|  | 

Жаһан жаңалықтары

Қырымнан кетердегі Киевтің әрекеті жарияланды

Қырымға шабуыл басталар алдындағы Украина Қауіпсіздік кеңесі төтенше отырысының құпия стенограммасы жарияланды.

Айырым белгісі жоқ Қырымда жүрген "жасыл адамдар". 4 наурыз, 2014 жыл.

Айырым белгісі жоқ Қырымда жүрген “жасыл адамдар”. 4 наурыз, 2014 жыл.

Украинаның Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесі Ресей Қырымды басып алардан бірер күн бұрын, яғни 2014 жылғы 28 ақпанда өткен отырысының стенограммасын жариялады. Осыған дейін мемлекеттік құпия болып келген 37 беттік құжатта билікке келгеніне бір апта да болмаған уақытша үкіметтің дайындығы нашар армияның Ресей шабуылына төтеп бере алмасын біліп қатты сасқалақтағаны анық байқалады.

Украина парламентінің Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс комитеті Қырымды аннексиялау басталған тұста елдің қандай жағдайда болғанын және үкіметтің қандай қарсы шаралар қолданбаққа әрекеттенгенін ашық көрсету үшін стенограмманы жарыққа шығарғандарын хабарлады.

“Кейіннен бұған қатысты өсек-аяң мен арандату көбейді. Мүмкін енді екі жылдан соң шығыстағы соғыстың қалай басталғанын да айтып берерміз”, – дейді комитет төрағасы Сергей Пашинский.

РУХЫ ӘЛСІРЕГЕН ЖАУЫНГЕРЛЕР 

Қырымдағы украин солдаттарының жауынгерлік рухы төмендеген әрі олардың көбі Виктор Янукович елден қашып кеткеннен соң билікке келген уақытша үкіметті мойындамаған. Жиналыс кезінде осыны айтқан Украина Қауіпсіздік қызметінің басшысы Валентин Наливайченко «әскер Киевтен берілетін бұйрықты орындауға дайын емес» дейді.

Украина Қауіпсіздік қызметінің басшысы Валентин Наливайченко.
Украина Қауіпсіздік қызметінің басшысы Валентин Наливайченко.

Сонымен бірге ол сарбаздардың арасында Украинаға берген анттарын бұзғандардың бар екенін жеткізген. Бұл фактіні мойындаған ішкі істер министрі Арсен Аваков Украинаның 67 полицейінің Ресейге “сатылғанын” хабарлайды.

Кеңес мүшелері Қырым түбегінде 15 мыңға жуық украин сарбазының жүргеніне қарамастан, жалпы қарулы күштің тым әлсіз екенін айтады. «Әскерилердің көбі – келісім-шарт бойынша қызметке алынған жергілікті тұрғындар. Олар үшін әскери қызмет – тек табыс көзі. Көп дегенде 1500-2000 жауынгер ғана қару қолдану бұйрықтарын орындауға дайын», – дейді қорғаныс министрінің міндетін атқарушы Игорь Тенюх.

Украина жауынгерлерінің арасында тек  5 мың сарбаз ғана әскери ұрыстарға қатысуға әзір болып шықты. «Оларды Қырымға жіберсек болады, бірақ бұл Қырым мәселесін шеше алмайды. Тек оларды өлімге айдап саламыз», – дейді И.Тенюх.

РЕСЕЙДІҢ 58 МЫҢ СОЛДАТЫ  

Кеңес мүшелері Украина аумағында жүрген немесе шекараның ар жағында тұрған Ресей әскерінің санына қатысты түрлі мәліметтерді ортаға салады.

«Киев, Донецк және Харьков бағытына қарай 38 мыңдай адам дайындалып қойған. Егер олар таңертең Чернигов облысына келетін болса, онда кешке Киевке жетеді», – дейді қорғаныс министрінің міндетін атқарушы И.Тенюх.

Игорь Тенюх.
Игорь Тенюх.

Кеңес барысында Ресейдің Қырымға шабуылдаушы отрядтары мен Бас барлау басқармасының арнайы күштерін жіберіп жатқаны айтылады.  И.Тенюхтың айтуынша, кеңес отырысы өтіп жатқан тұста Қырым түбегінде 20 мыңға жуық Ресей әскері болған. (Ресей ол кезде Қырымдағы «кішкене жасыл адамдар» делініп кеткен қарулы адамдардың өздеріне қатысы жоқтығын, олардың жергілікті еріктілер екенін айтып ант-су ішкен.  Алайда кейіннен президент Владимир Путин олардың Ресей жауынгерлері болғанын мойындады).

Отырыс барысында И.Тенюх Украина әскери-теңіз флоты мен Ресей Қара теңіз флоты командирлерінің арасында болған сұхбат туралы да айтқан. Әңгіме барысында Ресей Қара теңіз флотының басшысы «біз ақырына дейін соғысамыз» деп қорқытқан.

«Барлық күштер соғысқа сақадай сай дайын. Егер сендер қарсыласпасаңдар, ешқандай қан төгілмей, бәрі бейбіт түрде шешіледі», – депті Ресей флотының командирі.

РЕСЕЙДІ ҚОЛДАҒАН ҚЫРЫМ

Украина Ұлттық қауіпсіздік қызметінің төрағасы В.Наливайченконың айтуынша, Қырым тұрғындары Ресейдің әрекеттеріне жаппай қолдау көрсеткен. «Ресей мен Қырымның ақпарат құралдарының көмегімен жалған ақпарат тарату, жала жабу, қоғамдық пікірді бұрмалау науқаны жаппай жүріп жатыр», – дейді ол.

Сол кездегі Украина президенті міндетін атқарушы әрі парламент спикері Александр Турчинов Қырым халқына қайырылып, Украина үкіметінің оларға жау еместігін түсіндірудің маңыздылығын айтады. «Біз қырымдықтардың өздері Украинаға қарсы көтерілді деген жалған сөзді терістеуіміз керек. Көтерілген қырымдықтар емес. Бұл – егемен мемлекетке жасалған нағыз әскери операция», – дейді А.Турчинов.

ҚЫРЫМНЫҢ ЖАҢА СТАТУСЫНА ҰСЫНЫСТАР

Сол кездегі премьер-министр Арсений Яценюк Қырым автономиялық республикасының мәртебесін өзгертіп, оған көбірек еркіндік беру арқылы саяси дағдарыстан шығуға болады деген ой айтады. Жаңа қабылданатын заңда Қырым өзінің ішкі мәселелерін, қаржылық жүйесін өзі реттейді дейді Украина үкімет басшысы.

«Мұны шартты түрдегі тәуелсіздік деуге болады. Мәселен, оларға қосымша құн салығын, акциздік алымдардың бір бөлігін қалдыруға болады. Сонымен бірге тілдік, ұлттық, мәдени және этностық мәселелердің бәрін өздері шешсін», – дейді А.Яценюк.

Десе де ол бұл жоспардың іске аспайтынын өзі де мойындайды. Премьердің айтуынша, Ресей бұл сценарийдің жүзеге асуына жол бермейді, себебі олар «конфликтінің бейбіт шешілгенін қаламайды».

ӘСКЕРИ ЖАҒДАЙ

Президент міндетін атқарушы А.Турчинов Украинада әскери жағдай жариялау туралы бастама көтереді. Басқалардың «бұл ел ішінде тіпті дүрбелең туғызады» деген сөзіне Турчинов: «Крещатикте [Киевтің басты көшесі] Ресей танкілері жүрсе, дүрбелеңнің көкесі сонда болады», – деп қарсы уәж айтады. Оның пікіріне құлақ асқан ешкім болмайды.

Александр Турчинов.
Александр Турчинов.

«Біз әскери жағдай жарияласақ не болатынын білесің бе? Олардың [Ресейдің] көксегені – осы. Солдаттармен қоса ол жерге шешендер барады, бәлкім қазір-ақ сонда жүрген шығар. Онда этностық конфликт басталады», – дейді А.Яценюк. Турчинов сонда да әскери жағдай жариялау мәселесін дауысқа салады.

«Кім қолдайды? Жақсы, тек Турчинов қана қолдады.  Шешім қабылданған жоқ», – дейді ол.

РЕСЕЙДЕН СОҒЫЛҒАН ҚОҢЫРАУ

Жиын ортасында Ресейден телефон шалынып, Украина Қауіпсіздік кеңесінің отырысы аяқсыз тоқтап қалады. Ресей мемлекеттік думасының төрағасы Сергей Нарышкин тез арада Александр Турчиновпен байланыстыруды талап етіп, қоңырау соққан.

«Не десем екен? Нарышкин Путиннің қоқан-лоққысын жеткізді. Айтуынша, олар Украинаның орыстар мен орыстілділерді қудалауына байланысты қатаң шешім қабылдауы мүмкін екендіктерін де жоққа шығармайды. Бәлкім, олар әскерді тек Қырымға ғана жібермейміз дегенді меңзеп тұрған болар», – дейді Турчинов.

Анна Шаманскаяның материалы ағылшын тілінен аударылды. 

Азаттық радиосыжәнеМұхтар ЕКЕЙ

Азат Еуропа / Азаттық радиосы

Related Articles

  • АҚШ сенаты Украинаға қаржылай көмек қарастырылған заң жобасын мақұлдады

    АҚШ конгресі.  АҚШ сенаты 13 ақпанда Украина, Израиль және Тайваньға 95 млрд доллар болатын қаржылай көмек беру туралы заң жобасын мақұлдады. Сенатта демократтар басым орынға ие. Енді заң жобасын Республикалық партия басым Өкілдер палатасы қарайды. Өкілдер палатасында жобаның заң статусын алуға мүмкіндігі аз деген болжам да айталады. Президент-демократ Джо Байден біраз уақыттан бері екі палатаны Украина мен АҚШ-тың Үнді-Тынық мұхит аумағындағы серіктестеріне көмек беруді жылдамдатуға шақырып келеді. Украина билігі басты одақтасы АҚШ-тан қолдау азайған тұста қару-жарақ жетпей жатқанын бірнеше рет мәлімдеген. Украина президенті Владимир Зеленский бүгін, 13 ақпанда АҚШ сенатының бұл заң жобасын мақұлдағанына алғыс айтты. Құжатта Киевке 61 млр доллар беру қарастырылған. “Американың көмегі Украинаға бейбіт өмірді жақындастырып, әлемдік

  • АҚШ сенаты Украина мен Израильге көмек беру туралы заң жобасын мақұлдады

    Азат Еуропа / Азаттық радиосы АҚШ сенаты Украина мен Израильге 118 миллиард доллар қосымша қаржы көмегін беру туралы екі партия ұсынған заң жобасын және АҚШ-тың оңтүстік шекарасын нығайту туралы заң жобасын мақұлдады. Былтыр қазан айынан бері жалғасып келе жатқан “ұлттық қауіпсіздікке байланысты қосымша қаржыландыру туралы” дауға нүкте қоятын компромистік мәтін АҚШ сенатының сайтына шыққан. Заң жобасы бойынша, сенаторлар 60 миллиард долларды Украинаны қолдауға, 14 миллиардты Израильге көмекке, 20 миллиардтан астам долларды АҚШ-тың Мексикамен шекарасын қауіпсіздендіруге, шамамен бес миллиардты АҚШ-тың Тынық мұхит аймағындағы серіктерін қаржыландыруға, екі жарым миллиардқа жуық долларды “Қызыл теңіздегі” операцияны қолдауға, тағы да сондай қаржыны АҚШ-тың Орталық қолбасшылығына бөлуді жоспарлаған. АҚШ президенті Джо Байден конгресстен Украина, Израиль және Тайваньға

  • Мәскеу Тоқаевтан Пригожиннің бүлігін басуға көмектесуді сұрады ма?

    Елнұр ӘЛІМОВА Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және Ресей басшысы Владимир Путин. Бұл аптада Батыс басылымдары маусым айында «ЧВК Вагнердің» жетекшісі Евгений Пригожиннің әскери бүлігі кезінде Ресей Қазақстаннан көмек сұрағанын, бірақ президент Қасым-Жомарт Тоқаев одан бас тартқанын жазды. Сонымен қатар Астана мен Анкара әскери саладағы серіктестікті күшейтіп, 2024 жылы елде дрон шығара бастайтынына тоқталды. Бұдан бөлек Орталық Азия Батыс елдері үшін не себепті маңызды аймаққа айналғанын талдады. ҚАЗАҚСТАН МЕН ТҮРКИЯ ANKA ДРОНЫН ШЫҒАРА БАСТАЙДЫ АҚШ-тағы Jamestown қоры Қазақстан мен Түркия әскери серіктестікті күшейтіп жатқанына назар аударады. Қазақстан 2024 жылдан бастап елде Түркияның Anka дрондарын шығара бастайды. 28 қараша күні қорғаныс министрлігі дрон өндіретін отандық компанияны таңдап жатқанын хабарлады. Мәлімдемеде Түркияның Anka дроны елде

  • Әзербайжан Қарабаққа шабуыл бастады. Қазірге дейін не белгілі?

    Азаттық радиосы Әзербайжан қорғаныс министрлігінің Таулы Қарабақта “армениялық әскерилердің позициясын жойдық” деп таратқан фотосы. 19 қыркүйек 2019 жыл.  19 қыркүйекте Әзербайжан Таулы Қарабақта “антитеррористік операция” бастағанын мәлімдеді. Бакудың бұл мәлімдемесінен соң Қарабақта тұратын армяндар артиллериядан шабуыл басталғанын айтады. “Степанакертте жарылыс естіліп жатыр. Балалар мен ата-аналар жертөлелерге түсті. Балконымнан әр жақтан жарылыс дауысы естіліп жатыр, тоқтар емес. Артиллерия қатты атқылап жатыр, атыс дауысы да толастар емес” деді Таулы Қарабақтағы тәуелсіз журналист Марут Ванян. Азаттықтың Армян қызметінің хабарлауынша, 19 қыркүйек 11:10-да Әзербайжан күштері Қарабақтағы Аскеран ауданын атқылаған. “Эхо Кавказ” сайты Степанакерт қаласында әуе дабылы қағылғаны хабарланды. Степанакерт қаласында қашып бара жатқан адамдар. 19 қыркүйек 2023 жыл. Таулы Қарабақтағы армяндардың бақылауындағы аймақтың омбудсмені

  • АҚШ украин сарбаздарын F-16 жойғыш ұшақтарын басқарып үйретуге рұқсат берді

    F-16 жойғыш ұшағы.         АҚШ президенті Джо Байден украин ұшқыштарын F-16 жойғыш ұшағын басқарып үйретуге рұқсат берді. Бұл жөнінде Пентагонның баспасөз хатшысының орынбасары Сабрина Сингх хабарлады. Оның айтуынша, Нидерланд және Дания оқыту жағына жауап беруі мүмкін. Пентагон өкілі бұдан өзге ақпарат бермеді. Шілде айында Politico журналы Дания мен Нидерланд бастаған 11 елден құралған коалиция украин ұшқыштарын F-16 жойғыш ұшақтарын басқарып үйретуге дайын екенін, алайда ол үшін ұшақты шығарушы ел АҚШ-тың ресми рұқсаты қажет екенін хабарлаған. Басылымның жазуынша, дегенмен 11 елдің ешқайсысы әзірге ол бағдарлама үшін ұшақ бөлмеген. Шілде айында Ақ үйдің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі үйлестірушісі Джон Кирби оқыту мерзімі, орны мен ұзақтығы әлі қарастырылып жатқанын айтқан. Өткен аптада Politico

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: