|  |  | 

Тұлғалар Әдеби әлем

«АШТЫМ КӨЗІМДІ, АЙҚАРДЫМ» Ақын Кеңшілік Мырзабеков туралы эссе

Kenshilk Mrzabek Белгілі ақын К.Мырзабеков 70 жаста

«АШТЫМ КӨЗІМДІ,

АЙҚАРДЫМ»

 Ақын Кеңшілік Мырзабеков туралы эссе

 

Торғай топырағында туған елімізге белгілі ақындар есімі қазақ поэзиясындағы жұлдыздар шоғыры тәрізді, соның бірі -дарынды ақынымыз марқұм Кеңшілік Мырзабеков. Қайран ақын 42 жасында дүние салды. Жарасқан Әбдірәшев, Шөмішбай Сәриев, Иранбек Оразбаев, Серік Тұргынбеков, Серікбай Оспанов секілді өзі буындас ақындар мен әдебиетшілер арасында Кең ақын аталған ол, азғана ғұмырында, оннан астам әдеби мұра қалдырған екен. Және қандай асыл қазына десеңізші. Шебер қолдан шыққан шілтердей көркем, оның әр өлеңі, әр кітабы қазақ поэзиясында өзіндік ерекшелігімен, өзгеше өрнектілігі мен жаңа леп, иірлі толқын ала келген-ді. ҚазМУ-дің журналистика факультетінде бірге оқыған С.Кәрімов: “Жетпісінші жылдардың бас кезінде Кең ақынға еліктеп өлең жазған ақындар көп болды “ деп еске алады. Осы орайда Кеңшілік Мырзабековтің қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар ақын екенін, оның өлеңінің қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар ақын екенін, оның өлең айшықтарымен лайықты ескерткіш тұрғызғанын еске сала кеткен жөн. Сонау Әбіқай, Ахмет, Міржақып, Есенжол, Күдері, Сейдахмет, Нұрқан сияқты ұлы ақындардан бастау алған Кеңшілік ақынның сондай үлкен поэзияның биік тұғырына көтерілгені даусыз.

Мен Кең ақынмен бала кезімнен, қазіргі СОКП XXI съезі атындағы совхоздың Түйемойнақ бөлімшесінде бірге өстім. Торғай өзені бойындағы Тосын құмы Торғайдың көз ұшына ілінбейтін жазығындағы табиғаты ерекше көркем, жанға да, малға да жайлы тұсы. Осы жерлердің табиғаты, тіршілік –тынысы Кеңшілік өлеңдерінде жиі кездеседі.

Туған ауыл, тума бауыр, туған үй.

Бір түп көде, бір түп түбір, шуда ши.

Бір топ бала жар жағалап уда-шу….

Кең ақынның «Замандас сыры» кітабындағы осы жолдар осыдан отыз бес жыл бұрынғы балалык шағымызды айнытпай көз алдымызға әкеледі. «Жар жағалаған бір топ баласы», – сол кездегі Түйемойнақтың жас тимуршылары – Жеңіс Садуов, Кеңшілік Мырзабеков, Кәдір Жүнісов, Ерболат Төлегенов, Қазгелді Әбдрахманов, Шөптібай Ғабдуәлиев және осы жолдардың авторы еді

Жорығым келді- жоруға өзім қорықтым.

…Баяғы біздің құм шетіндегі қыстауға.

Қаршадай бала қорықпай жалғыз келіппін…

Шаңыраққа салған Тосынның қызыл жидесі,

Морт сына жаздап, мертігіп біткен шүйдесі.

Ойлаймын іштей: «Жиденің бар ма, иесі.

Әйтпесе мынау қыстаудын бар ма – иесі?…

Астанада жүргенде Кең ақынның жүрегін туған жерге деген сағыныш сызаты осылай тілгілейтін. Ақынның Тосынға деген махаббаты оның қай кітабында болмасын жиі кездесетіні содан ба деп ойлайсың. Ақын досы Жүрсін Ерманов: «Көп жыл тұрған астанасына өлең арнамаған Кеңшілік үнемі Торғай туралы жырлап өтті-ау» деп еске алады. Бұл ақынның ақынға сүйсінуі еді.

Кеңшілікпен балалық шағымыздан жалғасқан достық жібі есейген шағымызда да үзілген жоқ. Оның өлеңіне деген ерекше ықыласын арамыздағы достығымызды күшейте түсті. Алматыға оқуға бірге бардық. Ондағы біраз жылдарымыз бірге өтті. Осы ыстық қарым-қатынас мен Арқалыкка ауысқанда да үзілген жоқ. Кеңшілік Арқалыққа келген сайын қарсы алып. Алматыға аттанарда шығарып салып, үнемі қасында жүрдім. Қуанышына да мұңына да ортақ болдым.

Құрбылары, елемеген кездерде,

Кең ақынды Жұмат қана жұбатты, –  деп Шөмішбай Сариев әзілдеп жазған өлең осы себептен туса керек.

1988 жылдың қазан айының оны күнін құдай тағала Кеңшілікті соңғы рет көруге жазыпты. Сол күні Кеңшілік пен Шөмішбай Сариев үйге келе қалды. Құшақтасып, қуанып табыстық. Торғайдан ақын Қайнекей Жармағанбетовтің 70 жылдық тойынан келе жатқан беттері екен. Әңгіме дүкен құрысып, түннің бір уағына дейін отырыстық. Мен Кең ақынға өзіңің кейіпкері, әрі жерлесі, елге танымал термеші, жыршы Хайролланың магнит таспасына жазылған термелерінен үзінді тыңдаттым.

Оған Кеңшіліктің көңілі тасып, Шөмішбай толғана түсті Ол:

«Кешке жақын дала салқын,

Қасымда Қайролла бар-тын.

Хайролла қара нар-тын», – деп Кеңшіліктің жас кезінде жазған өлеңін біз студент кезімізде қастерлеп қайталайтынбыз. Кең ақынның осы өлеңі сол кездің өзінде-ақ өшпейтін із қалдырды, тың -тың тыныс әкелді. Бүгін осы Кеңшілік жырлаған Хайролланың дауысын естіп, ғажайып сезімге бөленіп отырмын» деген-ді.

Одан әрі әңгіме қыза түсті. Кеңшілік бұл жолы әдебиет және оның проблемасы туралы біршама әңгіме козғады. Маған арнап біздің балалық шағымызды еске алып, «Көртоғай» атты өлеңін оқыды. Осы әңгімелердің бәрі магнит таспасына жазылып алынған болатын. Сонда: «Мен саған поэмалардан үзінді оқысам… уақыт керек болады, ал баллада оқысам Қайнекейден артық жаза алмаймын ғой балладаны…

Дәл осындай баллада

Жаза алмайды алла да» деген ғой Қақаң. Ал, лирика оқысам мен оны да жазам ғой… Бірак, Сырағаң мен Ғафаңнан озу қиын ғой» – деп жайшылықта жеңістік бермейтін Кең ақын жоқ жерде сыпайы болды да қалды. Мен сонда да болмай өлең оқуына қолқа салдым. Кең ақын біздің үйде «Көрторғай» өлеңін осы жолы оқыды:

…Қар жауды міне, айтары жоқ-ау,

Айнала аппақ көз нұрын алған.

Екі-үш үйдің бір көгеніміз.

Бар сияқты еді-ау бір қызығымыз.

Бір қызығымыз, бір көреріміз

Әттең-ай, әттең, ерте кеп көктем,

Ажырап кетті төбелеріміз.

Өлең аяқталғаннап кейін Кеңшілік мені қүшақтап. «Жұмат, біздің, бірге өткен балалық шағымызға менің атымнан ескерткіш» деді. Кейін бағдарласам Кеңшілік марқұм маған соңғы қоштасуын айтып отырған тәрізді екен… Ол өзі айтқандай, көретін қызығы да, шығатын биігі де алда еді.

 

Арада үш-төрт ай өтпей Кеңшілік ақынмен мәңгі қоштасамыз деген кімнің ойына келіпті. Алматыдан суық хабар жеткенде төбемізден таспен ұрғандай естен тандық. Ақын Жүрсін Ерманов Алматы әуежайында жүріп:

Аттандырды соңғы рет елге сені.

Өзің көрген Алматы сол кешегі.

Екі-ақ сағат ішінде Торғайына,

Жетеді деп біреулер жол кеседі.

Сенің жолың кешеден кесілуде.

Жатсың үнсіз табыттың бесігінде.

Жібергісі келмей ме Алматының

Самолеті ғайыптың кешігуде, – деп ол сорғалаған көз жасын білдірмей сығады.

Бұл кезде Аркалық әуежайында суық хабар естіген ақындар Сейіт Кенжеахметов, Қонысбай Әбілев, сыйлас ағалары Кеңесбек Мәулетов, Асқар Байжұманов, ауылдастары Кәдір Жүнісов, Қуантай Шынтеміров, Ереке Ахатов және басқа да арқалықтық әдебиетші қауымның көптеген өкілдері сол самолетті күтіп тұрған еді. Сағат түнгі шамасында кешігіп келген самолеттен түскен ақынның қаралы зайыбы Зинура мен тұңғышы Амангелдіге күтіп тұрган калың жұртшылық кайғыларына ортақ болып, көңілдерін білдірді. Мен акын Кеңшілікпен Торғайда қоштастым. Қабіріне жатқан жерің торқа болсын,-деп бір уыс топырақ салдым. Сол жолы ағасы Бақтыбай бас болып, жанашыр елдің қатысуымен Кең ақынның басына зәулім зират тұрғызды. Оның төрт құлағына Кеңшіліктің өз өлеңдері жазылды.

Иә, бұл ақынның ғана мәйітіне жарасар, соған ғана лайық дәстүр ғой. Ылайымда жақсы іс осылай жалғасын таба бергей, мен өткен жылы Қасыма Кеңшілікпен бірге оқыған Есентай Сарымсақов пен Тоқберген Әбішевті ертіп, зират басында ақынға арнап құран қайырттым. Кең ақынның анасы Мәркүл анамыз мені көргенде: «Кеңшілікпен кішкентайыңнан құлындай тебісіп, бірге өсіп едің», деп көзіне жас алып егілді. Ақынның зайыбы Зинура елге жылда келіп, зират басына гүл қояды. Ол жазды күні кіші ұлы Мағжанын ертіп келді. Қайран өмір осылай жалғасын табуда.

1989 жылы күзде Арқалыққа ақын Шөмішбай Сариев командировкамен соқты. Екеуіміз біраз күн бірге болып, әңгімеміздің арқауы Кеңшілік ақынға қатысты болды.

«Өмір деген өң мен түстей өтерде,

Ерке қылық жасамайды бекерге,

Сапары екен Кеңшіліктің ең соңғы,

Ел-жұртым деп алаңдап ед кетерде.

 

Арқалықта өлең жазып отырмын,

Кеңшіліксіз өтіп жатыр жол бірақ!

17 кыркүйек 1989 жыл

Шөмішбай Сариев» деп қол қойып, осы өлеңін маған калдырып кетті. «Жолда, өмір де» Кең ақынсыз өтіп жатқанымен, оның өлеңдері маған, өлең сүйер қалың қауым мәңгі серік. Ұрпақтан ұрпаққа тарар рухани қазына болып көрінеді. Өмірден жұлдыздай ағып өткен дарынды ақын Кеңшілік Мырзабеков туралы осы шағын естелікті жанымен, жалын шарпуымен жазған оның өрнекті өз өлеңімен көмкеруді жөн көрдім.

Шаштым, төгілдім, шайқалдым.

Жастық буы бар «сайтанның».

Буы биледі, уын ұрттадым.

Уын ұрттадым, уыт қайтардым.

Шаштым, төгілдім, шайқалдым.

Аштым өзімді, айқардым.

Көңіл меселін мың сан қайтардым,

Өмір есебін шештім деп қалай айтармын.

Басып қамшымды, барыммен байқалдым.

Кімде жоқ дейсің өксік өкініш.

Мүмкін кейіндер бармақ тістермін.

Мүмкін мен дағы басты шайқармын.

Шаштым, төгілдім, шайқалдым.

“Өмір сүрдім” деп айтармын, деген екен сабаз.

Ей, бұл жалған ғұмыр ай, десейші, ақынның ақыны ғана айта алатын сөз бұл!

Жұмат ӘНЕСҰЛЫ, журналист, жазушы

 kerey.kz

Related Articles

  • Ғалым Боқаш мерейлі 50 жаста

    Ғалым Боқаш мерейлі 50 жаста

    Altyn Magauina Бүгін Атамыздың ең жақын шәкірттерінің бірі, біздің бауырымыз, қазақтың мақтан тұтатын жастарының бірі Ғалым Боқаш мерейлі 50 жасқа толып отыр. Біз үшін бұл күн – жай ғана Ғалымның туған күн емес, бұл – оның жарты ғасырлық өнегелі өмір жолының, адал еңбегінің, биік парасат пен адамгершілігінің мерекесі. Біз Ғалымды тек терең білімі үшін емес, үлкен жүрегі үшін қадірлейміз. Ғалымның әлемнің ең беделді оқу орындарының бірі – Оксфорд университетінде білім алып, “Азаттық радиосында жемісті еңбек етіп, бүгінде Америка Құрама Штаттарының мемлекеттік қызметінде абыройлы жұмыс атқарып жүргені оның табандылығының, білімге құштарлығының және еңбекқорлығының айқын көрінісі. Алайда адамның шынайы бағасы оның қызметімен немесе жеткен жетістіктерімен ғана өлшенбесе керек. Адамның қадірі оның жүрегінде,

  • Қазақ этногенезінің дағдарысы һам жаңа концепция

    Қазақ этногенезінің дағдарысы һам жаңа концепция

    Арма ағайын! Шағын сараптама Бірінші, қазақ этногенезінің дағдарысы келе жатыр. Дағдарысқа қарсы қазақ этногенезінің жаңа концепциясының жасалмауы алаңдатады. Біз қазір 18 ғасырлардағы қазақ хан-сұлтандары қабылдаған этногенездік концепциясымен әлі өмір сүріп келе жатырмыз. Одан кейінгі үш ғасырда колонизациялық кіріптарлық этногенездік жаңа концепцияны қабылдауға һәм трансформациялауға мұрсат бермеді. Қолданыстағы қазақ шежіресін ашып қараңыз, рулар шежіресінің концепциясы 18 ғасырларда қабылданған мизамға сәйкес келеді. Тіпті шежіредегі аталық рулар сол ғасырдағы қандайда бір тарихи тұлғадан (батырдан) бастау алады немесе шежіредегі аты аталатын рулар 18- ғасырға барып тоқтайды, ары қарай үзік-үзік. Бұл 18- ғасырдағы жаугершілік заманның талабына сай сұрыпталған қазақ этногенезінің көрінісі еді. Яғни қазақ шежіресінің концепциясы қазақ этногенезінің моделін қалыптады. Екінші, саяси және мәдени шешімдердің

  • КӨКБАЙ АТА ШЫҒАРМАЛАРЫ – ҚАЗАҚТЫҢ ӨРКЕНИЕТТІК ӨРЕСІНІҢ АЙҒАҒЫ

    КӨКБАЙ АТА ШЫҒАРМАЛАРЫ – ҚАЗАҚТЫҢ ӨРКЕНИЕТТІК ӨРЕСІНІҢ АЙҒАҒЫ

    Адамның бәрі бірдей емес. Ақыл-ойы еркін, мәнді, құнды дүниелер туғыза алатын, жасампаздық қуаты зор адамдар болады. Сол сияқты өркениеттік әлеуеті (потенциалы) зор халықтар болады. Ондай қасиет өзіндік құндылықтар жүйетін жасай алатын, ешкімге ұқсамайтын, терең тамырлы руханияты бар халықтарда болады. Қазақтың бүкіл тарихы мен мәдениеті біздің сондай халықтар санатына жататынымыздың айғағы. Сондай айғақ Абайдың ақындық мектебінің көрнекті өкілі Көкбай Жанатайұлы шығармашылығында молынан табылады… Кеше Семей қаласындағы Абайдың қорық- музейінде Көкбай Жанатайұлының 165 жылдығына арналған “Абайдан сабақ алдым бала жастан” атты әдеби кеш өтті. Зал белгілі абайтанушы, профессор Жандос Әубәкірдің тағылымы мол, әсерлі баяндамасын ерекше ынтамен тыңдады. Спикерді тыңдап отырып: “Біз Көкбайды тіпті білмейміз деуге болғандай екен ғой… Кейде тіпті жеңіл, үстірт

  • ҒАЛЫМ БОҚАШ. «Өзіне ар тұтқан, жаттан зар тұтады!»

    ҒАЛЫМ БОҚАШ. «Өзіне ар тұтқан, жаттан зар тұтады!»

    Екі мыңыншы жылдардың басында қазақ руханиятында ерекше басылымдар болды. Атап айтсақ, Атырау шәрінде шыққан «Алтын Орда» газеті болса, одан кейінгісі Алматы қаласында шығып тұрған «Жас қазақ», сондай-ақ «Шетел Әдебиеті» сынды газеттер еді. «Алтын Орда» газетіне Мейірхан Ақдәулетұлы, ал қалған екеуіне Талғат Ешен мен Ардақ Нұрғазы іспетті қазақтың интеллектуал азаматтары бас редактор болған еді. Бәрі  де есімдері елге мәлім, ғажайып ақындар. Бәз біреулердің: «Журналист болмаса, ақын ешқашан жарытып газет шығара алмайды», – деген сыпсың сөздерінің ауызына құм құйып, әлгі әпербақан түсініктің аяғын көктен келтірген де осы талантты қаламгерлер болды.  «Әдебиет порталы» «УАҚЫТ ПЕН КЕҢІСТІК…» айдарымен  тек аталған осы басылымдар ғана емес, жаңа ғасырдың басында қазақ баспасөзінде жарық көрген небір жілікті жазбалар мен танымдық

  • Ел қорғаны – Алмат Сардар

    Ел қорғаны – Алмат Сардар

    Сардар Алмат Тобабергенұлы – өз дәуірінде ел басқарған, беделді тұлғалардың бірі болған. Ол Ырғызда болыс қызметін атқарып, халық арасында сыйлы адам ретінде танылған. Алмат Тобабергенұлының ерлік пен елдік тоғысқан дара жолын кейін балалары Самырат пен Төремұратта жалғыстырды. Ал оның шөбересі Ғалымжан Әбдісаламов Еуропа мен Орта Азияға танымал қазақтан шыққан тұңғыш скрипкашы болған. ХІХ ғасырдың басында дүниеге келіп, сол ғасырдың соңғы он жылдығында өмірден өткен алмат Тобабергенұлы басындағы билігі мен беделін елінің игілігіне, жұртының тұрмыс-тіршілігіне арналған өз заманының айтулы тұлғаларының бірі еді.  «Аржағы да атақты ер…» Тағы бір жүз жыл әрі жылжып, ХVІІІ ғасыр тарихын парақтасақ, ол кезеңде ел басынан өткен қайғылы оқиғалар көп болғанын көреміз, «ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» халқымызды

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: