|  | 

Әдеби әлем

МҰҒАЛЫМ

(нағашы атам Баймәдидің қазасына 30 жыл толуына орай)

Көктемнің демі үрлей-үрлей қардың суы тартылып, жер қарая бастаған мезгіл. Көкектің басы болса керек. Нағашыларымның үй ауласында ойнап жүргем. Жасым онға шыққан. Нағашы атамның сексенді орталап қалған кезі. Жұмсақ қонышты, резеңке кебісті былғары етік, мақта шалбар, күпәйке мен малақай киіп, қора-қопсыны шолып жүрген атам бір уақытта мені жетектей жөнелді. Қораның ортасына жеткенде қолындағы үшкіл күрекпен бір нәрсеге қарай нұсқады. Қарасам, сала құлаш жіңішкелеу ақ сұр жылан жайрап жатыр екен. Күрек басын шауып түскен. “Ерте көктемде шыққан жыланның қаны көп ауруға ем” деді де, атам әлгі жәндіктің шорт кесілген тұсын сығыңқырап қанын шығарды. Сосын әлсіз қарсылығыма қарамай оң қолымды өзіне тартып, шынашағымдағы сүйелге әлгі қанды жақты да, “Енді біраз байлап алып жүре тұр” деді. Түбі буынмен бітісе тамырланып, беті бұжырлана жарылып тұратын ақ сүйел айналасы бір-ақ аптаның ішінде үгітіліп түсті де қалды. Орны қалмай жазылды. Ешкімге білдіртпей екі жыл бойы алысқан дұшпаным еді. Ешбір заманауи ем-домға бой бермей қойған. Соның кесірінен жас мұғалимадан ұялып, музыка мектебіндегі фортепиано класынан да безіп кеткем. Қол беріп амандасудан да тартыншақтап тұратын болғам. Енді ойласам, атамның адамсүйгіштігі мен байқағыштығына тәнті болам.

Нағашы атам Баймәди (Бәкен) – әуелі совет коммунистерінің, кейін қытай белсенділерінің қудалауынан қатты зардап шеккен, 1932 жылы қызылдармен атысып жүріп “түйеге мінген төрт әйел оққа ұшқан көшпен” арғы бетке (Шыңжаң) өткен, 1942 жылы гоминьдандық билеуші Шэн Шицайдың агенттері “қазақша мектеп ашқан ұлтшыл” деп айыптап 25 жылға соттаған, қытай абақтысының адам төзгісіз азабын көрген, 1946 жылы Шығыс Түркістан төңкерісі кезінде Үрімжі түрмесінен қашып шыққан, қиын-қыстау заманда екі әйелі мезгілсіз өлген, шешек пен обадан бірнеше баласы шетінеген, 1955 жылы Бақты арқылы бергі бетке (ҚазССР) қайта өткен адам. Үшінші мәрте үйленіп, ескі-жаңа жұртына қайта қоныстанып, алғашқы ұлын сүйгенде жасы 56-да екен. Неткен өмірсүйгіш, оптимист адам! Нағашы әжем Хамса екеуі Масғұт (жастай шетінеген), Мұздалифа (жастай шетінеген), Саяра, үлкен Сафура (жастай шетінеген), кіші Сафура, Мастура (шешем), Елібай (бергі бетке қайта өткен соң туған алғашқы ұлы), Серік (марқұм), Мәуе, Берік, Сәуле, Зәуре атты он екі перзент көрді. Арғы бетте дүниеден өткен бірінші әйелінен туған марқұм Нәушәрбан апайымыз тұңғышы болып саналатын. Туған інісі Бимәди (Бікен) жасында сал-сері һәм палуан ретінде даңқы шыққан адам еді. Әсет Найманбайұлының көптеген әндерінің жеткізушісі. Ағасы Баймәди Қытай түрмесінде жатқанда шығарған зарлы толғауларын әлі жатқа айтатын көнекөз қариялар бар. Өмірінің соңына қарай Бимәди атамыз молдалыққа бет бұрды. Ал Құранға бірінші түскен ағасы – нағашы атам Баймәди шариғатқа жүйрік болса да, ел есінде балаларға дүние ілімін үйретіп, жалпы сауаттарын ашқан ағартушы “мектеп мүдірі” ретінде қалды.

Атасы Бодау болыс пен әкесі Мәсәлім би ен жайлаған туған жеріне жету Баймәди атама оңайға соқпаған. Совет өкіметі балалық һәм жастық шағы өткен Тарбағатай, Шағантоғай мен Емілдің маңына тұрғызбай Павлодар асырып жібереді. Ол жерде ферма бастығы болып жүріп соғыстан кейінгі ұры-қарының құтырып тұрған заманында қарақшылармен көп ұстасып, бірнеше мәрте өлім аузынан қалып, ақыры өзінің туған Мақаншы өлкесіне көшіп барады. Еліне жетсе, ағайынның көбі – қызыл коммунист, шолақ белсенді, кемі – бригадир. Аласапыран заманда ерлері опат болып, арғы бетке өте алмай қалған бұрынғы бай-мырзаның бәйбішелерін күшпен алған кейбір есірік шабармандар “қарақытайлар келді” деп дүр-дүр етеді. Жиналыссыз күні жоқ, арақсыз жиналысы жоқ жаңа қоғам. Қанша “сенімсіз” болса да, арабша, қытайша, орысша жақсы білген атамды жергілікті билік басында Жарбұлақтың селсәбет төрағасы етіп тағайындайды. “Жалаңашкөл соғысы” кезінде тілмәштыққа да шақырады. Бірақ селсәбет ғимаратында жасырын жаназа шығарғаны үшін қызметінен түсіреді. “Болыстың тұқымы” деген аты және бар. 72 жасында зейнетке шығып, көрші Қарабұлақ ауылына көшкенше қырманның бастығы болады. Шекара қызметінің бақылауында тұрады. Шешемнің естелігіне сүйенсем, бала-шағасын күн жылына неғұрлым табиғат аясына көбірек шығаруға тырысыпты. Жаз бойы Жарсу деген жерде бие байлап, балық аулап, қырғауыл атып, қызық үшін қаз баққызған. Ауыздарын аққа жарытқан. Алакөлдің жағасында, Емілдің бойында, Қасайдың шағылында өскендіктен жасынан суда жылдам жүзген екен.

Ал мен таныған атам айына бірнеше мәрте тер буып, төсек тартып жатып қалатын, шілденің шіліңгір ыстығында үйдің көлеңкесінде бас терісінен замандас достарына “қара қан” алдыртып отыратын, Шәкерім мен Мағжанның жырларын жатқа соғатын, түздің шаруасынан қалмайтын, үй ішінде қолынан кітабы, блокноты мен қаламы түспейтін, отбасының кірісі мен шығысын мұқият түрде ай сайын алдын ала есептеп қоятын, барынша үзбей күнделік жазатын, бір бөлменің қабырғасына әлемнің саяси картасын ілгізетін, ара-тұра мүштікпен темекі тартатын, кейде ертегі орнына маған кит аулаушылар туралы әдемі әңгімелер шертетін (китке деген махаббатымды оятқан фактор), Мұхаммед пайғамбар туралы ғажап хикаялар айтатын, алдына барған сайын екі бетімнен құшырлана сүйетін, ауылға жазды күні құрылыс салуға Кавказдан келетін шешендер көне Құран кітабына құда түсіп қиылып алдында отыратын зейнеткер ақсақал еді. Орта бойлы, етжеңді, жалпақ, палуан денелі, қара торы жүзді, тақыр басты, сақал-мұртын мұқият басып жүретін, қыр-қыр етіп күлгенде көзі көрінбей қалатын, әжемнің алдында әзілі үзілмейтін адам болатын. “Апаңды алған кезімде көзі мойылдай қап-қара, терісі қағаздай әппақ еді” дейтін. Хамса әжем: “Қай-қайдағыны айтасыз, мұғалым” деп ыңғайсызданып қалатын. Атамның қытай түрмесінде әбден шыңдалған төзіміне бір мәрте куә болдым. Жаздыгүні бір танысымыз нағашыларыма бүркіт алып келді. Балдақтағы әлгі құс томағаланып тұрса да, қасына жақындаған атамды сезе қойып, сол қолының басына сарт еткізіп шеңгелін салып кеп жібергені. Найзадай өткір тырнақтар қол терісіне бойлай кірген, біреуі бас бармағы мен сұқ саусағының арасындағы бос етті тесіп өткен. Тұрған жұрт не істерін білмей шу ете қалып еді, атам еш ауырсынбай, аздап ернін жымқырып, жайбарақат түрмен оң қолымен бүркіттің басын бірнеше мәрте бұрап жібергенде, әлгі құс шеңгелін жазып ала қойды.

Совет өкіметін өлгенше жек көрді. Туған әпкесі Мүгүлсім Мақаншыда өткен Әубәкір көпестің бәйбішесі болған. “Алашордашыл” Әбубәкір 1924-30 ж.ж. шамасында қызылдардың тұтқынына түсіп, Мақаншыға совет өкіметін орнатқан комиссар Мамонтовтың өліміне тікелей қатысы бар болғаны үшін Жайтөбенің тұсына салынған тас жол құрылысы астында тапталып өледі. Әубәкір көпестің үйі қиратылып, кейін орнына Мақаншыдағы екі қабатты универмаг салынған. “Үш қызын түске дейін бір басқа, түстен кейін бір басқа киіндіріп отырған” Мүгүлсім әжеміз астаң-кестең заманда арғы бетке өтуге батпай, бергі бетте АЛЖИР-ге айдалып кетпеу үшін көз алдында белсендіге айналып шыға келген малайына тиюге мәжбүр болады. Кейін әлгі малайдың өзі атылып кетеді. Ал Мүгүлсім Әубәкірден туған үш қызы сәтімен тұрмыс құрып, қалаға көшіп, 1988 жылы жүзге таяп дүние салғанша Алматыдағы “Золотой квадрат” ауданында, Төлебаев көшесіндегі үйлердің бірінде тұрды. Бір күйеу баласы Брежнев заманында Алматы облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болды. Нағашы атам әпкесін сыйлап, жаз сайын ауылда күтсе де, қаладағы жаңа заманның қызыл түсті бай-мырзаларымен жақын араласудан, Алматыға көшуден үзілді-кесілді бас тартты. Бірақ біздің каникул сайын Мүгілсім әжеміздің үйіне барып, араласып тұруымызды құп көрді. Атам 1987 жылы тамыздың 15-інде өзінің дәл туған күні дүниеден өтті. Тұп-тура екі ай бұрын Науалы деген ауылда бір жиені әскерден келіп, той болып жатқанда ауладағы ұзын орындыққа жайғасқан атамның: “Августың 15-інен қалмаймын” дегенін өз құлағыммен естідім. Айтқан күні үзілді. Алыс-жақыннан “ой, бауырымдай” жеткен жұрттың көбі кезінде бергі бет пен арғы бетте ашқан мектептерінде алдынан өтіп әріп таныған шәкірттері болып шықты. Жақындары “мұғалымның” денесін Қарабұлақ ауылының зиратына алып жеткенде қаралы көштің бір басы әлі үйдің ауласында тұрды. “Мен өлгесін артымнан жететін жалғыз “сәлем-сауқат” – бағыштаған Құрандарың” деген сөзі жадыма ерекше жазылып қалыпты.

Жоғарыда еске алып отырған көкектің бір шуақты күні қан қысымы көтеріліп, тер қысып, ауырып жүрген атамның басында қаншама ой сапырылысып жатты десеңізші. Бес жасында шешектен бір көзі ағып түссе де, тірі қалған атам мына жарық дүниені жалғыз жанарымен өбіп өтті. Етжеңділігі сондай салбыраңқы бітеу қабағынан бір көзінің жоқ екені байқалмайтын. Ал жалғыз жанары сұмдық өткір еді. Жерде жатқан газеттің ұсақ тақырыпшаларын оқи беретін. Сол көзі көп немересінің бірінің саусағындағы “құпия” сүйелді де, көктемде жер бетіне шыққан алғашқы жыланды да қалт жібермеген. Менің шынашағыма асқан қамқорлықпен табиғи ем-домын жағып жатып есіне анасы Әдеп әжеміз түсті ме екен. Нағашы атам бір көзінен айырылған соң анасы ұлын ерекше еркелетіп, ер жеткенше бағлан қозының етін шоқ үстіндегі шәйнекке былқытып асып беріп жүріпті. Есіме алған сайын атам маған бергі дүниенің заңдылығына сыймайтын арғы дүниенің тылсым бір арнасы арқылы: “Жақын адамдардың жан жарасы мен тән жарасын тез байқап, дер кезінде жәрдем ет, және қай заманда болсын “советшіл, қызыл режимдер” үшін “сенімсіз адам” атануды абырой біл” деп нақыл айтып тұрғандай көрінеді. Алла тағала нұрын пейіште шалқытып, барлық игі істерін сауапқа жазып, иманын жолдас еткей!

Ғалым БОҚАШтың  facebook парақшасынан алынды

Related Articles

  • Аттыға жол, ауыздыға сөз бермеген Тұрым батыр

    Әр дәуірде халықтың пана тұтар, қормал санар құрметті азаматтары болады, солардың бірі заманы Аттыға жол, ауыздыға сөз бермейтін, батырлығымен халқы жақта тұрып, мынау ортасы мен мекенін қорғау жолында сырт жауға сес болып келген Тұрым батырды туған халқы мәңгі ұматпайды. Тұрым бала күнінен балуандығымен, қамшыгерлігімен аты шыққан, есейіп ат жалын тартып міне көз алартқан жауларының бетін қайтарып көзге түскендіктен «бұл өңірде Тұрым бар» деп сырт жаулар аттап баспайтын болған. Тұрым өмірінің соңында зиратын қазып, қабырын тұрғызып қойып қажылық сапарға аттанып, қайтарында бүгінгі Семей өңірі маңына келгенде тұйықсыз дүние салып, жол жолдастары сүйекте бұзбай Сартеректегі өзі әзірлеп кеткен қабырға жеткізіп, ел, жұртына табыс етіді. Ителі руының бір мұнша атасы Ажы гүң болып

  • «Сен есірке, тыныш ұйықтат, бақ сөзіме!» /АБАЙ/

    «Сен есірке, тыныш ұйықтат, бақ сөзіме!» /АБАЙ/

    Біздің қазақта «малға достың малдан басқа мұңы жоқ» – «малдан боғы ғана бөтен» талай жарымес Абайдың атына неше түрлі сөз айтқан. Оның ішінде саудагер ғана емес, өзін “сөз ұстаған”, “ел ұстаған” санайтындар да болды. Бұларға Абайдың өзі жауап беріп кеткен: «Тыныш ұйықтат, сен есірке, бақ сөзіме!». Ал, анау жігіт «малдың буымен» негізгі ойын дұрыс жеткізе алмаған сияқты. Ол, «Құнекең малын шығындап, Абайды оқытып, жағдай жасамағанда қалай болар еді… Біз де сол Құнекең сияқтымыз…» дегенді айтпақшы болды – ау деймін… Құнекең қайда, сен қайда… «Қуаты күшті нұрлы сөз, Қуатын білген абайлар…» – дейді Абай. Сөздің қуатын білмеген өте қиын, күйіп қалуың мүмкін… Осы арада Британияның Премьер – министрі болған Бенджамин Дизраэлидің

  • Мыржақып Дулатов түрмеде жатқанда жазған өлеңі

    Мыржақып Дулатов түрмеде жатқанда жазған өлеңі

    Жеке архивімнен табылған құнды мұрағат «Мыржақып Дулатов түрмеде жатқанда жазған өлеңі) Бұл өлеңді 1980 – жылы Өр Алтайдың Көктоғай ауданына қарасты Дүре ауылында 61 жастағы Қауан Орынбасарұлы деген ақсақал айтқанынан жеке архивімде сақталып қалғанынан тауып оқырманмен бөлісіп отырмын. Ай, құдай – ау, аққа жақ, Өзіңі аян мен нақақ. Ақиқат деген жолыңнын, Абыройыңды ашпа хақ. Аятбенен қадысқа, Алла ниет ақ іске. Жан алмасам жоқ еді-ау, Жаза тартсын деген бақ. Мені соттап байлатып, Зығырданды қайнатып. Масайрасын мәз болып, Қинағанды өзің тап Жақын жерден жау шығып, Мақүл істен дау шығып. Дұшпан үстап қолымнан, Иттер тістеп тонымнан. Жаман тосу болған шақ, Түтқын болып тарығып, Жалғыз жатып зарығып, Ашу қысып ойды алып, Дерт жәйіліп бойды

  • Қазақ этногенезінің дағдарысы һам жаңа концепция

    Қазақ этногенезінің дағдарысы һам жаңа концепция

    Арма ағайын! Шағын сараптама Бірінші, қазақ этногенезінің дағдарысы келе жатыр. Дағдарысқа қарсы қазақ этногенезінің жаңа концепциясының жасалмауы алаңдатады. Біз қазір 18 ғасырлардағы қазақ хан-сұлтандары қабылдаған этногенездік концепциясымен әлі өмір сүріп келе жатырмыз. Одан кейінгі үш ғасырда колонизациялық кіріптарлық этногенездік жаңа концепцияны қабылдауға һәм трансформациялауға мұрсат бермеді. Қолданыстағы қазақ шежіресін ашып қараңыз, рулар шежіресінің концепциясы 18 ғасырларда қабылданған мизамға сәйкес келеді. Тіпті шежіредегі аталық рулар сол ғасырдағы қандайда бір тарихи тұлғадан (батырдан) бастау алады немесе шежіредегі аты аталатын рулар 18- ғасырға барып тоқтайды, ары қарай үзік-үзік. Бұл 18- ғасырдағы жаугершілік заманның талабына сай сұрыпталған қазақ этногенезінің көрінісі еді. Яғни қазақ шежіресінің концепциясы қазақ этногенезінің моделін қалыптады. Екінші, саяси және мәдени шешімдердің

  • Мемлекеттік тіл: Қауқарлы ма, әлде әлі де декларация ма?

    Мемлекеттік тіл: Қауқарлы ма, әлде әлі де декларация ма?

     Серік Ерғали Суреттер: aqmeshit-zhastary.kz, democrat.kz сайттарынан алынды. Ата Заң жобасының талқысы Қазақстандағы ең сезімтал, ең ұзақ талқыланып келе жатқан мәселенің бірі — мемлекеттік тілдің нақты мәртебесі. Конституцияда қазақ тілі мемлекеттік тіл деп жазылғанына отыз жылдан асты. Алайда қоғамдағы шынайы сұрақ әлі де ашық: қазақ тілі — басқарудың тілі ме, әлде символдық мәртебедегі тіл ме? Тіл мәселесі неліктен шешілмей келеді? Себебі біз ұзақ уақыт бойы тілге: – мәдени құндылық ретінде ғана қарап келдік; – оны мемлекеттік басқару тілі ретінде нақты бекітпедік. Нәтижесінде: – Конституцияда бір мәтін, – тәжірибеде басқа жағдай қалыптасты. Бұл қайшылық тілдің емес, конституциялық айқындықтың әлсіздігінен туындады. 9-баптағы басты түйін Жоба бойынша: 1. Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі. 2. Мемлекеттік ұйымдарда

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: