|  | 

Тұлғалар

ТӨКЕН АПАЙЫМА

Token apay

Заманымыздың көзі тірі ғаламат лингвисі Ноам Хомски адам баласын өзге сүт қоректілерден ерекше етіп тұрған негізгі қасиеттердің бірі – оның бойына туа сала бітетін тіл үйрену қабілеті, миына әу бастан белгісіз құдырет жазып қойған “әмбебап грамматика” деп санайды. Бұл теорияға сәйкес, адам баласы ешкім оқытпаса да, грамматиканы генетикалық түйсікке сүйеніп, өмірлік тәжірибе жинау арқылы игеріп алады.

Санадағы табиғи тіл меңгеру құралы туралы теориясы тұрмақ, Хомскидің атын естіп көрмеген мектеп жасымда генетикалық кодымның әліппесі қазақша жазылғанын сезетінмін. Қазақ тілі мен әдебиетіне деген махаббатым қандай да бір лингвистикалық, этникалық, я басқа саяси ұлтшылдық сипатынан ада сезім болып қалыптасты. Осы махаббаттың арқасында өзге тілдерге деген ынтызарлығым артты. Урду мен парсы болсын, орыс пен ағылшын болсын, қуана қауыштым, саяхаттап барған елдердегі әрбір вернакулярдің дыбыстары мен дифтонгтарын ашқарақтана жұтып, қазақ тілінің әуен-ырғағымен салыстыруға тырыстым, көркем әдебиеті арқылы жан-дүниесін таныдым, түптеп келгенде адамзаттың бір-ақ тілде сөйлейтінін ұқтым.

Бұл мінезді бойыма сіңірген адам – Алматы мен Оксфордтағы ұстаздарым емес, Семей облысының бір қиянында жатқан, Барлық Арасан курорты мен Алакөлдің ортасындағы ойпатта орналасқан Қарабұлақ ауылындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Төкен апайым – Төлеу Кенжалиева. Ашаң жүзді, бидай өңді, бәкене бойлы, шағын денелі, мығым жүрісті ұстазым тіл стихиясын тудыру шебері болатын. Ол кісі екі жеңін түріп алып, класс бөлмесіне екпіндей кіріп, қолдарын сермей жүріп сөзден дауыл тудырғанда қазақ тілі мен әдебиеті хандығының территориясында қалғандай сілтідей тынатынбыз. Төкен апай Бұқар Жырау мен Махамбеттің, Абай мен Мағжанның рухтары қонған медиумдай түрленіп, шүңіректеу әдемі көздері оттай жанып, жырлар мен үзінділерді жатқа соғатын. Мұндай халде отырып Төкен апайдың классикалық: “Құй оқы, құй оқыма” деп басталатын сөйлеміндегі кейбір сөздерді басқа тілдік контексте (мысалы, орысша) қарастырып, мырс ету ойымызға да келмепті:) Кейде бөлме ішінде бұл сиқырлы халге елітпейтін жалғыз жан иесі пайда болатын, ол – балабақшадан шығып анасымен үйге қайтуға асығып тыпыршыған ұстазымыздың кішкентай ұлы. “Көсемше, көсемше дейді ғой” деп жаратпай отырушы еді:)

Тілшінің тыныс белгілеріне дейін “сөйлеп тұратынын” үйреткен, грамматикаға қатысты талабы қатаң мұғалима апайымыз қанша шәкіртін шығарма жазудың да шебері етіп шығарды. Жазбаның құрылымына қатысты нақты кеңес айтып, мөлшерлі шекті белгілеп бергенімен оқушының дискуссиялық формада ой өрбітуіне, жеке көзқарасын жеткізуіне шектеу қоймапты. Тілдік-генетикалық түйсігімізді маман ретінде әбден қызықтапты. Қазір ойлап отырсам Англия мектептеріндегі эссе жазу еркіндігі бізге сол кезде-ақ бұйырыпты. Студент кезі Брежнев заманында өтіп, университет жолдамасымен туған ауылына қайтып, совет кезеңінде жар сүйіп, бала-шағалы болғанымен, Төкен апайымның туа біткен мінезі де Еуропа ұстаздарының менталитетіне ұқсайды. Соның бірі – еңбегін бұлдамау, бала оқытуды тек кәсіби міндет емес, азаматтық парыз деп санау. “Әй, Пәленшені өзім оқытып адам қылып ем, енді танымай жүр ғой пәтшағар, сонша еңбегім сіңгенде бір бұйымтай айтып, өтініш қылуыма болмай ма?” деп сөйлейтін шала молдалық дейміз бе, советтік дейміз бе, тұрпайы әдет ұстазыма мүлдем жат. Бір “уһ” демей оқытады, кейін үнсіз ғана сыртыңнан тілеуіңді тілеп, табысыңа сүйсініп отырады. Оны саған кеп және ешкім айтпайды, алыста жүріп жүлге-жүлгеңмен сезесің. Хомскидің теориясы сипаттайтын генетикалық кодыңдағы “әмбебап грамматика” ұстазыңмен әркез сымсыз жалғап тұрады.

Осы аптаның соңында Төкен апайым зейнетке шығып жатыр. Қазақ тілі мен әдебиетін оқыту майданының шын қаһармандарының бірі шалғай ауылда ұжымымен һәм шәкірттерімен қоштасып, мектеп ауласындағы жиында көзіне бір жас алады да, үйіне беттейді. Ал республикалық деңгейдегі “мемлекеттік тілді қолдау” атты ресми есеп науқандары ары қарай қызыл сөзін сапырып, еш өзгеріссіз дүрілдей береді. Өйткені олар не Төкен апайымды, не Хомскиді білмейді ғой:)

Төкен апай, Мырзағали ағамыз екеуіңізге Құдай қуат берсін, бастарыңыз аман, бауырларыңыз бүтін күйде кең заманда жүздесуді жазсын! Еңбегіңізге көптен-көп рақмет!

Құрметпен,

Шәкіртіңіз Ғалым

Facebook парақшасынан алынды

Related Articles

  • Ғалым Боқаш мерейлі 50 жаста

    Ғалым Боқаш мерейлі 50 жаста

    Altyn Magauina Бүгін Атамыздың ең жақын шәкірттерінің бірі, біздің бауырымыз, қазақтың мақтан тұтатын жастарының бірі Ғалым Боқаш мерейлі 50 жасқа толып отыр. Біз үшін бұл күн – жай ғана Ғалымның туған күн емес, бұл – оның жарты ғасырлық өнегелі өмір жолының, адал еңбегінің, биік парасат пен адамгершілігінің мерекесі. Біз Ғалымды тек терең білімі үшін емес, үлкен жүрегі үшін қадірлейміз. Ғалымның әлемнің ең беделді оқу орындарының бірі – Оксфорд университетінде білім алып, “Азаттық радиосында жемісті еңбек етіп, бүгінде Америка Құрама Штаттарының мемлекеттік қызметінде абыройлы жұмыс атқарып жүргені оның табандылығының, білімге құштарлығының және еңбекқорлығының айқын көрінісі. Алайда адамның шынайы бағасы оның қызметімен немесе жеткен жетістіктерімен ғана өлшенбесе керек. Адамның қадірі оның жүрегінде,

  • КӨКБАЙ АТА ШЫҒАРМАЛАРЫ – ҚАЗАҚТЫҢ ӨРКЕНИЕТТІК ӨРЕСІНІҢ АЙҒАҒЫ

    КӨКБАЙ АТА ШЫҒАРМАЛАРЫ – ҚАЗАҚТЫҢ ӨРКЕНИЕТТІК ӨРЕСІНІҢ АЙҒАҒЫ

    Адамның бәрі бірдей емес. Ақыл-ойы еркін, мәнді, құнды дүниелер туғыза алатын, жасампаздық қуаты зор адамдар болады. Сол сияқты өркениеттік әлеуеті (потенциалы) зор халықтар болады. Ондай қасиет өзіндік құндылықтар жүйетін жасай алатын, ешкімге ұқсамайтын, терең тамырлы руханияты бар халықтарда болады. Қазақтың бүкіл тарихы мен мәдениеті біздің сондай халықтар санатына жататынымыздың айғағы. Сондай айғақ Абайдың ақындық мектебінің көрнекті өкілі Көкбай Жанатайұлы шығармашылығында молынан табылады… Кеше Семей қаласындағы Абайдың қорық- музейінде Көкбай Жанатайұлының 165 жылдығына арналған “Абайдан сабақ алдым бала жастан” атты әдеби кеш өтті. Зал белгілі абайтанушы, профессор Жандос Әубәкірдің тағылымы мол, әсерлі баяндамасын ерекше ынтамен тыңдады. Спикерді тыңдап отырып: “Біз Көкбайды тіпті білмейміз деуге болғандай екен ғой… Кейде тіпті жеңіл, үстірт

  • ҒАЛЫМ БОҚАШ. «Өзіне ар тұтқан, жаттан зар тұтады!»

    ҒАЛЫМ БОҚАШ. «Өзіне ар тұтқан, жаттан зар тұтады!»

    Екі мыңыншы жылдардың басында қазақ руханиятында ерекше басылымдар болды. Атап айтсақ, Атырау шәрінде шыққан «Алтын Орда» газеті болса, одан кейінгісі Алматы қаласында шығып тұрған «Жас қазақ», сондай-ақ «Шетел Әдебиеті» сынды газеттер еді. «Алтын Орда» газетіне Мейірхан Ақдәулетұлы, ал қалған екеуіне Талғат Ешен мен Ардақ Нұрғазы іспетті қазақтың интеллектуал азаматтары бас редактор болған еді. Бәрі  де есімдері елге мәлім, ғажайып ақындар. Бәз біреулердің: «Журналист болмаса, ақын ешқашан жарытып газет шығара алмайды», – деген сыпсың сөздерінің ауызына құм құйып, әлгі әпербақан түсініктің аяғын көктен келтірген де осы талантты қаламгерлер болды.  «Әдебиет порталы» «УАҚЫТ ПЕН КЕҢІСТІК…» айдарымен  тек аталған осы басылымдар ғана емес, жаңа ғасырдың басында қазақ баспасөзінде жарық көрген небір жілікті жазбалар мен танымдық

  • Ел қорғаны – Алмат Сардар

    Ел қорғаны – Алмат Сардар

    Сардар Алмат Тобабергенұлы – өз дәуірінде ел басқарған, беделді тұлғалардың бірі болған. Ол Ырғызда болыс қызметін атқарып, халық арасында сыйлы адам ретінде танылған. Алмат Тобабергенұлының ерлік пен елдік тоғысқан дара жолын кейін балалары Самырат пен Төремұратта жалғыстырды. Ал оның шөбересі Ғалымжан Әбдісаламов Еуропа мен Орта Азияға танымал қазақтан шыққан тұңғыш скрипкашы болған. ХІХ ғасырдың басында дүниеге келіп, сол ғасырдың соңғы он жылдығында өмірден өткен алмат Тобабергенұлы басындағы билігі мен беделін елінің игілігіне, жұртының тұрмыс-тіршілігіне арналған өз заманының айтулы тұлғаларының бірі еді.  «Аржағы да атақты ер…» Тағы бір жүз жыл әрі жылжып, ХVІІІ ғасыр тарихын парақтасақ, ол кезеңде ел басынан өткен қайғылы оқиғалар көп болғанын көреміз, «ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» халқымызды

  • 14 наурыз – Математиктер күні

    14 наурыз – Математиктер күні

    Кафедра профессоры Математиктер күніне арналған «Таңғы Studio» таңғы шоуында 15 наурыз, 2025 14 наурыз – Математиктер күніне орай «Таңғы Studio» таңғы шоуының қонағы белгілі ғалымдар: физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Қангужин Балтабек Есматұлы мен PhD-доктор Жұмабай Мәдібайұлы болды. Эфирде олар математиканың маңыздылығын, мерекенің тарихын, қазақ математиктерінің ғылымның дамуына қосқан үлесін талқылады. Профессор Балтабек Есматұлы математиканың ғылымдардың патшайымы саналатындығына тоқталды. Ол бір жағынан ғылыми білімнің шыңында тұрса, екінші жағынан басқа пәндердің дамуына негіз болатын көмекші ғылым екенін атап көрсетті. Ғалым шексіздік пен математикалық есептеулердің дәлдігін білдіретін π санының шығу тарихына да тоқталды. Доктор Жұмабай Мәдібайұлы бұл күннің 1988 жылдан бастап «π саны күні» (π – иррационал сан, шамамен 3,14142… тең) ретінде тойлана

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: