|  | 

Тарих

Шұбартау көтерілісі

d0b7d0b7d0b7d0b7

 

Қазақ тарихында әлі де анықтай түсуді аса қажет ететін мәселелер аз емес. Соның бірі – 1929-1931 жылдар арасында орын алған кеңестік тоталитарлық жүйеге қарсы халық көтерілістері. Бұл туралы ел тәуелсіздігіне қол жеткізген соң ғана айта бастағанымыз да белгілі. Оның басты себебі – олардың кезінде «бандиттік» және «контрреволюциялық» бас көтерулер ретінде жағымсыз тұрғыдан бағаланып және сипатталып келгендігінде еді. Бүгінде бұл мәселеге тарихи көзқарас мүлде өзгеріп, тарихымыздағы «ақтаңдақ» беттер туралы шындықты айтуға мүмкіндіктер туған кезде оған қатысты көзқарастар түбірінен өзгере бастады. Кеңестік дәуір кезінде әдейі құпияға айналдырылған мұрағат құжаттарын талдап, оларға объективті пікірлер білдіруге де тарихшылар қауымы енді ғана мүмкіндіктер алып отыр. Солардың арасында біз әңгімелеп отырған замандағы Қазақстанның бірінші басшысы Ф.Голощекиннің И.Сталинге жазған хаттары да бар. Құпия құжаттардағы мәлімете тек 1930-1931 жылдары ғана Қазақстанда кеңестік билікке қарсы он беске тарта ірі көтеріліс болып, оларға 34 мыңдай адам қатысқанын атап көрсетеді. Солардың бірі – «Шұбартау кө­те­рілісі» деген атпен тарихта қалған болатын. Көтерілістің мән-жайына тоқталып, өзіндік бағасын беріп көрсек.
Шұбартау, негізінен, тек мал ша­руашылығымен айналысатын аудан еді. Ол кезінде Қазақстандағы артта қалған көшпелі және жартылай көшпелі 70 ауданның қатарына да жатқызылған болатын. Сондықтан да бұл аудан, шын мәнінде, Семей ет комбинатына мал өнімдерін тоқтау­сыз өткізетін, яғни индустриялық орталықтар мен Ресейдегі ірі қала­лар­ды ет өнімдерімен жабдықтайтын аудандардың бірі ретінде танылды. Алдына осындай міндеттер қойыла тұрса да, ішкі нарықты ғана қамтамасыз етуге бейімделген бұл ауданның мүмкіншіліктері тым шектеулі еді.
Алайда мұндай қиыншылықты сол тұстағы Қазақстан басшылығы ескере қойған жоқ. Оның үстіне 1928 жылдан елде басталған «Кіші Октябрь» бағдарламасының бас­ты тармағының бірі – ірі байлардың шаруашылықтарын тәркілеу сая­саты аудандағы дәстүрлі мал ша­руашылығын күйретіп жіберді. Бұл аз болғандай, дәл осы тұста орталықтың тапсырмасымен ауданда ет дайындау науқаны да белең алып кетті. Онсыз да тұралаған ауыл шаруашылығына бұл тіптен ауыр соққы болды. «Жығылғанға – жұдырық» демек­ші, осындай жағдайда шаруалар ша­руашылықтарын жаппай ұжым­дастыру және оның негізінде мал шаруашылығымен айналысатын көш­пелі және жартылай көшпелі аудандарды күшпен отырықшыландыру, сондай-ақ бай-кулактарды тап ретінде жою тәрізді науқандар бірінен соң бірі қабаттасып, онсыз да күйзелген қазақ шаруаларын тығырыққа тіреді.
Мұндай дүрбелең науқандарда ауылдағы кедей-кепшікті асырап отырған шаруалардың ауқатты бөлігі мүлде жойылып кетті. Қазақ хал­қы көпе-көрнеу қолдан жасалған ашар­шылық зауалына тап болатынын айқын түсіне бастады. Ашыға бас­тағандар топ-тобымен тамақ із­деген босқындардың қатарын толықты­руға бейім болды. Оның үстіне үкі­меттен ешқандай көмек те, жеңілдік те бола қоймайтындығы айқындала түсті. Алайда халық та қарап жатпады. Шолақ белсенділердің жергілікті жерлердегі ақылсыз да адамгершілік­ке жатпайтын қатал саясатына қарсы Абыралы және Шыңғыстау аудандары халықтарының көтерілгендері туралы алып-қашпа хабарлар ауылдарға кең тарала бастады. «Ұзынқұлақ­қа» жел бергендер тіптен, Қазақстан­ның кейбір аудандарында Кеңес өкіметінің құлағаны туралы өсек-аяңдарды кең көлемде өрбіте түсті. Мұндайда «жел тұрмаса, шөптің ба­сының қимылдамасы» және белгілі еді. Дегенмен де шұбартаулықтар тек осындай «жел сөздерді» естіп ғана қоймай, нақты дәлелдерге де көзі жете бастады. Мысалы, аудан тұрғында­ры Қабыкен Зорбасов және Зәкір Әкішев өздерінің көрші Шыңғыстау ауданында орын алған көтеріліске қатысқандарын және ондағы халық тонаған кооперативтерден маталар мен астық алып келгендерін ашықтан-ашық қызу әңгімеледі. Мұның өзі ау­дан тұрғындарына қозғау салды. Ашыға бастаған ауыл қазақтары енді «мұның ақыры не болады» деген сауал­дарға мән бере қойған жоқ. Оның үстіне өкіметтің қайырымсызды­ғын айқын аңғарғандар оған қарсы қатты өшігіп, мұндай әділетсіз биліктен тезірек құтылудың жолын іздестірді.
Тарихи деректер бұл аймақта сол тұста Мырзаш Қарамұрзин деген кісінің жергілікті керейлер арасында аса ықпалды болғаны туралы айтады. Сондықтан да осындай қиын-қыстау жағдайда ел соның аузына қарады. Ал ол болса, көрші Шыңғыстау ауданынан Қабыкен Зорбасовтың алып келген хабарына онша илана қоймай, мәселенің ақырын күтті. Алайда көп кешікпей-ақ оның өзі де Абыралы ауданындағы өзінің күйеу баласы Бәкен Кемпірбаевтан және оның ағасы Ысқақтан, шынында, да Абыралы және Шыңғыстау аудандарында болған халық көтерілістерінің жергілікті жерде Кеңес өкіметін құлатқаны туралы нақты хабар алды. Мұндай хабарды Қарамұрзиннің шабарманы Бекіш Ақшалаев та алып келді. Көрші ауданда көтерілгендер өздерін «шұбартаулықтар қолдайды» деп үміттенетіндерін жасырған жоқ. Шындығында да, құда-жекжаттық қатынастармен шырмалған қазақ­тардың мұндайда ағайынды жалғыз қалдырмасы белгілі еді.
Алайда көпті көрген, не жасаса да алды-артын кеңінен ойластыратын, содан соң ғана асықпай шешім қабылдайтын Мырзаш Қарамұрзин кеңесу үшін өзіне ет жақын керей руынан шыққан туыстарын қо­наққа шақырды. Олардың арасында Қали Молдабаев, Өмірәлі Молдабаев, Ғали Молдабаев, Әубәкір Күн­баев және тағы басқа елге сөздері өтімді аға­йындар бар еді. Тамақ үстінде №8 ауылдық кеңестің хатшысы, М.Қарамұрзинге туыстас Тұрсынбек Омашев ауылдағы ауқаттылардан жинап алынған малды аудан орталығына айдап келу туралы жоғарыдан келген нұсқау бар екендігін айтып, мұндай жарлықты жүзеге асырмаудың бір ғана жолы бар екендігін, ол Абыралы ауданындағыдай халықты көтеріп, малды орталыққа алып кетуге жол бермей, күшпен алып қалу болып табылатындығын атап көрсетті. Сонымен қатар жоғарыдан белгіленген бұл шараның әділетсіздігіне назар аудара келіп, кәмпескеленген малдарды қиянатшылдар қолына бермеумен шектелмей, оларды өздерінің заңды иелеріне таратып беру керектігін де айтты. Бұл ұсынысты отырғандар түгелдей мақұлдады.
Осыдан соң Мырзаш Қарамұрзин араға бір күн салып, 1931 жылдың 1 наурызында біраз адамдарды басқарып, ауылдық кеңестің кооперативіне басып кіріп, ондағы заттарды теңдей бөлісіп алды. Бүліншілік басталғандықтан көтеріліс аясын кеңейте түсу басты мақсатқа айналды. Сондықтан да М.Қарамұрзин көрші аудандарға шабармандар жөнелтті. Олар көп кешікпей-ақ, 100-ге тарта адамдарды жинап келді. Бұл топ М.Қарамұрзиннің өзінің тікелей бас­тауымен ауылдық кеңес кеңсесіне басып кіріп, ондағы малды тәркілеуге және адамдарды жазықсыз жер аударуға байланысты құжаттарды өртеді. «Шешінген судан тайынбас» деген қағиданы ұстанған көтерілісші­лер мұнан ары не істейтіндерін ақыл­дасу үшін «Бидайық» атты жайлау­ға жан-жақтан келе бастады. Осында ашық жиын болды. Жиында Мырзаш Қарамұрзин көтерілісшілерден сарбаздар жасақтарын жасақтауды ұсынды. Ол әрбір ауыл өздерінің орталарынан сарбаздар тобына 10 жігіттен жасақ шығарулары тиістігін нақты міндет етіп қойды. Оның мұндай батыл ұсынысы жиылған жұрттан толық қолдау тапты. Осылайша, көрші ауылдар орталарынан сарбаздар шығаруды шұғыл түрде қолға алды. М.Қарамұрзин көтерілісшілер қатарында берік тәртіп орнатуға да баса назар аударды. Ол өзінің сөйлеген сөзінде сатқындардың, көтеріліске қатысудан бас тартатындардың қатал жазаланатынын, оларға өлім жазасына дейін жазалау шаралары қолданылатынын да баса айтты.
Иә, қалыптасқан ауыр ахуал, шынында да босаңсуды көтермейтіндей аса қауіпті еді. Кеңестік тоталитарлық жүйенің шектен шыққан, ақылға сыймайтын шаруашылық-саяси науқандарына төзу мүмкін болмаған­дықтан және қарсыласудан басқа жолы қалмаған халық осыдан он бес жыл бұрын бастан өткізген 1916 жыл­ғы көтеріліске қатысқан батырлар­дың жолын таңдады. Олардың қайт­пас қайсар ерліктері халықтың жадын­да сақталып қалған еді. Ол кезең мен бұл кезеңдегі саяси ахуалдардың әр­түрлі екендігіне ашыққан және ашын­ған халық мәселеге тереңдеп бойлай қоймай, енді неге де болса дайын тұрды. Осылайша, кооперативті тонау, мемлекеттік мекемелерді қирату мен өртеу басталды.
1931 жылы 4 наурызда «Сары­оба» жайлауына жиналған халық Қали Молдабаевтың бастауымен Аягөз стансасынан өнеркәсіп тауарларын тиеп, Шұбартау ауылына қарай келе жатқан жүк арбасын тонауға бел буды. Қолға түскен дүниені олар өзара тең бөліп алды. Ауылдарда ет дайындауға арналған малды тартып алу да бас­талды. Халық ет тапсыруға өздерінің қарсы екендіктерін ашықтан-ашық мәлімдей бастады. Мұндайда қол қусырып қарап отырудың өліммен тең екендігін жақсы түсінген жергілікті шолақ белсенділер о бас­та ауыл-ауылдарды аралап, халықты райынан қайтаруға шақырды. Құпия құжаттарда осындай үгіт жүмысымен айналысқандар қатарында ОГПУ өкілі Исмағұловтың, Қызыл отау судьясы Ибраевтың, жергілікті белсенділердің және полиция қызметкерлерінің есімдері аталады. Деректердің бірін­де олардың 1931 жылы 4 наурызда ет тапсырудан бас тартқан №11 ауылға келіп, «Кеңес өкіметі құлады» деген сөздің жай ғана қауесет екендігін, шын мәнінде, бұл халықты арандату үшін біреулердің ойдан шығарған әңгімелері болып табылатындығын, өкіметке қарсыласып-қасарысудың ешқандай да жақсылыққа апармай­тындығын, «құрығы ұзын» өкімет­тің түбінде мұндайларға аяушылық білдіре қоймайтындығын ескертіп, ет тапсырудан бас тартып, көтеріле­йін деп тұрған ауылды райынан қайтарғандығы атап көрсетіледі.
Осыдан соң, Исмағұлов бастаған белсенділер аудан орталығына қайтар жолдарында жолай-жолшыбай Бабахан ауылына да кідірген. Бұл ауыл көтерілісшілер жиналып жатқан жоғарыда аталған «Бидайық» жайлауынан он-он бес шақырымдай ғана қашықта орналасқан еді. Сондықтан да белсенділердің әрекеттерінен көтеріліске шыққан халық алдын ала хабардар болып үлгерген еді. Кешкісін 150-ге тарта аттылы-жаяулы көтерілісші белсенділер орналасқан қыстау үйіне таяп келіп, өзінің нара­зылығын білдіре бастады. Олар ор­таларынан бір адамды келіссөзге шы­ғарды. Ол болса белсенділерге таяп келіп, олардан қаруларды тапсыруды талап етті. Белсенділер өз кезегінде қаруларын ерікті түрде бермейтіндіктерін және күштеу қол­данылған жағдайда өліспей бе­ріспейтіндіктерін ашық мәлімдеді. Дегенмен де қасарысудың өздері үшін де жақсылықпен аяқталмасын түсінген белсенділер ашулы халықпен бейбіт түрде тіл табысудың жолдарын іздестіріп, оларды райынан қайтару мақсатымен өздері де орталарынан бір адамды шығарған. Ол көтерілісшілерге барып, олардың кооперативті тонап, ондағы астықты бөліп алуларын аш адамдардың амалсыз әрекеттері ретінде қабылдайтындықтарын, бірақ жағдай әлі де ушықпай тұрғанда астықты кооперативке қайта қайтару керектігін түсіндірмек болды. Алайда бұл әрекет ашынған халықты тоқтата алған жоқ. Түн ортасында көтерілісшілер ұрандап, белсенділер тығылып отырған үйге лап қойды. Белсенділер болса, оларға қарсы мылтықтан 10-15 дүркін оқ атты. Мұндайды күтпеген көтерілісшілер, тосылып қалып, таяудағы киіз үйді тасалады. Қалыптасқан жағдайды пайдаланып, белсенділер арасындағы ауылдық партия ұйымының хатшысы Сыбанқұлов көтерілісшілерді қарсылықты тоқтатуға үгіттей бас­тады. Екі арада келіссөз басталды. Осыдан соң жағдай мүлде басқаша өрбіді. Қарсыласудың және ашулы көтерілісшілерге қарсы тұрудың ешқандай да жақсылыққа апармайтынын жақсы түсінген ОГПУ өкілі Исағұлов бірінші болып өзінің винтовкасын 63 дана оғымен есік аузына келіп ентелеп тұрған көтерілісшілер қолына өз қолымен тапсырды. Мұн­дағы мақсат – ашулы халықтың аз да болса, райынан қайтуларына ық­пал ету еді. Көтерілісшілер осыны пайдаланып қалғандардың да қару­ларын қолма-қол сыпырып алды да, белсенділердің өздеріне тимей, оларды еріктеріне босатып қоя берді. Екі жақты қарама-қарсы тұру кезінде адам шығыны орын алмағандықтан да, көтерілісшілер белсенділерге тиіспеді. Ал қолға түскен қаруларды олар өзара бөлісіп алды. Көтерілісшілердің көп­­шілігі «Кеңжайлау» жайлауын­дағы жиналысқа қатысты. Мұнда да олар­дың алдында Мырзаш Қара­мұрзин бел­сенділік танытып сөз сөйледі. Ол қолына «Кеңес өкіметі жойылсын! Мұхаммед­тің діні жасасын!» деп жа­зылған ақ жалауды желбіретіп ұстап тұрды. Осында жиналғандардан құрал­ған керей және төлеңгіт руларының ақсақалдар кеңесі М.Қарамұрзинды орталарынан хан көтерді. Ол өзінің барлық әрекетін осы ақсақалдар кеңе­сімен ақылдасып жүргізуге міндетті болды.
Мұның өзі – шын мәнінде, көте­рілісті ұйымдастырушыларды алға қойған басты мақсаттарға топтастыра түсті. Хан болып сайланған М.Қарамұрзиннің сөзінен туындаған міндеттердің бастысы, аудан ор­талығын басып алу еді. Сондықтан да көтерілісшілер кешеуілдетпей аудан орталығын басып алудың жолдарын және жоспарын талқыға сал­ды. Көтерілістің мұндай бағыт алуына көрші аудандардан келіп түсіп жатқан мәліметтер де тікелей ықпал жасады. Оларда көршілердің аудан орталығында Кеңес өкіметін қандай жолмен құлатқандары жан-жақты әңгіме болды. Мұның өзі елдің делебесін одан ары қоздыра түсті. Кейбір ауылдар тіптен көтеріліс басшысы М.Қарамұрзиннің шақыруын күтпей-ақ өздерінің ауылдарынан аудан орталығын басып алуға аттанып жатты.
Жасы 77-ге келген М.Қарамұрзин бұл аттанысқа қатыса алмайтынын ескертіп, есесіне, өзінің орны­на көтерілісшілерге үлкен ұлы Тәуір­бай­ды басшы етіп тағайындап, оған серік етіп басқа ұлдары Амансары мен Мұздыбайды да қосты. Әке бұй­ры­ғын қалтқысыз орындаған ұлдар ақ жалау көтеріп, көрші ауылдардан Мұқа Серғазин, Қали Молдабаев, Мелдехан Байғозин, Итжан Әбітаев бас­тап келген 300-дей адамды аудан орталығын басып алуға шұғыл түрде бастап кетті. Жолай-жолшыбай наразы болған ауылдардан қосылған көтерілісшілер сандары аудан орталығына тақаған кезде 700 адамға жетті. Ашу буған халықтың тасқын судай екпіндері қатты болғанымен олар аса нашар, негізінен, қолдарына түскен қарапайым суық қарулар­мен қаруланған болатын. Нақтырақ айтар болсақ, оларда осы кезде бар болғаны үш сызықты төрт винтовка, бір наган, бір винтовка, үш револьвер және бес бытыра мылтық бар еді. Кейінірек қосылған төрт-бес ауылдың адамдарында тағы да бірнеше бытыра мылтықтары болды. Оның есесіне көтерілісшілер қатарында әртүрлі сойыл­дар сүйретушілер жеткілікті еді.
Аудан орталығына тақап келген көтерілісшілер оны қантөгіссіз алудың жолдарын іздестіре бастады. Тағы да келіссөздер басталды. Көтерілісшілер аудан басшыларының қарсыласпай берілулерін және мүлкі тәркіленіп аудан орталығында қамауда жатқан байлар мен ауқатты шаруаларды босатуды, халықтан күшпен жинап алынған астықты, ет дайындауға арналған малды қайтарып беруді талап етті. Кеңестік тәртіпке сай келмейтін мұндай талапқа бірден жауап қайтара алмай, күмілжіген аудан басшылары кідірістей берді. Бұл жағдай онсыз да шыдамы таусылған ашулы халықты ашындыра түсті. Ақыры өздерінің талаптарына жауап ала алмаған халық аудан орталығына лап қойды. Алайда мәселенің осылай бетбұрыс алып кету мүмкін екендігін алдын ала пайымдап үлгерген аудан белсенділері, баса-көктеп келе жатқан көтерілісшілер­ге қарсы бірнеше дүркін оқ атты. Қар­сыластарынан мұндай батылдықты күтпеген, сондықтан да қаймығып қалған бұқара кейін шегіншектей бас­тады. Осы сәтті пайдаланбақ болған аудан белсенділері көтерілісшілерге өздерінің өкілдерін жіберіп, оларды көтерілістен бас тартуға, үйлеріне тарауға үгіттеуге көшті. Олар осылай болған жағдайда көтерілісшілерге астық және мануфактура өнімдерін таратып беретіндерін мәлімдеді. Мұның өзі көтерілісшілердің кейбірінің көңіл күйлеріне әсер ете бастаса да, олардың негізгі бөлігі бәрібір мұндай уәдеге сене қойған жоқ. Олар таң атысымен халықты тағы да жинап, аудан орталығына бәрібір басып кіретін­дерін аудан белсенділеріне ашықтан-ашық мәлімдеді.
Осыдан соң сырттан келер кө­мек болмай жалтақтаған және кө­терілісшілердің алған беттерінен қайтпайтындарын түсінген аудан басшылары түн ортасында аудан орталығынан жасырын қашып шы­ғып, көрші Балқаш ауданына барып жан сақтады. Ертеңіне – 8 наурызда қорғаныссыз қалған аудан орталығына көтерілісшілер ешбір қантөгіссіз басып кірді. Мұның өзі, шын мәнінде, аудан ауқымында Кеңес өкіметін құлату еді. Билік енді, көтерілісшілер­дің өздерінің қолдарына көшті. Олар­дың аудан орталығында алғаш жүзе­ге асырған шарасы – әртүрлі саяси-ша­руашылық науқандарда, негізінен, әрине, ет дайындау науқандарында жүгенсіздікпен салынған салықтарды дер кезінде төлей алмаған, сөйтіп, қаласа да, қаламаса да байлар қата­ры­на жатқызылған және сол үшін қамауда отырған 41 адамды босату болды. Жазықсыз қамалғандар туыстарымен жылап қауышып, Кеңес өкіметі­не жаппай қарғыс айтып жатты. Мұның өзі көтерілісшілердің рухын көтерді, арты не боларын аңдап жатпаған ызалы халық аудандық мекемелерге басып кіріп, ондағы мүліктерді қиратып, құжаттарды өртеді. Олардағы жарамды заттар, кооперативтегі дүниелер халыққа түгелдей таратылып берілді. Ашыққан халықты мұндайда тежеп ұстау да мүмкін болмады. Дегенмен де мәселені өзара дау-дамайсыз, әділетті шешу қажет болды. Сондықтан да көтеріліс басшылары осы жұмыспен айналысатын арнайы комиссия құрды. Оның құрамына Мырзаш Қарамұрзин, Итжан Әбітаев, Тоғыжан Қайтанаев, Мәди Бейсенов, Ысқақ Татубаев, Амантай Қабетаев, Мұқа Серғазин және т.б. халыққа танымал адамдар кірді. Комиссия астықты және шыт маталарды көтеріліске белсенді қатысқандар арасында теңдей бөліп берді. Ауылдардағы ет дайындауға өткізілу үшін жиналған жылқылар босатылып, өздерінің иелеріне қайта таратылды.
1931 жылдың 12 наурызына қарай көтеріліс ауданның басқа ауыл­дарына да жаппай тарап, олар да кооперативтерді тонап, белсенділерді жазалауға көшті. Мұндайда кісі өлтіру әрекеттері орын ала қоймаса да, кезінде шектен шығып, халыққа тізелерін батырған шолақ белсенділер аяусыз таяқталып, халықтан өздеріне тиісті жазаларын алды. Көтерілген ауылдар орталарынан басшылар шығарып, алда қандай әрекеттерге бару керектігін жоспарлай бастады. Мырзаш Қарамұрзин бастаған көтерілісшілер сарбаздарды «Ақтас» ауылына топтастырып, көрші Аягөз ауданының орталығын басып алуға дайындық жасауға кірісті. Бірақ мұндай маңызды жоспардың жүзеге асуына Аягөзден шұғыл түрде шық­қан ОГПУ-дың қарулы отряды кедергі жасады. «Ақтасқа» қарай желе-жор­тып келе жатқан М.Қарамұрзин­нің өзі қасындағы алты серігімен жазалаушылардың тосқауылына кездесіп қалып, аңдаусызда қолға түсті. Мұның өзі көтерілісшілердің ұйымдасқан түрде жазалаушыларға қарсылық көрсетулеріне мүмкіндік бермей, олардың рухын түсірді.
«Ақтасқа» жиналып жатқан көтерілісшілерді де дер кезінде келіп жеткен ОГПУ-дың қарулы отряды мен жергілікті коммунистер мен комсомол мүшелерінен құралған коммунистік отряд қоршап алды. Мұны естіген және әлі де өз ауылдарынан «Ақтасқа» аттанып үлгермеген көтерілісшілердің кейбір отрядтары өздерінің ауылдарында бекініп алып, жазалаушыларға қарсылық көрсетпек болды. Осындай аласапыран уақытта «Қарашеке» жайлауына жиналғандарды да жазалаушылар қоршап алды. Оларды тұтқыннан босату үшін көмекке келген көрші ауылдардың адамдарының әрекеті сәтсіздікке ұшырады. Қарбаласта көтеріліс басшыларының бірі – Мұқа Серғазин жазалаушылар тарапы­нан атылған оққа ұшып, көтерілісші­лер­ді қатты абдыратты. Ал мұның өзі көтерілісшілердің жазалаушыларға табанды түрде ұйымшылдықпен қарсылық көрсетулеріне айтарлықтай кедергі келтірді.
Дегенмен ауыл араларының едәуір қашықтығы және оларда қалыптасқан жағдайдың да әртүрлілігі ОГПУ-дың және коммунистік отрядтар­ға көтерілісті жылдамдата басып тас­тауға мүмкіндік бере қойған жоқ. Мысалы, №6 ауылдың көтерілісшілері 1931 жылдың 24 наурызында Балық тресінің қоймалары мен дүкендері орналасқан «Алғазы» аралына шабуыл жасады. Алайда аралдағылар мұндай шабуылдың болатынын алдын ала біліп, қорғаныс қамына кірісіп кеткен еді. Олар балық кәсіпшілігін айналдыра ор қазып, өздері сонда бекініп алып, келгендерге қарсы оқ атты. Өзара қарсы тұрғандардың текетіресі 56 сағатқа созылып, нәтижесінде өздерінен бір адам қаза болған соң ғана көтерілісшілер шабуылды тоқтатып, «Жыланды» жайлауына қайтып кетті. Қарсыласу басқа ауылдарда да жү­ріп жатты. Мысалы, №8 ауыл­да көтерілісшілер жазалаушыларға қарсы табанды қарсылық көрсетіп, жеті адам қайтыс болды.
Өкімет те қарап қалған жоқ, темір­жол арқылы ағылып келіп жатқан жазалаушы отрядтар біртіндеп барлық ауылдарды қоршап алып, оларға қа­тал бақылау орнатты. Халықты қан қақ­сататын шолақ белсенділер заманы қайта орнады. Олар әрбір ауылдағы айыпкерлерді шұғыл түрде іздестіріп, көтерілісшілерді ұйымшылдықпен төтенше жазалауды қызу түрде қолға алды. Ұлттық мемлекет қауіпсіздігі мұрағатында ОГПУ тергеушісі Байбосынов дегеннің жүргізген тергеу жұмысының құжаттары сақталған. Онда көтерілісті белсенді ұйымдастырған 42 адамға тағылған әртүрлі айыптар айтылады.
«Тарихта есімдері атаусыз қал­ма­сын» деген оймен осы азамат­тардың аты-жөндерін айта кетуді жөн көріп отырмыз. Бұл кісілер мыналар: Мырзаш Қарамұрзин, Қали Мәндібаев, Итжан Әбітаев, Тахир Молдабаев, Спан Сұлтанғазин, Мелдехан Байғозин, Тәуірбай Мырзашев, Амансары Мырзашев, Тайжан Молтанаев, Дүйсен Манғозин, Құдаш Мұқашев, Мұқыш Орыншин, Рымтай Қарамұрзин, Ысқақ Омаралин, Смайыл Омаралин, Зәкір Әбішев, Қабыкен Зорбасов, Мұздыбай Мырзашев, Өмірәлі Молдабаев, Алтай Бейбітов, Амантай Кәбетаев, Кәріпжан Тоқшорин, Шайзада Бертөлепов, Тұрғамбай Байғо­зин, Рашид Ысқақов, Құдайберген Нұрақымов, Дәуіт Оспанов, Әлізе Дәуітов, Иманхан Шомқанов, Әміре­хан Әлдекин, Тоқсанбай Рымтаев, Ысқақ Әміреханов, Алтай Әміре­ханов, Мақа Шағаманов, Керімжан Қалиев, Адамбай Мукин, Өмірзақ Сыздықов, Бітірбай Ахметов, Садық Бейбітов, Кенжежан Сыздықов, Шамахан Сейілханов және т.б.
Бұлар түгелдей дерлік ОГПУ тарапынан қатал жазалауға ұшырады. ПП ОГПУ-дың (Полномочное представительство Обьединенного Государственного Политического Управления) Ерекше үштігі өзінің 1931 жылдың 14 мамырындағы және 29 маусымындағы, сондай-ақ, 1932 жылдың 19 маусымындағы үкімдерімен көтерілісті басқарған және ұйымдастырған 28 адамды ату жазасына, 66 адамды 3 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге еңбек түзету лагерьлеріне қамауға, 17 адамды Қазақстанның өз ішінде 3 жылдан 5 жылға дейінгі мерзімге жер аударуға кесті.
«Апырм-ай, жаза тым қатал болды-ау, ашыққан халықтың жазығы жоқ еді ғой, оның үстіне өкімет адам­дарынан ешкім де қаза тауып, жапа шеге қойған жоқ еді ғой» деп аяушылық танытып мүсіркегендер билікте отырғандар қатарынан көріне қойған жоқ. Кеңестік тоталитарлық жүйе осы аудан аумағында өзіне адал қызмет жасаған партия-кеңес қызметкерлерін де қатал жазалады. 1931 жылдың 25 сәуірінен 5 мамырына дейінгі аралықта Шұбартау ауданында жұмыс істеген мемлекеттік комиссия (төрағасы Қазақстан Орталық Атқару комитетінің төрағасы Елтай Ерна­заров, хатшысы—Ж.Тәттібаев) «сатқын­дық жасағаны, таптық бағытты бұр­малап, оппортунизмге түсіп, байлармен және бандиттермен достасқаны» үшін Шұбартау ауданының бұрын­ғы басшыларын партия қатары­нан шығарды. Олар – аудандық партия комитетінің хатшысы Сатыбалдин, аудандық атқару комитетінің төраға­сы Қамшыбаев, ГПУ өкілі Байбосынов, ауатком төрағасының орынбасары Дүйсембаев, нұсқаушы Бегімбетов, инспектор Теңізбаев, ауатком хатшысы Исағұлов болатын. Бұлардың тағдырының мұнан кейін аса күрделі болғаны, партиядан жоғарыдағыдай аса ауыр айыппен аласталғандықтан аталғандардың кеңестік билік алдында ешбір күнәлары болмаса да, сотталып кете барғандары белгілі. Қуғындалғандардың өздері ғана емес ұрпақтары да қаңғып кетті. Өйткені оларға «халық жауларының балала­ры» деген ат аз болғандай, «бандиттер­дің балалары» деген лақап ат та қоса тағылды. Мысалы, халық хан көтерген Мырзаш Қарамұрзинның кенже ұлы Мұздыбай көп жылғы айдаудан соң Ұлы Отан соғысына сұранып кетіп, одан да аман-есен оралып, елден жырақта, басқа ауданда тұрып, өткен ғасырдың 90-жылдары қайтыс болды. Ал Мырзаш Қарамұрзинның туған інісі Рымтайдан өсіп-өнген ұрпақ шүкіршілік, бүгінде Алматыда және Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданына қоныстанып, еңбек етіп жатқан жағдайлары бар. Ал енді басқа көтеріліс басшылары ұрпақтарының тағдырларынан хабарсызбыз.
Сонымен, қорыта келгенде айтарымыз, Шұбартау көтерілісі кеңестік тоталитарлық жүйенің шектен шық­қан зорлық-зомбылықтарына шыда­ма­ған халықтың еріксіз бас көтеруі болып табылады. Оған қатысқан ха­лық аудан көлемінде болса да, кеңестік билікті құлатып, орталарынан хан сайлап, саяси жүйені дәстүрлі негізде өзгертуге талаптанды. Сондықтан да бұл көтеріліс бүгінгі тәуелсіз тарихымызда қазақтардың ұлт-азаттық қозғалысының заңды жалғасы ретінде бағаланып, тарихымыздан құрметті орын алуға әбден лайықты.

Талас Омарбеков,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі

«Ана тілі» Ұлт газеті

Related Articles

  • ОА қорғанысқа қаржыны не себепті арттырды? Каспийден Украинаға зымыран ұшырған Ресей суды ластап жатыр ма?

    Елнұр ӘЛІМОВА Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Әзербайжан әскері бірігіп өткізген «Бірлестік-2024» жаттығуы. Маңғыстау облысы, шілде 2024 жыл. Қазақстан қорғаныс министрлігі таратқан сурет.  Орталық Азия елдері қорғаныс шығынын арттырды, мұның астарында не жатыр? «Қазақстан ауыл шаруашылығы өнімдерін екі есе көп өндіруді жоспарлап отыр, алайда үкімет бұл салада жұмыс күшінің азайғанын есепке алмаған». «Каспий теңізінен Украинаға зымыран ұшырып жатқан Ресей теңіздің экологиялық ахуалын ушықтырып жатыр». Батыс басылымдары бұл аптада осы тақырыптарға кеңірек тоқталды. ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ҚОРҒАНЫС ШЫҒЫНЫН АРТТЫРДЫ. МҰНЫҢ АСТАРЫНДА НЕ ЖАТЫР? АҚШ-тағы «Америка дауысы» сайты Украинадағы соғыс тәрізді аймақтағы қақтығыстар күшейген тұста Орталық Азия елдері қорғаныс саласына жұмсайтын ақшаны арттырғанына назар аударды. Бірақ сарапшылар мұндай шығын тұрақтылыққа септесетініне күмән келтірді. Стокгольмдегі бейбітшілікті

  • Христиан миссионерлерінің құмдағы іздері

    Орыны: Қашқар қ-сы; Жылы: 1933 ж; Аты-жөні: Қабыл Ахонд; Діні: христиан; Түсініктеме: Бұл жігіттің кейінгі есімі Қабыл Ахонд, христиан дінін қабылдаған алғашқы ұйғыр. Кейін діни сеніміне байланысты өлтірілген. Сурет еуропадағы миссионерлік музей архивінде сақтаулы. Аталған музейде жүздеген христиан ұйғыр өкілдерінің суреті сақталған. 1930 жылдары христиан ұйғырларына тұрғылықты мұсылмандар мен әкімшілік билік тарапынан қысым көрсетіле бастаған соң бір бөлімі миссионерлерге ілесіп еуропа елдеріне “һижраға” кетті. Алқисса Христиан әлемінің Қашқарияға баса мән беруі әсіресе Яқұп Бек мемлекеті кезеңінде жаңа мүмкіндіктерді қолға келтірді. 1860-70 жж. Қашқарияның Цин империясына байланысты көңіл күйін жақсы пайдаланған Христиан әлемі Үндістан мен Тибет арқылы Қашқарияға мәдени ықпалын жүргізе бастады. Олардың мақсаты бұл аймақты Ресей империясынан бұрын өз ықпалына

  • Айтпай кетті демеңіз… (Тибет архиві туралы)

    Алтайдан ауған ел туралы тарихи жазбаларда оқтын-оқтын айтылғаны болмаса исі қазақ жұртына Тибет туралы түсінік әлі күнге дейін беймәлім. Әсіресе Тибет жазба деректерінде күллі түркі баласының тарихы туралы тың деректердің көмулі жатқанын тіптен біле бермейміз. Тибет- тарихи деректің ең көп сақталған аймағы саналады. Мәдени, әдеби, рухани және тарихи түрлі деректердің ықылым заманнан бері жақсы сақталуымен сырт әлемді өзіне баурап кеген Тибет жұртына 19 ғасырдан бастап Батыс экспедициясы баса назар аударып кешенді зерттеулер жасады. Соның негізінде Тибеттегі кейбір салалық байырғы деректер Батысқа көшірілді. Есесіне Тибеттану ғылымы қалыптасты. Жағырафиялық орналасуы тым ұзақ болғандықтан Тибеттану ғылымы қазақ жұртына қажеттілік тудырмады. Тибеттанумен негізінде алпауыт күштер айналысты. Олар тибет жұртын игеруді басқа қырынан бағалады. Тибетте

  • Демографиялық сараптама

    1-ші сурет қазақтар; Демографиялық ахуал 1949-2020 жж. аралығын салыстырмалы көрсеткен. 1949 жылға дейін, атап айтқанда коммунистік қытай үкіметі орнағанға дейін Шынжаң өлкесінің солтүстік бөлігінде қазақтар, оңтүстік бөлігі Қашқарияда ұйғырлар басым санды ұстады. 1951-54 жылдары ұлттық межелеу кезінде орталық үкімет құрған комиссия сараптамасы бойынша ұлттық автономиялық территорияны анықтау мына екі бағытта жүргізілді. Олар: БІРІНШІ, ұлттық автономияны межелеу бойынша оның атауын тұрақтандыру. Осы бойынша үш атау ұсынылды: *ШЫғыс Түркістан автономиялық федерациялық респубиликасы; *Ұйғырстан автономиялық респубиликасы; *Шынжаң автономиялы респубиликасы. ЕКІНШІ, автономияның әкімшілік тұрпатын анықтау; Осы бойынша: *Федерециялық тұрпат; *Автономиялық облыс және окург тұрпат; *Аймақ және аудан дәрежелі автономиялық окург тұрпаты. Межелеу комиссиясы аталған екі бағытта сараптама нәтижесін қорытындылады. Комиссия қорытындысы бойынша Шынжаң өлкесінің

  • Бақсылар институты

    Сараптама (оқысаңыз өкінбейсіз) Бірінші, ілкіде Түркі баласында арнайы қаған құзіреті үшін жұмыс істейтін көріпкел бақсылар институты болған. Аты бақсы болғанымен ханның қырық кісілік ақылшысы еді. Көріпкел бақсылар хан кеңесі кезінде алдағы қандайда бір саяси оқиға мен ситуацияны күні бұртын болжап, дөп басып талдап һәм сараптап бере алатын соны қабілеттің иесі-тін. Оларды саяси көріпкелдер деп атаса да болады. Хан екінші бір елді жеңу үшін білек күшінен бөлек көріпкел бақсылардың стратегиялық болжауына да жүгінетін. Қарсылас елдің көріпкел бақсылары да оңай емес әрине. Екінші, уақыт өте келе саяси көріпкел бақсылар түркілік болмыстағы стратегиялық мектеп қалыптастырды. Түркі бақсылары қытай, үнді, парсы, ұрым елдерін жаулап алуда маңызды рөл атқарды. Ол кездегі жаһандық жауласулар жер, су,

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: