|  | 

Мәдениет

Ұлттық классикамыздың соңғы могиканы

  Кешелі бері әріптестеріміздің Мемлекет тарапынан “Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері” құрметті атағын алып жатқанына қуанып жатырмыз. Барлығы орынды, әрқайсысы осы атаққа лайықты. Мұндай марапаттауларды әр өнерпаздың уақытында алғаны тіпті қуантарлық жағдай, әрі орынды. 
Дегенменен, Төкен ағамның “Әлем – шексіз, тіршілік – толассыз, өмір – мәңгі, ғұмыр – қысқа. Бірақ өмір өзегімен мәңгі жасар ғұмырлар бар. Оның бір саласы – өнер ғұмыры, өнер иесі өнерпаз ғұмыры” дегеніндей, бүкіл ғұмырын қазақ өнеріне арнап, әні күллі қазақ жұртының бесік жырына айналып, оның үні “қазақ жұртының қай ортасымен болсын өзектесіп кеткеніне көп болған”, әні тыңдаушысын сүйсіндіріп, құлақ құрышын қандырып, құлай құмартып тыңдайтын биік өнер иесіне айналып, сол арқылы қазақ жұртының жүрегіне жатталған асыл ағаларымыздың дәл уақытында бағаланбай, қаға беріс қалтарыста қалып қоя беретіні көңіл қынжылтып, жаныңды ауыртады. Осындай өнерпаздардың бірі, ол – әнші-композитор ТҰРСЫНҒАЗЫ РАХИМОВ.
Қазақ әнінің ішінде осы күнге дейін “үздіктер қатарынан көріне беретін, соңғы 30-35 жыл көлемінде дүниеге келген ән кенеулісінің бәрін тыңдап, тыныстағанда, “Сәби болғым келеді” әнінсіз алар ләззатыңыз бен табар рахатыңыз кем болар еді”(Бұл әні қаншама фильмдер мен спектакльдерде де басты музыка ретінде қолданылды “Ақырғы аманат” фильмі, “Ұлым саған айтам…” қойылымы). Бұл ән – қанша сәбидің әлдиі болып, қаншама ұрпақ осы әнмен тербеліп өсті. “Пай-пай-пай” айғайы ұранға ұласқан “Қазағым-айы” есті тыңдаушының еңсесін тіктеп, рухын асқақтатты. “Өнерден кең пейіл, шындық сырын күткен тыңдаушыға әрқашан сырлас, серік “Ғашықпын”, “Дәриға, домбырамды берші маған” әндері қандай, шіркін?! Сәбидей таза, адал да аңғал, селкеусіз сенгіш ақынның “Дұшпаның бар ма дейсің… Дұшпаным жоқ-ау деймін” дегенін “әлдекімге жайған өкпесі емес, еліне айтқан назы” екенін өзі де баладай пәк, жаратылысы сәл жақсылық көрсе, құрақ ұшып шабылып қалатын Түкең өте терең түсінсе керек… бұл да ғажап ән боп өмірге келді. “Жастықтың жалауын жықпағанмен, әр адымы санаулы, баланың бақытын тілеп, ар жаққа аттанған ата-ананың артынан қуған” отыз жас пен “ақыл-ары мен қылығы” бөлек қырық жас туралы әндері қандай десеңші?! “Дәм- тұзы қуат берген”, “шалғыны мен жаңбыры”, “масасының үні мен даласының бүрі”, “самайын ақ басқан шалдары мен басын қар басқан таулары”, “өредегі құрты мен жалаң аяқ су кешіп, отбасқан жұрты” туралы “Нені аңсаймын” әні нағыз шедевр ғой.”Қанатынан дауыл тұрғызған мұзбалақ” әні – “Мен сені сағынғанда”. Ол тіптен бітімі бөлек ән. Қысқа ғана санаулы ғұмырыңда “Не жақсылық көрсетті адам саған, не жақсылық жасадың адам үшін?…” деп толғанатын адамдық пен кісіліктің толғауындай “Санаулы күн” әні қандай, шіркін?!
“Иә, Жаратушы Аллам! Қолдай гөр,
Сүйей гөр мені, сүйей гөр!
Қолдары да, қорғаны да жоқ жан ем,
Құлап барам, сүйей бер,
Пенделерге табына-табына болған ем” деп толғаған ақынның бұл сөзіне жазған әнін тыңдағанда, бейне бір Аллаға салауат айтып отырған адамды тыңдағандай болатыныңа күмән жоқ. “Шашыңнан иіскейін”, “Бибігүлге”, “Ақмарал” әндерінің лирикаға толы сыршыл да сұлу екенін тыңдарман жұрт жақсы біледі.
Жалпы тағдыр деген қызық қой. Түкең Мұқағалиды Тарбағатайда, ағасы ақын-жазушы Ерғазы Рахимовты іздеп келіп, өз үйінде қонақ болғанда көріп, өлең-жырын өз аузынан тыңдаған еді. Қазақтың “Жақсыдан шарапат, жаманнан кесапат” дегені рас екен, Түкеңе сол жолы Мұхаңның шарапаты тигені күмансыз сияқты. Әрі Мұқағали шығармашылығымен өз шығармашылығының ұштасуына қайран қаласың. “…Қазақтың осынау қасқайып тұрған төріндегі бабалар махаббатының басына барып, қасында тұрып” сол жолғы сапарда туған өлеңі – “Аягөз-Ару” еді. Бұл күнде жұрт аузынан түспей жүрген әндердің бірі.
Бұл жазған әндердің барлығы қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған әндерінің бір парасы. Мұқағали ақынның сөздеріне ән жазуда ақынның табиғатын дәл тауып, тамырын дөп басқан қазақта Тұрсынғазыдай композитор кездесе қойған жоқ. Сыдық Мұхаметжанов Абай өлеңдеріне музыкасы арқылы қандай дәлдік жасаса, Тұрсынғазы Рахимов та Мұқағали өлеңдеріне сондай дәлдік жасады. Екеуі де екі ақынға биік ескерткіш қоя білді, әрі әндері арқылы екі ақынның өлеңдерін одан әрі тереңдете түсті.
Түкеңнің Мұқағалидан басқа да қазақ ақындарының сөзіне жазылған әндері қаншама. Тосын, кілт те шалт “Қабанбайлап” ащы айқаймен әруақ шақырғандай қайырып барып, күңірене басталып, шаттықты ырғақпен лекіте, тездете биікке қарай өрлеп, “Атақ-даңқың мәңгі алынбас қамалдай” деп шығандатып шыңға кететін “Батыр бабам – Қабанбай”(сөзі: А.Сапышев) әні рухыңды асқақтатпайма, асқақтатады, әрине. Қазақтың қайталанбас талантты әншісі Әміреге арналған “Ән атасы – Әміре” әні(сөзі: Әбубәкір Қайранов), “Әуелетіп отырсам, Әсет келіп қалмас па-ай” деп Әсетті келіп қалуы мүмкін-ау деп елеңдеп тосуын, сарғая сағынуын Тыныштықбек Әбдікәкімов ағамның сөзіне жазылған Әсетке арналған “Сағынбасқа не шара” әнінің көңіл толқытар үнінен аңғарғандай боласың.
Қазақта жылқыға арналған әндердің қатарын толықтырған Түкеңнің “Ерке жирен”(сөзі:Мерғали Ибраев) әні. Жылқы тақырыбына жазылған ондай ән XX ғасырда болған жоқ-ау, сірә. Мұхиттың “Зәурешіндей” жоқтау сарындағы элегиялық сағынышты, сыршыл лирикалы “Назым-ай” әні болса, “өзекті өксітіп, ішті өртеп жандырған” аға-досы Жәнібек Кәрменов дүниеден қайтқанда “Адасып жүрген ақ бөкен, қай жаққа ауып барасың” деп Ақбөкен-Жәнібекке арнап шығарған “Ақ бөкен”(сөз:Несіпбек Айтов) әні аңсау мен сағынышқа толы.
Айта берсе Түкең туралы көп жазуға болады. Алдыңғы жылы Түкеңе осы бір атақтың берілетін уақыты жетті-ау деп, Бибігүл апам бастап, Есмұқан Обаев, Алтынбек Қоразбаев, Роза Рымбаева, Мақпал Жүнісова, Рамазан Стамғазиев сияқты өнердегі аға-апаларымыз қостап, министрлік пен ШҚО әкімшілігіне хат та жолдап едік. Сол кезде “апыр-ай, Тұрсынғазы әлі атақ алмаған ба? Түкеңе берілмеген атақтың кімге керегі бар? Енді кімге берейін деп жүр?” деп қайран қалып, қолдап, қол қойып беріп еді. Ұсынатын алдымен облыстық мәдениет департементі болғандықтан, ол жақтан “Осыдан екі жыл бұрын “Парасат” орденін алыпсыз, келесі марапатқа енді үш жылдан соң ұсына аласыз” деген жауап алды да, қойды. Ол үш жылға дейін кім бар, кім жоқ? Ал, министрліктен жауап та алмады. Әрі ол кісіге Сәбет үкіметі кезінде кез келген автоклуб меңгерушісіне берілетін “Қазақстанның мәдениет қызметкері” деген төс белгісі соғанға дейін де кедергі болып келгені тағы бар. (Шәмші де осы атақпен кетті бас бармағын көрсетіп. Өлгесін ғана Халық әртісі атағын берді). Сонда жасы келген, өнерге әбден еңбегі сіңген ақсақалдардың осылай мемлекеттен құрмет көрмей кете беруі керек пе? Мұны реттейтін уақыт жеткен сияқты.
Бұл күнде Түкен ағам өмірі баяғы болғанмен, көңілі қаяулы. Дерт меңдегелі де біраз болды. Жамандықтың бетін ары қылсын. “Өлгенде де дұрыс өле алмайтын болдық-ау” деп отырды бірде.
Тұрсынғазы Рахимов – қазақтың Біржан, Ақан, Ыбырай, Мәди, Естай, Жаяу Мұса, Әсеттерден жеткен сал-серілердің негізінде, ұлттық классикамыздың, дәстүрлі әніміздің негізінде ән шығаратын композиторлардың ішінде XXI ғасырға жеткен жалғыз тұяқ, СОҢҒЫ МОГИКАН.
Түкен ағам “шапанын желбегей жамылып, қамшысы жер сызып, ен даланы бетке алып жаяу кетіп барады”.
“Ұлым саған айтам…” спектаклі жүріп жатыр… Бекжан Тұрыс ағам “Сәби болғым келеді” әнін зарлатып жатыр… Көмейге өксік, көзге жас толды…

Еркін Шүкіман, дәстүрлі әнші

Related Articles

  • …ойы бөлек болғанымен ол да осы елдің тумасы, біздің отандасымыз.

    Әлеуметтік желіде осы отандасымызды қызу талқылап жатыр екен. Көбі сын айтып жатыр. Видео жазбаның толық нұсқасы жоқ, пікір-талас тудырған бөлігі ғана тарап жатыр екен. Соған байланысты өз ойымды айта кетпекшімін: Бірінші, отандасымыздың видеосы, фотосы әлеуметтік желіде желдей есіп тарап жатыр. Ол азаматтың (азаматшаның) жеке құпиясы саналатын фотосы, видео жазбасы кімнің рұқсатымен тарап жатыр екен? Өз басым осы постты жазу үшін ол азаматтың (азаматшаның) видеодағы бейнесін қара бояумен өшіріп тастауды жөн көрдім. Және рұқсатынсыз фото бейнесін жеке парақшама салғаным үшін одан кешірім сұраймын. Діни ұстанымы, ойы бөлек болғанымен ол да осы елдің тумасы, біздің отандасымыз. Екінші, отандасымыздың діни ұстанымына байланысты айтқан сөздері қоғамда қатты пікір тудырған екен. Тіпті оны “ұлт дұшпаны”

  • ТӘҢІРІ ҚАЛАУЫ ТҮСКЕН ЖАН

    Мандоки Қоңырдың туғанына 80 жыл толуына орай «Тәңірі мені таңдады»  Мұхтар Мағауин Мандоки Қоңыр Иштван – отаны Мажарстан ғана емес, күллі түркі дүниесі қастерлейтін ұлық есімдер қатарындағы көрнекті тұлға. Шыңғыс жорығы тұсында Карпат қойнауындағы мадиярлар арасынан пана тапқан құман-қыпшақ жұртының тумасы Мандоки Қоңыр оннан аса тілді еркін меңгерген, бұған қоса зерттеушілік қарымы ерен, Тұран халықтарының фольклорлық-дүниетанымдық санасын бойына дарытқан ғалым. Ол түркология ғылымымен дендеп айналысып қана қоймай, ХХ ғасырдың төртінші ширегінде Шығыс пен Батыс­тың арасында алтын көпірге айналды, миллиондардың ықылас алқауына бөленді. Яки ол халықтар арасын жақындас­тырған мәмілегер, озықтарға ой салған көреген еді. Замана алға жылжыған сайын мерейтой иелері туралы айтылатын жайттар естелік пен өткен шақ еншісіне көшеді. Көзі тірі

  • Адамдардың сізді езіп тастауына жол бермеңіз

    Шебер бір суретшінің оқушысы өз оқуын тәмәмдапты. Оқуын тәмәмдаған оқушысына ұстазы былай депті: “Ең соңғы салған суретіңді қаланың ең көп адамдар жиналатын алаңына қойып қой. Суреттің қасына да бір қызыл түсті қалам қой. Адамдарға суреттің ұнамаған жерін сызып қойюын өтініп бір хат қалдыр”, депті ұстазы. Оқушы ұстазының айтқанындай жасап болып, бірнеше күннен кейін суретті көру үшін алаңға барады. Адамдар суретті қып қызыл сызып тастағанын көреді де адамдарға ренжіп ұстазының жанына жылап барады. Ұстазы оған ренжімей сурет салуды жалғастыруына кеңес береді. Оқушы тағы да сурет салыпты. Ұстазы тағыда адамдар көп жүретін алаңға апарып қоюын айтады. Бірақ бұл ретте суреттің жанына бір құты толған түрлі түсті қалам қоюын және ұнамаған жерлерін өздері

  • ҚҰНАНБАЙДЫҢ САПАРҒА АТТАНАР АЛДЫНДА ҰЛЖАНҒА АЙТҚАНЫ:

    Бәйбіше, үй серігім ғана емес, өмір серігім едің. Ұзақ кешкен тірлікте қай белдің астында жүрсем де, артымда отырған бір бел өзің едің. Өзіме тағдыр бақ берген жанмын деуші ем. Айтыспасақ та, жер танытып отыратын қабақ пен жүрек бар еді, соған сенуші ем де, кейде шәлкес, кейде қия да басып кете беруші ем. Бағыма масайып еркелегенім болса керек. Енді қай дөңнің басында қалармыз, кім біледі. Сенің айтар кінәң болса да, менің саған артар бір түйірдей назым жоқ. Адал жүрек, ақ бейілің үшін балаларыңның бағы ашылсын. Мен айтарды өзің айтыпсың. Менің арманымды өз арманың етіпсің. – деді Бұл – жүрер алдындағы Құнанбайдың Ұл­жанға айтқан сөзі. Қалың туыс, үйірлі ағайын, шоғырлы бала-шаға, дос-жаран,

  • Қапсәметұлы Өмер Мырза

    Қапсәметұлы Өмер Мырза: 1998 жылдары Нигде университетінің аспаптар кафедрасының оқытушысы болып тағайындалды. Ол осы жерден міндетін тоқтатып, Қазақстанға оралып Алматыда 10 жыл тұрып, 3 жылдай бұрын Ыстамбұлға келгенде дүниеден озды. Жастас болмасақ та құрдас болып кеткеміз. Әрі туысым болады. Суреттегі ұстап отырған домбыра маған Қазақстаннан сыйлыққа тартылған еді. Осы домбыра ілулі тұрған жерден жерге түсіп шағылып қалған да Өмер мырзаға осыны жөндеп беруін өтіндім. Ол маған асықпасаң әйтеуір өзіңе қайтып тапсырып берем деген еді. Сонымен Нигдедегі шеберханасына апарып қойды да 7 жылдан кейін қайта қалпына келтіріп әкеп берді. Сонда мен Өмермен әзілдесіп не деген ахырын адамсың дегенімде ол, “алдымен бір шертіп көрші, мен сенің шағып алған домбыраңның бөлшектерін күнге күйгізіп,

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: