5 ақпанда Алматыда Ерболат Досаевтың қала әкімі ретінде тағайындалуына қарсы рұқсат етілген митинг өтті. Акция қарсаңында әлеуметтік желіде “Досаев өзіне қарсы митингіге өзі рұқсат етті” деген қалжың да айтылды. Қазақстандық шенеуніктерге мұндай қылық тән еместей көрінді, сол себепті қолданушылар: Досаев не осындай “стандартты емес жолмен” азаматтар арасындағы өзінің танымалдығын арттыруға тырысып жатыр немесе жоғары жақтан митингіге рұқсат ету туралы бұйрық алған болуы мүмкін деп болжады. Қалай болған күнде митинг өтті, ешкім ұсталған жоқ және қандай да бір арандату әрекеттері де байқалмады.
5 ақпанда Ғылым академиясы ғимаратының алдына ақпарат құралдары мен полиция қызметкерлерін есептемегенде жүзден астам адам жиналды. Жұрт Ерболат Досаевтың отставкасын талап етіп, әкімдерді тікелей сайлау қажеттігін айтты. Қазір республикалық маңызы бар қалалар, астана мен облыс басшыларын президент тағайындайды.
Рұқсат етілген акция болса да, онда билікке көп сын айтылды: жұрт қаңтар оқиғасын талқылап, құрбандарды еске алды, ұсталғандарды босатуды талап етті, “Шал кет!” деп айқайлады.
Кейбірі қаңтар қантөгісіне президент Қасым-Жомарт Тоқаевты кінәлап, отставкасын талап етті. Тәртіпсіздік кезінде Тоқаев төтенше жағдай режимін жариялап, “ескертусіз оқ атуға” бұйрық берді. “Шетелде дайындықтан өткен террористердің” шабуылы туралы айтты. “Мемлекеттік төңкеріс” жасамақ болғанын жеткізді. Бірақ оған еш дәлел келтірген жоқ.
Полицейлер митингіні сырттан бақылап тұрды және оқиғаның барысына кедергі келтірген жоқ. Жұрт арасында азаматтық киім киген күштік құрылым өкілдері көп болды. Олар әдеттегідей мінберге шыққан азаматтарды тыңдап, оқиғаны смартфонға және шағын видеокамераларына түсірді.
Мінберге Liberty қоғамдық қорының жетекшісі, құқық қорғаушы Ғалым Ағелеуов шықты. Ол биліктен қаңтар оқиғасы кезінде қаза болған азаматтардың барлығының аты-жөнін жариялауға шақырды. Прокуратура қаза болғандардың кейбірінің ғана аты-жөнін атаған. Ресми мәлімет бойынша, кемінде 227 адам қаза болған. Қанша бейбіт тұрғынның қаза болғаны белгісіз.
—Барлық қаза болғандардың аты-жөнін атау керек. Тек сол кезде ғана мемориал кешенін тұрғызуға болады. Бізге әділ сайлау керек, бізге жергілікті өзін-өзі басқару, жымқырмайтын, азаптамайтын әкімдер керек. Билік бейбіт митингіні қалыпты азаматтық акция ретінде қабылдауы тиіс. Оған рұқсат қажет болмауы тиіс, тек ескертсе ғана жеткілікті болуы керек. Сол кезде ғана Қазақстан еркін ел атанады, – деді Ғалым Ағелеуов.
Митингіде сөйлегісі келгендер көп, бірақ регламент бойынша шектеу болды. Әйтпесе митинг қас қарайғанға дейін жалғасар еді. Бірақ қатысушылар қарасы көбеймеді.
Митингіге әйелдер құқығы мен гендерлік теңдік мәселелерін көтеріп жүрген “Феминита” бастама тобының мүшелері келді. Олар да әкімді тікелей сайлау қажеттігін айтты.
—Тағайындаулардан, оның үстіне беделіне нұқсан келген ескі қалыптағы ер адамдардан шаршағаннан кейін осында келдік. Біздің әкімдерді сайлауға құқығымыз бар. Бізге әйел әкім керек! Бәріміз өзгеріске қол жеткізе аламыз деп сенемін. Ол үшін қаңтар оқиғасынан қорықпай, көшеге шығу керек. Себебі билік қан төкпеуі тиіс. Олар бізді қорқытпақ болды. Өз басым 20 мың террорист дегенге сенбеймін. Арандатқандардың барлығы ҰҚК “шәкірттері”. Ал біз, азаматтар, көшеге шығып, өз құқықтарымыздың сақталуын талап етуге тиіспіз, – деді белсенді Жанар Секербаева.
Митингіге шыққандар әкімдер сайлауын ғана емес, жалпы демократиялық өзгерістерді де талап етті. Жұрт “Шал кет!” деп айқайлап, жоғары билікте отырғандар отставкаға кетуі тиіс деді. 2016 жылғы жер митингілерін меңзеп, Ерболат Досаевты “бүлікші” деп атады. Бес жыл бұрын Досаев жетекшілік еткен экономика министрлігі ауыл шаруашылық жерлерін аукционға қойып, сату туралы бастама көтерген. Қазақстанның барлық өңірін қамтыған жер митингілерінен кейін билік бұл өзгерістерге уақытша мораторий жариялаған.
Жуырда “Нұр Отан” партиясынан шыққан экономист Рақым Ошақбаев демократиялық өзгерістер қажеттігін алға тартты.
—Менің ойымша, 21 ғасырда халыққа әкімді сайлау құқығы берілуі тиіс және сол үшін митингіге шығуға тиіспіз. Бізді “әзірге ерте” деп бос уәделермен тойдырады. Қалайша ерте? Қала, облыс әкімдерін сайлау – біздің ажырамас құқығымыз. Бізге өзіміз сенетін сайлау жүйесі керек. Өздеріңіз білетіндей, мен экономистпін. Ал экономикада саясаттан үлкен проблема жоқ. Қазір шешім қабылдайтын тұлғалар сайлаушыларға тәуелді болмағандықтан олигархаттың мүддесіне қарай шешім қабылдап жатыр, – деді ол.
Әкімдер сайлауын талап еткен митинг шамамен үш сағатқа созылып, бейбіт түрде аяқталды. Түстен кейін жұрт тарқады. Көбі билік халықтың талап-тілегін ескеріп, әкімдерді сайлауға мүмкіндік берер деген үмітпен тарады.
Азат Еуропа / Азаттық радиосы
Пікір қалдыру