|  |  |  | 

Көз қарас Саясат Сұхбаттар

“Саясаткерлер пафоспен сөйлегенді жақсы көреді”. Түркі мемлекеттері ынтымақтастығының болашағы бар ма?


Түркі мемлекеттері ұйымына мүше және бақылаушы мәртебесіне ие елдердің басшыларының Самарқанда (Өзбекстан) бірігіп түскен суреті. 11 қараша, 2022 жыл

Түркі мемлекеттері ұйымына мүше және бақылаушы мәртебесіне ие елдердің басшыларының Самарқанда (Өзбекстан) бірігіп түскен суреті. 11 қараша, 2022 жыл

Астанада Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) оныншы саммиті өтіп жатыр. Бұл кездесу не береді? Түркия Ресейдің Украинамен соғыстан бас көтере алмай жатқанын пайдаланып, аймаққа ықпалын күшейтуге тырыса ма? Түркі мемлекеттері ынтымақтастығының, әсіресе әскери салада болашағы бар ма? Азаттық осы жөнінде Солтүстік Кипрдегі Таяу Шығыс университеті саясаттану кафедрасының доценті Әсел Тутумлумен әңгімелесті.

ТҮРКИЯНЫҢ МҮДДЕСІ МЕН ЫҚПАЛЫ ҚАНДАЙ?

– Астанада Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) оныншы саммиті өтіп жатыр. Ұйым азаматтық қорғаныстың бірлескен механизмін нығайтуға мүдделі. Сондай-ақ күн тәртібінде аймақтағы және сырттағы саяси-экономикалық оқиғаларды талқылау мәселесі тұр. Саммиттің уақыты мен геосаяси контексі жөнінде не айта аласыз?

– Түркия үшін, қазіргі [Таяу Шығыстағы] жағдайларды ескерсек, бұл өте маңызды саммит. Түркия соғыс жүріп жатқандықтан, Қызыл теңіз бен Жерорта теңізі арқылы оңтүстіктен де, солтүстіктен де жүк тасымалдау белгілі бір қауіп туғызуы мүмкін екенін түсінеді. Сондықтан оған Транскаспий дәлізімен тауар тасымалдауға мүмкіндік жасау және оны кеңейту өте маңызды.

Солтүстік Кипрдегі Таяу Шығыс университеті саясаттану кафедрасының доценті Әсел Тутумлу

Солтүстік Кипрдегі Таяу Шығыс университеті саясаттану кафедрасының доценті Әсел Тутумлу

Бұл жерде Түркияның мүддесі мен Орталық Азияның мүддесі тоқайласып тұр. Олар да қауіпті жағдайда, өйткені солтүстіктегі көршісі [Ресей] бар, төменгі жағында Ауғанстан тұр, ол жақта Кош-Тепа суару арнасы салынып жатқандықтан, онымен де жұмыс істеу өте қиын. Бұл арна өзеннен [Әмудариядан] су тартып, болашақта ауыл шаруашылығында сыртқы және ішкі қауіп тудыруы мүмкін.

– Сарапшылар Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның басты мақсаты – Ресейдің Украинадағы соғыстан бас көтере алмай жатқанын пайдаланып, ресурсқа бай бұрынғы совет мемлекеттерімен арада экономикалық байланысты нығайту дейді. Бұл жөнінде не айтасыз? Түркия аймаққа ықпалын күшейткісі келе ме?

– Әлбетте, біз Орталық Азияда Ердоған режимінің ықпалы күшейіп келе жатқанын байқап жүрміз. Бюрократия барлық деңгейде тығыз байланыс орнатып жатыр: кездесулер, кеңес алу жиі өтіп тұрады. Ердоған режимі мен Орта Азия режимі сыртқы саясаттағы ұстанымдарын үйлестіргісі келеді. Түркияның инвестор ретіндегі ықпалына келер болсақ, бұл жерде аздаған шектеулер бар.

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған

Түркия өзін аймақта тұрақтылықты сақтауда маңызды рөл атқаратын ойыншы ретінде көрсеткісі келеді: Ресей мен Украина арасындағы келіссөздерде делдал қызметін атқарып қана қоймай, Таяу Шығыста да белгілі бір баланс сақтауға тырысады. Түркия ерекше геосаяси жағдайын басқаруды біледі және Еуропа, Орталық Азия, араб мемлекеттері, солтүстіктегі көршілерімен қарым-қатынас жасаған кезде соны пайдаланып отыр. Бәлкім ол шынымен күшейіп келе жатқан шығар, алайда бәрі контекске байланысты: егер қандай да бір күштер, мәселен, Ресей, Иран немесе Израиль оны мойындаудан бас тартса, мұны өзгерте алатындай мықты ықпал ету тетігі жоқ.

АНКАРА НЕ ҰСЫНА АЛАДЫ?

– ТМҰ-ның ұзақмерзімді жоспарларының біразы осыдан екі жыл бұрын қабылданған “2040 жылға дейінгі мерзімге түркі әлемінің тұжырымдамасы” атты құжатпен бекітілген. Онда түркі ұйымы мүше-мемлекеттердің ұжымдық ресурстарын пайдаланады және әлемдік арена санасатын күшке айналады делінген. Осы ұжымдық ресурсты ТМҰ елдері қаншалықты пайдалана алады?

– Әзірге айтарлықтай нәтиже көріп отырған жоқпыз. Орта Азияның бес мемлекеті арасында бұған ұмтылыс бар: олар бір аймақ ретінде өзінің сыртқы саясатын құрғысы келеді. Содан кейін ғана басқа мемлекеттермен, соның ішінде Әзербайжанмен және Түркиямен саяси байланыс орнатылады. Айтайын дегенім, түркі мемлекеттері ұйымында белгілі бір топтар болатын сияқты. Ол табиғи процесс. Әзербайжан мен Түркия – тарихы бір мемлекет, тілінде, мәдениетінде айтарлықтай айырмашылық жоқ. Демек, Түркия мен Әзербайжан – бір топ.

Қалған үш мүше елдің (Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан) өз көзқарасы мен ұстанымы бар. Бұл екі жүйе арасында интеграция қалай жүретіні үлкен мәселе. Тұжырымдаманың болашағы осы екі топтың қалай ымыраға келіп, ынтымақтаса алатынына байланысты болмақ.

Қазір белгілі бір экономикалық перспективалар бар. Алайда саяси тұрғыда әрбір ТМҰ мүшесінің өз құндылығы, өз мүддесі бары анық. Мәселен, тіпті Әзербайжанның түркімен газын өз инфрақұрылымы арқылы өткізу туралы қарапайым ұсынысы келіссөзден әрі аса алмай қалды, өйткені Түркіменстан [ТМҰ бақылаушысы] түркімен газын Еуропа нарығына шығаруға мүмкіндік беретін көпірді қажет етпейді. Түркіменстан түркімен газын сатуға арналған үлкен инфрақұрылым жасауға ғана емес, өз ішкі инфрақұрылымы мен жаңа кен орындарын дамытуға да мүдделі. Ал Әзербайжан мен Түркия, Түркіменстанның ішкі экономикасында тарихы ортақ ойыншы болғанымен, Қытай мен Ресей сияқты көп ұсына алмайтын болып тұр.

Яғни, белгілі бір саяси ұстанымдар мен мүдделердің бірігуі – айтарлықтай үлкен проблема, сол үшін 2040 жылға дейін жоспар құру қиын.

ӘСКЕРИ САЛАДА ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ БОЛУЫ МҮМКІН БЕ?

– Қандай салада ынтымақтастық күшті болады деп есептейсіз?

– Тіл ұшына бірден әскери сала келді. Түркия дрондарды жасау мен Қазақстанға немесе Қырғызстанға сатуға ғана мүдделі емес. Оның ойы танкілер немесе артиллерия қаруын жасау технологиясын сату арқылы аймақтағы елдерге ықпалын күшейту. Бірақ бұл жерде әскери инфрақұрылым мен тауарлардың 90 пайыздан астамы Ресейден келетінін түсіну керек. [Түріктердің әскери технологиясы] барлық жағдайда сәйкес келе бермейді.

[Қазақстанның] әскери байланыс пен әскери өндірісті дамыту әлеуеті жоғары. Бірақ оның белгілі бір ерекшеліктері бар, компоненттерді сәйкестендіру мүмкін болмай тұр. Сондықтан ел әскери ынтымақтастық саласында Ресейге тәуелді қалпында қала береді.

Орталық Азиядан Түркия арқылы Еуропа нарығына шығу ықтималдығы басым ауылшаруашылығы инфрақұрылымын құру туралы жиі айтылады. Бірақ Орталық Азиядағы экологиялық қатерлерді ескерсек, бұл да өте қиын.

– Шынында да, Түркия жоғары сұранысқа ие әскери өнімдер өндіруші ретінде танылған. Қазақстан ынтымақтасып, дрондар шығаруды жоспарлап отырғанын мәлімдеді. Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына мүше Қазақстан мұндай жоспарды жүзеге асыра ала ма?

– Бұл жерде мәселе біздің ҰҚШҰ-да болғанымыз емес, элиталардың мүддесінде жатыр. Негізі, дрондарды Қазақстанда жасап шығаруға мүмкіндік бар. Бірақ әңгіме ішкі өндіріс белгілі бір элиталарға осы дрондарды сырттан сатып алғаннан гөрі көбірек ақша табуға мүмкіндік бере ме дегенге тіреледі.

Біз оны бұрынғы “Қазақстан Инжиниринг” еншілес кәсіпорны мысалынан көрдік. Кәсіпорын өз өнімін шығарды, бірақ мемлекеттік тапсырыстан айырылып қалды. Белгілі бір дәрежедегі шенеуніктерге тауарды сырттан сатып алған тиімді. Элита мемлекеттік бюджеттің қаржысын сатып алуға жұмсаса, көбірек пайдаға кенеледі. Ішкі өндірісті жасауға болады, бірақ ол мемлекеттің қолдауынсыз жұмыс істемейді.

– Яғни бұл мәселеде Ресейге жалтақтамай ма?

– Бұл салалық өндіріс болғандықтан, олай деп ойламаймын. Біз дрондарды Ресей ұсына алмағандықтан жасаймыз. Ал егер ішкі өндірісті дамытсақ немесе Ресеймен бәсекелес болатын ішкі қару-жарақ өндірісін дамытуға сырттан инвесторлар шақырсақ, проблема тууы мүмкін. Бірақ біздікілер ондай қадамға барады деп ойламаймын: әскери элита Ресей институттарында оқып-жаттықты және тәрбиеленді, мұндай нәрсе олардың ойына да кіріп-шықпайды.

АНКАРА МЕН МӘСКЕУ ЫҚПАЛ ЕТУДЕ БӘСЕКЕЛЕС ПЕ?

– Сарапшылар ТМҰ алдына кереметтей мақсаттар қойғанымен, бұл одақтың ұстанымын толық жүзеге асыру үшін қосымша күш салуға Әзербайжан мен Түркия ғана дайын, өйткені Ресей Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан сияқты ұйым мүшелеріне ықпал ететіндей күшке ие деп есептейді. Осыған қатысты не айтасыз? ТМҰ Ресей ықпалына қауіп төндіре ме?

– Бұл жерде Ресей мен Түркия арасында бәсекелестік бар деп ойламаймын. Меніңше, Түркия мен Әзербайжанның мүддесі және Орта Азия мемлекеттерінің мүддесі бір-бірін толықтырады, және де Ресейдің мүддесіне қайшы келмейді.

Ресей Түркияның ұсыныстарынан өзіне қауіп төнеді деп есептемейді. Иә, кейбір [ресейлік] шенеуніктер латынға көшу – Ресей ықпалына қарсы шығу немесе балама дәліз құру – транзит бойынша серіктес Ресейдің ықпалын жоюға тырысу деп айтуы мүмкін. Бірақ меніңше, Ресей балама дәліз бен жол жасау өзіне де тиімді екенін түсінеді. Оның ТМД, Орталық Азия елдерімен серіктестігі басқа ұйымдар мен келісімдер аясында сақталып қала береді.

Қазақстан әскери теңіз күштерінің Каспийдегі әскери жаттығуы. Тамыз айы, 2022 жыл.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

“Түркия Каспий теңізінде үстем ойыншыға айналмақ”. Тоқаевтан көмек сұраған диқандар

– Ресей баспасөзі дегенмен бұған қатысты зілді мәлімдемелер жасап жүр. Оған қоса Астана мен Анкара жазда Оралда әскери кеме құрылысын бастау туралы келісімге қол қойды. Батыс сарапшылары мұны Каспий теңізіндегі ресейлік флотилияның үстемдігіне соққы жасау әрекетіне теңеді, себебі енді Түркия үстемдік құруға ниетті дегендей пікірлер айтты.

– Ресейдегі мемлекеттік БАҚ мұндай жағдайға үнемі жауап беріп отырады. Ресейліктер өзін империяшыл ойыншы санайды. Бәлкім, ондағы оқырманға Ресейдің бәріне жауап қатып, “бақылап” отырғаны ұнайтын шығар.

Бірақ шын мәнінде басшылық оны жақсы түсініп отыр: бұл жобаның қаншалықты жүзеге асатыны әлі белгісіз. Біздегі Каспийдің таяз екенін білеміз және терең бөлігі Иран мен Түрікменстан аумағында орналасқанын ескерсек, бізге флот қажет болмай қалуы да мүмкін. Ал солтүстік бөлік жазық әрі терең емес. Сондықтан бұл жобаның жүзеге асу-аспауы – бөлек мәселе.

"Жағалау алыстап барады". Каспийдің қазіргі күйі қандай?
– Түркия президенті жанындағы Қауіпсіздік және сыртқы саясат кеңесінің мүшесі, саясаттанушы Бурханеттин Дюран бір мақаласында Түркия аймақта Қытаймен бәсекелесе алатынын айтты. Сіздің ойыңызша, бұл мүмкін бе?

– Түрік саясаткерлері пафоспен сөйлегенді жақсы көреді. Бірақ бұл әңгіменің астарында Қытаймен бәсекелесудің қажеті жоқ, ол бәріне – Орталық Азия елдеріне де, Әзербайжан мен Түркияға да, Еуропаға да қажет деген ой жатыр. [Қытай] Түркияның стратегиялық орнын жүк тасымалына пайдалануы мүмкін. Түркия салалық өнім шығарса, Қытай оған инвестиция, ресурс және тауар ұсына алады. Аймақтағы күштердің орналасуын қарасақ, Түркияның [Қытаймен] бәсекелестікке қарағанда ынтымақтасу мүмкіндігі көбірек.

– ТМҰ ынтымақтастығының болашағы жайында не айтар едіңіз?

– Мемлекеттердің өзара қарым-қатынасты қаншалықты нығайта алатынына байланысты. Мәдени мұра, тұрақтылықты күшейту туралы пафостық әңгімелер айтыла берер, бірақ біз бәрібір тауар айналымы тым аз екенін және өспейтінін көріп отырмыз. [ТМҰ-ға мүше елдер] үкіметтерінің тауар айналымын екі, тіпті үш есеге ұлғайту жоспарына қарамастан, нәтиже шығар емес. Белгілі бір болжамдар айтылып жатыр, бірақ оларды іс жүзіне асыру өте қиын екенін бәрі біліп отыр.

Азаттық

Related Articles

  • Қазіргі заңнама аясында мемлекеттік тілді қалай дамытуға болады?

    Қазіргі заңнама аясында мемлекеттік тілді қалай дамытуға болады?

    Zhalgas Yertay         Қазақстан билігі мемлекеттік тілді дамыту үшін қатаң шешімдерге барғысы келмейді дейік. Бірақ қазіргі заңнама аясында мемлекеттік тілді қалай дамытуға болады? Соны ойланып көрейік. Қазақ тілін дамыту жайын айтқан кезде Қазақстан билігі қоғамды екіге бөледі. Бірі – тілді дамытудың радикал шешімдерін ұстанады, екінші жағы – қазіргі статус-квоны сақтағысы келеді, яғни ештеңе өзгертпей-ақ қояйық дейді. Бірақ екі жолды да таңдамай, ортасымен жүруді ұсынып көрсек қайтеді!? Батыл қадамдарға барайық, бірақ ол радикал жол болмасын. Қазақ тілін күшпен емес, ортаны дамыту арқылы күшейтсек болады. Яғни адамдар тілді үйреніп әуре болмай-ақ, халық жай ғана қазақ тілі аясында өмір сүруді үйренсін. Негізгі ой осы. Біз осы уақытқа дейін адамдар ортаны

  • Елдес Орда, тарихшы: «Түркістан» атауын қолдану – аймақтағы жұмсақ күш позициясын нығайту тәсілі

    Елдес Орда, тарихшы: «Түркістан» атауын қолдану – аймақтағы жұмсақ күш позициясын нығайту тәсілі

    Фото ашық дереккөздерден алында Өткен аптада Түркияның ұлттық білім министрлігі мектеп бағдарламасына «Түркістан» деген терминді енгізген еді. Шетел басылымдарының жазуынша, бұл атау енді «Орталық Азия» ұғымының орнына қолданылмақ. Білім министрі Юсуф Текин жаңа атау түркі әлемінің бірлігін қамтамасыз етуге бағытталғанын айтады. Оның сөзінше, үкімет оқу бағдарламасынан империялық мағынасы бар географиялық атауларды алып тастамақшы. Ең қызығы, «Түркістан» аумағына Қазақстаннан бөлек, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан мен Тәжікстан жатады екен. Сондай-ақ кейбір басылымдар бұл терминнің Қытайдың батысында орналасқан Шыңжан өлкесіне қатысы барын да атап өтті.  Кейбір ғалымдар «Орталық Азия» термині колониализмнен қалғанын жиі атап жүр. ХХ ғасырдағы әлемдік академиялық ғылымды сол кездегі ірі империялар қалыптастырғандықтан, бүгінде мұндай терминдер мен атаулар халық санасына әбден сіңіп

  • АБАҚ АНА ЖӘНЕ ТАСБИКЕ АНА

    АБАҚ АНА ЖӘНЕ ТАСБИКЕ АНА

    Мәми би Жұртбайұлының шежіресінде айтылуынша Керей ұлысының арғы тегі – Шеп, Сеп, Байлау, Қойлау, Елдей, Көлдей, Изен, Жусан секілді тайпалардан таралады екен. Аталған тайпалардың біразы ескі тарих беттерінен кездессе, енді бір бөлімі қазірге дейін Керей руындағы аталардың есімі ретінде аталып келеді. Мұның бір себебін арғы тарихтағы аталардың аты өшпесін деп кейінгі ұрпақтарының аталар атын қайта жаңғыртып қойған дәстүрінен қарау керек. Абақ атауына келсек, арыда Керей ханзадалары мен ханышаларының арасында Абақ, Абақберді, Абахан, Абақтай, Абақай, Абақ бике сынды есімдер болған. Сол ата-апаларының жолын жалғаған, тозып кеткен Керей елінің басын қосып, оған әз ана болған Абақ есімді қасиетті ана өмірде болған адам. Қазақ тарихында ру атына айналған әз аналар аз болмаған. Көрнекті жазушы,

  • Зеленскийдің “жалғыз сенері әрі оң қолы”. Андрей Ермак кім?

    Зеленскийдің “жалғыз сенері әрі оң қолы”. Андрей Ермак кім?

    Рэй ФЕРЛОНГ Андрей Ермак (сол жақта) пен Украина президенті Владимир Зеленский (оң жақта). 2019 жыл. Андрей Ермак ұшақтан түсе сала өзінің бастығын құшақтады. 2019 жылы қыркүйекте президент Зеленскиймен жылы жүздесу жаңадан басталып келе жатқан саяси серіктестіктің басы еді. Бұл – Ермактың Ресей түрмесінде отырған 35 украиналықты Мәскеуден алып келген сәті. Ал 2020 жылы Ермак Зеленский әкімшілігінің басшысы болды. Бірақ Украинадағы жемқорлық шуынан кейін оның қызметіне жұрттың назары ауды. Себебі Ермак Украина энергетикалық инфрақұрылымына бөлінген қаржы жымқырылған коррупция схемасында негізгі рөлде болған деген ақпарат тараған. Бірақ тергеушілер бұл жайттың жай-жапсарын толық ашқан жоқ. Ермактың өзі Азаттықтың Украина қызметінің ресми сауалдарына жауап берген жоқ. Сонымен Зеленскийдің кеңсесін басқарып отырған Ермак кім? ТЕЛЕВИДЕНИЕДЕН

  • ТАРИХ ҒЫЛЫМЫ ҚАЗІР ЭЗОТЕРИКАЛЫҚ ТОПТАРДЫҢ  МЕНШІГІНДЕ

    ТАРИХ ҒЫЛЫМЫ ҚАЗІР ЭЗОТЕРИКАЛЫҚ ТОПТАРДЫҢ  МЕНШІГІНДЕ

         Шығыстанушы-тарихшы Өмір Тұяқбайдың бұрында да «Қазаққа қандай тарих керек? Тәуелсіздік кезеңінде жасалған тарихи мистификациялар хроникасы» деп аталатын мақаласын  (22.05. 2025. Zhasalash.kz) оқып ем. Риза болғам. Жақында Ө. Тұяқбайдың «Қазақстанда тарихи бұрмалаулар мен мифтерге тосқауыл қоюдың жолдары» (02.10. 2025. Zhasalash.kz) атты тағы бір мақаласымен және таныстық. Өте өзекті мәселені көтеріпті. Тарихта орын алып жүрген жағымсыз жайттар турасында ой толғапты. Журналистерді, блогерлерді айыптапты. Тарихтан арнайы кәсіби дайындығы жоқ, бәрін бүлдіріп болды деп.  Келеңсіздікті тоқтатудың нақты жолдарын ұсыныпты. Бұған да көңіліміз бек толды. Әйтсе де тарихты бұрмалауға, өз өтіріктерін насихаттауға тек журналистер мен блогерлер ғана емес, «арнайы кәсіби дайындығы бар» «тарихшылардың» да «зор үлес» қосып жатқанын баяндап, айтылған пікірді одан әрі өрбітіп, жалғастырайық.

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: