«Олар сигналды күтіп отыр». Министр салафиттердің кімдерге бағынатынын айтып берді
Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев еліміздегі ұстанымы дәстүрлі исламға жат діни ағым өкілдері мен діни ахуал туралы айтыпты.
Бұл туралы “Астана” телеарнасы хабарлайды.
“Министрлік мемлекеттік дін саласындағы саясаттың тұжырымдамасын әзірледі. Бұл тұжырымдама көптеген сарапшылар мен дінтанушылардың ой-пікірлерін, ұсыныстарын ескеріп, кең талқылаудан өтті. Қазір тұжырымдама дайын, жақын арада үкіметтің талқылауынан өтіп, бекітілетін болады деп үміттенеміз”, – деді министр.
Бұл орайда министр дәстүрлі емес діни ағымдардың таралуынан туындайтын мәселелерге де тоқталып өтті.
“Қазір біз деструктивті ағым деп кез келген радикалды фанатизмге негізделген, Қазақстанға жат діни ағымдарды айтып отырмыз. Бірақ олардың ішінде қазіргі таңда ең өзекті – ол салафизм деген радикалды ағым. Деструктивті діни ағым, мысал үшін салафизм болсын, олар қателік діни түсініктерді біздің тарихи дәстүрлерімізден, мәдениетімізден, біздің халқымыздың көп этносты, конфессиялық сипатынан жоғары қояды. Олар тек шариғатқа, баяғы ежелгі діни талаптарға негізделген мемлекеттің құрылысын дұрыс жүйе деп есептейді. Мұндай шетін идеялар сан ғасырлық тарихымызға, сан ғасырлық мәдениетімізге қайшы келетіні сөзсіз.
Шетелдегі белгілі бір шейхтардан сигнал келсе, ол кез келген уақытта қолға қару алып, өз жерлестеріне, үкіметке, мемлекетке қарсы шыға алады.
Сондықтан оларға сенім деген жоқ” – дейді Нұрлан Ермекбаев.
Бұдан сырт ол шетелге діни білім алуға кеткен жастарға қатысты пікірін білдірді.
«Шетелде жекелеген діни білім беру оқу орындарына кеткен, өз беттерімен кеткен жастардың радикалды діни ағымның ықпалына түсуі әбден мүмкін. Шетелдердегі түрлі діни білім беру иелері солар арқылы қоғамды басқаруды қалайды. Сондықтан біздің ұсынысымыз, жастар егер шетелге діни білім алуға барғылары келсе, олар алдымен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасындағылармен ақылдасып, жолдама алып, шетелге барса болар еді. Егер өз беттерімен шетелге барып білім алса, ҚМДБ оларды жұмысқа қабылдамайды» – деді министр бұл ретте. 365info.kz
Пікір қалдыру