КӘРІМ ҚАЖЫМҚАНҰЛЫ, ӨЗ ЕРКІҢІЗБЕН ОРНЫҢЫЗДЫ БОСАТЫҢЫЗ!!!


Үкімет басы болса, А́нгела Ме́ркельдей-ақ болсын!
Басына күн туып, туған жерін тастап қашқан босқындарды қабылдау туралы бірінші болып Германия үкіметі шешім қабылдады. Бұл ел «Болжам бойынша биыл Германия 800 мыңға таяу мигрант қабылдауы мүмкін» -деп жазды «Азаттық радиосының» сайты. Сол-ақ екен, бүкіл батыс елі сол босқындарды қабылдай бастады. Тіпті, АҚШ екеш, АҚШ-тың өзі де!
Қарап отырып, А́нгела Ме́ркельге риза боласың! Сан мыңдаған сол бейбақтарға «Ұлтың кім?», «Руың қалай?» деп жатқан жоқ. Қай дінге сенетініне, қай ағымның жетегінде жүргенінде де жұмысы болған жоқ. Керек болса, Терроризммен қатысы бар ма, жоқ па; өз елінде сотталған ба, сотталмаған ба, оны да сұрған жоқ!
Қайта, алыстан бір жетпіс жеті атасы, бірге туысатын етжақыны, туған бауырлары немесе төркіні келгендей мәре-сәре болып қуанып жүр Ме́ркель апай! Сонау жылы ыдыраған Кеңес одағынан немістер көшіп келгендей жарқ-жұрқ етеді байқұс!!! Қазірдің өзінде бұл ел босқындарға арнап тұрар жай дайындап жатыр. Евро дегеніңді миллиондап ажыртатуда. Келешекте, мұсылман босқындарға деп 200-дей мешіт салынатыны да айтылды. Онымен қоймай, Ме́ркель ЕО-ның барлық елдері босқындарды қабылдауға міндетті екенін де мәлімдеді…
Ал, біздің Үкімет?!!
Біздің Үкімет босқын тұрмақ, өз аяғымен, өз қаражатымен көшіп келгелі отырған өз қазағымызды қабылдауға қарсы! Елбасы Үкіметке қайтадан «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны және жұмыспен қамтылуы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» тапсырма бергелі қашан?! 2014-жылдың 04-мамырында №1026 бұйрық түсірген болатын Нұрекең. Содан бері табаны күректей бір жыл, төрт ай өтті, Заң жобасы Мәжілістің талқылауынан әлі шыққан жоқ. Қолданыстағы Көші-қон заңының қандастарымыздың тұрақты тіркеуіне бас кедергі болып отырған 49-бабының 9-тармағына Мәжіліс өзгеріс енгізіп, Үкіметке жолдаған еді, К.Мәсімов оны қабылдамай, кері қайтарып тастапты. Себеп, Қазақстанға Оралмандармен бірге «террористер» мен «экстремистер» кіріп кетеді екен! Бұл содан сақтанған түрі екен өзінше!!!
Демек, Көші-қон туралы Заң жобасы осы беті қабылданса, Қытайдан келетін қандастарымыз азаматтық алу былай тұрсын, тұрақты тіркеудің өзіне тұр алмай қаңғып қалғалы тұр. Қазірдің өзінде көшіп келіп алған неше мыңдаған отбасы сол кедергінің зардабын оңбай тартуда!
Өті жарылып кетсе де айтайын, албасты басқыр Кәрім Мәсімов, қазақша айтқанда, сол кәрі қатын А́нгела Ме́ркель құрлы болмады ғой!
Кеше ағана өткен Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған салтанатты жиналыста Елбасы “Еліміз егемендігін алғаннан кейін, жағдайдың қиындығына қарамастан, тағдырдың жазуымен дүниенің төрт бұрышына тарыдай шашылып кеткен миллионнан астам қандасымызды атамекенге қайтарып алып келдік. БҰЛ КӨШ ӘЛІ ЖАЛҒАСУДА” деді. Осыған қарағанда Үкімет Президентті “Қандастарымыз көшіп келіп жатыр” деп алдап жүргенге ұқсайды. Көш тоқтағалы қаша?!
Сондықтан, Кәрім Қажымқанұлы, өз еркіңізбен орныңызды босатыңыз! Бүйте берсеңіз сіз Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың да, тәуелсіз Қазақстанның да түбіне жетесіз!!!
Ауыт Мұқибек
14.09.2015
Астана
facebook парақшасынан алынды

Пікір қалдыру