|  | 

Тұлғалар

Атақты генерал классик жазушыны қалай ұялтты?

 Сағадат Нұрмағамбетов  Қазақтың әйгілі сардарлары, қаһарлы қолбасылары батыр ғана емес, таңдайынан сөз саулаған жырау, аузымен құс тістеген шешен болғаны белгілі. Қазтуған, Ақтамберді, Жиембет тағы басқа ел тарихындағы егей тұлғалар осы сөзімізге дәлел. Сол текті бабалардың сарқыты біз өмір сүрген заманға да үзілмей жетіпті. Оған кеше «Қазақ ұлттық өнер университетінде» өткен «Сағадат Нұрмағамбетов. Соңғы сұхбат» атты жаңа деректі фильмнің тұсау кесерінде көз жеткіздік.  

Иә, кешегі батыр-жыраулармен бүгінгі генерал Сағадат Нұрмағамбетовты салыстырғанда, олардың арасындағы рухани үндестікті, жайсаң жан әлеміндегі жарастықты меңзеген едік. Жырау бабалар мен сардар Сағадаттар ортасындағы өнер өрісін, сөз қасиетін саралай білер сырлы сабақтастықты ойға өзек еттік. Өйткені, бізді осы ойға аталған фильмнің ішіндегі көрерменді әсерге бөлейтін кейбір деталдар жетелегені шын.


Олай болса, аталған туынды жайлы аз аяал. Аты айтып тұрғандай деректі фильм Кеңес Одағының батыры, Қазақстанның Халық Қаһарманы, Қазақстан Республикасының тұңғыш қорғаныс министрі, Армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов жайлы сыр шертеді. Генерал туралы бұрын да деректі фильмдер түсірілген. Әлі де түсіріле бермек. Әр қайсысының өз көздеген нысаны, «жарқ» еткізер жаңалығы болатыны анық. Өйткені, фильмге тірек болар тұлғадан ол табылады. Біз көрген туынды да көңілдерді сондай өзіндік иірімімен толқытты.
«Қазақфильм» киностудиясы түсірген филмнің режиссері Сатыбалды Төкеевтің осы еңбекті өмірге әкелуіне, Генералмен жасаған сұхбаты себеп болыпты. Содан екі-үш ай өтпей Халық Қаһарманы көз жұмған. Ол кісімен соңғы тілдесуі өзіне үлкен аманат арқалатып кеткендей сезінген режиссер, ақыры батыр туралы деректі фильм түсіруді бастаған.
«Бұрынғы жасалған дүниелерді қарап отырып, біз өз еңбегімізде атақты генералдың елге беймәлім тұстарын, мәдени-рухани өмірге жақындығын, отбасына қатысты әлі айтылмаған тақырыпты көрсетуге тырыстық» дейді С.Текеев.
Сағадат Нұрмағамбетов десе генерал, сірескен формалы, қатаң кейіпті әскери адам елестейтіні шын. Көбіне оның Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқанын, кейін түрлі әскери органда лауазымды қызмет еткенін естиміз. Және Қазақстанның алғашқы қорғаныс министрі ретінде танимыз.

Ал, былайғы өмірде оның кітап оқуға сондай құмар екенін, музыканы жаны қалайтынын естімегенбіз. Генералдың үйі кәдімгі Совет Одағы кезіндегі мүйізі қарағайдай жазушылардың үйіндей бір қабырға толы кітаппен көмкерілген екен. Қызы Салтанат әкесінің жаңа шыққан әдебиетті құр жібермей оқитынын еске алады. «Жаңа басылған кітап болса оқуым керек, өйткені онда мен білмейтін дүниелер болатыны анық» дейді екен Армия генералы.
Балалық шағы туралы айтқанда Халық Қаһарманы «мен мектепте тарих пен жағырапия сабақтарын қатты жақсы көрдім. Сол үшін осы пәндерден үнемі «бес» деген баға алушы едім» деген еді. Сол бала кездегі кітапқұмарлық, тарих пен жағырапияға қызығушылық, ол кісіні кітапсүйер генералға айналдырмауы мүмкін емес қой деп ойлайсыз.
Бәрінен де батырдың кітаппаздығы туралы классик жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісовтың естелігі айшықты болды. «Бірде әңгімелесіп отырдық. Сөз арасында Сағадат маған батыстық әлдебір жазушы туралы айта бастады. Алайда, мен ол әңгіме қылып отырған қаламгерді білмейтін болып шықтым. Жазушы бола тұрып, әскери генералға мәлім авторды танымау маған ұят болды» дейді қазақ әдебиетінің ардагері ақтарыла сөйлеп.
Қазақтың әйгілі жазушысы мен атақты генералы арасында рухани байланыс болған. Кезінде «Қан мен тер» романы желісі бойынша фильм түсірілгенде, әскерилер де қатысыпты. Екі тұлға арасындағы байланыс сол кездері тіпті арта түскен. Оның үстіне, Сағадаттай сардардың рухани өмірге, кітап әлеміне деген ерекше ықыласы жазушы мен арадағы қатынасты тіптен қоюлата түскені анық.


Ал, Қазақстанның халық әртісі Әлібек Дінішев генералдың өз концертіне қалмай келетінін есіне алды. «Сахнада өнер көрсетіп тұрып, залға көз салған сәтте, алдыңғы қатарда қол соғып, шабыттандырып отырған Сағадат Қожақыметұлын көретінмін. Сол кезде тіпті қанаттанып, қуанып кететінмін» дейді әнші.
Қазақстан мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақстанның халық әртісі Жәния Әубәкірова да генералдың музыкаға деген көзқарасы жоғары екенін тебірене айтты. Ақыры ол Халық Қаһарманын бір жолғы пианино шеберлерінің халықаралық конкурсына қазылар алқасы қатарында мүше болуға шақырады. «Ұсынысты қабыл алған батыр өнер бәсекесінде бастан-аяқ отыра алмаса да, өзіне тиісті міндетін мінсіз орындады» дейді Ж.Әубәкірова.
Сағадат Қожақыметұлы өзі ән айтып, күй шертпесе де, домбыраны қатты жақсы көріпті. Қазақтың қасиетті аспабына құрметі жоғары болған. Соған сай, деректі фильм де күмбірлі күй, әуелеген дәстүрлі әндермен әрленіп отырды. Әдеттегі соғыс жағдайын, сақырлаған қару-жарақ, Кеңес Одағына қызмет еткен тарихты қаузаған дүниеден бөлек, фильмнің өзіне тән жылылығы да осында болса керек.
Өмірі әскери қызметте өткен, кейін тәуелсіз Қазақстанның қорғаныс саласын бекемдеген нар тұлғаның адами қасиеттері туралы да айтылды. «Жекешелендіру кезінде де бір сабақ жіп алмады» дейді генералдың адалдығына тәнті қаламгер Әбдіжәміл Нұрпейісов. Расында халқына қаранардай еңбек еткен тұлғаның өмірі қарапайым болған. Оны қол астында қызмет еткен сардарлар да сүйіне еске алды. Өмірлік серігі де өзіне сай кезіккен адам болыпты. Екеуі Ташкентте табысқан. Алғаны татар қызы екен. Әскери салада қызмет атқарған лауазымды Сағадаттың атына сын келтірмеген сұңғыла жан, оның мәнсабын пайдаланып, қызметтік өкілдігін өз мүддесіне икемдеп көрмеген. Бір ғана мысал, генералдың қызметтік машинасы үйінің есік алдында тұрса да, алыстағы базарға азық-түлік алу үшін жаяу кете береді екен. Бұны – өзіндік ұстанымы бар, ұлық мінезді тұлғаға сәйкесе білу, айтқызбай тіл табысу десек дұрыс болар.


Халық Қаһарманы, Армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтың елі үшін жасаған еселі еңбегі бір емес, ондаған фильмнің белін майыстыратыны анық. Ол кісінің Қазақстан алғаш тәуелсіздік алған кездегі нөлден басталған қорғаныс саласының іргесін қалау, елдегі қару-жарақты Ресейге бермейміз деген табандылығы, көптеген ұшақтарды әскери дипломатиямен қайтарып алғаны, ұлттық кадр жетіспей жатқанда, кезіндегі одақтас республикаларда еңбек етіп жүрген ұлт әскерилерін «қаны қазақ болса келсін» деп шақыруы қалай айтсаң да жарасатын, жүрегі елім жеп соғатын жанға лайын қасиеттер. Біз тек бір туындыдан көрген әсерімізді ғана там-тұмдап жеткізген болдық. Ал, атақты генералдың әлі талай ақтарылмаған сыр сандығы, ашылмаған құпиясы жатқаны анық. Бұны тұсаукесер соңында Халық Қаһарманы, Сағадат Нұмағамбетовтың ізбасары генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев та айтты. «Шынына келсек біз бұл бір ғана филіммен қанағаттанбаймыз, ол кісі туралы түсірілетін дүние әлі жалғасады. Себебі, оның мұрағатта ашылмай жатқан әлі талай тың дүниелері бар» деді Б.Ертаев.
Фильмнің тұсаукесеріне әскери саланың қайраткерлері, зиялы қауым, соғыс ардагерлері, Сағадат Нұрмағамбетов атындағы «Жас Ұлан» мектебінің оқушылары қатысты. Рәсім соңында кейбір өнер қайраткерлеріне, фильмнің режиссеріне Сағадат Нұрмағамбетов атындағы төс белгі тағылды.
Қортындылай айтқанда, батыр туралы жаңа деректі фильмнің өзіндік айтары бар, ізденіспен жасалған туынды деуге болады. Ал, есімі қазақ тарихының алтын парағына айшықпен жазылған атақты сардар, әйгілі қолбасы Сағадат Нұрмағамбетов туралы әлі көркем картиналар жасалып, сериалы фильмдер де түсіріледі деп сенеміз.

Мұрат Алмасбекұлы

Фото: Бауыржан Жуасбаев

baq.kz

Related Articles

  • Тұрсын Жұманбай «Үйсінбай кітабы»

    Тұрсын Жұманбай «Үйсінбай кітабы»

    Бұл Дағандел, Бақанас өлкесінен шыққан би Үйсінбай Жанұзақұлы хақында құрастырылып жазылған кітап. Тың толықтырылған еңбекте болыс Әлдеке Күсенұлы, Дағанделі болысының басшылары мен билерімен қатар Әбдірахман Әлімханұлы Жүнісов сынды айтулы тұлғалар жайлы әңгіме қозғалған. Олардың ел алдындағы еңбектері, билік, кесім – шешімдері, халық аузында қалған қанатты сөздері мен өмір жолдары, ата – тек шежіресі қамтылған. Сонымен қатар мұрағат деректеріндегі мәліметтер келтірілген. Кітапқа есімі енген ерлердің заманы, үзеңгілес серіктері туралы жазылған кей мақалалар, жыр –дастандар, үзінділер енген. Кітап қалың оқырман қауымға арналған. Тұрсын Жұманбай «Үйсінбай кітабы», - Жебе баспасы, Шымкент қаласы.134 бет толық нұсқасын төмендегі сілтеме арқылы оқи аласыз. Үйсінбай кітап kerey.kz

  • Зеленскийдің “жалғыз сенері әрі оң қолы”. Андрей Ермак кім?

    Зеленскийдің “жалғыз сенері әрі оң қолы”. Андрей Ермак кім?

    Рэй ФЕРЛОНГ Андрей Ермак (сол жақта) пен Украина президенті Владимир Зеленский (оң жақта). 2019 жыл. Андрей Ермак ұшақтан түсе сала өзінің бастығын құшақтады. 2019 жылы қыркүйекте президент Зеленскиймен жылы жүздесу жаңадан басталып келе жатқан саяси серіктестіктің басы еді. Бұл – Ермактың Ресей түрмесінде отырған 35 украиналықты Мәскеуден алып келген сәті. Ал 2020 жылы Ермак Зеленский әкімшілігінің басшысы болды. Бірақ Украинадағы жемқорлық шуынан кейін оның қызметіне жұрттың назары ауды. Себебі Ермак Украина энергетикалық инфрақұрылымына бөлінген қаржы жымқырылған коррупция схемасында негізгі рөлде болған деген ақпарат тараған. Бірақ тергеушілер бұл жайттың жай-жапсарын толық ашқан жоқ. Ермактың өзі Азаттықтың Украина қызметінің ресми сауалдарына жауап берген жоқ. Сонымен Зеленскийдің кеңсесін басқарып отырған Ермак кім? ТЕЛЕВИДЕНИЕДЕН

  • «Алғашқы кітап» деректі бейнефильмі

    «Алғашқы кітап» деректі бейнефильмі

    Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Мәдениет комитетіне қарасты Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының тапсырысымен «JBF company» компаниясы Семей қаласында, Шыңғыстау өңірінде, Алматы облысының Жамбыл ауданында  «Алғашқы кітап» атты деректі бейнефильм түсіруде. Деректі фильм Абайдың 1909 жылы Санкт Петербургтегі Илья Бораганский баспасында басылған алғашқы шығармалар жинағының жарық көруіне арналады. Ұлы Абай мұрасының қағаз бетіне таңбалану тарихын баяндайды. Қазіргі адамдар бұрынғы уақыттың, Абай заманының нақты, деректі бейнесін, сол кездегі адамдардың әлпетін, киім үлгісін көз алдарына елестетуі қиын. Көпшіліктің ол уақыт туралы түсінігі театр мен кинофильмдердегі бутафорлық киімдер мен заттар арқылы қалыптасқан. Алайда Абай уақытындағы қазақ тіршілігі, қазақтардың бет-әлпеті, киім киісі, үй – жайы, бұйымдары таңбаланған мыңдаған фотосуреттер сақталған. Бұлар Ресей, Түркия, Ұлыбритания

  • Миллиардер Билл Гейтс бар байлығын Африка елдеріне аудармақ

    Миллиардер Билл Гейтс бар байлығын Африка елдеріне аудармақ

    Microsoft компаниясының негізін қалаушы және әлемдегі ең бай адамдардың бірі саналатын Билл Гейтс өзінің байлығын қайда жұмсайтынын ресми мәлімдеді. Кәсіпкер Африка елдеріндегі денсаулық сақтау, білім беру және кедейлікпен күрес салаларына шамамен 200 миллиард доллар инвестиция салуды жоспарлап отыр. «Жуырда мен өз байлығымды 20 жылдың ішінде толықтай тарату жөнінде шешім қабылдадым. Қаражаттың басым бөлігі осы жерде, Африкада, түрлі мәселелерді шешуге көмектесуге бағытталады», – деді Билл Гейтс өзінің қорымен бірлескен баспасөз мәслихатында. Басты басымдықтар: – инфекциялық аурулармен күрес (соның ішінде безгек, туберкулез, ВИЧ); – ана мен бала денсаулығын жақсарту; – ауылдық аудандардағы білім беру сапасын арттыру; – таза ауызсу мен санитария инфрақұрылымын дамыту; Билл Гейтс: «Бұл – қайырымдылық емес, бұл – инвестиция.

  • ШОҚАН УӘЛИХАНҰЛЫ ДЕГЕН ЕКЕН..

    ШОҚАН УӘЛИХАНҰЛЫ ДЕГЕН ЕКЕН..

    Ел аузында қазақ оқымыстылары айтты деген сөздер аз емес. Белгілі ғалым, этнограф А. Сейдімбек құрастырған тарихи тұлға, асқан оқымысты Шоқан бабамыздың тапқыр сөздерін назарларыңызға ұсынамыз. * * * Омбыға оқуға жүрер алдында бала Шоқан әкесінің ел іші мәселесін шешудегі кейбір өктем, ожар қылықтарына көңілі толмай, «оқуға бармаймын» деп қиғылық салса керек. Тіптен көнбей бара жатқан баласын қатал Шыңғыс жәрдемші жігіттеріне байлатып алмаққа ыңғайланып: «Шықпаса көтеріп әкеліңдер, арбаға таңып аламыз!» − дейді. Сонда дәрмені таусылған Шоқан әкесіне: «Байлатпа! Абылай тұқымынан байланғандар мен айдалғандар жетерлік болған!» − деп тіл қатады. Бала да болса ақиқат сөзді айтып тұрған баласынан тосылған әке дереу Шоқанды босаттырып жібереді. * * * Петербургте Сыртқы Істер министрлігінің бір

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: