|  |  | 

Саясат Сұхбаттар

Америка генералы Бен Ходжес: Ресей Ираннан дрон алады, ал Украинаға 50 ел көмектесіп жатыр


Ресей ракетасы түскен Днепрдегі көпқабатты тұрғын үй. 14 қаңтар 2023 жыл.

Ресей ракетасы түскен Днепрдегі көпқабатты тұрғын үй. 14 қаңтар 2023 жыл.

АҚШ армиясының отставкадағы генералы Бен Ходжес Азаттыққа берген сұхбатында Ресей әскерінің жүйесіз қимылдап жатқанын атап өтіп, Батыстың жаңа қару-жарағы Украинаға соғысты қалай өзгертуге мүмкіндік беретінін айтты.

Отставкадағы генерал Бен Ходжес 2014-2017 жылдары АҚШ-тың Еуропадағы құрлық әскерін басқарған. Қазір Вашингтондағы Еуропа саясатын талдау орталығының стратегиялық зерттеулер кафедрасына жетекшілік етеді. Генерал Азаттықтың Грузин қызметіне сұхбатында Украинаға жаңа әскери техника жеткізу соғыс барысын өзгертуге қалай көмектесетінін айтып, Ресей операциясында жүйе жоғын түсіндірді.

Азаттық: Украинаның Бахмут және Соледар қалалары “Вагнер” жалдамалы әскерінің үздіксіз шабуылына ұшырап отыр. Елдің шығысындағы Бахмутты алу неге сонша маңызды? «Вагнер» тобының басшысы Евгений Пригожин Бахмутта қандай нәтижеге қол жеткізгісі келеді?

Бен Ходжес: Ресей, әсіресе Пригожин бастаған әскер Бахмутқа неге айрықша басымдық беріп отырғанын түсінуге біраз уақыт кетті. Бұл жерден символизм белгісін көріп отырмын. Пригожин үшін Бахмутты алу мансапқұмарлық жобасы сияқты. Оған қанша адам өлгені маңызды емес. Олар бес айдан бері соғысып жатыр, бірақ әлі Бахмутты жаулап ала алған жоқ. Ресей әскери дайындықтан өтпеген, жақында ғана қатарға қосылған жауынгерлерін майданға салып жатыр.

АҚШ армиясының отставкадағы генералы Бен Ходжес

АҚШ армиясының отставкадағы генералы Бен Ходжес

Жақында өңірде ірі тұз және гипс шахталары бары белгілі болды. Пригожин бұл жерлерден кен өндіргісі келетінін айтты. Оған стратегиялық маңызды торапта орналасқан қала емес, гипс шахталары керегі Ресей шабуылынан қаза тапқан мыңдаған адамның жақындарын жұбата ала ма, білмеймін.

Бахмут операциясы Ресей әскері өзара ақылдасып әрекет етпейтінін көрсетеді. Пригожин [генерал Сергей] Суровикиннің бұйрығын орындап, генерал [Валерий] Герасимовқа (11 қаңтарда Украинадағы бірлескен орыс әскерінің қолбасшысы болып тағайындалды) бағынады деп ойламаймын. Сонда басшы кім?…. Оларда нақты әрі жүйелі жоспар жоқ. Бір жақсысы, Ресей ақпан-наурызда байқалған институционалды қателіктерін әлі түзеткен жоқ.

Азаттық: Мүмкін олар соғысқа мейлінше көп адам салсақ, ерте ме, кеш пе, нәтиже болады деген ескі стратегиясына сүйеніп отырған шығар?

Бен Ходжес: Ресейліктер кімнің әскері көп болса, сол жеңеді деген стратегияға сүйеніп келді. Ғасырлар бойы барлық соғысты осы әдіспен жүргізді. Түбінде Украинаны жауынгерлер санының көптігімен жеңіп шығамыз деп ойлады. Бірақ бұл ойлары жүзеге аспады, украиндардың кәсібилігі жоғары болып шықты. Шын мәнінде шеберлігі жеткілікті және оны қалай қолдану керегін білетін әскер өзінен әлдеқайда көп жауды жеңе алады. Украина әртүрлі құралдар көмегімен қарсыластың көлік желілерін, қару-жарақ қоймаларын анықтап отыр.

Бахмут маңында зенит кешендерінен атып жатқан украин әскері. 10 қаңтар 2023 жыл.

Бахмут маңында зенит кешендерінен атып жатқан украин әскері. 10 қаңтар 2023 жыл.

Азаттық: Өткен аптада Батыс елдері Украинаға заманауи қару-жарақ, оның ішінде АҚШ-тан Bradley бронды техникасын, Германиядан Marder әскери көліктерін, Франциядан жеңіл соғыс машиналарын жіберетінін мәлімдеді. Украина аталған техникаларсыз көп шығынға ұшырады ма? Киевтің жағдайы енді қалай өзгереді?

Бен Ходжес: Әрине, Bradley, Marder, AMX-10RC және басқа да жүйелерді жіберу туралы шешімнің ертерек қабылданғаны жақсы еді. Бірақ түбінде осындай шешім қабылданды, ол да жаман емес. Өткен аптада естіген негізгі ақпаратым танк бригадасының құрамы туралы болды. Чехиядан келген өздігінен жүретін артиллерия батальоны бар. Француздың AMX-10RC — мобильділігі жоғары, зеңбірегі үлкен көлік. Marder батальоны да — жақсы жүйе. Bradley әлемде жаяу әскерге арналған ең жақсы машина саналады.

Украина осының бәрін қолына жинап, өзінің танк батальоны мен инженерлерін ортаға салса, жаудың жанын алатын құрылым шығады. Дұрыс қолдау көрсетсе, бұл техника орыс окоптарын жарып өтетін темір жұдырыққа айналады. Мен осыны көріп отырмын. Көлік санына емес, мүмкіндігіне қараймын… Алдағы бірнеше ай қару-жарақты қабылдап алып, жаттығып, логистикалық жоспар құруға кетеді. Украинаның бас штабы дайын болғанда, бұл қару-жарақты нағыз күш ретінде қолдануға көшеді.

Азаттық: Батыс елдерінің қауіпсіздік саласындағы сарапшылары бұған күмәнмен қарайды. Олар қару-жарақ берілгені жақсы, бірақ Украинаға M1 Abrams сияқты нағыз танкілер керек деп есептейді. Бұл пікірге қосыласыз ба? Украинаға осындай қару-жарақ берілуі мүмкін бе?

Бен Ходжес: Әрине, оларға Abrams немесе «Леопард» берілсе, тіптен жақсы болар еді. Алдағы уақытта мұндай техникалар да беріледі деп ойлаймын, білмеймін… Бірақ өткен аптада көргеніміз де бос нәрсе емес. Украиндар қарсы шабуылдың келесі шешуші кезеңіне дейін әскердің әлеуетін арттыруға күш салып жатыр. Олар Қырымды азат етеді деп ойлаймын.

Донецк облысына кетіп бара жатқан украин танкілері. Украина, 12 қаңтар 2023 жыл.

Донецк облысына кетіп бара жатқан украин танкілері. Украина, 12 қаңтар 2023 жыл.

Азаттық: Қырым мәселесіне ораламыз, әзірге танк туралы сөйлесейік. Бірнеше мемлекет, оның ішінде Польша мен Ұлыбритания Украинаға танк жіберуге дайын. Бұл соғыс барысын өзгертуге қалай көмектеседі?

Бен Ходжес: Шынайы мүмкіндіктер тұрғысынан алғанда, бұл маңызды. Бірақ оларға техникалық көмек, оқ-дәрі қоры беріліп, жауынгерлерді дайындықтан өткізу керек. Сонда бұл көмек шынайы мүмкіндікке айналады. Мұндай шешімдер батыс елдерінің келесі қадамға өткенін, бұрынғыдай Ресей соғыс қарқынын күшейтеді деп қорықпайтынын көрсетеді. Бұл дер кезінде қабылданған шешім болмаса да, соғыс барысын өзгертуге әлі де кеш емес. Соғыс мұнымен аяқталмайды, Украина Қырымды босатып алғаннан кейін, оған әлі ұзақ қорғануға тура келеді. Қазір жаңа қару-жарақ болмаса да, бірнеше айдан кейін осындай көмек қажет болады. Сондықтан сарапшылар идеясын толықтай қолдаймын…

Азаттық: Қару-жарақ санына қарамаймын дедіңіз. Сонда да Киевке берілген әскери көмек пен Украина қарулы күштерінің қолбасшысы Валерий Залужный сұраған қару-жарақ көлемінің арасында үлкен айырмашылық бар. Ол 700 бронды машина мен 300 танк сұрап еді. Оның өтініші толық орындала ма?

Бен Ходжес: Білмеймін. Көп нәрсе ашық айтылмайды… Ресей Ираннан дрон, Солтүстік Кореядан қысқы әскери форма алып отыр. Украинаға 50 мемлекет көмектесіп жатыр. Біз Украина қалағандай жедел көмек бердік пе? Жоқ. Жеткілікті көмектесіп жатырмыз ба? Жоқ. Тағы көмек бола ма? Болады деп үміттенемін. Қазір Кремльде отырсам, «Немістер Marder мен тағы бір Patriot батареясын беріпті, «Леопард» туралы айтылып жатыр екен» деген ақпарат естір едім. Бұл Ресейдің өз күшіне деген сенімін азайтады.

Азаттық: Осыған дейін украин әскері 2022 жылдың соңына қарай қарсыласын 24 ақпанға дейінгі позициясына қайтарады деп едіңіз. Болжамыңыз неге орындалмады?

Бен Ходжес: Тым оптимистік көзқараста болған сияқтымын. Украинаға ATACMS сияқты алыс қашықтыққа жететін зымыран жүйелерін бере алмаймыз деп ойлаған жоқпын. Батыс елдері барынша көмектеседі деп күттім. Осы жерден жаңылдым. Ресей Бахмут маңында сонша адамын құрбан етіп, кескілескен соғыс жүргізеді деп ойламадым. Қатты болмаса да, қателескенім анық. Қазір Украинаның жағдайға қаншалық бейімделгені, батыс елдерінің жеткілікті көмек бергені маңызды.

Олар Қырымды азат етеді деп ойлаймын. Қырымға Керчь көпірі мен құрлық жол ғана апарады. Бір жол бүлінген, екіншісі де соққыға ұшырайды. Алдағы бірнеше айда солай болады. Украинаға ойын жүзеге асыруға көмектесуіміз керек.

Соледар маңында жасырылған немістің Panzerhaubitze гаубицасы. Украина, 11 қаңтар 2023 жыл.

Соледар маңында жасырылған немістің Panzerhaubitze гаубицасы. Украина, 11 қаңтар 2023 жыл.

GMLRS сияқты алыс қашықтыққа жететін зымыран жүйесін немесе HIMARS-қа арналған 90 километрге дейін ұшатын зымыран бермесек, Ресейдің жеңуіне жағдай жасаймыз. Мәскеу Қырымнан, Ресей мен Беларусьтен соққы жасап, бейбіт халықты қырады. Сондықтан Украинаға алысқа жететін зымырандар, Қырым түбегін жаудан тазартатын техника беруіміз керек.

Азаттық: Демек Украинаның қарсы шабуылдағы жеңісі Батыс елдерінің қолдауына байланысты ма?

Бен Ходжес: Дәл солай. Батыс елдері Украинаны қолдауды жалғастыруы керек. Тым болмаса, осыған дейін берген уәделерімізді орындауға тиіспіз.

Азаттық: Тиісті қолдау көрсетілсе, Украина қалай әрекет етеді?

Бен Ходжес: Ресейдің Бахмут пен оның айналасындағы елдімекендерді басып алуына жол бермеуге тырысады. Солтүстікте Беларусьтің әрекетін қадағалайды. Тағы да қателесетін шығармын, бірақ ол жақтан салмақты соққы бола қоюы екіталай. Ресей әскерінің бір бөлігін Беларуське шоғырландыруы мүмкін, бірақ олар Киевке қауіп төндіре алмайды. Бұған сенбеймін. Сонда да Украинаның бас штабы бәрін бақылауда ұстауы тиіс.

Украина Батыстан алған және өздерінде бар танк күштерін біріктіріп, Қырымды азат етудегі шешуші күшке айналдырады. Бірақ оған дейін бірнеше ай бойы Керчь көпірінде диверсия ұйымдастырып, Мариуполь мен Мелитопольден келетін көлік желісін бұзуға тура келеді.

Жеңіске көмектесетін жағдай қалыптастыру үшін көп жұмыс істеу қажет. Бар іс-қимыл Перекопский мойнағы арқылы (Қырымды құрлықтағы Украинамен байланыстыратын жер. — Ред.) үлкен шабуыл жасаумен ғана шектелмейді. Алыстан зымыран атқылап, арнаулы жасақты жұмылдырып, соңында құрлық әскерін жіберу керек. Украинаның бас штабының өз ақылы өзіне жетеді деп ойлаймын. Украиндар адам шығынын азайтып, барынша ұтымды соғысуымен таңғалдырды.

Азаттық

Related Articles

  • “Путин оңбай қателесті”. Байденнің Киевке сапары жайлы не белгілі?

    Азаттық радиосы АҚШ президенті Джо Байден (сол жақта) мен Украина басшысы Владимир Зеленский (оң жақта) Киевтегі Михайлов шіркеуінде. 20 ақпан, 2023 жыл.  АҚШ президенті Джо Байден Украинадағы соғыстың бір жылдығы қарсаңында Киевке барды. Оның Украинаға сапары бұған дейін хабарланбаған. Байденнің Киевке сапарының анық-қанығы. БАЙДЕННІҢ ХАБАРЛАНБАҒАН САПАРЫ  20 ақпанда түс ауа Байден мен Украина президенті Владимир Зеленскийдің Киевтегі Михайлов шіркеуінде жүрген суреттері тарай бастады. Украиналық басылымдар АҚШ президенті шіркеуге соғыста қаза болған украиндердің рухына тағзым етуге барғанын жазды. Кейін Зеленский Telegram-дағы арнасында “Джо Байден, Киевке қош келдіңіз! Сіздің сапарыңыз – Украина халқына өте үлкен қолдау” деп алғыс білдірді. Кейін Байденнің өзі де Киевке Украина президентімен кездесуге келгенін растады. Байден (сол жақта)

  • “Қырымды жаз аяғына дейін азат етуге болады”. АҚШ-тың экс-генералы Бен Ходжесбен сұхбат

    Настоящее время Украина сарбазы минометтан атқылап жатыр. Бахмут, 15 ақпан, 2023 жыл. АҚШ-тың Еуропадағы әскерін басқарған генерал Бен Ходжес “Настоящее время” телеарнасына берген сұхбатында Путиннің ядролық қару қолданбайтынын, Батыс бұл қатерді әсірелеп жібергенін айтты. Оның сөзінше, Украина Қырымды жаздың аяғына дейін азат етуі ықтимал, ал Ақ үй Украина күштерінің Қырымдағы Ресей объектілерін атқылауына “енді қарсы емес екенін” білдіріп отыр. “Настоящее время”: Генерал Ходжес, The Washington Post газетінде жарық көрген мақалаға қарағанда, АҚШ Украинаға “соғыста екінші шешуші сәт басталып жатыр” деп ескерткен. Сіз бұл көзқарасқа келісесіз бе?   АҚШ-тың Еуропадағы әскерін басқарған генерал Бен Ходжес. Бен Ходжес: Сіз ЦРУ директоры Бернс мырзаның сөзін айтып отырған боларсыз. Алдағы алты айдың соғыс үшін аса маңызды

  • “Украинаға әскери ұшақ беруге қашан Батыстың батылы жетеді?” Британ маршалы Грег Бэгвеллмен сұхбат

    Важа ТАВБЕРИДЗЕ Румыниядағы әскери базадан ұшып бара жатқан америкалық F-16 әскери ұшағы. Бейтарап сурет. Бұрын Украинаға әскери танк беру мәселесі айтыс тудырып келсе, енді әскери ұшақ туралы пікірталас болып жатыр. Ұлыбритания біріккен корольдігі әскери әуе күштерінің бұрынғы қолбасшысы, авиация маршалы Грег Бэгвелл Азаттықтың Грузин қызметіне берген сұхбатында Ресей авиациясының осал жағы жайлы, Украина Батыстан әскери ұшақ алса, жағдай қалай өзгеруі мүмкін екенін айтып берді. Ресей басқыншылығына қарсы күресіп жатқан Украинаның әскери әуе күштері көбіне совет кезінен қалған МиГ ұшақтарын пайдаланады. Киев Батыс елдерінен бірнеше рет әскери жойғыш ұшақ сұраған. Бірақ АҚШ та, Ұлыбритания да әзірше көнбей отыр. Олар соғысты ушықтырып жіберуден қауіптенетінін алға тартып, басқаша әскери көмек беруді жөн көреді.

  • Министрлік Сарышағанда зенит ракетасы бөлімшелерінің ұрыс атыстары өткенін хабарлады

    Сарышағандағы әуе шабуылынан қорғаныс жаттығуы. Қазақстан қорғаныс министрлігі таратқан сурет. Ақпан, 2023 жыл.  Қазақстан қорғаныс министрлігі 2 ақпанда Ресей жалға алған Сарышаған полигонында әуе қорғаныс күштерінің зенит ракетасы бөлімшелері ұрыс атысы қимылдарын өткізгенін хабарлады. Жаттығудың негізгі мақсаты “жеке құрамның әскери және азаматтық инфрақұрылым нысандарына жасалған әуе шабуылдарына тойтарыс беру дайындығын тексеру” деп айтылады. Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, “қолданыстағы қазіргі заманғы зенит ракетасы кешендері цифрлық радиолокациялық станциялармен жабдықталған”. Министрліктің хабарламасында ракета кешенінің аты аталмайды. Алайда хабарламадан ресейлік “Бук” кешені сыналып жатқаны байқалады. Ақпаратқа қарағанда, радиолокациялық барлау қызметі “ұшақ және ракетатектес” дрондарды анықтағаннан кейін жауынгерлер дайын емес позицияларға жылжыған. “Кешендер өрістетіліп, шартты қарсыластың құралдары жойылған”. “Заманауи зенит ракетасы кешендерінің көмегімен біз нақты уақыт режимінде

  • “Украин болсам, орыстардың шабуылдағанын күтер едім”. Лоуренс Фридманмен сұхбат

    Важа ТАВБЕРИДЗЕ “Қазір Путин үшін Украинаны мемлекет ретінде жойып жіберу маңызды сияқты” дейді Ұлыбритания тарихшысы Лоуренс Фридман. Суретте: Ресей президенті Владимир Путин (ортада) қорғаныс министрі Сергей Шойгу (оң жақта) мен бас штаб жетекшісі Валерий Герасимовтың ортасында тұр. Ұлыбритания тарихшысы Лоуренс Фридман халықаралық қатынастар, сыртқы саясат пен стратегия тақырыбын зерттейді. Ол қырғиқабақ соғыс, ядролық текетірес, Украинадағы соғыстың шығу тарихы мен барысы туралы академиялық еңбектер жазған. Азаттықтың Грузин қызметі тарихшымен сөйлесіп, тараптардың жеңіске жету және Путиннің ядролық қару қолдану ықтималдығы туралы сөйлесті.  Сэр Лоуренс Фридман бүкіл өмірін соғыс пен дипломатияны зерттеуге арнаған. Британ тарихшысы халықаралық қатынастар, сыртқы саясат және стратегия бағытында зерттеулер жүргізеді. Қырғиқабақ соғыс, ядролық текетірес, әскери операция жүргізу саясаты туралы

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: