|  | 

Саясат

“Қысым көрсету құралы”. Тоқаев Ресей ұсынған АЭС-ті салуға неге асықты?


Балқаш көлі жағасында орналасқан Үлкен ауылындағы қаңырап тұрған ғимараттар. Алматы облысы, 13 сәуір 2019 жыл.

Балқаш көлі жағасында орналасқан Үлкен ауылындағы қаңырап тұрған ғимараттар. Алматы облысы, 13 сәуір 2019 жыл.

Балқашқа атом электр станциясын (АЭС) салудан қандай қауіп бар? Ресейден ядролық технология сатып алу Қазақстанды Мәскеуге “байлап қоятыны” рас па? Қазақстан билігі қауіпті нысанның құрылысына рұқсат бермес бұрын халықтың пікірін неге сұрамады? Азаттық бұл тақырыпта KEGOC корпорациясының бұрынғы басшысы, энергетика және экономика саласының сарапшысы Әсет Наурызбаевпен сөйлесті.

“КҮН ЭНЕРГИЯСЫНЫҢ БАҒАСЫ – 14 ТЕҢГЕ, АТОМ ЭНЕРГИЯСЫ – 60 ТЕҢГЕ. ТИІМДІСІ ҚАЙСЫ?”

Азаттық: Жақында Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдік инвесторлар кеңесінің жиынында Қазақстан АЭС салынатын жерді белгілеп, технология таңдап жатқанын, құрылыс жұмыстары келер жылы басталатынын айтты. Президенттің бұл мәлімдемесі асығыс жасалған жоқ па?

Әсет Наурызбаев.

Әсет Наурызбаев.

Әсет Наурызбаев: Президент энергетика саласының маманы емес. Ол кеңесшілері дайындаған баяндамаларға сүйенеді. Соған қарағанда президенттің жанында жақсы сарапшылар жоқ сияқты, өйткені атом энергетикасы – Қазақстан халқы үшін сәтсіз шешім. Жоба жүзеге асса, жыл сайын 675 миллиард теңгеге артық шығындаламыз. Бұл Қазақстанның әр азаматы электр энергиясының, сәйкесінше, тауарлар мен қызметтер бағасының қымбаттауына байланысты қазіргіден 35 мың теңгеге артық төлейді деген сөз. Осыдан жобаның тиімсіз екенін түсінуге болады.

Азаттық: Энергетика министрі Болат Ақшолақов журналистерге АЭС Балқашқа – Алматы облысы Үлкен ауылынының аумағына салынатынын айтты. Биліктің “атом электр станциясы қажет” деген сөзіне сенсек, құрылысқа бөлінген жер туралы не айтасыз?

Әсет Наурызбаев: Балқаш көлінің жанына АЭС салу қауіпті. Инвестордың шығынын азайту үшін көлдің маңы таптырмас жер, бәрі дайын. Қауіп-қатер тұрғысынан алсақ, тиімсіз аймақ. Біріншіден, бұл Қазақстанның дәл ортасында орналасқан, теңдессіз Балқаш көлі. Реакторда апат болса, көлдің суы ластанады. Ал осыған дейінгі апаттарды ескеріп, 30 километрлік аймақ белгіленсе, елдің оңтүстігі мен солтүстігінің арасындағы байланыс үзіледі. Кейінгі жылдары Балқаштың суы тартылып, көлге құятын сулар азайып жатыр. Сәйкесінше, су деңгейі де төмендей бастады. Бір күні реакторды салқындатуға су жетпей қалуы мүмкін, ол кезде басқа шешімін табуға тура келеді. Осының бәрі Балқашқа АЭС салу қате шешім екенін көрсетеді.

 

Үлкен ауылының жалпы көрінісі. Жамбыл ауданы, Алматы облысы. 12 сәуір, 2019 жыл

Азаттық: АЭС салу экономикалық тұрғыдан ақтала ма? Ресми есеп жүргізілді ме? Сіздің өз есебіңіз барын білеміз.

Әсет Наурызбаев: АЭС-тың экономикалық тиімділігін есептеу өте оңай. Жаңғыртылатын энергия көздерінің бағасы белгілі. Былтырғы аукциондарға сәйкес, күн энергиясының бағасы қосымша салығын қосқанда 14 теңге болған. Түркияда салынып жатқан соңғы атом электр станциясындағы баға 12,35 цент квт/сағ, бұл ақшаны қосымша құн салығымен есептеп, теңгеге аударғанда 60 теңге шығады. Бұл күн энергиясының бағасынан төрт есе қымбат. Мұндағы 45–46 теңге айырмашылықты жоспарланған 15 миллиард квт/сағ энергияға көбейтсек, жылына 675 миллиард теңге артық төлейміз. Қарапайым математика: 15 миллиард квт/сағ 45 теңгеге көбейтсек, 675 миллиард теңге шығады. Жыл сайын осынша ақшаны артық шығындауға тура келеді. Сондықтан АЭС салу экономикалық тұрғыдан тиімсіз.

“АТОМ ЭНЕРГИЯСЫ – ӨТКЕН ҒАСЫР ТЕХНОЛОГИЯСЫ”

Азаттық: Былтыр министр Мағзұм Мырзағалиев “көмір генерациясы, көмір технологиясы келмеске кетеді, АЭС салудан басқа жол жоқ” деген еді. Министрдің сөзімен келісесіз бе?

Әсет Наурызбаев: Министр Мырзағалиев әртүрлі қулығымен белгілі адам ғой. Мәселен, ол Еуропа, Корея, Жапония, Америка мен басқа да елдерде қоқыс өртеу технологиясын жақсы меңгерген ондаған кәсіпорын бола тұра, қоқыс өртеу зауытының құрылысына арналған тендерді бір ғана қатысушымен өткізген. Сондықтан оның сөзіне сену қиын.

Бүкіл әлем атом энергетикасының емес, жаңғыртылатын энергия көздерінің жолымен дамып келеді. Жыл сайын Еуропа мен АҚШ сияқты дамыған елдерде ғана емес, Үндістан мен Қытайда да жаңғыртылатын энергия көздерін өндіретін нысандар іске қосылып жатыр. Әлемдік энергетика атом саласына емес, баламалы энергия көздеріне қарай бет бұрды.

Атом энергиясы – өткен ғасырдың ескірген технологиясы, өркениет ғасырындағы тығырыққа тірелетін жол. Ядролық технологиялардың “запыраны”. Бұрын плутоний өндірісінен туған энергияны бір жаққа жіберу қажет болды, қырғи-қабақ соғыс кезінде бұл тегін еді, өйткені қару-жарақ жасауға қажетті плутоний өндірісіне басымдық берілді. Қазір ядролық қарусыз әлемде атом энергетикасы жақындаған елдерге артық қауіп туғызады.

Атом энергиясының бағасы тұрақты түрде өсіп, жаңғыртылатын энергия көздерінің бағасы төмендеп жатыр. Бұл көзге анық көрінетін тренд, оған қарсы күресу желге қарсы түкірумен тең. Сондықтан ядролық энергетиканы жақтайтындардың дүниетанымы тар, олар өткенге жалтақтап, энергожүйенің жаңғыртылатын энергия көздерімен қалай жұмыс істейтінін түсінбейді.

Атом электр станциясы. Көрнекі сурет.

Азаттық: Елде электр энергиясы аса тапшы ма?

Әсет Наурызбаев: Негізі айтарлықтай энергия тапшылығы жоқ. Бірақ электр қуатының тапшылығы бар, яғни, Қазақстанның оңтүстігінде қысқы уақытта кешкісін қуат жетпей қалады. Бұл мәселені шешуге болады. Ең қарапайым шешімін энергетика министрлігі де біледі. Майнинг компанияларымен келісіп, электр жарығы көп қолданылатын уақытта электр қуатын пайдаланбауды сұрау керек. Бұл өте оңай шаруа. Мәселені түбегейлі шешу үшін оңтүстікте жаңғыртылатын энергия көздерін өндіретін нысандар салынуы тиіс. Мұның бәрі энергетика министрлігінің белсенді жұмысын, электр қуатын реттеу және қор жинау сияқты қосымша нарықтарды дамытуды талап етеді. Әлем бұл әдістерді бұрыннан біледі, бізге бар болғаны жаңғыртылатын энергия көздерін, аталған нарықтарды біртіндеп енгізу қажет.

“БІЗДЕ ЯДРОЛЫҚ ДӘРІ ӨНДІРІСІНІҢ ТЕХНОЛОГИЯСЫ БАР ДЕУ – КҮЛКІЛІ”

Азаттық: Билік “Қазақстан әлемде табиғи уран өндірісі бойынша бірінші орында, ядролық отын шығарамыз, уран байытуға мүмкіндігіміз бар” деп отыр. Бұл шынымен солай ма? АЭС-ты тиімді әрі қауіпсіз пайдалану үшін осы жеткілікті ме?

Әсет Наурызбаев: Бізде ядролық отын көп деген аргумент күлкілі естіледі. Бізде бидай көп деп, түскі асқа бәріміз екі бөлкен наннан жемейміз ғой. Отын нарығындағы ықпалымызға келсек, бір реактор салсақ, ол әлемдегі төрт жүзден астам реактордың бірі ғана болады. Бұл жарты пайыздан да аз. АЭС-тың бар-жоғы уран өндірісіне еш әсер етпейді. Оның үстіне, Қазақстан ураннан дайын өнім шығармайды. Уранды шикізат күйінде сатамыз, кейін басқа елде, бізде жоқ технологиямен дайындалған заттардан реакторларға арналған ядролық отын дәрісін өндіреміз. Сондықтан бізде ядролық дәрі жасау технологиясы бар деу күлкілі естіледі әрі халықты алдауға жатады.

Азаттық: Сіз бұрын “АЭС жобасының саяси тұсы басым” деп едіңіз. Неге олай ойлайсыз?

Әсет Наурызбаев: Атом станциясы жаңғыртылатын энергия көздерімен жұмыс істейтін станциялардан әлдеқайда қымбат. Президенттің ештеңеге қарамастан, АЭС жобасынан бас тартпауы оны бұл шешімге итермелеп отырған сыртқы күштер барын көрсетеді. Өйткені АЭС салудың тиімділігін экономикалық тұрғыдан түсіндіру мүмкін емес.

Азаттық: Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін Финляндия атом электр станциясын ресейлік жоба бойынша салудан бас тартты. Соғыстан бұрын да “Росатом” шетелдегі жобаларын аяқтаса, басқа елдерден тапсырыс ала алмауы мүмкін деген болжамдар айтылып еді. Ресей Қазақстанға құрылыс технологиясын таңдауда қысым көрсетіп отырған жоқ па?

Әсет Наурызбаев: Қазір атом энергетикасы – тұтқасыз шабадан тәрізді: тастап кете алмайсың, алып жүру де қиын. Сондықтан атом энергетикасын пайдаланатын елдер жаңғыртылатын энергия көздерінің тиімділігін білсе де, жүздеген мың жұмыс орнын ұсынып отырған технологиялық процесті тоқтата алмай, үнемі бір шара қолдануға мәжбүр болып отыр. Осындай атом технологиясы бар елдер өз жобасын біздің мемлекет сияқты үшінші әлем елдеріне өткізуге тырысады. Ресей Қазақстанға ықпал ету қабілетін пайдаланып, бізге өз технологиясын сатқысы келеді. Басқа елдерде (АЭС жоқ мемлекеттер) атом энергетикасына қарсы күресіп жатыр. Ал АЭС бар елдер қолындағы технологиясы мен жұмыс орындарын ойлап, амалын тауып, станция қызметін жалғастырудан басқа ештеңе істей алмайды.

“АЭС ҚАЗАҚСТАНДЫ РЕСЕЙГЕ “БАЙЛАП ҚОЯДЫ”, МӘСКЕУДІҢ ТАПСЫРМАСЫН ОРЫНДАУҒА МӘЖБҮР БОЛЫП ҚАЛАМЫЗ”

Азаттық: АЭС Қазақстанды станция салып, технология ұсынған мемлекетке “байлап қоя ма”? Бұл несімен қауіпті?

Әсет Наурызбаев: Ядролық отын беру – өте маңызды мәселе. Өйткені нарықта қалыптасқан механизмдер бойынша, реактор сатып алу арқылы ядролық отынның белгілі бір түрін таңдайсыз. Мысалы, станция Ресейдің ядролық отынына негізделіп салынса, кейін оны Францияның немесе АҚШ-тың отынына ауыстыру қиын. Украина ұзақ жыл еңбектеніп, реакторларын АҚШ-тың отынына әзер ауыстырды. Біз Украинаның тәжірибесін қайталай алмаймыз, өйткені біздегі реактор Украинадағы реакторларға ұқсамайды.

Сондықтан реактор сатып алу арқылы бүкіл отын технологиясын сатып аламыз. Бізде отын өндірісінің технологиясы болмағандықтан, ядролық отын сататын елге тәуелді боламыз. Отынды Ресейден алсақ, соның айтқанын істейміз. Батыстан алсақ, сәл жеңілдеу болады. Бірақ Ресеймен әріптес болсақ, “Росатомның” технологиясына байланып қаламыз. Сәйкесінше, бұл үлкен саяси мәні бар қысым көрсету тетігіне айналады. Не 25 жылға отын сатып алып, өзімізде сақтаймыз, бірақ бұған қыруар қаржы кетеді, не әр жолы отынды қайдан аламыз деп бас қатыруға тура келеді. Отын мәселесі саяси қысым тетігі болады.

Азаттық: Билік “Ақпарат құралдары мен қоғамдық пікір көшбасшыларын тартып, АЭС-тің қауіпсіздігі туралы түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз” деп еді. Түсіндіру жұмыстары басталды ма?

Асет Наурызбаев: Иә, биліктің “бұлбұлдары” сайрай бастады. Олардың арасында атом энергетикасы былай тұрсын, физиканың өзін дұрыс түсінбейтін адамдар бар. Олар киловатт-сағатты киловаттан ажырата алмайды. Соған қарамастан, атом энергиясынсыз жүйе жұмыс істей алмайды деп дабыл қағып жүр. Қазақстан мен Ресейдің энергожүйелерінде істеген адам ретінде энергожүйе атом станциясынсыз, жаңғыртылатын энергетика көлемімен жұмыс істей алатынын айтқым келеді. Бұл әлемнің көп елінде шешімі табылған инженерлік тапсырма, одан қорқудың қажеті жоқ, жай ғана істеу керек. Бұл әдемі инженерлік жұмыс қолымыздан келер еді деп ойлаймын.

Азаттық: Елде жаңғыртылатын энергия көздерін қалай дамытуға болады? Нақты не істеу керек?

Әсет Наурызбаев: Қазақстанда жаңғыртылатын энергия көздерін қолдау мен дамытудың өте тиімді жүйесі құрылған. Жыл сайын белгіленген қуатқа аукциондар өтеді. Оған тәуелсіз инвесторлар қатысады. Аукционда әр сатылым сайын баға төмендейді. Қазір қосымша құн салығымен қосқанда 14 теңге квт/сағ деген межеге жетіп қалдық. Сондықтан жаңғыртылатын энергия көздерінің саны артуы үшін акциондарды жиі өткізу керек (Жыл басындағы ресми дерек бойынша, Қазақстанда күн электростанциясы, жел электр станциясы, биогаз станциясы, шағын су электр станциясы сияқты 134 жаңғыртылатын энергия нысаны болған – ред.). Өкінішке қарай, бізде аукцион аз өтеді, оның үстіне, энергия көздері дұрыс орналаспаған. Жаңғыртылатын энергия көздері тұрақты жұмыс істеуі үшін оларды елдің әртүрлі бөлігіне теңдей орналастыру керек. Сонда бір жерде күн немесе жел болмаса, елдің басқа бөлігінде міндетті түрде энергия өндіруге қажетті ауа-райы болады. Математикалық статистика және ғылымның көмегімен болжамдарды цифрландыруға мүмкіндік бар. Энергия көздері дұрыс орналасса, жаңғыртылатын энергетика атом, газ немесе көмір сияқты дәстүрлі энергия көздеріне қарағанда тұрақты жұмыс істейді.

 Ядролық полигон болған аумақтың жанындағы Саржал ауылына кіреберіс. Шығыс Қазақстан облысы.

Азаттық: 2019 жылы Қазақстан президенті Чернобыль апатына 33 жыл толардың алдында “АЭС салу туралы шешім халықтың пікірін ескермей қабылданбайды” деді. Бірақ қазақстандықтардың пікірін ешкім сұраған жоқ, билік өзі шешім қабылдап, АЭС салынатын болды деп жариялады. Неге олай болды? Қазір қоғам АЭС құрылысын тоқтата ала ма?

Әсет Наурызбаев: Президенттің өз сөзін ұмытып қалғаны оның АЭС салуға асығып отырғанын көрсетеді. Соған қарағанда президентке саяси қысым көрсетіліп отырған сияқты. Мүмкін АЭС құрылысын ұйымдастырып, жобаға бөлінген қаржыны игеруге мүдделі топтар қысым көрсетіп жатқан шығар. Қоғам бұған қарсы тұруы керек. Өйткені қол қусырып отыра берсек, жыл сайын 675 миллиард теңгеден төлейміз. Олар өз миллиардын құрылыстан табады ғой, ал біз ол миллиардты жылдар бойы бүкіл ел болып өтейміз. Сондықтан түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, президент айтқан референдумды өткізуіміз керек. Көріп отырғандарыңыздай, елімізде референдум өткізуге болады екен. Осы қозғалысты ұйымдастыру керек. Референдумды қолға алғысы келетін адамдар болса, көмектесуге дайынмын. Бірлесіп референдум өткізейік.

Азаттық радиосы 

Related Articles

  • Конституцияда қазақ тілін мемлекеттік әрі ресми тіл етсек, басқа тілдердің құқы шектеле ме?

    Конституцияда қазақ тілін мемлекеттік әрі ресми тіл етсек, басқа тілдердің құқы шектеле ме?

    Бұған нақты жауап – жоқ, бұл шешімнен ешбір тілдің, соның ішінде, орыс тілінің де құқы шектелмейді. Неге? Өйткені конституциядағы мемлекеттік тіл мәртебесі биліктің жұмыс тілін ғана реттейді. Ол норманың қарапайым адамдардың қатынас тіліне қатысы жоқ. Яғни, мемлекеттік тіл – мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару ұйымдары жұмыс істейтін тіл деген сөз. Бұл шешім орысша сөйлейтіндердің құқығын шектемейді, орысша сөйлеуге тыйым салмайды. Қарапайым адамдар үйінде, қоғамдық орындарда, бизнесте, медиа мен мәдениет ошақтарында қалаған тілінде сөйлей де, жұмыс істей де алады. Бұған конституцияның басқа баптары нақты кепіл болып отыр. Ал жаңа конституцияда 9-баптың 2-тармағы қазіргі күйінде қалса, бұл – қазақ тілінің құқығын шектейді. Себебі мемлекеттік органдар құжаттарды өздері үйренгендей алдымен орысша жазып,

  • Қазіргі биліктің ең үлкен қорқынышы…

    Қазіргі биліктің ең үлкен қорқынышы…

    Zhalgas Yertay Конституциядан орыс тілін алып тастасақ, Ресей бізге соғыс аша ма? Билік осылай қорқыта бастады. Бірақ ол сұраққа қысқа жауап – жоқ. Себебі, Ресейге қарсы Әзірбайжан да, Армения да неше түрлі әрекетке барды, барып та жатыр, бірақ оларға қазір соғыс қаупі төніп тұрған жоқ. Бұл әдісті саяси манипуляция дейді, шын мәнінде, бұны қазіргі статус-кво жағдайын сақтап қалғысы келетін жүйенің асығыс ойлап тапқан аргументі деуге болады. Ойлап көріңізші, Ресейге біздің мемлекеттік органдар қай тілде іс-қағаз жүргізетіні емес, лоял болғанымыз керек. Ендеше, Ресей біздің лоялдығымызды сақтап қалғысы келсе, конституциядағы тіл мәселесіне қарсы болмауы керек. Себебі бұл ішкі тұрақтылық мәселесі. Дені сау елдің билігі өз көршісіне осындай қарсы аргумент айтар еді. Енді

  • «Мағынасыз жұмыстан шаршадым»: қазіргі Конституцияның авторы мәлімдеме жасады

    «Мағынасыз жұмыстан шаршадым»: қазіргі Конституцияның авторы мәлімдеме жасады

    Қазіргі Ата заңның авторларының бірі, академик Майдан Сүлейменов Конституция реформасын сынады. Ол заңның мәтінін шағын бір топ әлдеқашан жазып қойғанын, ал комиссия жай ғана мақұлдайтынын айтады. Оның сөзінше, ғалымдар мен сарапшылардың ұсыныстары ескерілмейді. Бұл туралы академик Facebook-те жазды: Кейінгі кезде менен Конституцияны талқылап жатқанда, неге үнсіз қалғанымды жиі сұрап жатыр. Қысқа қайырсам: мағынасыз жұмыстан шаршадым. Иә, мен қазіргі Конституцияның авторларының бірімін. Талқылау кезінде екі мәселе үшін күрестім: Конституциялық сотты сақтау және Парламенттің өкілеттігін шектемеу. Бірақ екеуі де қабылданбады. Соған қарамастан, мен бұл Конституциядан ұялмаймын. Мен Назарбаев пен оның отбасының жеке билігін нығайтуға бағытталған кейінгі түзетулерден ұяламын. Назарбаевтың кезінде-ақ осы масқара түзетулердің барлығын талдап, Конституцияны жетілдіру бойынша бірқатар ұсыныстар енгізу туралы

  • Бізді басқарып отырған бір топ адам үшін орыс тілі – ИВЛ аппараты іспетті.

    Бізді басқарып отырған бір топ адам үшін орыс тілі – ИВЛ аппараты іспетті.

    Арман Әлменбет Екі-үш күн уайымға салынып кеттім. Осы соңғы жазғаным болсын. Әрі қарай Құдайға тапсырып, жұмысымды істейін. 6 ақпан күнгі ойым: Бізді басқарып отырған бір топ адам үшін орыс тілі – ИВЛ аппараты іспетті. Ковид кезінде өкпесі жұмыс істемей қалған адамдарға Түркиядан ИВЛ деген аппарат әкелгені естеріңізде ме? ИВЛ болмай, қанша адам өліп қалды. Орыс тілін алып тастасақ, Мәңгілік ел мен Есіл өзенінің ортасындағы бес-алты ғимарат босап қалады. Тек орысша ойланатын адамдар жиналып ап, өздері әдемі отыр о жерде. Менің түсінігімде, орыс тілін конститциядан алып тастау үшін оған алдын ала дайындалу керек. Соңғы екі жарым жылда осыны қатты ойланып жүрмін. Ұсынайын деп едім, қызығатын адам таба алмадым. Сөйтіп «Ана тіл

  • Си Цзиньпиннің қытай әскери басшылығын “тазалауы” нені білдіреді?

    Си Цзиньпиннің қытай әскери басшылығын “тазалауы” нені білдіреді?

    Рид СТЭНДИШ Ресей президенті Владимир Путин (оң жақта) елге сапармен келген қытай генералы Чжан Юсямен қол алысып тұр. 2017 жыл. Өткен аптаның аяғында Қытайдың Орталық әскери комиссиясы төрағасының орынбасары қызметінен әрі Қытай коммунистік партиясы саяси бюросының мүшелігінен босатылды. Әскери басшылықтағы мұндай жоғары шенді тұлғаның орнынан алынуы Пекиннің Тайваньға қатысты жоспарына, АҚШ-пен бәсекесіне және аймақтағы тұрақты ойыншы ретіндегі рөліне қатысты бірқатар сұрақ туғызып отыр. 24 қаңтар күні Пекин қызметтен босатылған генерал Чжан Юся (Қытай басшысы Си Цзиньпиннің көп жылдан бергі сенімді серігі болған) тергеуге алынды деп хабарлады. Тосын шешімнен кейін Си Цзиньпин әскери басшылық шыңында жалғыз өзі қалды. Қытайды зерттеуші сарапшылар мұның билік сабақтастығына елеулі салдары болады дейді. Ал Пекиннің серіктестері

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: