Жаңалықтар Спорт
Қанат Ислам, боксшы: Жастардың жiгерiне разы болдым
Кәсiпқой бокста 20 жекпе-жек өткiзiп, барлығын жайпап, 15 жекпе-жегiнде қарсыласын есiнен тандыра сабаған жампоз Қанат Ислам елге келдi. Қарағанды қаласында өтiп жатқан халықаралық турнирге құрметтi қонақ ретiнде қатысып, боксшылардың аяқ алысын байқаған боксшыны аз-кем әңгiмеге тарттық.
– Қанат, елге аман-есен оралуыңмен! Әйгiлi промоутер Эл Хэймонмен келiсiмшартқа қол қойдың. Демек, кәсiпқой бокста өрлеуге мүмкiндiк туды ғой.
– Әрине, Эл Хэймонның есiмi кәсiпқой бокста орасан беделге ие. АҚШ-та ғана емес, әлемге де беделдi тұлға. Өзгесiн айтпағанның өзiнде кiшi Флойд Мейвезердiң соңғы жекпе-жегiне дейiн менеджерi болды. Қандасымыз Бейбiт Шүменовке де промоутер болып жүр. Бiз осы келiсiмшартты сегiз айға жуық күттiк. Осы аралықта түрлi ұсыныстар, өзге промоутерлiк компаниялардан шақыртулар болды. Бiрақ олардың ұсыныс, шарты бiздiң талғамымыздан шыққан жоқ. Эл Хэймонның промоутерлiк компаниясы келесi жылы бес жекпе-жек өткiзуге мүмкiндiк туғызамыз деп отыр.
– Алдағы жекпе-жектерде қаржылай сыйақы төлене ме?
– Осы күнге дейiнгi өткiзген айқастарымның денi дәреже көтеру үшiн болды. Майталман менеджер Эл Хэймонмен тiзе қосып жұмыс iстейтiн болғандықтан, ендiгi айқастарда сыйақы төленуi тиiс.
– Қазақ боксына еңбегi сiңген бапкер Ғалым Жарылғаповты еске түсiруге арналған халықаралық турнирдi тамашаладың. Боксшыларымыздың шама-шарқы қай деңгейде екен?
– Ұлттық құраманың белдi боксшылары атанып, бiрнеше жылдан берi бiрiншi нөмiрлi атанып жүрген кей боксшылардың атынан ауып қалуынан-ақ турнирдiң дәрежесi қай деңгейде екенiн бағамдауға болады. Қазақ боксында жастардың тегеурiнi қуантты. Әлем чемпионатында, жазғы Олимпиада ойындарында олжа салып жүрген саңлақтарды сүрiндiрген жастардың жiгерлi екенiне разы болдым.
– Осы турнирге Қытай құрамасы да қатысты. Ханзулардың қатарында қазақ боксшылары болғанына разы болдық. Өзiң он мәрте Қытай чемпионатында топ жардың, әлем чемпионатының, Бейжiң Олимпиадасының қола жүлдесiн иелендiң.
– Өкшемiздi басып келе жатқан жастардың Қытай құрамасына енуi орасан жетiстiк. Миллиардтаған ханзудың арасында жүрiп, құрамаға iлiну үшiн аз күшiңдi сарқымайсың. Бiзден кейiн жарқырап көрiнген жiгiттердiң жекпе-жегiн осы турнирде бағамдадым, жұдырықтасу шеберлiктерi шыңдалып келедi екен.
Сұхбаттасқан Н. Жомарт.
zhasalash.kz
Пікір қалдыру