|  |  | 

Тұлғалар Әдеби әлем

«Адамдардың iшiндегi адамы…»

Танымал ақын, тарлан талант Есенқұл Жақыпбековтiң дүниеден озғанына да үш жылдың жүзi болыпты. Бiрақ ол көзден кеткенiмен, көңiлден кеткен жоқ. Шын мәнiсiнде, әдебиетке, өнерге жан-тәнiмен берiлген, мансап қумаған, марапат күтпеген екi адам болса, соның бiрi – Есенқұл Жақыпбеков болатын. Қаламдас қауым, үзеңгiлес әрiптес, тiршiлiгiнде алабөтен сыйласқан аға-iнi, қарындас ерекше адами болмысы, ақындық, азаматтық ұстанымы үшiн де бүгiнде оны шын
сағынады…

Аманхан ӘЛIМ, ақын: АҚЫН БОЛЫП ҚАЛҒАНЫ ҮШIН ҰНАТАМ
Есенқұл поэзиясы дегенде менiң көңiлiмдi сүйсiнтетiн және ерекше таңғалдыратын бiр жағдай, оның айтыс ақыны болып жүрiп, жазба поэзияны араластырмай, жаңылыстырмай, екеуiнiң ортасынан “аман” өтуi, яғни ақын болып қалуы. Өйткенi көп жағдайларда, әдебиет тәжiрибесiнде көп айтыскер ақындар жазба поэзияның мықты өкiлi бола амайды. Өйткенi оларда тiл жұтаңдығы, газет жанрындағы сыни стильдер, мәселелер көп қозғалады да, ақынның тiлi де, баяндау тәсiлi де соған бейiмделедi. Яғни ауыз әдебиетi үлгiсiндегi қарабайыр қарадүрсiндiлiкке, тез айтуға ойысады да, жазба поэзияға келгенде көбiне ақсап жатады. Ал Есенқұл айтыс ақынының бойындағы осындай кемшiлiктердi бойына сiңiрмей, таза, жазба поэзияның мықты өкiлi болып қалды. Есенқұлдың ең мықты қасиетiнiң бiрi – осы.
Екеумiз қарғадай кезiмiзден бiрге жүрдiк. Бiрге той тойладық, көп сырластық. Кейде ол қалжыңдасып, Ұлықбекпен де құрдас болып кететiн. Сондай кездерде: “Бiр жағына шық. Не менiмен, не менен кейiнгiлермен құрдас бол”, – деп қалжыңдасам, “Араларыңда жүре берейiншi” деп күлетiн.
Суырыпсалма айтыскерлiк пен көркем, жазба ақындықтың екеуiн бiрдей алып жүру кез келген ақынның пешенесiне жазылмаған. Ал Есенқұлдың маңдайына осы екi бақыт бiрдей жазылды.
Есенқұл аудандық газетке редактор болып барған кезде: “Апырмай, журналистикада жүрiп, ақындықтан қол үзiп қала ма. болмаса “мен – ақынмын” деп жүрiп журналистикасы кенжелеп қала ма деп ойлаған едiм. Бiрақ Есенқұл осы сыннан да әдемi өттi. Мысалы, газет жанры адамның ақындығын жеп қояды, поэзияңды репортажға, очеркке, ақпаратқа түсiредi. Сөйтiп ақын өлең-очерк, өлең-репортаж, өлең, баяндама жазатын болады. Ал Есенқұл өйткен жоқ. Сондықтан да мен Есенқұлды поэзияға қатерлi осы екi тенденциядан “аман” өтiп, ақын болып қалғаны үшiн ұнатам.
Шын мәнiсiнде, Есенқұл – ақын. Ақын болғанда да, ол – көркемдiк, суреткерлiк деңгейi биiк ақын.
Адам, азамат ретiнде досты сыйлай бiлетiн, адаммен араласа алатын, кеудемсоқтығы жоқ едi. Бiзде “маған бәрiн беруi керек, мен кереметпiн, мен сұмдықпын” деп ойлайтындар көп. Әсiлi, адами “мен” мен шығармашылық, ақындық, поэтикалық “мендi” ажырата алмаған адам құриды, менменсiп кетедi. “Мен – ақынмын” деп кеуде соқпайтын, лирикалық “менi” мықты адам сол арқылы өзiнiң стилiн қалыптастырады, адами, азаматтық “менге” бой ұрмайды. Бұл – Есенқұлдың өзiм жоғары бағалайтын тағы бiр қасиетi. Яғни ол адами-азаматтық “мен” мен шығармашылық “мен”-дi шатастырған жоқ. Оның поэзиясындағы стиль – Есенқұлдың өзi.

Саят МЕДЕУОВ, әншi: ТУҒАН ЖЕРIНЕ ӨЛЕҢМЕН ЕСКЕРТКIШ ҚОЙЫП КЕТТI
Есенқұл аға жұрттың есiнде өзiнiң керемет қарапайымдылығымен қалды. Ол кiсiге ешқашан да: “Мен ақынмын”, “мен Есенқұлмын” деген ой келмейтiн. Дей тұрғанмен, елде жатып-ақ өзiн мойындатқан мықты ақынның бiрi – осы Есенқұл ағамыз. Талай рет кездесiп, емен-жарқын әңгiмелесiп, өлеңiн тыңдаған, сырласқан кездерiмiз болды. Уақыттың өтiп бара жатқанын айтып мұңаятын. Қартайғысы келмейтiн. Кей-кейде: “Менi қалаға апарып, клубтарды көрсетшi”, – дейтiн. Мен сол сөзiне мән бермеппiн. Қазiр ендi: “Сол кезде апаруым керек пе едi? Қазiргi жастарды, олардың бүгiнгi бет-бейнесiн, тыныс-тiршiлiгiн көрiп, Есағам жаңа шығармалар жазар ма едi, заманауи өлеңдер туар ма едi?” деп ойлаймын. Ал ол кезде ерен санамадым. Бiр жағынан, өзiм де клубқа баруға құмар адам болмағаннан кейiн, қолайсыз көрдiм бе, бiлмеймiн… Негiзi, апаруым керек едi.
Мұқағалимен туған күнi қатарлас адам ғой, мүмкiн, бұл да тегiн емес шығар. Өзi “Мұқаңмен таласпай, бiр күн кейiн туғаным да жақсы болды” деп күлiп жүретiн. Қарап тұрсаң, өлеңдерiнiң барлығы өмiрден алынған ғой. Ешқандай жасандылық жоқ, бәрi шынайы. Есағаңның өлеңдерiн оқып отырып, iшiнен өзiңдi көрiп отырасың. Халыққа жақындығы, өмiршеңдiгi, бәлкiм, содан да шығар.
“Бүкiл сөздерiмдi, ойларымды, көп әңгiмелерiмдi Оразәлi марқұм жақсы бiлетiн едi. Оразәлi өмiрден өткенде өзiмнiң бүкiл iшкi дүнием кеткендей жыладым” деп көзiне жас алғаны бар. Ақанды да жақсы көретiн. Ешкiмдi бөле-жармайтын. Көңiлi жақын адамдармен сырласып, әңгiмелесiп отырғанды жақсы көретiн. “Кенен шалдың баласы, қайдасың, келiп кетсеңшi” деп, маған телефон соғып қоятын немесе өзi Бекжан Тұрыс ағамыздың шақыруымен театрдағы қойылымдарға келетiн. Жаны нәзiк адам едi ғой, әсерлi бiр дүние көрсе, кәдiмгiдей жылап та алатын. Кейде маған “Менi бiр жаққа алып кетшi” деп қолқа салатын. Естелiкке берген бiр кiтабына: “Саят, саясаттан аулақ саятқа шығайықшы” деп жазып бергенi де есiмде.
Дүниеден озған кезiнде қарапайым халықтың қалай жылап тұрғанын көрiп, мен де “Есағам адамдардың iшiндегi адамы едi ғой” деп ойладым. Қазiр өзi адамдардың iшiнен адам iздейтiн заман ғой. Ол кiсi сондай адам едi. “Жақсы адам едi, жақсы едi, жарықтық” деген өзiнiң сөзiн Есағамның өзiне арнап айтқым келедi қазiр…
Қайтыс болатын күнi кешке “31 арнаның” түсiрiлiмiнде бiрге болдық. Менiң баяғыда бiр сыйға тарқан домбырам бар едi, соны ала келiптi. “Мына домбыраны Кененнiң көзiндей көрiп сақтап жүрмiн, сен соны бiлесiң бе? Осы домбырамен бүгiн бiр ән айтып бершi”, – дедi. Бiрақ бағдарламаға менi көрермен ретiнде шақырғандықтан, ән айта алмадым. “Менiң кешiмде сен ән айтпасаң қалай болады?” деп, Есағам соған кәдiмгiдей ренжiдi. Қайтатын кезде кеткiсi келмей, жұртпен, қыздармен сөйлесiп жүрiп алды. Сонда: “60-қа келсе де Есенқұлдың есi кiрмейтiн болды ғой, әй, ессiз ағам-ай” деп қалжыңдадым. Қолында кiтабы тұр екен. “Өз кiтабын өзi ұстаған ақынды қайдан көрдiңiз. Әкелiңiз, мұны мен оқимын, сiз емес” деп жұлып алдым. Кiтабына тоймайтын едiм сол кiсiнiң. Қолынан кiтап көрсем болды, алып алатынмын. Сосын “Ұлы адамдар болып суретке түсейiкшi” деп күлiп, Жәкен екеумiздi қасына шақырып алды, үшеумiз суретке түстiк. Сол кiтап пен сол сурет Есағаммен кездесуден соңғы естелiк болып қалып қойды.
Дүниеден өткеннен кейiн, ағаның қырқы өтетiн кезде мен Семей жақта жүр едiм. Сол күнi түнде түс көрiппiн. Түсiмде Есағам: “Саят-ау, елдi сағындым ғой. Ел аман ба?” деп елдiң халiн сұрап жатыр екен. “Елдiң халi жақсы ғой, өзiңнiң халiң қалай? Елiң сенi сағынды ғой, Есаға!..” деп жатып оянып кеттiм. Сосын: “Есағам ел үшiн туған ақын екен ғой” деп тағы таңғалдым.
Қарапайым ғұмыр кештi. Қарапайым халық құрметтеп шығарып салды. “Бiздiң елдiң жiгiттерi” деп, елiнiң азаматтарын жырлады. “Жасай бер, Жамбыл ауданы” деген әдемi өлең жазды. Сөйтiп, өмiрiнiң соңында өзiнiң туған жерiне өлеңмен ескерткiш қойып кеттi. Артында өлмейтiн өлеңiн, кiтабын, әзiл әңгiмелерiн қалдырды. Бұл тұрғыдан алғанда, мен Есағамды бақытты адам деп есептеймiн.

Айнұр ТҰРСЫНБАЕВА, айтыскер ақын: ЕРЕКШЕ БIР МЕЙIРIММЕН ҚАРАЙТЫН
– 1995 жылы 18 жасымда Абайдың 150 жылдық тойында мен республикалық айтысқа қатысып, Есенқұл ағамен айтыстым. Одан кейiн де бiрнеше рет айтыстық. Айтыскер ретiнде ғана емес, ағалы-қарындастай болып та араластық. Жалпы, ол кiсiнi 20 жылдай жақсы таныдым. Қанша аралассам да, Есенқұл ағаның адамдық пендешiлiгiн, азаматтық ұсақтығын ешқашан көрмеппiн. Тек маған ғана емес, басқа адамдарға қатысты да, жаман сөзiн естiмеппiн, жаман көзқарасын байқамаппын. Өлең қандай биiк болса, өзiнiң адамдық, азаматтық болмысы да сондай биiк болды. Халықтың жүрегiнде қалғандығы да содан шығар.
Негiзi, жазба поэзияда да, айтыста да Есенқұл ағадай жан-жақты ақын жоқ деп айтсам, артық емес. Тереңдiгi, әзiлге жүйрiктiгi бiр төбе едi. Мысалы, қазiр жiгiттер туралы ән көп қой. Бiрақ “Бiздiң елдiң жiгiттерi” солардың iшiндегi ең шоқтығы биiгi болып қалды. Сол сияқты, өмiр туралы да өлең көп. Алайда Есенқұл ағаның өмiр жайлы толғамдарына жететiнi кемде-кем.
Қайбiр жылы Ұзынағашта республикалық айтыс өтiп, мен сонда бас жүлде алдым. Ертесiнде танымал үлкен тұлғалардың қатысуымен үлкен жиын өтетiн болды да, мен Жамбыл ауданының өткен-кеткенiн, арғы-бергi тарихын қозғап, үлкен арнау айтатын болдым. Сол кезде, шынымды айтсам, мен залда отырған ешқандай лауазымды адамды ойлаған жоқпын. Тек қана “Есенқұл ағаға ұнамай қалмаса екен” деген ғана қорқыныш болды. Сахнаның сыртына шықсам, ол кiсi: “Айналайын-ай…” деп, кәдiмгiдей жылап тұр екен. Ол кiсiнiң ақындығының жанында менiң ақындығым теңiздiң тамшысындай ғана болса да, елеп-ескеруi, адамға деген құрметi, бағалауы ерекше әсер еттi сонда.
Есенқұл аға адамға ерекше бiр мейiрiммен қарайтын едi. Алматының маңында айтыс өте қалса, үлкен-кiшi ақындардың бәрiн бiрдей көрiп, “мынау жас бала ғой” демей, кiм болса да алдынан жүгiрiп шығып, өзi күтiп алып, Жамбылдың, Сүйiнбайдың басына ертiп апарып жүретiн. Азаматтық тұлғасының биiк болғандығы, ақындығынан да бөлек, ол кiсiнiң жүрегiнiң кеңдiгi, парасатының биiктiгiнен, ерекше мейiрiмдiлiгiнен шығар.
Есаға туралы қаншама естелiктердi оқимын, өзiмiз де ол кiсi туралы айтып отырамыз. Сонда бәрi: “Бiздi ылғи күлiп қана, жымиып қана күтiп алатын едi, мейiрiмдi едi, үлкеннiң де, кiшiнiң де көңiлiне қараушы едi” деп еске алады.
Бiз негiзi, дүниеден өткен кiсiлердiң көпшiлiгiн тек жақсы жағынан айтамыз ғой. Бiрақ Есенқұл ағаның болмысы шынымен де бөлек едi…

АЛДАЙ-АУ, АЛДАЙ, АЛДАЙ-АУ…

Алдай-ау, алдай, алдай-ау,
Дүние түбi балдай-ау.
Алқынған күндер талпынған,
Жәутеңдеп қарап артымнан,
Қалды-ай-ау бәрi,
қалды-ай-ау.

Үри-ай, дәурен, үри-ай,
Үмiтпен өткен дүние-ай.
Теректей басым теңселiп,
Терең бiр ойлар еңсерiп.
Ұйқы да тұйқы сең соғып,
Ұйқысыз өткен түнiм-ай.

Арманым алда бұлыңғыр,
Орманым ол да сылыңғыр.
Жапырақтарын жанымның,
Бiлдiрмей бiреу жұлып жүр.
Өмiрдiң өгей пендесi-ай,
Өлеңнiң шертiп қылын бiр,
Өзiңдi-өзiң жылындыр.

Өткенi-ай, бәрi өткен-ай,
Өмiрдiң жаз бен көктемi-ай.
Сары ала қаздар саңқылдап,
Сары ала күздiң жеткенi-ай.
Бiреуге өзiм ынтызар,
Бiреулер маған өкпелi-ай.
Өткiншi мынау өмiрде,
Өтпелi, бәрi өтпелi-ай.

“Аға” – деп барсаң ағаңа,
Ағаның көңiлi көкте жүр.
“Бауыр” деп барсаң бауырға,
Бауыры оның – көк темiр.
Туысқанға – туа жат,
Жолдасыңа – жүре жат,
Менен де осы өттi өмiр.

Қара тас, сенен
қорықпаймын,
Сенен де кейде от шығар.
Қара жер, сенен
қорықпаймын,
Саған да жазда шөп шығар.
Айналайын, ағайын!
Сендермен жердi бiр басқан,
Сүйгiзген, сүйген,
мұңдасқан.
Өмiрi – өлең, жыр-дастан,
Менде де арман жоқ шығар…

zhasalash.kz

Related Articles

  • Аттыға жол, ауыздыға сөз бермеген Тұрым батыр

    Әр дәуірде халықтың пана тұтар, қормал санар құрметті азаматтары болады, солардың бірі заманы Аттыға жол, ауыздыға сөз бермейтін, батырлығымен халқы жақта тұрып, мынау ортасы мен мекенін қорғау жолында сырт жауға сес болып келген Тұрым батырды туған халқы мәңгі ұматпайды. Тұрым бала күнінен балуандығымен, қамшыгерлігімен аты шыққан, есейіп ат жалын тартып міне көз алартқан жауларының бетін қайтарып көзге түскендіктен «бұл өңірде Тұрым бар» деп сырт жаулар аттап баспайтын болған. Тұрым өмірінің соңында зиратын қазып, қабырын тұрғызып қойып қажылық сапарға аттанып, қайтарында бүгінгі Семей өңірі маңына келгенде тұйықсыз дүние салып, жол жолдастары сүйекте бұзбай Сартеректегі өзі әзірлеп кеткен қабырға жеткізіп, ел, жұртына табыс етіді. Ителі руының бір мұнша атасы Ажы гүң болып

  • «Сен есірке, тыныш ұйықтат, бақ сөзіме!» /АБАЙ/

    «Сен есірке, тыныш ұйықтат, бақ сөзіме!» /АБАЙ/

    Біздің қазақта «малға достың малдан басқа мұңы жоқ» – «малдан боғы ғана бөтен» талай жарымес Абайдың атына неше түрлі сөз айтқан. Оның ішінде саудагер ғана емес, өзін “сөз ұстаған”, “ел ұстаған” санайтындар да болды. Бұларға Абайдың өзі жауап беріп кеткен: «Тыныш ұйықтат, сен есірке, бақ сөзіме!». Ал, анау жігіт «малдың буымен» негізгі ойын дұрыс жеткізе алмаған сияқты. Ол, «Құнекең малын шығындап, Абайды оқытып, жағдай жасамағанда қалай болар еді… Біз де сол Құнекең сияқтымыз…» дегенді айтпақшы болды – ау деймін… Құнекең қайда, сен қайда… «Қуаты күшті нұрлы сөз, Қуатын білген абайлар…» – дейді Абай. Сөздің қуатын білмеген өте қиын, күйіп қалуың мүмкін… Осы арада Британияның Премьер – министрі болған Бенджамин Дизраэлидің

  • Мыржақып Дулатов түрмеде жатқанда жазған өлеңі

    Мыржақып Дулатов түрмеде жатқанда жазған өлеңі

    Жеке архивімнен табылған құнды мұрағат «Мыржақып Дулатов түрмеде жатқанда жазған өлеңі) Бұл өлеңді 1980 – жылы Өр Алтайдың Көктоғай ауданына қарасты Дүре ауылында 61 жастағы Қауан Орынбасарұлы деген ақсақал айтқанынан жеке архивімде сақталып қалғанынан тауып оқырманмен бөлісіп отырмын. Ай, құдай – ау, аққа жақ, Өзіңі аян мен нақақ. Ақиқат деген жолыңнын, Абыройыңды ашпа хақ. Аятбенен қадысқа, Алла ниет ақ іске. Жан алмасам жоқ еді-ау, Жаза тартсын деген бақ. Мені соттап байлатып, Зығырданды қайнатып. Масайрасын мәз болып, Қинағанды өзің тап Жақын жерден жау шығып, Мақүл істен дау шығып. Дұшпан үстап қолымнан, Иттер тістеп тонымнан. Жаман тосу болған шақ, Түтқын болып тарығып, Жалғыз жатып зарығып, Ашу қысып ойды алып, Дерт жәйіліп бойды

  • Ғалым Боқаш мерейлі 50 жаста

    Ғалым Боқаш мерейлі 50 жаста

    Altyn Magauina Бүгін Атамыздың ең жақын шәкірттерінің бірі, біздің бауырымыз, қазақтың мақтан тұтатын жастарының бірі Ғалым Боқаш мерейлі 50 жасқа толып отыр. Біз үшін бұл күн – жай ғана Ғалымның туған күн емес, бұл – оның жарты ғасырлық өнегелі өмір жолының, адал еңбегінің, биік парасат пен адамгершілігінің мерекесі. Біз Ғалымды тек терең білімі үшін емес, үлкен жүрегі үшін қадірлейміз. Ғалымның әлемнің ең беделді оқу орындарының бірі – Оксфорд университетінде білім алып, “Азаттық радиосында жемісті еңбек етіп, бүгінде Америка Құрама Штаттарының мемлекеттік қызметінде абыройлы жұмыс атқарып жүргені оның табандылығының, білімге құштарлығының және еңбекқорлығының айқын көрінісі. Алайда адамның шынайы бағасы оның қызметімен немесе жеткен жетістіктерімен ғана өлшенбесе керек. Адамның қадірі оның жүрегінде,

  • Қазақ этногенезінің дағдарысы һам жаңа концепция

    Қазақ этногенезінің дағдарысы һам жаңа концепция

    Арма ағайын! Шағын сараптама Бірінші, қазақ этногенезінің дағдарысы келе жатыр. Дағдарысқа қарсы қазақ этногенезінің жаңа концепциясының жасалмауы алаңдатады. Біз қазір 18 ғасырлардағы қазақ хан-сұлтандары қабылдаған этногенездік концепциясымен әлі өмір сүріп келе жатырмыз. Одан кейінгі үш ғасырда колонизациялық кіріптарлық этногенездік жаңа концепцияны қабылдауға һәм трансформациялауға мұрсат бермеді. Қолданыстағы қазақ шежіресін ашып қараңыз, рулар шежіресінің концепциясы 18 ғасырларда қабылданған мизамға сәйкес келеді. Тіпті шежіредегі аталық рулар сол ғасырдағы қандайда бір тарихи тұлғадан (батырдан) бастау алады немесе шежіредегі аты аталатын рулар 18- ғасырға барып тоқтайды, ары қарай үзік-үзік. Бұл 18- ғасырдағы жаугершілік заманның талабына сай сұрыпталған қазақ этногенезінің көрінісі еді. Яғни қазақ шежіресінің концепциясы қазақ этногенезінің моделін қалыптады. Екінші, саяси және мәдени шешімдердің

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: