Саясат
Кәдiмгiдей iшiм жылып қалды
Менiң жасым 78-де. Сексенге таяған адам не iстеушi едi, ертелi-кеш тележәшiктiң алдын бермеймiн.
Осы таяуда ғана тележәшiктен Астанада өткен сенбiлiктi көрдiм, бiрақ бұл жерде сенбiлiк туралы айтайын деп отырған жоқпын. Айтайын дегенiм – Астана қаласының әкiмi Әдiлбек Жақсыбеков туралы.
Сенбiлiктiң аяғында бiр тележурналист жiгiт мойны сорайған микрофонын Әдiлбек Жақсыбековке ұсынып:
– Сенбiлiк қалай өттi деп ойлайсыз? – дедi қазақ тiлiнде. Ә.Жақсыбеков ендi орысша жауап бередi-ау деп ойладым. Ойлағаның не, солай кесiп-пiшiп те қойғанмын. Әдiлбек Жақсыбеков қазақша тәп-тәуiр жауап қайтарды. Риза болғаным-ай! Әдiлбекке кәдiмгiдей iшiм жылып қалды.
Мен бұрындары былай еститiнмiн: “Әдiлбек Жақсыбеков қазақша үйренiп жатыр, бiрақ еркiн сөйлеудi әлi меңгермептi. Ана тiлiнде шала сөйлеп тұрғаннан қатты қымсынатын көрiнедi. Қазақша сөйлемейтiнi де содан екен…” және т.б. Менiңше, Ә.Жақсыбековке бұдан былай батыл, еш қымсынбай қазақ тiлiнде сөйлей беру керек деп ойлаймын. “Көш жүре түзеледi”, осылай сөйлей берсе, тiлi де жаттығып, өзi де көсiле, шешiле сөйлеуге үйренiп, әлi-ақ ана тiлiне бауыр басып алатын болады.
Бәрi ниеттен басталады. Мен еңбек ардагерi, қария ретiнде Әдiлбектiң “қазақша сөйлейiншi” деген ниетiн шын жүрегiммен құптап отырмын. Осылай жиi-жиi сөйлей берсең, айналайын Әдiлбек, аздаған кедiр-бұдырдан өзiң-ақ арыласың.
“Ниет” дегеннен шығады, қазiргi Сыртқы iстер министрi Ерлан Ыдырысовтың “Басымды ауыстырмасаңдар, ендi қазақша үйрене алмаймын…” дегенiн естiгенде, тiксiнбеген қазақ қалмады. Ниетiн қарашы, қандай жаман! “Үйренемiн! Үйренуге тырысамын!” десе қайтер едi?! Бүйтiп айта алмайды, өйткенi ниет жоқ!
Олжабай ТҰРСЫНБАЕВ,
Талдықорған қаласы.
zhasalash.kz
Пікір қалдыру