«Қазақстан – ата жұртым, қасиетім – ана тілім» атты XII халықаралық олимпиада мәресіне жетті
Шетелде тұратын қазақ диаспорасының ерекше дарынды балаларын анықтау және оларға қолдау көрсету мақсатында Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі, «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы мен Қызылорда облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен ағымдағы жылдың 22-26 маусымы аралығында Қызылорда қаласы, №4 облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының базасында қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша «Қазақстан – ата жұртым, қасиетім – ана тілім» атты XII халықаралық олимпиада өткізілді.
Қызылорда облыстық Білім басқармасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазақ диаспорасы балаларының ана тілі, қазақ әдебиеті, Қазақстан тарихы, мәдениеті мен өнері бойынша танымдық қабілетін дамыту, әлемнің әр елдерінде тұратын қазақ жастарының достық байланыстарына ықпал ету, қазақ диаспорасы өкілдері арасында қазақ тілін меңгеру, мәдениетінің деңгейін көтеру және еліміздің тарихына, Қазақстанның қазіргі дамуына қызығушылықтарын арттыру мақсатында өткен жарыста Иран мемлекетінен – 5, Өзбекстаннан – 9, Қытайдан – 3, Түркіменстаннан – 1, Моңғолиядан – 2, Ресей Федерациясының Мәскеу қаласынан – 3, Самара қаласынан – 2 және Омбы қаласынан – 4 оқушы қатысып, жалпы 29 оқушы өз бақтарын сынады.
Олимпиадада Халықаралық қазақ тілі қоғамының президенті, академик Өмірзақ Айтбайұлы қазылар алқасына төрағалық етіп, қазылар алқасының мүшелері болып Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің проректоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Құлбек Ергөбек, «Егемен Қазақстан» республикалық газеті редакторының орынбасары Сүлеймен Байбабаұлы Мәмет, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі , педагогика ғылымдарының докторы, профессор Тұрсынбек Молдаханұлы Баймолдаев, Абылайхан атындағы халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Гулзамира Жолдасбекқызы Айтбаева, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік институтының ғалым хатшысы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Айткүл Досыбаева, Республикалық «Балдәурен» оқу-сауықтыру орталығының бас директоры Мухитдин Бекболатұлы Төлепбай, ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі Тілдаш Рысқұлбекқызы Битуова, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Шанжархан Бекмағамбетов, Қызылорда облыстық ішкі саясат бөлімінің маманы (парсы тілі) Шәрібай Тобжанов және Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжнің оқытушысы Абжалел Алиханұлы Бекинбаевтар белгіленген болатын.
Қазылар алқасының шешімімен төмендегі қатысушылар жүзден жүйрек шығып, жүлделі орындардан көрінді.
I дәрежелі олимпиада жеңімпаздары:
1. Қыдырбаев Нұрсейіт – 11 сынып (Өзбекстан)
2. Тұрдалиева Гүлдана – 11 сынып (Өзбекстан)
3. Тани Ахмад – 12 сынып (Иран)
II дәрежелі олимпиада жеңімпаздары:
1. Жәннат Батырғазықызы – 12 сынып (Қытай)
2. Мәдина Әдебиетқызы – 12 сынып (Қытай)
3. Дариға Бақберген – 12 сынып (Моңғолия)
4. Мөлдір Меделханқызы – 12 сынып (Қытай)
5. Күнтуған Ақжарқын – 10 сынып (Моңғолия)
III дәрежелі олимпиада жеңімпаздары:
1. Абдусейтова Балжан – 11 сынып (Өзбекстан)
2. Мұханов Бауыржан – 11 сынып (Түркіменстан)
3. Оразбаева Эльмира – 11 сынып (Ресей)
4. Музина Виолетта – 10 сынып (Ресей)
5. Сабденов Нұрсұлтан – 10 сынып (Өзбекстан)
6. Шаисламова Сабина – 10 сынып (Өзбекстан)
7. Тани Мұхаммад – 8 сынып (Иран)
8. Абулкашова Даяна – 9 сынып (Ресей)
9. Қазақ Надер – 10 сынып (Иран)
Ал халықаралық олимпиаданың жабылу рәсімі 25 маусым күні сағат 17.00-де А.Тоқмағанбетов атындағы Қызылорда қалалық мәдениет үйі залында өткізіліп, қазылар алқасының шешімі бойынша жоғарғы 10-11-12 сынып оқушылары арасынан жеңімпаз атанған оқушылар Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрінің I, II, III дәрежелі дипломдарымен, грамоталармен және түрлі номинациялар бойынша марапатталады.
Сонымен қатар, он екі жыл бойы оқушылары олимпиадада жеңімпаз атанып жүрген команда жетекшілеріне Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрінің грамоталары берілді.
baq.kz
Пікір қалдыру