|  | 

Жаһан жаңалықтары

ШАҺАРЛАР

Туристік кітапшаларда жоқ, көзім көрген қызықтар

Ницца

Атақты Ағылшын променадымен жиектелген Жерорта теңізінің жағалауындағы құмды жағажай бітетін тұста, Hotel Suiss Nice-тің дәл қарама-қарсы тарапында, ақ түсті арқалы орындықтардың бірінде Оқымысты кезбе отырады. Ұзынша орындықтың төрттен үшінде – үйілген кітап. Орындықтың бір басында – кафелердің бірінен алынған ескі күнқағар. Оның түбінде – бурыл сақал-мұртты, жалбыр шашты, қараторы өңді, шүңіректеу үлкен көзді, етжеңді денелі, орта бойлы, жасы алпысты орталаған Оқымысты кезбе. Жергілікті тұрғындар бұл кісіге екі түрлі садақа қалдырып кетіп жатады: тамақ пен кітап. Оқымысты кезбе көп сөйлемейді, атын да айтпайды, ақыл да айтпайды, кітаптан басын алмайды. Түнде көрпесіне оранып, маңдайына велосипедшілердің шамын тағып алып және оқып отырады. Былайша айтқанда Ниццаның ең бір әдемі жеріндегі теңіз жағажайына қойылған скамейканы шағын кітапхана һәм үйге айналдырып алған. Ара-тұра аяқ қолын рахаттана керіп, жүзін күнге тоса тіктеліп отырады да, аспанмен астасқан теңізге қадала қарап қалады. Танитын жұрт садақасын әкеліп, Оқымысты кезбенің қасында көздерін жұмған күйі бірнеше минут отырады. Сосын жұлып алғандай қол сағаттарына қарайды да, ұшып тұрып асыға басып жөнеледі. Маған жұмысбасты ниццалықтар өздері уақыт тауып оқи алмай армандап жүрген барлық кітаптарын осы кезбеге таситындай көрінді.

Милан

Әлбетте, Миланның ең керемет орны – Санта-Мария-делле-Грацие шіркеуі. Дәлірек айтқанда шіркеудің бір бүйіріне Леонардо да Винчидің “Ғайса пайғамбардың шәкірттерімен соңғы кешкі ас ішуі” атты 1496 жылы салған фрескасы. Көне шіркеуге кіру тегін, ал ішкі аулада қалған фрескалы қабырғаны көру үшін айлар бұрын онлайн билет алу керек. Өйтіп құнттамаған болсаңыз, қорықпаңыз. Таңғы 7.30-8.00 кезінде шіркеу алдындағы билет сататын кеңсеге барып “Cancellation ticket бар ма?” деп сұраңыз. Не сол күнге, әйтпесе ертеңіне кем дегенде бір-екі билет шығады. Шіркеудің алдындағы Corso Magenta көшесімен орталыққа қарай 250 метр жүргенде сол жақта Garage alle Grazie атты жабық паркинг бар. Паркингтің ішкі ауласына өткенде шыны қабырғалы бір ғимараттың іші толған қымбат ретро көлік. Күнделікті түнгі сағат 22.00 кезінде сол автосалонға миландықтарға тән салтпен ұқыпты киінген, жылы жүзді, ақ самайлы отыз шақты зейнеткер жиналады. Оларды елудің ішіндегі вокал оқытушысы құрақ ұшып қарсы алып, үш қатар тізілген орындықтарға жайғастырады. Сосын бұл таңғажайып хор тыңдаушының құлағынан кіріп, бойын алатын дауыспен небір әдемі ән шырқайды. Егде хор үйірмесін ретро көлік салоны балқи тыңдап тұрғандай. Екеуінің де сыры кеткенмен, сыны кетпеген.

Осака

Бұл қаланың алып океанариумы мен қарбалас порты, экспонатқа бай тарих музейі мен ежелгі қамалы сияқты танымал жерлерін түгендеп болғасын Умэда, я Намба сияқты орталығындағы кез-келген сауда аймағының бір бұрышындағы кафенің көше жағынан орын алып жайғасыңыз. Кофеңізді асықпай сыздықтата ішіп отырып кешкі 19.00-ден кейін пайда болатын қара түсті костюм-шалбар киген, галстук таққан, сәнді прическалы жас жігіттердің жүріс-тұрысына назар аударыңыз. Басында қымбат бутиктердің қабырғаларына арқа сүйеп сұлық тұрған жігіттер күн кешкіріп, сауда жасаушылар көбейген сайын көздері жалт-жұлт етіп әр адамға бір жақындап, көлеңке құсап ілесе жүріп, құлақтарына әлденені төне сыбырлап, үздіге айтып, жұмыстан қайтқан орта жастағы шаршаңқы еркектер мен шоппингке шыққан көңілді жас қыздардың қолдарына асқан жылдамдықпен визитка ұстатып жатады. Бұл – көптеген мәдени мәселелерге табу жариялап, ашық талқылауға батпайтын жапон қоғамында елдің көзін бақырайтып қойып сексуалдық қызмет пен есірткі ұсынатын якудза мүшелері. Достарыңызбен түн ортасы ауғанша серуендеп, ас ішіп, сауда-саттық қып жүргеніңізде қара костюм-шалбарлы, қымбат сағатты сәнқой жігіттердің бір де біреуін полиция ұстап әкеткенін көрмейсіз. Әкімдіктің жас шенеуніктері екен деп жол сұрап жүрмеңіздер.

Тегеран

Орталықтан басталып, тау етегіндегі Ниаваран атты қымбат шағын ауданға бір-ақ жететін Уәлиаср көшесіне кеш бата түссеңіз, көлік біткеннің кептеліп тұрғанын көресіз. Бір қызығы параллель көшелер бос жатады. Тек осы көше ғана тығындалып тұрады. “Бұнысы несі?” деп ашуланып, қапталдағы бір көшеге шығып зу ете қалмай тұрып төңірегіңізге барлай бір қараңыз. Көше толы көлік терезелерін ашып тастап ақырын қозғалып келе жатқан жас жігіттер мен қыздар. Уәлиаср – діни консерватизм принциптері орныққан, көпшілік орындары мен қоғамдық өмірде ерлер мен әйелдер екіге бөлінген елдегі бозбала мен бойжеткеннің хат алысатын, бойдақтардың сыңар іздейтін, ғашықтардың сөз байласатын жері. Жасанды кептелісте көліктері қатарласа қалған қыз бен жігіт бір-біріне көз тоқтатып ұзақ қарайды, бір-екі ауыз сөйлесіп көреді, егер қандай да бір сезім тұтанса, телефон нөмірін алмасады. Сол себепті Уәлиасрдағы кептелісте тұрып қалсаңыз, жүйкеңіз босқа жұқармасын. Одан да төңірегіңіздегі сиқырлы сөз байласу кеңістігінде алқына соққан жас жүректердің дүрсіліне құлақ салып, көзіңізді жұмып, үнсіз махаббат музыкасын тыңдаңыз.

Киото

Қаланы түбіндегі Алтын ғибадатхана ғана ерекше етіп тұрған жоқ. Шаһардың және бір белгісі – қоңыр түс. Шақырайған ашық қызыл, шаңқайкөк я алтын сары түсті жазулар жоқтың қасы. Киотоның “қоңыр философиясын” McDonalds та мойындап, түсін күрең қызыл етіп өзгерткен.

Токио

Белгілі орындарын аралап болғасын шаһардың метросына отырып алып, арлы-берлі жүріп өзіңізді сынап көріңіз. Токио метросы – дүниедегі ең үлкен, күрделі көлік торабы. Жер асты пойызы кейде жер бетіндегі электричкаға айналып кетеді, бір уақытта су бетімен жүзіп келе жатасыз, одан соң эстакада жолымен елдің төбесінен қарап өтесіз. Түрлі түспен боялған тармақтарының көптігі сондай кейбір түстерді ажырату қиынға соғады. Күн соңында алғашқы станцияңызға адаспай қайта айналып жетсеңіз, елеулі өмірлік рекордым деп есептей беріңіз.

Пешавар

Шаһардың шетіндегі “Кархана” базарына барсаңыз, көне һәм сирек тауарлар музейіне тап болғандай күй кешесіз. Командирдің қол сағаттарынан бастап, жап-жаңа “ЗиЛ” холодильниктеріне дейін бар. 1970-80 жылдары СССР-да тігілген киім-кешек пен ГДР-де жасалған электроплиткалар да кезігеді. НАТО-ның әскери формалары мен аса құнды бельгиялық офицер бәтеңкелері де сонда сатылады. Тек күзетіңіз мықты болуы керек.

Лондон

Қала кезуді 19-ғасырда “ақын-жазушылар” ауданы болған Bloomsbury-дегі Russel Square-дан бастаңыз. Британ музейі мен Лондон университетінің негізгі мектептерінің бәрі осында. Бұл мектептердің барлығында дерлік күнделікті ондаған лекция көпшілікке тегін оқылады. Ал музейдің қарсы бетінде Arthur Probsthain атты шығыс елдеріне ғана қатысты кітап сататын дүкен бар. Шайханасынан нағыз ағылшынша сүт қатқан қою шай ішіп кете аласыз.

Мазар-е Шариф

Кабулдан көлікпен шығып, әйгілі “Саланг” тоннелі арқылы жетуге тырысыңыз. Сосын Әзірет Әлидің мазарына барып, ғаламат атмосфералы, көк күмбезді негізгі тарихи ескерткішті көргесін (қаланың аты мен бұл ескерткіштің атауы – бір), сценарий бойынша көгершіндеріне жем бергесін, қала сыртындағы Ауылшаруашылық тыңайтқыштары зауытына бас сұғыңыз. Елдің шынайы жағдайын, әлі өгізбен соқа айдап жүрген диқандардың еңбегін, аймақтың тыныс-тіршілігін жақыннан сезесіз.

Стокгольм

Күйбең тіршіліктен шаршаған қала тұрғындары Балтық теңізіне шығып, су астындағы капсула-бөлмелерде (су құжыраларда) түнеп, бірнеше күн өркениеттен қол үзіп, ми тынықтырады. Клаустрофобияңыз жоқ болса, бір қонып көріңіз.

Мюнхен

Бавариядай сұлу өлкенің бас қаласына тамсанып болсаңыз, жергілікті ас мәзірлері көңіліңізден шықпай қарныңыз шұрылдай бастаса, орталықтан кетіп Шиллерштрассенің бойындағы шығыс ресторандарына бас сұғыңыз. Мысалы, Derya сияқты тунистік дәмханалар қойдың етін жілік-жілігімен балбырата асып, Жерорта теңізі аймағына тән көкөніс салаттарымен көмкеріп алдыңызға тартады. Сосын тоқ қарын һәм тоқ көңілмен еш алаңдамай дүниедегі ең көрікті сарайлардың бірі – Альпінің бір шоқысындағы Нойшванштайнға тартыңыз.

Оксфорд

Әйгілі білім ордасы орналасқан шағын шаһардан он-ақ шақырым жерде салтанатты да маңғаз Blenheim Palace тұр. Колледждерді аралап болғасын бірден кетіп қалмай, осы сарайға да кіріп шығыңыз. Алағай да бұлағай орман-тоғай, көл-тоғанды территорияны алып жатқан бұл мекен – ландшафт дизайнының әлемдік бір әдемі нұсқасы. Мальборо герцогқа Анна патшайым сыйға тартқан бұл ғимаратта Уинстон Черчилль туған. Шешесі сарайда өткен бір тойға келіп, ерте толғақтан
босанып қалыпты. Черчилль кейін премьер болғанда соғыс кезінде дәл осы сарайды уақытша штабына айналдырған.

Прага

Чехияның ЮНЕСКО мұралары тізіміне енген ең әдемі паркі қала шетіндегі Пругонице ауылының қасында тұр. Елдегі ең ірі ботаникалық бақ та осында. Парктің қараушылары бірнеше құрлықтан әкеп еккен қылқан жапырақты алып ағаштар мен жартас бақтары (cliff garden), шағын тоғандар мен сарқырамалар таңдай қақтырады. Саф ауамен тыныстап, көкке көз демалдырып, бой жазып қайтамын десеңіз, бір күніңізді арнаңыз. От жақпай пикник жасауға рұқсат етілген.

Дели

Низамуддин Әулиенің тұтас бір кварталды алып жатқан ғажайып мазарына соққасын Урду базарға бір-ақ түсіңіз. Бұл базардың кітап сататын бөлігінде біраз қызық бар. Көне қолжазбалар мен миниатюралар ұшырасып қалады. Көп жағдайда көне кітаптар дүкеннің ішкі бөлігінде көміліп жатады. Сол себепті бер жағын көріп кетіп қалмай, дүкеншіге азын-аулық ақша ұстатып ішкі жақты ақтаруға рұқсат сұраңыз. Қуана-қуана келіседі. Тіпті шай беріп жағдайыңызды жасап қояды.

Ғалым БОҚАШтың facebook парақшасынан алынды

Related Articles

  • АҚШ сенаты Украинаға қаржылай көмек қарастырылған заң жобасын мақұлдады

    АҚШ конгресі.  АҚШ сенаты 13 ақпанда Украина, Израиль және Тайваньға 95 млрд доллар болатын қаржылай көмек беру туралы заң жобасын мақұлдады. Сенатта демократтар басым орынға ие. Енді заң жобасын Республикалық партия басым Өкілдер палатасы қарайды. Өкілдер палатасында жобаның заң статусын алуға мүмкіндігі аз деген болжам да айталады. Президент-демократ Джо Байден біраз уақыттан бері екі палатаны Украина мен АҚШ-тың Үнді-Тынық мұхит аумағындағы серіктестеріне көмек беруді жылдамдатуға шақырып келеді. Украина билігі басты одақтасы АҚШ-тан қолдау азайған тұста қару-жарақ жетпей жатқанын бірнеше рет мәлімдеген. Украина президенті Владимир Зеленский бүгін, 13 ақпанда АҚШ сенатының бұл заң жобасын мақұлдағанына алғыс айтты. Құжатта Киевке 61 млр доллар беру қарастырылған. “Американың көмегі Украинаға бейбіт өмірді жақындастырып, әлемдік

  • АҚШ сенаты Украина мен Израильге көмек беру туралы заң жобасын мақұлдады

    Азат Еуропа / Азаттық радиосы АҚШ сенаты Украина мен Израильге 118 миллиард доллар қосымша қаржы көмегін беру туралы екі партия ұсынған заң жобасын және АҚШ-тың оңтүстік шекарасын нығайту туралы заң жобасын мақұлдады. Былтыр қазан айынан бері жалғасып келе жатқан “ұлттық қауіпсіздікке байланысты қосымша қаржыландыру туралы” дауға нүкте қоятын компромистік мәтін АҚШ сенатының сайтына шыққан. Заң жобасы бойынша, сенаторлар 60 миллиард долларды Украинаны қолдауға, 14 миллиардты Израильге көмекке, 20 миллиардтан астам долларды АҚШ-тың Мексикамен шекарасын қауіпсіздендіруге, шамамен бес миллиардты АҚШ-тың Тынық мұхит аймағындағы серіктерін қаржыландыруға, екі жарым миллиардқа жуық долларды “Қызыл теңіздегі” операцияны қолдауға, тағы да сондай қаржыны АҚШ-тың Орталық қолбасшылығына бөлуді жоспарлаған. АҚШ президенті Джо Байден конгресстен Украина, Израиль және Тайваньға

  • Мәскеу Тоқаевтан Пригожиннің бүлігін басуға көмектесуді сұрады ма?

    Елнұр ӘЛІМОВА Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және Ресей басшысы Владимир Путин. Бұл аптада Батыс басылымдары маусым айында «ЧВК Вагнердің» жетекшісі Евгений Пригожиннің әскери бүлігі кезінде Ресей Қазақстаннан көмек сұрағанын, бірақ президент Қасым-Жомарт Тоқаев одан бас тартқанын жазды. Сонымен қатар Астана мен Анкара әскери саладағы серіктестікті күшейтіп, 2024 жылы елде дрон шығара бастайтынына тоқталды. Бұдан бөлек Орталық Азия Батыс елдері үшін не себепті маңызды аймаққа айналғанын талдады. ҚАЗАҚСТАН МЕН ТҮРКИЯ ANKA ДРОНЫН ШЫҒАРА БАСТАЙДЫ АҚШ-тағы Jamestown қоры Қазақстан мен Түркия әскери серіктестікті күшейтіп жатқанына назар аударады. Қазақстан 2024 жылдан бастап елде Түркияның Anka дрондарын шығара бастайды. 28 қараша күні қорғаныс министрлігі дрон өндіретін отандық компанияны таңдап жатқанын хабарлады. Мәлімдемеде Түркияның Anka дроны елде

  • Әзербайжан Қарабаққа шабуыл бастады. Қазірге дейін не белгілі?

    Азаттық радиосы Әзербайжан қорғаныс министрлігінің Таулы Қарабақта “армениялық әскерилердің позициясын жойдық” деп таратқан фотосы. 19 қыркүйек 2019 жыл.  19 қыркүйекте Әзербайжан Таулы Қарабақта “антитеррористік операция” бастағанын мәлімдеді. Бакудың бұл мәлімдемесінен соң Қарабақта тұратын армяндар артиллериядан шабуыл басталғанын айтады. “Степанакертте жарылыс естіліп жатыр. Балалар мен ата-аналар жертөлелерге түсті. Балконымнан әр жақтан жарылыс дауысы естіліп жатыр, тоқтар емес. Артиллерия қатты атқылап жатыр, атыс дауысы да толастар емес” деді Таулы Қарабақтағы тәуелсіз журналист Марут Ванян. Азаттықтың Армян қызметінің хабарлауынша, 19 қыркүйек 11:10-да Әзербайжан күштері Қарабақтағы Аскеран ауданын атқылаған. “Эхо Кавказ” сайты Степанакерт қаласында әуе дабылы қағылғаны хабарланды. Степанакерт қаласында қашып бара жатқан адамдар. 19 қыркүйек 2023 жыл. Таулы Қарабақтағы армяндардың бақылауындағы аймақтың омбудсмені

  • АҚШ украин сарбаздарын F-16 жойғыш ұшақтарын басқарып үйретуге рұқсат берді

    F-16 жойғыш ұшағы.         АҚШ президенті Джо Байден украин ұшқыштарын F-16 жойғыш ұшағын басқарып үйретуге рұқсат берді. Бұл жөнінде Пентагонның баспасөз хатшысының орынбасары Сабрина Сингх хабарлады. Оның айтуынша, Нидерланд және Дания оқыту жағына жауап беруі мүмкін. Пентагон өкілі бұдан өзге ақпарат бермеді. Шілде айында Politico журналы Дания мен Нидерланд бастаған 11 елден құралған коалиция украин ұшқыштарын F-16 жойғыш ұшақтарын басқарып үйретуге дайын екенін, алайда ол үшін ұшақты шығарушы ел АҚШ-тың ресми рұқсаты қажет екенін хабарлаған. Басылымның жазуынша, дегенмен 11 елдің ешқайсысы әзірге ол бағдарлама үшін ұшақ бөлмеген. Шілде айында Ақ үйдің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі үйлестірушісі Джон Кирби оқыту мерзімі, орны мен ұзақтығы әлі қарастырылып жатқанын айтқан. Өткен аптада Politico

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: