|  | 

Жаңалықтар

Нұрсұлтан Назарбаев Республикалық жастар форумына қатысты

Нұрсұлтан Назарбаев Республикалық жастар форумына қатысты-деп хабарлайды Ақорда баспа сөз қызметі.
Астана қаласы, Тәуелсіздік сарайы
 Форумға Қазақстанның барлық өңірінен 1000-нан астам адам, соның ішінде кәсіпкерлер, өндірістің түрлі саласының еңбеккерлері, ғалымдар, студенттер, танымал спортшылар мен жастар ұйымдарының көшбасшылары қатысты.

Мемлекет басшысы өз сөзінде еліміз тәуелсіздік алған бастапқы уақыттағы мемлекеттілікті қалыптастырудың қиын кезеңі туралы әңгімелеп, республикамызда жастардың өмірден өз орнын табуына бірегей мүмкіндіктер жасалғанына, жедел өзгеру үстіндегі қазіргі әлемнің заманауи талаптарына сай келетін, сын-қатерлеріне лайықты төтеп беретін сапалы білім алудың маңыздылығына назар аударды.

Қазақстан Президенті еліміздің жеткен табысының тарихы – ең алдымен оның жастары қол жеткізген табыстың тарихы екенін атап өтті.

– Жас ұрпаққа, өткеніміз бен келешегімізге қамқорлықпен қарау әрқашан менің саясатымның басты мән-маңызы болып келеді. Әрбір жас қазақстандықтың білім алуына, жұмыс істеуіне, отбасын құруына, баспана алуына мүмкіндігі бар, – деді Елбасы.

Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев «Баршаға – кәсіби білім» бағдарламасының енгізіліп жатқанын айтты.

– Мемлекет баршаның өндірістен жұмыс орнын табуына кепілдік беретін өмірдегі алғашқы жұмысшы мамандығын тегін алуға мүмкіндік туғызып отыр, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында жас кәсіпкерлерге қолдау көрсету ісіне зор мән беріліп отырғанын айтты.

– Тек 2016 жылғы бірінші жартыжылдықта жас бизнесмендердің 55 жобасына банк несиелерінің пайыздық төлемдерін мемлекет тарапынан субсидиялау түріндегі қаржылық қолдау көрсетілді. Біздің мақсатымыз – еліміздің шағын және орта бизнесінің Қазақстан өнімінің жартысынан астамын өндіруіне қол жеткізу, – деді Елбасы.

Қазақстан Президенті «Жасыл ел» студент және жастар жасақтары жұмысына қатысушыларға айрықша ризашылығын білдірді.

– Еңбек жасақтарының жұмысына 250 мыңнан астам жас атсалысты. Олар 150 мың гектар жерге 50 миллионға жуық ағаш отырғызды. Еңбек жасақтарының ізгі мақсаты – елімізді көгалдандыру және оның экологиялық тұрғыдан таза болуын қамтамасыз ету, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздік жылдарында жас зерттеушілер мен ғалымдар санының артқанын айтты.

– Жастарымыздың әлемдік деңгейдегі Назарбаев Университетінде білім алуына мүмкіндіктері бар. Бүгін жастар алдында бар әлемнің есігі ашық. Сіздер жақсы уақытта өмір сүріп, болашаққа нық қадам басып бара жатқан елмен бірге өсіп келесіздер. Ел ішінде де, әлемде де, соның ішінде мемлекеттер арасындағы қарым-қатынас саласында да жұмыс жасайтын бір ғана қағида бар, ол – бәсекеліктің мәңгілік механизмі, – деді Елбасы.

Қазақстан Президенті ғылымды қамтитын экономикаға көшу оның өсімінің икемділігін, қарқындылығын және орнықтылығын қамтамасыз ететінін атап өтті.

– Сондықтан Қазақстанның әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына қосылуы ғылымды қамтитын экономикаға негізделуге тиіс. Әлем жаңа технологиялық дәуірге аяқ басты. Оның үрдістері таңғалдырады, тәнті етеді және тамсандырады, сонымен бірге ол елдің келешегіне қатысты мәселеге орай қатаң талап қояды. Болашақ біздің алдымызға мынадай үзілді-кесілді шарт қойып отыр: бар бол, жетіл немесе жоқ бол! – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев жаңа технологиялар заманында қоғам үшін сын-қатер болып саналатын құбылыстарға айрықша тоқталды.

– Бұл инновациялардың артында тұрған негізгі әлеуметтік сын-қатер ол – көптеген кәсіп түрінің жойылуы, жұмыс орындарының жаппай қысқаруы, яғни жаһан бойынша жұмыспен қамту аясының тарылуы. Осы орайда бұған дейін менің бастамаммен әзірленген инновациялық индустрияландыру, «Нұрлы жол», «100 нақты қадам» ұлт жоспары бағдарламаларымен тығыз байланысты Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамының өзектілігі ерекше артып келеді, – деді Елбасы.

Сондай-ақ, Қазақстан Президенті дамыған елдердің университеттерінде қарқын алып келе жатқан жастар инновациясына баса назар аударды.

– Қазақстан студенттері ортасында да стартап санының артуы үшін осындай қолайлы жағдай жасау қажет деп санаймын. Қазір еліміздің жетекші жоғары оқу орындарында да алғашқы табысты жобалар пайда бола бастады. Осы тәжірибені өрістете түсу керек. Бұл – Білім және ғылым министрлігі басшылығының, жоғары оқу орындары мен Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басшыларының міндеті, – деді Мемлекет басшысы.

Бұдан бөлек, Қазақстан Президенті туризм, құрылыс, халыққа қызмет көрсету салаларында, жеңіл өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығында еңбекпен қамтуға және кәсіпкерлікті дамытуға мол мүмкіндіктер бар екенін айтты.

Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев спортшылар мен шығармашыл жастарға, барлық жас өнер қайраткерлеріне ыстық ықыласын білдірді.

– Мәдени бағдарлама аясында және «Болашақтың энергиясы» атты тақырыппен өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіндегі волонтерлер жұмысы барысында Қазақстанды лайықты деңгейде танытуларыңа тілектеспін, – деді Мемлекет басшысы.

Соңында Қазақстан Президенті баршаға денсаулық, бақыт және игілік тілеп, мемлекеттің барлық табысына еліміздегі тұрақтылықтың, тыныштықтың және 100-ден астам этнос өкілдері достығының арқасында қол жеткізілгенін атап өтті.

Форум барысында Астана қалалық мәслихатының депутаты А.Оралов, «Болашақ» бағдарламасының стипендиаты, театр және кино әртісі А.Әлімжан, «Зерде» ұлттық ақпараттық-коммуникациялық холдингі» АҚ басқармасының төрайымы Ә.Жиенбаева, Қазақстан халқы Ассамблеясының белсендісі М.Споткай, 2016 жылғы Азия IT конференциясының жеңімпазы С.Нәукенов, «Қазақстан алюминийі» АҚ экономисі Ә.Досанова, «Open Technologies Group» компаниясының негізін салушы Қ.Ахметов, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ басқармасының төрағасы Қ.Төлеушин, «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары республикалық штабы» жекеменшік мекемесі басшысы Р.Хамидуллин, Қарағанды мемлекеттік университеті «Роботтар мен ақылды машиналар зертханасының» меңгерушісі Н.Есмағамбетов, гроссмейстер, шахматтан халықаралық турнирлер чемпионы Д.Сәдуақасова, кәсіпкер, «Қазақстандық OTAN сағат компаниясының» басшысы А.Тоқсанбаев, Мюнхендегі Максимилиан Людвиг университетінің докторанты Қ.Әбдиева, «TERRAPOINT» ЖШС инженері Д.Хоменко сөз сөйледі.

Related Articles

  • Тұрсын Жұманбай «Үйсінбай кітабы»

    Тұрсын Жұманбай «Үйсінбай кітабы»

    Бұл Дағандел, Бақанас өлкесінен шыққан би Үйсінбай Жанұзақұлы хақында құрастырылып жазылған кітап. Тың толықтырылған еңбекте болыс Әлдеке Күсенұлы, Дағанделі болысының басшылары мен билерімен қатар Әбдірахман Әлімханұлы Жүнісов сынды айтулы тұлғалар жайлы әңгіме қозғалған. Олардың ел алдындағы еңбектері, билік, кесім – шешімдері, халық аузында қалған қанатты сөздері мен өмір жолдары, ата – тек шежіресі қамтылған. Сонымен қатар мұрағат деректеріндегі мәліметтер келтірілген. Кітапқа есімі енген ерлердің заманы, үзеңгілес серіктері туралы жазылған кей мақалалар, жыр –дастандар, үзінділер енген. Кітап қалың оқырман қауымға арналған. Тұрсын Жұманбай «Үйсінбай кітабы», - Жебе баспасы, Шымкент қаласы.134 бет толық нұсқасын төмендегі сілтеме арқылы оқи аласыз. Үйсінбай кітап kerey.kz

  • Thai AirAsia X Алматы – Бангкок тікелей рейстерін іске қосады: визасыз*

    Thai AirAsia X Алматы – Бангкок тікелей рейстерін іске қосады: визасыз*

     Тайландтың сан қырлы дәмдерімен, бояуларымен және мәдениетімен танысыңыз — бір бағытқа 199 USD-ден басталады Алматы, 2025 жылғы 8 қыркүйек – Thai AirAsia X Алматы (Қазақстан) мен Бангкокты (Тайланд, Дон Муанг әуежайы) байланыстыратын жаңа әуе бағытының іске қосылуын қуана хабарлайды. Енді қазақстандық саяхатшылар қысқы маусымда жайлы әрі қолжетімді бағамен жылы самалға бөленген, күн шуағымен нұрланған әрі жарқын өмірімен танымал Бангкокқа ұша алады. Жаңа рейс 2025 жылғы 1 желтоқсаннан бастап аптасына төрт рет – дүйсенбі, сәрсенбі, жұма және жексенбі күндері орындалады. Ұшулар сыйымдылығы 367 жолаушыға арналған кеңфюзеляжды Airbus A330 ұшағымен жүзеге асырылады. Іске қосылуына орай Thai AirAsia X бір бағытқа 199 АҚШ долларынан басталатын арнайы промо-тарифті ұсынуда. Билеттерді 2025 жылғы 8–21 қыркүйек аралығында,

  • Астанада 2025 жылғы киножобалар питчингінің жеңімпаздарымен кездесу өтті

    Астанада 2025 жылғы киножобалар питчингінің жеңімпаздарымен кездесу өтті

    Астанада «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының» Басқарма төрағасы Құрманбек Жұмағали 2025 жылғы питчинг сынынан сүрінбей өткен ашық конкурс жеңімпаздарымен кездесті. Іс-шара дөңгелек үстел форматында өтіп, оған Сараптамалық кеңес мүшелері мен Орталық мамандары қатысты. Жиында отандық киноиндустрия алдында тұрған басты міндеттер мен басым бағыттар талқыланды. Биылғы байқауға жалпы 444 өтінім тіркелді. Соның ішінде 16 жоба мемлекеттік қолдауға лайық деп танылды. Олардың қатарында үш дебюттік жұмыс және Тайландпен бірлескен киножоба бар. Бұл қазақстандық авторлардың халықаралық ынтымақтастыққа дайын екенін және шетелдік әріптестермен байланысын нығайтып отырғанын көрсетеді. Кездесу барысында Орталықтың басқарма төрағасы Құрманбек Жұмағали – «Сапалы фильм түсіру – басты талап. Конкурста жеңіске жеткен жоба жетекшілерінің кино өндірісінің алғашқы сатысынан бастап, экран арқылы көрерменге жету кезеңіне дейін

  • «Қайрат»-«Реал» матчының билет бағасы белгілі болды

    «Қайрат»-«Реал» матчының билет бағасы белгілі болды

    «Қайрат» футбол клубы UEFA Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде өз алаңындағы матчтарға, соның ішінде «Реалға» қарсы ойынға билеттерді сату тәртібі мен мерзімдерін түсіндірді. «Қайрат» клубының ресми сайтында хабарланғандай, «Қайрат»-«Реал Мадрид» матчы үшін билеттер 23 қыркүйекте Алматы уақыты бойынша сағат 17:00-де сатылымға шығады. Бір ЖИН-ге бір адам ең көп екі билет ала алады, ал деректер сатып алу кезінде де, стадионға кіргенде де қатаң тексеріледі. Билет бағасы: 30 000 – 250 000 теңге аралығында болады. Айта кетейік, бұған дейін «Қайрат» – «Реал» матчының билеттер бағасы 75 мың мен 250 мың аралығында болатыны жарияланған еді. Алматылық клуб өз алаңында «Реалды» (30 қыркүйек), «Пафосты» (21 қазан), «Олимпиакосты» (9 желтоқсан) және «Брюггені» (21 қаңтар) қабылдайды.

  • Алматылық “Қайрат” пен мадридтік “Реал” 30 қыркүйекте Алматыда ойнайды

    Алматылық “Қайрат” пен мадридтік “Реал” 30 қыркүйекте Алматыда ойнайды

    “Слован” командасының қақпасына гол соққаннан кейінгі сәт. Дастан Сәтпаев (сол жақта). “Қайрат” футбол клубының парақшасы. 6 тамыз 2025 жыл. Алматылық “Қайрат” пен мадридтік “Реал” 30 қыркүйекте Алматыда ойнайды. Матч кестесі турнирдің ресми сайтында жарияланды. Алматының “Қайрат” командасы чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне шықты “Қайрат” футбол командасының мүшелері жеңісті тойлап жатыр. 26 тамыз, 2025 “Қайрат” фк Instagram парақшасынан алынған скриншот.  Футболдан Алматының “Қайрат” командасы Еуропа Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне шықты. Іріктеу кезеңінің плей-офф кезеңінде “Қайрат” Шотландияның “Селтик” командасын пенальти сериясы арқылы жеңді. Азат Еуропа / Азаттық радиосы

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: