|  | 

Суреттер сөйлейді

Елбасы Назарбаев Университетінің алғашқы түлектеріне диплом беру рәсіміне қатысты

 

Жиналғандарға сөз арнаған Мемлекет басшысы түлектерді, олардың ата-аналарын, Қамқоршылық кеңесінің мүшелерін, басшылықты, профессорлар мен университет қызметкерлерін алғашқы лектің бітіруімен құттықтады, сондай-ақ меценаттарға алғыс айтты-деп хабарлайды Ақорда баспа сөз қызметі.

Нұрсұлтан Назарбаев диплом тапсыру рәсімі университет қана емес, бүкіл республика үшін де маңызды оқиға екенін атап өтті.

– Тарихымыздағы алғашқы халықаралық деңгейдегі ғылыми және білім беру орталығының – жетекші жоғары білім беру орнының тұңғыш түлектері енді бүкіл Қазақстанның өміріне араласқалы отыр. Еліміз жас, жан-жақты даярланған, білікті мамандардың жаңа буын өкілдеріне ие болды. Бұл әсіресе, Ұлт жоспары негізінде мемлекетті жаңғырту жөніндегі терең өзгерістерге кірісіп жатқан қазіргідей кезде айрықша маңызды, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Астанада осындай университет ашу арқылы жаһандық білім берудің қуатты жаңа ошағы қалыптасқанын атап өтті.

– Ол біздің экономикамыз мен өмірімізді біліммен, ғылыми жаңалықтармен, инновациямен еселейтін болады. Азаматтарымыздың өмірін жақсы жағына өзгертіп, олардың бойына бастамашылық пен отаншылдықты, үздіксіз оқу мен кәсіби өсудің машығын орнықтырады Бұның бәрі Қазақстанның тұрақты және жаһандық тұрғыдан дамыған мемлекет ретінде өмір сүруі үшін, өз мемлекетімізді жаңғыртып, нығайту үшін, Отанымыздың беделі мен әлемге танымалдығын арттыру үшін жасалуда. Сіздерге өмірлік жолдама беру арқылы біз осы көкейтесті мақсатымызға қарай жақындай түстік, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті түлектерге университеттің тарихи тізімінің басында тұру мәртебесі бұйырып отырғанына назар аударды.

– Университеттегі даярлық деңгейін сіздер арқылы, сіздердің істеріңіз арқылы бағалайтын болады, бұл – айрықша жауапкершілік. Мен сіздердің әрқайсыңыздан зор құлшыныс пен кәсіби деңгей күтемін. Сіздердің оқуларыңыз алғашқы дипломды алумен аяқталмайды. Ол өмір бойы жалғасады. Ең басты өмірлік тәжірибені оқудан кейін меңгересіздер. Оған қалай қол жеткізуді сіздерге бес жыл бойы оқытты. Егер мамандықтарыңыз бен еңбектеріңіз өмірлік сүйікті істеріңізге айналмаса, жатталған нәрсе тез ұмытылуы мүмкін. Өз ісінің нағыз кәсіпқойы тек біліп қана қоймайды, білгенін нақты іске асыра да алады. Университеттің барлық түлектері осындай кәсіпқойлар болатынына сенемін, – деді Мемлекет басшысы.

Бұл орайда, Нұрсұлтан Назарбаев түлектер өз ісінің шебері ғана болып қоймай, Қазақстан қоғамының адамгершілік құндылықтарын да жан-жақты нығайтып, өз Отанына қызмет етудің биік үлгісін танытатынына, халқымыздың материалдық, рухани және мәдени құндылықтарын еселеу ісіне зор үлес қосатынына айрықша сенім білдірді.

Қазақстан Президенті еліміздің білім беру саласындағы бірқатар жетістіктеріне тоқталып өтті.

– Дүниежүзілік экономикалық форум жариялаған Адами капиталды дамыту индексіне сәйкес, Қазақстан бір жылда бірден 8 орынға көтеріліп, 37-орынға шықты және Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше Португалия, Грекия, Испания, Чили, Мексика, Түркия, сондай-ақ Малайзия, Қытай, Бразилия сияқты елдерден озды. Елдің сауаттылық деңгейінің рейтингі бойынша Қазақстан 33-орынды иеленді, ал білім беру жүйесінің сапасы жөнінен бірден 9 тармаққа көтерілді. Бұл табыстарға сіздердің университет те зор үлес қосты, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы университет түлектері мемлекетіміздің жаңа буын элитасының негізі екенін атап айтты.

– Елді дамытып, халықты бақытқа, бақ-берекеге жеткізу ісі сіздерге жүктеледі. Мұның қаншалық қиын іс екенін мен жақсы білемін. Бүгінгідей жаһандану жағдайында сіздерге тұрақтылық пен даму қарқынын ұстап тұрудан да артығырақ мақсатқа ұмтылу қажет болады. Сіздерге «Бастан асып секіре алмайсың» деп қанша жерден нықтаса да, биік меже қоюға тура келеді. Егер сіздерде қазір бекем әрі батыл амбиция болмаса, онда кейін табысқа жету үшін күш-жігер табу қиын болады, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев университеттің диплом иегерлерін жұмысқа қабілеттілік, тапқырлық, ширақтық танытуға шақырды.

– Мен бізде басқарушылардың, мемлекеттік қызметшілердің, бизнесмендер мен қоғамдық көшбасшылардың жаңа шоғыры өсіп келе жатқанын көріп отырмын. Көп ұзамай қазақстандық мамандар, ең алдымен, осы университеттің түлектері бүкіл әлемге өзінің жаңашылдығын, бәсекеге қабілеттілігін және қажеттілігін көрсетеді деп сенемін. Әлемнің жетекші университеттерінің тарихы – ең алдымен оның түлектерінің табысының тарихы. Бұл университетте де оның түлектері атқарған ұлы істердің жаһандық айшықты тарихы болатынына сенімдімін, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті бұл күндері бүкіл еліміз бойынша мыңдаған қазақстандық студенттің диплом алып жатқанына назар аударды.

– Жоғары оқу орындарының барлық түлектерін құттықтаймын, оларға өмірден лайықты орындарын табуын, сәттілік және бақыт тілеймін. ЮНИСЕФ-тің бағалауы бойынша, Жастардың дамуының жаһандық индексінде Қазақстан 27-орын алып отыр. Бұл Франция, Түркия және Швеция сияқты елдердің көрсеткішінен жоғары. Біз қазіргі атқарып  жатқан істеріміздің бәрін сіздер үшін, сіздердің болашақтарыңыз үшін жасап жатырмыз. Бүгінде сіздердің алдарыңыздан бүкіл әлемге жол ашық. Сіздер қызықты кезеңде өмір сүріп, болашаққа қарай қарыштап қадам басқан елмен бірге ержетіп келесіздер. Осының барлығы біздің қоғамдағы татулық пен тұрақтылықтың арқасында. Сондықтан сіздердің басты миссияларыңыз – елдегі бірлік пен келісімді нығайту. Баршаға бейбіт заман мен игілікті өмір жолын тілеймін, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Студенттер мен оқытушылар университеттегі жасалған жағдай үшін Мемлекет басшысына алғыстарын айтып, күш-жігерлерін елдің бұдан әрі даму жолына жұмсайтындарын жеткізді.

***

Назарбаев Университетінің тұңғыш түлектері қатарында 446  студент оқуын тәмамдады. Оқу орнының құрылған кезінен бері білім алып келе жатқан жастардың жалпы саны 2800-ге жетті. Оқуға түсу емтихандарының қорытындысы бойынша ең жоғары нәтижеге қол жеткізген талапкерлер студенттің университеттегі барлық оқу кезеңіндегі шығындарын өтейтін мемлекеттік білім беру гранты арқылы оқиды. Грантқа жыл сайын 500 адам ие болады.

Студенттердің басым көпшілігі гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар, инженерия, ғылым мен технология мектептерінде, сондай-ақ білім беру, мемлекеттік саясат және бизнестің жоғары мектептерінде оқиды. Оқушылардың арасында компьютерлік ғылымдар, инженерлік механика, роботты техника және мехатроника, білім беру ісін басқару, биологиялық ғылымдар, электрлік және электрондық инженерия, сондай-ақ құрылыс инженериясы мамандықтары мейлінше сұранысқа ие мамандықтар болып отыр.

Related Articles

  • Алаштың беймәлім бейнесі табылды

    Алаштың беймәлім бейнесі табылды

    Қуанышты, сүйінішті жаңалық! Алаштың беймәлім бейнесі табылды Арма, қадірлі оқырман! «Искры» журналдың 1907 жылғы бір санында қазақ қайраткерлерінің бізге беймәлім бейнесі сақталған. Айта кетейік, «Искры» суретті журналы 1901-1917 жылдары «Русское слово» газетінің қосымшасы ретінде шығып тұрған. “Думадағы мұсылман фракциясы” деп аталатын суретті хабарда патшалық Ресей құрамындағы мұсылман депутаттарының бейнесі көрсетілген. Ішінде думаға мүше болған қазақ депутаттары да бар. Атап айтсақ төрт тарихи тұлғаның бейнесі сақталыпты: Бірінші сурет: М. Тынышбайұлы, Жетісу облысы; Екінші сурет: Б. Қаратайұлы, Орал облысы; Үшінші сурет: А. Бірімжанұлы, Торғай облысы; Төртінші сурет: Ш. Қосшығұлұлы, Ақмола облысынан. Ұлыстың ұлы мерекесі құтты болсын! Елдес ОРДА 19.03.2025

  • Ураңхай таңбалары

    Ураңхай таңбалары

    Бұл қолжазба польяк текті орыс зерттеушісі Г.Е. Грумм-Гржимайлоның 1903 жылы Тува мен Батыс Моңғолияға жасаған экспедициясы барысында жазған күнделігінен алынды. Жазбада Ураңхай таңбалары берілген. Олардың қайдан алынғаны және атаулары жазылған. Жошы Ұлысы таңбаларымен ұқсастық байқалады Қажымұрат Төлегенұлы

  • АЛДАҒЫ 30 ЖЫЛДА АШЫЛУЫ ЫҚТИМАЛ АСТРОНОМИЯЛЫҚ ЖАҢАЛЫҚТАР

    АЛДАҒЫ 30 ЖЫЛДА АШЫЛУЫ ЫҚТИМАЛ АСТРОНОМИЯЛЫҚ ЖАҢАЛЫҚТАР

    Келесі миллиард секундта, яғни басқаша санағанда, отыз жылда астрономияда қандай жаңалық ашылуы мүмкін? Астрофизик, ғылым насихатшысы, Абдус Салам атындағы Халықаралық теориялық физика орталығының (Триест, Италия) зерттеушісі Сергей Поповтың мақаласын ықшамдап аударып беріп отырмыз. *** Алдымен өткен 30 жылға көз тастайық. Отыз жыл бұрын КҮНГЕ ҰҚСАС ЖҰЛДЫЗДЫ АЙНАЛАТЫН ПЛАНЕТА ашылмаған-тұғын және ӘЛЕМНІҢ ҚАЗІР ҮДЕЙ КЕҢЕЙІП бара жатқанын білмейтінбіз. Бірінші ашылымды алдын-ала болжау мүмкін еді, екіншісін — жоқ. Біріншісі экзопланеталарды іздеуге бағытталған жүйелі еңбектің нәтижесі болса, екіншісін ғалымдардың көбі күтпеген-ді. Бұларды 1960-шы жылдардан бергі екі ең басты астрономиялық жаңалық дей аламын. Демек болашақ ірі жетістіктің де кейбірін болжай аламыз, ал басқалары тосыннан ашылады. Жалпы, ғылыми ашылымдарды неліктен болжауға болады? Өйткені көптеген маңызды

  • 1893 жылы 25 қарашада

    1893 жылы 25 қарашада

    1893 жылы 25 қарашада, Даниялық ғалым В.Томсен құлпытастағы бітік жазудың құпиясын ашты. Ғылыми жаңалық еуропа қоғамын дүр сілкіндіреді. Тосмен алғаш «түрік», «күлтегін», «тәңірі» деген сөздерді шешіп оқиды. Бітіктастағы жазудың келесі беті қытай иероглифімен бәдізделген-ді. Томсен иероглифтегі есімдердің реттік (қайталану) жилігіне қарап отырып келесі бетіндегі құпия таңбаларды біртіндеп сөйлете бастайды. Сол дәуірде шығыстану соның ішінде түркітану саласы жеке ғылым ретінде абройлы зерттеу нысанына айналды. В.Томсен таңбаны шешіп құпиясын ашқанымен көне түрік тілін білмеуші еді, сол себепті «бұл мәтінді оқыса Радлов оқиды» деген. Көп өтпей Радлов, Томсен шешкен таңбаның ізінше мәтін жолдарын оқыған. Сонымен жұмбақ күйде қалған тастағы бітік жазуы сөйлей бастаған… 25 қараша күні маңызды күн. Бітік жазу күні құтты болсын!

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: