Алматыда 200 дәрігер вирус жұқтырды деген не сұмдық!
Алматыда 200 дәрігер вирус жұқтырды деген не сұмдық! Ешқандай елде болмаған жағдай ғой. Қаладағы ең үлкен 12 аурухана тұтас жабылды. Көп салалы 4 аурухана ол да жабылудың алдында дейді. Сонда, көзге көрінбейтін жаумен соғыста алдыңғы шепте тұруға тиісті әскер қирап түссе, қалған жұрт не істейді?.. Егер 200 дәрігердің әрқайсысының отбасында орташа есеппен 5-6 адам бар десек, “контактныйлардың” саны қанша болып кетеді? Мүмкін тест-система қате көрсетіп тұрмаса… Қалай болғанда да 200 деген өте көп… Енді, созылмалы дерттері бар немесе хирургиялық көмекке мұқтаж науқастарға да қиын болады-ау… Бір ғана Алматыда 200 дәрігердің ауруы – біріншіден, вирус Алматыға ертерек, яғни, ақпан айында келген дегенді білдіреді. Ақпан-наурыз айында бірталай адам өте созылмалы, жазылуы қиын болған тұмаумен ауырды. Онда, сол уақытта ауырған адамдарға ПЦР жасау керек. Сонда көп жайтқа көз жетеді. Мүмкін ауырып, тұрғандарда антитела қалыптасқан шығар. Екіншіден, 200 дәрігердің сырқаттануы біздің медицина саласының вирусқа дайындығының әлсіздігін көрсетеді. Үшіншіден, дәрігерлер қорғаныс жабдықтарымен қамтамасыз етілмеген және өздері де вирусқа қарсы қорғануды үйреніп, қамданбаған. Қалай болғанда да, дәрігерлерге мемлекет, халық тарапынан үлкен қолдау керек. Мүмкін, қазіргі сәтте алдыңғы сапта, инфекциялық бөлімдерде жұмыс жасап жатқан дәрігерлердің аты-жөнін, жеке есеп-шоттарын денсаулық сақтау министрлігінің ресми сайтында жариялау керек шығар. Ел-жұрт танып, біліп, тілектес болып отырар. Жағдайлы азаматтар жеке есеп шоттарына адресті қаржылық қолдау көрсетер. Қазіргі уақытта бірлік, тұтастық, елдің ертеңі деген ұғымдарды былай қойғанда, әрбір адам бастың амандығы, деннің саулығы үшін дәрігерлерді қолдау керек. Біздің елдегі ілгеріде қатты былыққан саланың бірі медицина еді. Ол бәрімізге мәлім, сол себепті бүгінгі таңдағы қиындықтан коррупциялық тізбектің басында тұрған салалық “бастықтар” емес, жекелеген, қарапайым дәрігерлердің жанкештілігі ғана алып шығады. Жасанды вирустың бетін Дәрігер-Адамның Ерлігі мен оған рухани – материалдық көмек көрсететін ойы түзу, санасы тұнық халық қайтара алады. Оған куә әлемдегі вируспен күрестегі әзірше жалғыз Жеңімпаз – Қытайдағы жағдай.
Пікір қалдыру