Сайлау кезінде орыс тілін білмегені үшін шымкенттік мұғалімнің намысы тапталды (видео)
Шымкенттік мұғалім сайлау күні көзі жасқа толып, намысы тапталғанын айтты. Айтуынша, оған орыс тілін білмеуі себеп болыпты. Ғаламторда тұрғынның көзіне жас алып тұрып берген сұхбаты пайда болды. «Шымкент қаласында 2016 жылы 20 наурыз сайлау кезінде болған оқиға. Орыс тілін шалажансар білгені үшін қазақ мектебінің ұстазы орыс ұлтының өкілінен балағат сөздер естіген» деген жазбамен жария етілген видеода әйел азаматы өз әңгімесін сайлау барысында келеңсіз жайтқа тап болғанынан бастаған.
«Дауыс беруге келіп жатқанда келеңсіз оқиғаға тап болдым. Анығын айтқанда, орыс ұлтының азаматы біздің мұғалімдерге «сендер орысша білмейсіңдер, орысша сөйлей алмайсыңдар. Жұмыстарыңды босатыңдар. Неге отырсыңдар, Назарбаев сендерге не айтты?» деген сияқты өктем-өктем сөздер айтып, біздің намысымызды жерге кіргізердей болды… «Сен кімсің, сені жұмыстан шығару керек. Сен орысша сөйлей алмайсың да, білмейсің де» деген сияқты әңгімелер айтты. Сайлауға келіп, осындай намысым тапталғанынан мен қорланып бара жатырмын… Бұл қалай енді? Мен оған ешқандай артық сөз айтпасам, білгенімізше айтып жатырмыз. Енді біз қазақ мектебінде қазақ ұлтын тәрбиелеп отырып, мен не үшін анаған да, мынаған да орысша сөйлеуім керек?» деп ашынған мұғалім.
Пікір қалдыру