенде тұйықсыз дүние салып, жол жолдастары сүйекте бұзбай Сартеректегі өзі әзірлеп кеткен қабырға жеткізіп, ел, жұртына табыс етіді. Ителі руының бір мұнша атасы Ажы гүң болып

  • «Сен есірке, тыныш ұйықтат, бақ сөзіме!» /АБАЙ/

    «Сен есірке, тыныш ұйықтат, бақ сөзіме!» /АБАЙ/

    Біздің қазақта «малға достың малдан басқа мұңы жоқ» – «малдан боғы ғана бөтен» талай жарымес Абайдың атына неше түрлі сөз айтқан. Оның ішінде саудагер ғана емес, өзін “сөз ұстаған”, “ел ұстаған” санайтындар да болды. Бұларға Абайдың өзі жауап беріп кеткен: «Тыныш ұйықтат, сен есірке, бақ сөзіме!». Ал, анау жігіт «малдың буымен» негізгі ойын дұрыс жеткізе алмаған сияқты. Ол, «Құнекең малын шығындап, Абайды оқытып, жағдай жасамағанда қалай болар еді… Біз де сол Құнекең сияқтымыз…» дегенді айтпақшы болды – ау деймін… Құнекең қайда, сен қайда… «Қуаты күшті нұрлы сөз, Қуатын білген абайлар…» – дейді Абай. Сөздің қуатын білмеген өте қиын, күйіп қалуың мүмкін… Осы арада Британияның Премьер – министрі болған Бенджамин Дизраэлидің

  • Тибет асқан көш не себепті басталды?

    Тибет асқан көш не себепті басталды?

    1883-жылы Алтайдан Жамысбай бастаған қазақтар алғаш рет Баркөл жеріне көшіп барды, 1887-1891-1895 жылдары тағыда көшіп келгендер болды. онан кейінде көшіп келгендер болды, мысалы 1912-1913 жылдары, 1920 жылдары, 1924-1929 жылы келгенлер болды, олардың дені Алтайдан болатын. 1912 жылдан кейін манжу билігі құлап қытай билігі орнады, 1928 жылы билікке келген Жин Шурын Алтай төресі Қасымқан ұлы Шәріпқанды, Тарбағатай төресінің ұлы Қызырды, Баркөл қазақ үкірдайы Әліптің ұлы Елісқанды Үрімжіде оқытты, Елісқан заманауй Әскери білім алды, қытай тілін үйренді. Оны 200 адамдық қарулы қазаққа басшы етіп оны «Шығыс Шыңжаң шегара қорғаныс отрияды» деп атады. 1931 жылы Құмыл ұйғырлары Қожанияздың бастауында көтеріліс жасады. Оқиға Бір қытай әскер басының бір ұйғыр қызды зорлықпен әйел етіп алмақ

  • Мыржақып Дулатов түрмеде жатқанда жазған өлеңі

    Мыржақып Дулатов түрмеде жатқанда жазған өлеңі

    Жеке архивімнен табылған құнды мұрағат «Мыржақып Дулатов түрмеде жатқанда жазған өлеңі) Бұл өлеңді 1980 – жылы Өр Алтайдың Көктоғай ауданына қарасты Дүре ауылында 61 жастағы Қауан Орынбасарұлы деген ақсақал айтқанынан жеке архивімде сақталып қалғанынан тауып оқырманмен бөлісіп отырмын. Ай, құдай – ау, аққа жақ, Өзіңі аян мен нақақ. Ақиқат деген жолыңнын, Абыройыңды ашпа хақ. Аятбенен қадысқа, Алла ниет ақ іске. Жан алмасам жоқ еді-ау, Жаза тартсын деген бақ. Мені соттап байлатып, Зығырданды қайнатып. Масайрасын мәз болып, Қинағанды өзің тап Жақын жерден жау шығып, Мақүл істен дау шығып. Дұшпан үстап қолымнан, Иттер тістеп тонымнан. Жаман тосу болған шақ, Түтқын болып тарығып, Жалғыз жатып зарығып, Ашу қысып ойды алып, Дерт жәйіліп бойды

  • Ғалым Боқаш мерейлі 50 жаста

    Ғалым Боқаш мерейлі 50 жаста

    Altyn Magauina Бүгін Атамыздың ең жақын шәкірттерінің бірі, біздің бауырымыз, қазақтың мақтан тұтатын жастарының бірі Ғалым Боқаш мерейлі 50 жасқа толып отыр. Біз үшін бұл күн – жай ғана Ғалымның туған күн емес, бұл – оның жарты ғасырлық өнегелі өмір жолының, адал еңбегінің, биік парасат пен адамгершілігінің мерекесі. Біз Ғалымды тек терең білімі үшін емес, үлкен жүрегі үшін қадірлейміз. Ғалымның әлемнің ең беделді оқу орындарының бірі – Оксфорд университетінде білім алып, “Азаттық радиосында жемісті еңбек етіп, бүгінде Америка Құрама Штаттарының мемлекеттік қызметінде абыройлы жұмыс атқарып жүргені оның табандылығының, білімге құштарлығының және еңбекқорлығының айқын көрінісі. Алайда адамның шынайы бағасы оның қызметімен немесе жеткен жетістіктерімен ғана өлшенбесе керек. Адамның қадірі оның жүрегінде,

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: