|  |  |  | 

Оқиға Саясат Тарих

Венгриядағы күзгі қырғынға қатысқан қазақстандық солдаттар

1956 жылғы венгрлер көтерілісі.

1956 жылғы венгрлер көтерілісі.

60 жыл бұрын осы аптада венгр халық революциясы басталғаннан кейін совет әскерлері Будапештке кіріп, наразылық акциясын күшпен басты. Ол кезде совет армиясы қатарында қазақстандықтар да болған. Олар қазір 1956 жылғы оқиғалар жайлы өзгеше ойлайды.

Совет басшысы Никита Хрущевтің КПСС-тің 20-съезіндегі Сталиннің жеке басына табынуды әшкерелеген «Жеке басқа табыну және оның зардаптары туралы» құпия баяндамасы СССР ғана емес, социалистік лагерьге кіретін өзге елдерде де «жылымыққа» ұласты. Венгрлер де Матьяш Ракоши орнатқан сталиндік үлгідегі режимде өмір сүрді.

Венгриядағы «жылымық» 1956 жылғы қазанның 24-і күні Имре Надь бастаған революцияға ұласты. Бірақ халық наразылығы совет әскерлері көмегімен аяусыз басып-жаншылып, жүздеген венгр қаза тапты. Азаттық тілшісіне советтің оккупациялық әскері қатарында болған қазақстандық солдаттардың кейбірімен сөйлесудің сәті түсті.

КІШІ СЕРЖАНТ ХАНАФЕЕВ

Кіші сержант Тим Ханафеев шекара түбіндегі Ужгород қаласында атқыштар полкының автоматшысы болған. Қазанның 22-сі және 23-і күндері олардың полкы совет-венгр шекарасына қарай жылжып, Будапештке бет алған. Полк қалаға таң атып қалған кезде жеткен. Ханафеевтің взводына әлдебір елшілікті қорғау міндеті жүктелген. Қару-жарақтан Калашников автоматы мен алты оқ толы магазин берген. Екі күннен кейін олар қаладан шығып, 60 километрдей жерде күтіп тұрған.

Қарашаның 4-і күні «дереу Будапешт қаласына кіріп, қарсылық танытқандар болса атыңдар!» деген бұйрық түскен. Әуе шабуылына қарсы қорғаныс ғимаратына жақындай бергенде автоматтан оқатыла бастаған. Олар да жата қалып, қарсы оқ жаудырған. Арттарында танкі келе жатқан. «Танкіден әлгі ғимаратты көздеп кумулятивті снарядпен атып қалып еді, бірден тыныштық орнады» дейді алматылық Тим Ханафеев. Әскер ғимаратқа басып кіріп,венгрлер берілген, олардан тау болып үйілген қару-жарақ алынған.

Совет армиясы ардагері Тим Ханафеев. Алматы, 21 қазан 2011 жыл.

Совет армиясы ардагері Тим Ханафеев. Алматы, 21 қазан 2011 жыл.

 

Әлгі атыстан кейін совет әскері бір ай бойы көшелерді торуылдап, көтерілісшілерді қарусыздандырумен айналысқан. Әуелі Буда, сосын Пеш (қаланың Дунай өзені бөліп жатқан екі бөлігі осылай аталады) аудандарында болған. Офицер оларға «лимонка» деп аталатын граната таратып беріп, «Подъездге лақтырып қалыңдар да, есікті жаба қойыңдар. Жұрт сыртқа атып шыққан кезде, «қару бар ма? деп сұраңдар. Жоқ десе, ары қарай барыңдар» деп үйреткен.

Оларға көмекке Лениград әскери округынан десантшылар келген. Түнде венгрдің жүк көліктеріне отырып түнімен қала көшелерін торуылдаған. Тосқауылға тап болып, көбі қаза тапқан. Ханафеев «Бір күні таңертең терезеден төменге қарасам, есік алдында көлік тұр екен, оның үстінен көп етіктердің басы көрініп жатты» дейді.

АРДАГЕР ПІКІРІ

Кіші сержант Юрий Падюков қызмет ететін артиллериялық полкты да Венгрияға Ужгород қаласынан аттандырған. Ол 120 миллиметрлік зеңбіректің командирі болған. Қазанның 22-сі күні дабылмен оятып, совет-венгр шекарасынан өткеннен кейін Будапешт жаққа беттеген.

Полк Будапештке екі мәрте – екінші мәрте қарашаның 4-інде кірген. Атыс позициялары қаланың ең шетінде – Австрияға кететін жол басталатын тұста болған. Венгрлерді жарты күн бойы атқылаған. Кенет тау жақтағы ауыр зеңбіректен оларды да атқылай бастаған.

Совет армиясының ардагері Юрий Падюков. Алматы, 21 қазан 2011 жыл.

Совет армиясының ардагері Юрий Падюков. Алматы, 21 қазан 2011 жыл.

 

Дереу танкі шақыртып, оған ішінде Падюков та бар, жеті артиллерист қарғып шыққан. Оқ жаудырып жатқан зеңбіректі таптап, оқ атып жатқан жерге тез жетіп барған. Венгрлер шегінбес бұрын атыса бастаған. Әлгі атыс кезінде аға лейтенант жараланып, оны Падюков оқтың астынан алып шыққан. Бұл үшін оған «Ерлігі үшін» медалін берген.

Ардагер «Ол кезде патриот болдық. Бұйрықты орындадық» дейді. Египетте оқиға басталған кезде ол жаққа тіпті өз еркімен барғысы келгендер болған. «Венгрияда кімдерге қарсы соғыстыңыздар?» деген сұраққа совет армиясының ардагері қазір «путч» ұйымдастырған «контреволюционерлерге қарсы соғыстық» деп жауап берді.

ТАС АТҚАНДАРДЫ ТАНКІМЕН АТУ

1956 жылы лейтенант Хасен Ибраев Надворный қаласындағы (Карпат әскери округы ) пулеметшілер взводында командир болған. Қазанның 22-сінде әскери дабыл қағылған. Полктегілерге Венгрияда операция басталды деп хабарлаған. Командование «олар ешқандай интервенттер емес, билікті социализмнен өзгеше қоғам орнатқысы келетін фашистер басып алды» деп түсіндірген. Имре Надь туралы «социализм мұраттарына опасыздық жасады» деп хабарлаған.

Полк үш күн жүріп Венгрияға Карпат асуы арқылы кірген. Оның взводы (22 адам) үсті ашық беренді транспорттаушыда отырған, арттарынан танкілер, зеңбіректер жүріп отырған. Қазанның 29-ында Ньиредьхазе қаласынан өткен. Халық оларды өшпенділікпен қарсы алған. Колонналарға үлкен тастар лақтырып, бірнеше зеңбірекші жарақат алған. Танк полкының Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан командирі шыдамай, тас лақтырып жатқандар жаққа танкті бұрып, атып қалғанда, үйдің орны ғана қалған. Шабуыл тоқтаған.

Аға лейтенант Хасен Ибраевтың (сол жақта) Венгрияда әскери қызметте жүрген жылдары түскен суреті. Дебрецен, 1950-жылдардың екінші жартысы.

Аға лейтенант Хасен Ибраевтың (сол жақта) Венгрияда әскери қызметте жүрген жылдары түскен суреті. Дебрецен, 1950-жылдардың екінші жартысы.

 

Мишкольц қаласынан жеті-сегіз километр жердегі бір селоға аялдап, әлгі жерде үш-төрт күн тұрған. Қарашаның 4-інде офицерлерге қаланың маңызды нысандарына қарай беттеуге бұйрық берілген.

Ибраевтың взводына бес қабатты әкімшілік ғимаратты қоршауға алуды бұйырған. Ол жерге түнгі сағат төртте келген. Екі қондырғыны танкі шабуыл жасауы мүмкін жаққа қаратып орналастыруды бұйырып, он шақты пулеметшіні сыртта қалдырған.

Совет солдаттары келеді деп күтпеген көбінесе 15-18 жастағы венгрлер шошып кеткен. Оларды ұйықтап жатқан жерінен бас салған. Ғимараттың бір қабатын қалдырмай түгел тексеріп шыққан. Шабуыл кезінде оларға алдын ала үйреткен «Тоқта!», «Көтер қолыңды!», «Қаруыңды таста!» деген үш ауыз венгр сөзі көмектескен. Бір оқ атпастан 100 шақты адамды қарусыздандырған. Екі көлікке жүк болатын қару-жарақ (винтовка, пулеметтер) тартып алған. Күндізгі сағат 12-де барлық венгрлерді босатыңдар деген жарлық түскен. Кейін бұлар әлгі ғимаратты күзеткен.

Сосын оларға Мишкольц қаласынан 17 километр жердегі радиостанцияны басып алып, бақылау орнату міндетін жүктеген. Қараша мерекесінен кейін Мишкольц қаласы төңірегіндегі деревняларды қарудан тазарту туралы бұйрық түскен. Олар бұл міндетті екі күнде орындап шыққан.

Лейтенант (кейін аға лейтенант алған) Ибраев Венгрияда 1962 жылға дейін қалған.

Совет армиясының ардагері Хасен Ибраев. Алматы, 21 қазан 2011 жыл.

Совет армиясының ардагері Хасен Ибраев. Алматы, 21 қазан 2011 жыл.

 

Запастағы майор Ибраев «егер СССР әскер кіргізуге бірер күн кешіккенде, Имре Надьтың өтінішімен ол жаққа Батыс елдерінің әскері кірер еді» деп ойлайды. Бірақ ол «Меніңше, біз дұрыс істеген жоқпыз. Ел тәуелсіздігіне қатысты мәселені халықтың өзі шешуі тиіс. Қазір мен солай түсінемін. Бірақ ол кезде 26 жаста болатынмын, сондықтан саяси мәселелерді онша түсінбейтінмін» дейді.

1956 ЖЫЛДАН КЕЙІН

Советтің кейіннен жарияға шыққан деректеріне қарағанда, 1956 жылғы қазан-қараша айларында совет әскерлерінен 720 адам қаза тауып, хабар-ошарсыз кеткен, 1540 адам жараланып, зақым алған (қараңыз: «Гриф секретности снят. Потери Вооруженных Сил СССР в войнах, боевых действиях и боевых конфликтах». Статистистикалық зерттеу. Мәскеу, 1993).

Мәскеуде1998 жылы шыққан «Совет Одағы және 1956 жылғы венгр дағдарысы» деген кітапта 1956 жылғы қазанның 23-інен желтоқсанның 31-іне дейін 2 652 венгр қаза тауып, 19 226 адам жараланған деген дерек бар. Олардың ішінде шайқаста ғана емес, бейбіт шерушілерге оқ ату кезінде қаза тапқандар (350-ге жуық) мен отандастарының қолынан тергеусіз, сотсыз мерт болған (тұтқындарды ату) азаматтар бар. Совет әскерлерінің де, венгрлердің де адам шығынына қатысты деректер толық емес деген болжам бар.

Кейінгі үш жылда Венгрияның жаңа басшысы Янош Кадардың режимі бүлікке қатысқаны үшін 3 400 адамды жазалап, 22 мың адамды түрмеге қамады, 200 мың венгр елден кетіп қалды (қараңыз: «Венгрия от падения железного занавеса до присоединения к Шенгенской зоне». Венгрия Республикасы сыртқы істер министрлігінің басылымы). КГБ көмегімен ұсталған Имре Надь та жазаланды (1958 жылы өлтірілді).

Венгрияда социализм сақталып қалғанымен, өзге социалистік елдермен салыстырғанда, 1962 жылдан бастап Венгрияда диктатураның «жайлылау» түрі орнады. «Кім бізге қарсы емес, сол бізбен бірге» принципін жариялаған Кадар 1956 жылғы оқиғаға қатысушыларға жаппай рақымшылық жариялады. Әлдебір экономикалық реформалар да жүргізілді, мысалы, нарықтық экономика элементтері енгізілді. Нәтижесінде Венгрия социалистік елдер ішінде халықтың тұрмыс деңгейі ең жоғары елдердің бірі болды.

1989 жылы Венгрияда коммунистік режим бейбіт жолмен құлап, ел капиталистік экономикаға көшті. Сол жылы Имре Надьты ақтап, оның сүйегі салтанатпен қайта жерленді. 1956 жылдың күзіндегі оқиғаларды түсіндіру сарыны да өзгерді. 1990 жылы Венгрияда 1956 жылғы оқиғаларды «революция және тәуелсіздік жолындағы соғыс» ретінде түсіндіру туралы заң қабылданды. 1956 жылғы революцияны 1989 жылғы «мақпал» революцияның бастамасы ретінде қарастырады. Қос күннің қазанның 23-іне сай келуі кездейсоқтық емес.

Азат Еуропа / Азаттық радиосы

Related Articles

  • Путин Қазақстан және Өзбекстанмен әскери келісімдерді қайта қарауға көшті. Бұл оған не үшін керек?

    Путин Қазақстан және Өзбекстанмен әскери келісімдерді қайта қарауға көшті. Бұл оған не үшін керек?

    Камилла ВАЛИЕВА Коллаж авторы — Тимур Тимаев Шілденің аяғында Ресей президенті Владимир Путин Қазақстан және Өзбекстанмен әскери-техникалық ынтымақтастық туралы келісімдерді қайта қарауды тапсырды. Қолданыстағы келісімдерді Мәскеу Астанамен 2013 жылы, ал Ташкентпен 2016 жылы жасаған. Қазір бұл құжаттар қару-жарақ пен әскери техниканы жеткізуді, әскери мақсаттағы өнімдер алмасуды және технологиялар беруді реттейді. Алайда келісімдерде нақты не өзгеруі мүмкін және Ресей оларды дәл қазір неге қайта қарап жатыр? Әзірге Кремльдің Астана және Ташкентпен жасалған әскери-техникалық келісімдердің нақты қай тұстарын қайта қарастырып жатқаны белгісіз. Өзбекстан Қорғаныс министрлігі Азаттық радиосының сауалына жауап бермеді. Ал Қазақстан Қорғаныс министрлігі құжаттар бойынша жұмыс аяқталғанға дейін олардың мазмұнына түсініктеме бермейтінін мәлімдеді. “Шектеулі түрде таратуға жатпайтын ақпарат жұртқа мемлекеттік органдардың ресми ақпараттық

  • Аттыға жол, ауыздыға сөз бермеген Тұрым батыр

    Әр дәуірде халықтың пана тұтар, қормал санар құрметті азаматтары болады, солардың бірі заманы Аттыға жол, ауыздыға сөз бермейтін, батырлығымен халқы жақта тұрып, мынау ортасы мен мекенін қорғау жолында сырт жауға сес болып келген Тұрым батырды туған халқы мәңгі ұматпайды. Тұрым бала күнінен балуандығымен, қамшыгерлігімен аты шыққан, есейіп ат жалын тартып міне көз алартқан жауларының бетін қайтарып көзге түскендіктен «бұл өңірде Тұрым бар» деп сырт жаулар аттап баспайтын болған. Тұрым өмірінің соңында зиратын қазып, қабырын тұрғызып қойып қажылық сапарға аттанып, қайтарында бүгінгі Семей өңірі маңына келгенде тұйықсыз дүние салып, жол жолдастары сүйекте бұзбай Сартеректегі өзі әзірлеп кеткен қабырға жеткізіп, ел, жұртына табыс етіді. Ителі руының бір мұнша атасы Ажы гүң болып

  • «Сен есірке, тыныш ұйықтат, бақ сөзіме!» /АБАЙ/

    «Сен есірке, тыныш ұйықтат, бақ сөзіме!» /АБАЙ/

    Біздің қазақта «малға достың малдан басқа мұңы жоқ» – «малдан боғы ғана бөтен» талай жарымес Абайдың атына неше түрлі сөз айтқан. Оның ішінде саудагер ғана емес, өзін “сөз ұстаған”, “ел ұстаған” санайтындар да болды. Бұларға Абайдың өзі жауап беріп кеткен: «Тыныш ұйықтат, сен есірке, бақ сөзіме!». Ал, анау жігіт «малдың буымен» негізгі ойын дұрыс жеткізе алмаған сияқты. Ол, «Құнекең малын шығындап, Абайды оқытып, жағдай жасамағанда қалай болар еді… Біз де сол Құнекең сияқтымыз…» дегенді айтпақшы болды – ау деймін… Құнекең қайда, сен қайда… «Қуаты күшті нұрлы сөз, Қуатын білген абайлар…» – дейді Абай. Сөздің қуатын білмеген өте қиын, күйіп қалуың мүмкін… Осы арада Британияның Премьер – министрі болған Бенджамин Дизраэлидің

  • Тибет асқан көш не себепті басталды?

    Тибет асқан көш не себепті басталды?

    1883-жылы Алтайдан Жамысбай бастаған қазақтар алғаш рет Баркөл жеріне көшіп барды, 1887-1891-1895 жылдары тағыда көшіп келгендер болды. онан кейінде көшіп келгендер болды, мысалы 1912-1913 жылдары, 1920 жылдары, 1924-1929 жылы келгенлер болды, олардың дені Алтайдан болатын. 1912 жылдан кейін манжу билігі құлап қытай билігі орнады, 1928 жылы билікке келген Жин Шурын Алтай төресі Қасымқан ұлы Шәріпқанды, Тарбағатай төресінің ұлы Қызырды, Баркөл қазақ үкірдайы Әліптің ұлы Елісқанды Үрімжіде оқытты, Елісқан заманауй Әскери білім алды, қытай тілін үйренді. Оны 200 адамдық қарулы қазаққа басшы етіп оны «Шығыс Шыңжаң шегара қорғаныс отрияды» деп атады. 1931 жылы Құмыл ұйғырлары Қожанияздың бастауында көтеріліс жасады. Оқиға Бір қытай әскер басының бір ұйғыр қызды зорлықпен әйел етіп алмақ

  • Мыржақып Дулатов түрмеде жатқанда жазған өлеңі

    Мыржақып Дулатов түрмеде жатқанда жазған өлеңі

    Жеке архивімнен табылған құнды мұрағат «Мыржақып Дулатов түрмеде жатқанда жазған өлеңі) Бұл өлеңді 1980 – жылы Өр Алтайдың Көктоғай ауданына қарасты Дүре ауылында 61 жастағы Қауан Орынбасарұлы деген ақсақал айтқанынан жеке архивімде сақталып қалғанынан тауып оқырманмен бөлісіп отырмын. Ай, құдай – ау, аққа жақ, Өзіңі аян мен нақақ. Ақиқат деген жолыңнын, Абыройыңды ашпа хақ. Аятбенен қадысқа, Алла ниет ақ іске. Жан алмасам жоқ еді-ау, Жаза тартсын деген бақ. Мені соттап байлатып, Зығырданды қайнатып. Масайрасын мәз болып, Қинағанды өзің тап Жақын жерден жау шығып, Мақүл істен дау шығып. Дұшпан үстап қолымнан, Иттер тістеп тонымнан. Жаман тосу болған шақ, Түтқын болып тарығып, Жалғыз жатып зарығып, Ашу қысып ойды алып, Дерт жәйіліп бойды

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: