Жаһан жаңалықтары Спорт Шоу-бизнис
ИСЛАМНЫҢ ЖАҢА БЕЛЕСІ
«Қазақстан» Ұлттық арнасы отандасымыз Қанат Исламның кәсіпқой бокстағы 21-жекпе-жегін тікелей эфирде көрсетуді жоспарлауда.
Кәсіпқой бокс әлемінде «Қазақ» атымен танылған Исламның бұл жолғы қарсыласы 28 жастағы колумбиялық былғары қолғап шебері Хуан Де Анхель. Басты кездесуі Ислам мен Де Анхель арасындағы жекпе-жек болып табылатын рейтингтік бокс кеші 9 мамыр күні АҚШ-тың Флорида штатындағы Лейкленд қаласында Астана уақытымен таңғы 07:00-де басталмақ.
Кәсіпқой боксқа 2012- жылы ауысқан Қанат Ислам бұған дейінгі өткізген 20 жекпе-жегінің барлығында жеңіске жеткен. Оның ішіндегі 17 кездесуде отандасымыз қарсыластарын нокаутқа түсірген.
Ал Хуан Де Анхельге келер болсақ, колумбиялық боксшы 2008 жылдан кәсіпқойлар арасындағы сындарға қатысып келеді. Шаршы алаңда 22 жекпе-жек өткізіп 18-ін өз жеңісімен аяқтаған. Үшеуінде Де Анхельдің қарсыластары басым түссе, бір кездесу (Хуанның кәсіпқой рингтегі алғашқы жекпе-жегі) тең нәтижемен аяқталған.
Қарсыласының кәсіпқой рингтегі тәжірибесі мол десек те, Исламның мектебі жақсы. Әрі, отандасымыз әуесқойлар арасындағы сындарда толағай табыстарға қол жеткізген бірегей тұлғалардың бірі.
Қытайда дүниеге келген Қанат Аспан асты елінің атынан екі рет Олимпиада ойындарына қатысып, 2008 жылы Бейжің қаласында өткен жазғы ойындарда қола жүлдеге қол жеткізді. Исламның әлемге кеңінен танылған кезі де сол Олимпиадамен тұспа-тұс келеді.
2011 жылы атажұрты – Қазақстанға оралған Қанат сол жылы құрылған Бүкіләлемдік бокс сериясындағы (WSB) атақты Astana Arlans командасына қабылданып, отандастарын рингтегі жарқын өнерімен қуантады.
Бүгінде Қанат Америка Құрама Штаттарында жаттығады. Бапкері – танымал америкалық маман Нельсон Лопес. Де Анхельге қарсы жекпе-жек – Қанаттың кәсіпқой бокстағы кең ауқымды телеарна көрсететін алғашқы кездесуі.
Отандасымызға сәттілік тілейміз!
Қызықты кездесуді жіберіп алмай, бізбен бірге тамашалаңыздар!
«Қазақстан» РТРК» АҚ баспасөз қызметі


Пікір қалдыру