|  | 

Жаһан жаңалықтары

Гүлен қозғалысының биліктің кәріне ұшырауы

Фетхулла Гүлен (сол жақта) мен Режеп Тайып Ердоғанның бірге отырған суреті.

Фетхулла Гүлен (сол жақта) мен Режеп Тайып Ердоғанның бірге отырған суреті.

Түркия билігі 15 шілдеде мемлекеттік төңкеріс жасамақ болды деп АҚШ-та тұратын діндар Фетхулла Гүленді айыптайды. Ел арасында да осындай пікір орныққан. Оның сырына Гүлен қозғалысының тарихынан қанығуға болады.

ГҮЛЕН ҚОЗҒАЛЫСЫ НЕНІ КӨЗДЕЙДІ?

Фетхулла Гүлен әу баста сүнниттік исламның ханафи мәзхабын ұстанатын тегі күрд оттоман ғалымы Саид Нурсиді қолдаған. Бірақ, 1970-жылдары одан бөлініп, жеке діни ұйым құрған. Кейін бұл топты «Гүлен жамағаты» деп атайтын болған.

Зайырлы бағытты қатаң ұстанатын әскери үкіметтердің тұсында жұмыс істеген басқа секталар сияқты Гүлен қозғалысының да жұмысына тыйым салынды, сөйтіп олар 1983 жылға дейін жасырын жұмыс істеді. Бұлар басқа діни топтар тәрізді Құран үйретіп, ғибадат жасауға емес, саясатқа көбірек көңіл бөлді. Біртіндеп бизнесмендердің қолдауына ие болған олар Түркиядағы консервативті діни топтардың арасындағы саяси ойыншыға айналды.

Түрік діни қайраткері Фетхулла Гүлен. Пенсильвания, АҚШ, 16 шілде 2016 жыл.

Түрік діни қайраткері Фетхулла Гүлен. Пенсильвания, АҚШ, 16 шілде 2016 жыл.

«Сол тұста [Гүлен] қоғамда «өжет те жанкешті адамдарды» тәрбиелегісі келетінін жазған. Сөйтіп олар үкіметтегі түрлі маңызды орындарға: полицияға, сот жүйесіне, ішкі істер министрлігіне, тіпті армияға өз тәрбиесінен өткендерді кіргізе бастады», – дейді Түркиядағы Ислам топтары бойынша жетекші мамандардың бірі Русен Чакир.

Дегенмен, ашық әрекет ететін басқа саяси партиялардай емес, Гүленнің тобы өзі жайлы деректерді құпия ұстады. Құрамында қанша кісі бар, олар кімдер, саясатта не көздегендері бар – осының барлығы жұмбақ болатын. Гүленнің қозғалысы мен оған қатысы бар «қорлар» мен компаниялар байыған үстіне байып, ұлғайып, қатарын толықтырып жатыр деген алыпқашпа сөз көп айтылғанымен, бұған ешқандай нақты дәлел болған жоқ.

ҚОЗҒАЛЫСТЫ КІМДЕР ҚОЛДАЙДЫ?

Гүлен қозғалысының құрамындағы адам санын, олардың қаржысын нақты айту мүмкін емес. Көп болжамдарға қарағанда, 40 жылдың ішінде оның қатарына ондаған мың адам қосылған.

Қозғалыс басшысы ешқандай арнайы «желі» құрмағанын айтумен келеді. «Басқа саяси партиялар сияқты біз де ұйымдасқан желісіз-ақ кез келген мемлекеттік мекемедегі қызметкерді өз жағымызға тарта аламыз» дейді Фетхулла Гүлен.

Дегенмен, Чакирдің айтуынша, Гүлен қозғалысының кеңесшілері мектеп бітіріп жатқан жас мүшелерінің мамандық таңдауына ықпал етіп, жол көрсете алады. Басқа бірде-бір партияның мұндай мүмкіндігі жоқ.

БИЛІКТІҢ ҚЫРЫНА ІЛІНУ

1970-жылдары үкімет армия және қауіпсіздік қызметін гүленшілердің «жансыздарынан» тазару науқанын жүргізді. 1980-жылдары зайырлы партиялар мен басылымдар армияда жасырын «фетхуллашылардың» бар екенін айтып, дабыл қаққан еді.

Армия мен мемлекеттік қызмет саласына дендеп енген Гүлен жақтастары қатарларына қозғалыстың басқа мүшелерін де тарта бастады. Ақпарат құралдарының хабарлауына қарағанда, 2010 жылы Гүлен қозғалысының мүшелері мемлекеттік қызметке үміткерлер тапсыратын емтихан сұрақтарын тексерген.

Гүлен өз жамағатына бағыт беріп, жол сілтесе, мектептері Түркия мен одан тыс аймақтарда оның атын шығарып жатыр. Кейбіреулер оны «үкіметке ықпалын білдірмеу үшін мектептерін көз алдау мақсатында пайдаланады» деп сынайды. Ал Гүленнің өзі болса Түркиядағы білім деңгейін көтеру оның басты мақсаттарының бірі екенін жиі айтады.

1999 жылы мемлекеттік телеарнадан оның жасырын таспаға жазылған сөзі жарияланды. Онда Фетхулла Гүлен «үкіметке үндемей дендеп еніп, «дер сәтті» сабырмен күтуге» шақырған.

«Тым асықсаңдар түріктің мемлекеттік мекемелері желкелеріңе мінеді», – деген ол.

Зайырлы үкімет пен баспасөздің қысымына шыдамаған Фетхулла Гүлен 1999 жылы АҚШ-қа қоныс аударған.

ЕРДОҒАНМЕН АРАЗДАСУ

2000-жылдары полиция, сот жүйесі, БАҚ, білім салаларында, тіпті армияда Гүленнің жақтастары тым көбейіп кетті. Мұның үстіне ол 2003 жылы үкімет басына келген Режеп Тайып Ердоғанмен жақын болды. Гүлен мен Ердоғанның Ислам жөніндегі көзқарастары ұқсас болғанымен, олардың зайырлы мемлекеттегі ислам қозғалыстарының жұмысына қатысты ұстанымдары әркелкі.

Түркияда мемлекеттік төңкеріс жасау әрекеті сәтсіздікке ұшарғаннан кейін президент Ердоғанды қолдап шеруге шыққан адамдар. Стамбул, 19 шілде 2016 жыл.

Түркияда мемлекеттік төңкеріс жасау әрекеті сәтсіздікке ұшарғаннан кейін президент Ердоғанды қолдап шеруге шыққан адамдар. Стамбул, 19 шілде 2016 жыл.

Ердоғанның Әділет және даму партиясы (AKP) 2002 жылғы сайлауда жеңіске жеткенде Гүлен қозғалысы оны ашық қолдады. Ал Ердоған үкіметі 2010 жылға дейін қозғалыстың жұмысына жылы қабақ танытып келді.

2010 жылдан бастап Ердоған Гүленге бүйрегі бұратындарға қарсы шара қолдана бастады. Алдымен полицияны, Гүленнің «бастапқы білім беру мектептерін» «тазалаған» ол әскерилерге онша тиісе қойған жоқ. 2013 жылы үкіметтегі жемқорлықты әшкерелейді деген аудиотаспалар жария болып, премьер мен оның айналасындағылардың басы дауға қалғанда Ердоған Гүленмен қарым-қатынасын біржола үзді. Себебі, Ердоған мұны гүленшілердің тосыннан жасалған қастандығына жатқызды.

ЖАППАЙ ҚАРМАУ

Түркияда биыл шілдеде мемлекеттік төңкеріс жасау әрекеті басталған соң 48 сағаттың ішінде полиция, қауіпсіздік күштері және армия Гүлен қозғалысына жақын-ау деген 7 мыңға жуық күдіктіні тұтқындады. Келесі жеті күн ішінде ұсталғандар саны 50 мыңнан асқан, дегенмен олардың кейбірі босатылған. Ақпарат құралдары, компаниялар, тіпті мектептер жабылған немесе олардың басшылары қамалған.

15 шілдедегі сәтсіздікке ұшыраған төңкерістен соң Гүлен қозғалысының ондаған мүшесі өз қауымындағы жоғары шенді басшылардан ауызша немесе хабарлама түрінде нұсқау алғандарын мойындады. Тіпті бір полковник өзінен лауазымы жоғары генералға нұқсау бергенін ашық айтты.

Полиция көлігі 15 шілдедегі оқиғаға қатысты делінген сарбаздарды әкетіп барады. Стамбул, 20 шілде 2016 жыл.

Полиция көлігі 15 шілдедегі оқиғаға қатысты делінген сарбаздарды әкетіп барады. Стамбул, 20 шілде 2016 жыл.

Әсіресе шетел жұртшылығын гүленшілдердің аз уақыттың ішінде қалайша тез анықталғаны таңқалдырды. Көп жұрт, соның ішінде Еуроодақты кеңейту жөніндегі комиссар Йоханнес Хан төңкерістен бұрын-ақ үкіметтің қолында күдікті адамдардың тізімі болған деген болжам айтты. Енді бір сарапшылар тіпті бұл төңкерісті «әдейі ұйымдастырылған спектакльге» балады.

Гүлен тобының түріктердің саяси сахнасында 40 жылдан бері белсенді әрекет етіп келе жатқанын, ал Ердоғанның авторитарлық басқару әдісіне сүйенетінін ескерер болсақ, мемлекеттік қызмет, білім және бизнес салаларындағы Гүлен жақтастарының тізімі бұрыннан болған деуге қисын бар, оларды арнайы қызметтердің жіті бақылағаны жасырын емес.

Ердоған кеңесшілерінің айтуынша, түрік президенті қарулы күштерді осы тамызда «тазартуды» ойлап жүрген. «Төңкерісшілер» соның алдын алу үшін әрекеттенген болуы ықтимал. «Тым асықсаңдар түріктің мемлекеттік мекемелері желкелеріңе мінеді» деген сөзді Гүлен осыдан 17 жыл бұрын айтқан деседі. Оның тобы бұл бүлікке қатысса да, қатыспаса да, Гүленнің бұл сөзі қазір сәуегейлік мәнге ие болып тұр.

(Материал ағылшын тілінен аударылды.)

Азат Еуропа / Азаттық радиосы 

Related Articles

  • Зеленскийдің “жалғыз сенері әрі оң қолы”. Андрей Ермак кім?

    Зеленскийдің “жалғыз сенері әрі оң қолы”. Андрей Ермак кім?

    Рэй ФЕРЛОНГ Андрей Ермак (сол жақта) пен Украина президенті Владимир Зеленский (оң жақта). 2019 жыл. Андрей Ермак ұшақтан түсе сала өзінің бастығын құшақтады. 2019 жылы қыркүйекте президент Зеленскиймен жылы жүздесу жаңадан басталып келе жатқан саяси серіктестіктің басы еді. Бұл – Ермактың Ресей түрмесінде отырған 35 украиналықты Мәскеуден алып келген сәті. Ал 2020 жылы Ермак Зеленский әкімшілігінің басшысы болды. Бірақ Украинадағы жемқорлық шуынан кейін оның қызметіне жұрттың назары ауды. Себебі Ермак Украина энергетикалық инфрақұрылымына бөлінген қаржы жымқырылған коррупция схемасында негізгі рөлде болған деген ақпарат тараған. Бірақ тергеушілер бұл жайттың жай-жапсарын толық ашқан жоқ. Ермактың өзі Азаттықтың Украина қызметінің ресми сауалдарына жауап берген жоқ. Сонымен Зеленскийдің кеңсесін басқарып отырған Ермак кім? ТЕЛЕВИДЕНИЕДЕН

  • Тоқаев Нью-Йоркте Зеленскиймен кездесті

    Тоқаев Нью-Йоркте Зеленскиймен кездесті

    Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Йоркте Украина президенті Владимир Зеленскиймен кездесті. 22 қыркүйек 2025 жыл. Тоқаев пен Зеленский. Сурет: Ақорда 21 қыркүйек күні Қазақстан президенті БҰҰ Бас ассамблеясына барған сапарында Нью-Йоркте Украина президенті Владимир Зеленскиймен кездесті. Ақорда баспасөз қызметінің хабарлауынша, президенттер екіжақты экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастық мәселелерін талқылаған. Сондай-ақ, Зеленский “Украинадағы жағдайға байланысты көзқарасын” білдірген, ал Қазақстан басшысы “қақтығысты тоқтату мақсатында дипломатиялық жұмыстарды жалғастыру қажет” деген. Зеленский осы кездесу туралы мәлімдемесінде Украина, АҚШ, Еуропа және өзге елдердің соғысты тоқтату жөніндегі талпынысын талқылағанын айтты. Оның сөзінше, қос басшы сондай-ақ екіжақты сауда-экономикалық әріптестікті, қазақстандық компаниялардың Украинаны қалпына келтіру ісіне қатысуға деген қызығушылығын сөз еткен. 2022 жылғы ақпанда Украинаға басып кірген Ресей Қазақстанның ең

  • “Ақ қасқырлар”. Өзбекстан футболы жетістігінің сыры неде?

    “Ақ қасқырлар”. Өзбекстан футболы жетістігінің сыры неде?

    Руслан МЕДЕЛБЕК Өзбек ойыншысы Абдукодир Хусанов (2) пен БАӘ ойыншысы Луанзиньо (21) әлем кубогына іріктеу ойынында. 5 маусым, 2025 жыл. Футболдан 2026 жылғы әлем чемпионатына Өзбекстан құрамасының жолдама алғанына жастар футболының қандай қатысы бар? Өзбекстан футболы жетістігінің себебіне үңілдік. “ӘЛЕМДІК АРЕНАҒА ҚОШ КЕЛДІҢІЗДЕР” Өзбекстан Азия құрлығында Иран, Катар, БАӘ, Қырғызстан, Солтүстік Корея бар топтан екінші орын алып, 2026 жылғы әлем кубогына лицензия иеленді. Өзбек футболшылары тоғыз ойынның бесеуінде жеңіп, үшеуінде тең түсіп, бір ойында жеңілген. Осы нәтиже ұлттық команданың әлем чемпионатына шығуына жеткілікті болды. Бұл топтан Өзбекстаннан бөлек Иран да әлем чемпионатына қатысады. Өзбекстан әлем чемпионатына шығуға бірнеше рет өте жақын болған еді. Мәселен, 2014 жылғы әлем біріншілігінің іріктеуінде Иран,

  • Миллиардер Билл Гейтс бар байлығын Африка елдеріне аудармақ

    Миллиардер Билл Гейтс бар байлығын Африка елдеріне аудармақ

    Microsoft компаниясының негізін қалаушы және әлемдегі ең бай адамдардың бірі саналатын Билл Гейтс өзінің байлығын қайда жұмсайтынын ресми мәлімдеді. Кәсіпкер Африка елдеріндегі денсаулық сақтау, білім беру және кедейлікпен күрес салаларына шамамен 200 миллиард доллар инвестиция салуды жоспарлап отыр. «Жуырда мен өз байлығымды 20 жылдың ішінде толықтай тарату жөнінде шешім қабылдадым. Қаражаттың басым бөлігі осы жерде, Африкада, түрлі мәселелерді шешуге көмектесуге бағытталады», – деді Билл Гейтс өзінің қорымен бірлескен баспасөз мәслихатында. Басты басымдықтар: – инфекциялық аурулармен күрес (соның ішінде безгек, туберкулез, ВИЧ); – ана мен бала денсаулығын жақсарту; – ауылдық аудандардағы білім беру сапасын арттыру; – таза ауызсу мен санитария инфрақұрылымын дамыту; Билл Гейтс: «Бұл – қайырымдылық емес, бұл – инвестиция.

  • Украина “өрмегі” заманауи соғысты қалай өзгертті? Әскери сарапшылар пікірі

    Украина “өрмегі” заманауи соғысты қалай өзгертті? Әскери сарапшылар пікірі

    Украина “өрмегі” заманауи соғысты қалай өзгертті? Әскери сарапшылар пікірі Амос ЧЭПЛ Ресейлік “Белая” әуе базасын шабуылдаған украин дронынан түсірілген видеодан скриншот. Фото:Source in the Ukrainian Security  1 маусым күні жарияланған видеода бомбасы бар квадрокоптерлер жүк көлігінен ұшып жатқаны көрінеді, арғы жағында өрт болып жатыр. Сол күні Украина қауіпсіздік қызметі Ресей аэродромдарына соққы жасағанын, нәтижесінде Кремльдің стратегиялық бомбалаушы ұшақтары жойылғанын мәлімдеді. Әскери тактика бөлмелерінде бұл видеоларды мұқият зерделеп жатқаны анық. “Бұл шабуылды бүкіл әлем әскери қызметкерлері дабыл деп қабылдауы қажет” деді Жаңа америкалық қауіпсіздік орталығының Қорғаныс бағдарламасы директоры Стейси Петтиджон (ханым) Азаттық радиосына. “[1 маусымдағы шабуыл] көптеген қыры бойынша Украинаның ұзаққа ұшатын дрондар шабуылынан тиімді бола шықты. Өйткені шағын дрондар шашырап кетіп, әртүрлі нысандарды көздей алады

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: