Айдос Сарым, саясаттанушы: «Сайлаудың көбірек болғаны, тіпті жыл сайын болғаны жақсы»
- Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ
– Бұл сайлаудан соң ел өмірінде не өзгеруі мүмкін? Тағы да қазынаның қыруар қаржысы шашылайын деп тұр, осы сайлауды мерзімінен бұрын өткізудің қажеттілігі болды ма?
– Қазақстанның саяси кеңістігінде бір-бірімен айтысып, көзқарасы келісім таппай керілдесіп, тартысып жатқан партиялар жоқ. Бәсекелестіктің жоқтығы белгілі жайт. Әрине, қазынаның ақшасы жұмсалады. Бір жағы, сайлауға түсетін кандидаттар, партиялардың өзі де қаржысын молынан салады. Ол ақша кері ізбен қайтадан халыққа оралады. Саяси бәсекелестердің айтысқаны, дауласқаны қайта қоғамға көбірек ақша алып келеді. Егер сайлауға 20-30 партия түссе, 2-3 айға болса да бұл саяси науқан үшін үгітші-насихатшы жалдау керек, ақпарат құралдарында жарнама жасалуы керек, үйді-үйді аралап, листовка таратушылар керек. Осыған орай жұртты жұмысқа алып, осы мақсат үшін ақшасын салып, насихатшыларын қаржыландырса, жұмыс орнын көбейтіп, қамтамасыз етер еді. Сол себепті халық үшін сайлаудың жиірек болғаны, көбірек болғаны жақсы.
– Сіз бұл пікіріңізді ешбір ирониясыз айтып тұрсыз ғой?
– Рас, еш ирониясыз, мысқылсыз айтамын. Бұл да жұмыс. Сайлауға сәйкес, қоры бар, басқасы, бар, әр партия өз бюджетін қалыптастырады. Телевидениеге, газеттерге, сайттарға, блогерлерге, интернетке төлейді. Айналып келгенде, мұның бәрі экономикаға төленетін ақша. Ақпарат құралдары үшін тіпті тиімді болмақ. Сайлаудың көбірек болғаны, тіпті жыл сайын болғаны жақсы деп отырғаным сол, қоғам өзіне қаржылық қолдау көріп қалады.
– Таратуды өздері сұрап, қайта тағайындалатын депутаттардың қанша пайызы қайта оралады деп межелейсіз?
– Мұны қарадүрсін түсіндірсем былай: сіз екеуміз ерлі-зайыптымыз делік. Белгілі бір мүддемізді, мақсатымызды іске асыру үшін ажырасуға келісеміз де, ажыраспаймыз. Орыстар мұны «фиктивный брак» дейді. Бұл да тура осы секілді дүние.
– Халықтың қалауынан гөрі биліктің талабын көбірек орындайтын өткен Парламент Мәжілісі депуттары қабылдаған 90-ға жуық заңның қайсысы алабөтен есіңізде қалды немесе ашуыңызды тудырды?
– Шынымды айтайын, көңілімнен шыққан, жетіскен заңды көргем жоқ. Меніңше, кез келген заң жобасы Парламенттің деңгейінде емес, алдымен қоғам деңгейінде талқылануы тиіс. Заң жобасы қоғамның өз ішінен туындап, өз ортасынан қайнап шығуы керек. АҚШ-та бас¬тамашы болған тұлғаның атымен аталатын заңдар бар, яғни құқықтық құжат заңды ұсынған адамның фамилиясымен аталады. Бізге де неге осындай азаматтық заң жазу тәжіри¬бесін бастамасқа? Сонда жақсы заң болса, тарихқа жақсы заңның атымен, жаман заң болса, жаман атымен кіреді. Болашақта заң жобаларын жекелеген тұлғаның атымен атаған дұрыс сияқты. Зиянды, залалды заңның авторы болсаң, мәңгілікке қара таңба басылған қарабетсің, жақсы заңның бастамашысы болсаң, дәуірден дәуірге жақсы атыңмен өтіп, өмір бойы жұрт саған риза болып өтеді. Көп балалы ана да, жетім бала да, жесір де, ардагерлер де, басқасы да саған алғысын жаудырып жүретін болады. Меніңше, заң шығару жұмысына балама ретінде осы жүйені ұсынуға болатын секілді.
– Парламент бір палаталы болуы керек, Сенат пен Мәжіліс екеуін жарыстырып қатар ұстаудың қажеті жоқ деген пікір көптен айтылып келеді…
– Мына сайлағалы отырған Мәжілісіміз де ары кетсе, екі жылдық, үш жылдық қана болады деп ойлаймын. Бұлардың басты міндеті – конституциялық заңдарды енгізу. Қазақстанда тұратын әрбір азаматтың «жанды жері» болып табылатын заң жобалары бар. Сондықтан осы сайлауды барынша бәсекелі тұрғыда, «мына сайлаудың нәтижесі заңды, дұрыс екен» дейтіндей дәрежеде өткізу керек болып тұр. Өйтпесе болашақтағы үлкен саяси «жүрістердің» тамырына балта шапқандай болады. Басты мәселе – депутаттардың осы сайланған мерзімінде жасаған тірлігі аздап болса да қоғамның көңілінен шығу керек.
– Тізімнің ішінде артистер мен спортшылардың аты-жөнінің молынан көрінуі туралы сіздің пікіріңізді білсек…
– Әр заманның өз талабы бар, «әр кәллада – бір қиял» дегендей, бүгінгі қоғамның келбетінде бұл кісілер айырықша орын алып отырғандықтан, жағдайдың осылай бет бұруы түсінікті де шығар. Билік партиясы спортшылар мен әншілерді керемет деп ойласа, ендеше қоғамның талғамы да соған сәйкес келіп тұрғаны. Олар да бұл үміткерлерді кездейсоқ іріктеп алған жоқ. Қоғамды жан-жақты жақсылап тұрып зерттеді. Байқасаңыз, ұсынған тізімнің ішінде бірде-бір ақын не жазушы жоқ. Неге? Мойындау ауыр болса да айтайық, бүгінгі саяси тақ үшін олар әшейін біреу ғана болып қалды. Кешегі құндылықтар ауысты, басқа өлшем келді. Бүгінгі қоғамның түбегейлі өзгергенінің, қоғамдық ұсыныс пен талап-тілектердің өзгергенінің белгісі болар, халық спортшылар мен әншілерге назар аударып жатыр. Саясат атымен жоқ кезде, осылай болуы заңды да. Сөз жоқ, Г.Головкин мықты боксшы, бірақ күн сайын басынан әлденеше рет соққы алатын адамның ақылының керемет болатынына күмәнмен қараймын. Әншілердің де өре-деңгейі бәрімізге жақсы белгілі. Халық ертең бұларға дауыс бере ме, жоқ па, мәселе сонда. Яғни, саясаттың жоқтығы. Ертең әрбір заң жобасы қабылданар кезде дау туындағанда, әрбір шешім төңірегінде тартысқанда, бюджет талқыланғанда, экономикалық өзекті сұрақтар айналасында айтыс болғанда ол жерде білгір экономист, саясаткерлер отыруы керек емес пе? Ал мынау болып жатқан жайттар ақылға сыйымсыз болып барады. Биліктегілер халықпен ойнап отыр.
– Оралман қандастардың дауысы Парламенттен естілуі керек деп жатыр. Ал, олардың кандидат болып тіркелуі үшін белгілі бір партияның мүшесі болуы шарт. Бірақ келген қандастарымыздың өзі самарқау ма, әлде басқа себебі бар ма, белсенділіктері байқалмай жатады ғой…
– Мәселен, Қазақстандағы 17 млн. адамның дауыс беруге құқылысы 10 млн.ның төңірегі деп есептейік. Осының ішінде 1 миллионнан артығы сырттан келді. Жиырма жылдан бері оралмандардың ішінен бір министр, 4-5 депутат сайлайтын жағдайға келдік қой. Қалай айтсақ та, заңды емес пе? Тағы да қарадүрсін түсіндірсем, елімізде 2 млн. велосипедші болса, бір велосипедшіні сайлау міндетімізге кірер еді. Ал бұлар айналып келгенде, өз қазағымыз, өз қандасымыз. Неге біз оларды «оралмансың» деп бөлектей береміз? Түсінбеймін. Қазақ көші тұралап қалды. Көшті қайта жаңғыртудың бір тетігі – оралмандарды билікке келтіру. «Белсенділігі төмен» деуге ешқандай моральдық хақымыз жоқ. Белсенді болу үшін міндетті түрде олар жеке партия құрып шығуы керек пе сонда? Олай етсе «бөлініп жатыр, ойбай» деп тағы аттандап шығамыз. Бірақ қандастарымыздың арасында өте белсенді, өте сауатты, өте білімді азаматтар жетерлік. Ақыны мен айтыскерін айтпағанда, қоғамдық тірліктерге араласып, билікке араласып жүрген азаматтары бар.
– Айдос, өткен Мәжілістегі 107 депутаттың 55-і зейнет жасындағылар екен. Президенттің өзі «зейнетке шыққандардың бәрін жұмыстан босату керек» деген талап қойып жатыр. Қайтпек керек?
– Еркек пе, әйел ме, кәрі ме, жас па, мәселе мұнда емес. Меніңше, басты мәселе, адамның жасында емес, ой-парасатында. Депутаттық критерий осыдан туындауы тиіс. Депутат мәселені дұрыс көтеріп жатыр ма, көтере алмай жатыр ма, дұрыс әңгіме қозғай алды ма, жоқ па, бұл сұраққа осы тұрғыдан келуіміз керек. Талап осылай ғана қойылу керек сияқты. Олардың арасында тәжірибелі адамдар бар. 70-тегі адам да шындықты айта алады, 20-дағы адам да шындықты айта алады. Депутат Премьер-министрдің де, министрдің де алдында бұлталақтамай, бүгежектемей айтарын ашық айта алатындай болуы керек. Қалай болғанда да халықтың көкейіндегісін айта алатындай болуы керек.
– Парламент тарихында тура өзіңіз айтқан критерийдің бәріне жауап берген қандай депутаттар болды?
– Құдайға шүкір, көп болды. Әсіресе, 1992, 1993, жалпы 1995 жылға дейінгі Парламентте осындай азаматтар молынан отырды. Демократиялық үрдіске жақын Парламент деп осы кезеңге тура келген Парламентті айтуға болады. Таратылған Парламент, қашқан Парламент, қарсы болған Парламент, не керек, халық түр-түріне куә болып келе жатыр. Олар туралы ел ішіне алуан түрлі анекдоттар да тарады. «Ресейде Парламентті таратуға танк керек болса, Қазақстанның Парламентін бір Таня таратты» деген сияқты әзілдер табан астында туа беретін.
– Өзіңіз дауыс беруге барасыз ба?
– Біз, Қазақ Ұлттық кеңесі жақын арада бас қосып, саяси партияларға өзіміздің 20-30 нақты талабымызды қойғалы отырмыз. Белгілі бір саяси партия «Ұлттық кеңес ұсынған талаптардың 40, 50, 70 пайызын мойнымызға аламыз, бұл біздің ұранымыз» деп мәлімдеме жасаса, біз де халықты сол партияға дауыс беруге үгіттейміз. Өзім де сол партияға дауыс беруге дайынмын.
– Әңгімеңізге рахмет!
Түп нұсқадағы тақырып : Айдос Сарым, саясаттанушы: «Биліктегілер халықпен ойнап отыр»
Пікір қалдыру