|  |  | 

Көз қарас Саясат

БIЗ ӨЗ ҰРПАҒЫМЫЗДЫ ҰЛТ ТIЛIНДЕ СӨЙЛЕУ ҺӘМ ОЙЛАУ БАҚЫТЫНАН АЙЫРЫП ОТЫРМЫЗ

Кешiрiңдер, қарақтарым!..

«Жас Алаштың» коллажы

Адам айтам деп айтпайды ғой, әбден жетесiне жеткеннен, жүйкесiне тигеннен кейiн айтады. Мiне, тағы да үштiлдiлiк туралы айтуға тура кеп тұр.

Осыдан бiр жетi бұрын Ресейдiң Бiлiм министрi Дмитрий Ливанов орнынан алынды. Д.Ливанов та бiздiң Е.Сағадиев секiлдi қит етсе “…балаларға сапалы бiлiм беру үшiн әлемдiк тәжiрибеге жүгiнуiмiз керек”, “…әлемдiк деңгей…”, “…әлем­дiк стандарт…”, “…әлемдiк әдiстеме…”, “…әлемдiк…” және т.т. деп шыға келетiн. “Ана елден де үйренемiз…”, “мына елден де үйренемiз…” деп жүрiп, оқу-ағарту саласын күйретiп тынды. Қалай “күйретiп тынды” демейсiз, егер Ресей үкiметiнiң кезектi отырысында Д.Медведевтiң өзi “…соңғы жылдары Ресей мектептерiнде сауатсыз, бiлiксiз мұғалiмдер күрт көбейiп кеттi…”, “…ең масқарасы сол, жоғары сынып оқушыларының басым көпшiлiгi орыс тiлiнде шығарма (сочинение) жаза алмайды …” деп, Д.Ливановтың атына үлкен сын айтып жатса.
Қош делiк. Сонымен, өзге елдерге өңешiн созғаннан басқа дым бiтiрмеген Д.Ливановтың орнына кiм тағайындалды? Ольга Васильева. Бұ кiм? Тарихшы-ғалым. Тарих ғылымдарының докторы. Мәскеу пединститутының тарих факуль­тетiн бiтiрген. Докторлығын “Орыс шiркеуiнiң тарихы” деген тақырыпта қорғаған. “Патриотизм және православие” деген ең­бегi бар. Айтпақшы, қазiргi күнi орыс зиялыларының ортасында жиi айтылатын “Патрио­тизмдi қаржыландырмайды, патриотизмдi қалыптастырады” деген қанатты сөздiң авторы да – осы Ольга Васильева. Бiр сөзбен айтқанда, жаңа министр – орыстың тарихын да, дiнiн де, дiлiн де өте терең бiлетiн тұлға. Содан да болар, ол министр қызметiне кiрiскеннен кейiнгi алғашқы сұхбатында-ақ былай дедi: “Орыс мектебiнiң өзiндiк тарихы, өзiндiк дәстүрi бар. Бiз ендi ХIХ ғасырдағы, ХХ ғасырдың басындағы орыс мектебiнiң дәстүрiн қазiргi күнге орайластырып, жалғастырсақ, жаңғыртсақ деген ойдамыз”.
Толстой, Достоевский, Бунин, Карамзин, Менделеев секiлдi ұлы тұлғалар оқыған орыс мектепте­рiнiң (орта мектеп, гимназия, семинария және т.б ) осал болмағаны да белгiлi. Бұл мектептерде тек орыс тарихы ғана оқытылған жоқ, славяндардың тарихы да тұтас оқы­тылды. География сабағында тек “жауын-шашынның мөлшерi” мен “өзен-көлдердiң орналасуы” ғана оқытылған жоқ, орыстың ежелгi қоныстары мен әулиелi, киелi жерлерiнiң қадiр-қасиетi, өзiндiк сыр-сипаты тереңдетiле оқытылды. “Орыс тiлi”, “Орыс әдебиетi” пәндерiнен бөлек, шешен сөйлеуге, өзiнiң ойын орыс тiлiнде оралымды әрi мәдениеттi жеткiзуге үйрететiн арнайы пәндер жүргi­зiлдi. “Би сабағы”, “Дiн сабағы” жүргiзiлдi. Мiне, жаңа министр ендi ХIХ ғасырдағы, ХХ ғасырдың басындағы кейбiр озық, үлгiлi, жақсы үрдiстердi бүгiнгi орыс мектепте­рiне қайта енгiзбек.
Не үшiн? Орыс мектеп­терi­нiң әлдебiреулер мен әлдекiм­дерге емес, орысқа қызмет етуi үшiн! Орыс мектептерiнiң орыс халқының мақсаты мен мүддесiне,керегi мен келе­шегiне қызмет етуi үшiн!
Дәл осы жерде мынадай сұрақ туындайды: “Орыс мек­тептерiнде шетел тiлi қай сыныптан бастап оқытылады?” Ежелден үзiлмей келе жатқан үрдiс бойынша, орыс мектеп­терiнде шетел тiлi 12 жастан бастап оқытылады. Бұл үрдiс қазiр де қатаң сақталынып отыр, Ресейдiң жалпы бiлiм беретiн мектептерiнде шетел тiлi 5-сыныптан бастап оқытылады (Рас, Мәскеу мен Санкт-Петерборда, Ресейдiң өзге де iрi қалаларында ағылшын тiлiн тереңдетiп оқытатын арнаулы мектептер бар. Бұларды жалпы бiлiм беретiн мектептермен шатастыруға болмайды, әрине.).
Қайран Ғабең, Ғабит Мү­сiрепов былай дейдi: “Жаңа дегеннiң iшiнде ескiден де ескiрегi, ескi дегеннiң iшiнде жаңадан да жаңарағы болады”. Сол айтқандай, Ресейдiң министрi бiр қарағанда ескiге, ескiлiкке ұмтылып отырғандай боп көрiнедi. Шын мәнiнде, ол жаңаға, жаңа мазмұнға ұмтылып отыр. Орыс мектептерiн жаңа мазмұнмен байытуға ден қойып отыр. Орыс ұлтының оқу-ағарту саласындағы бай iс-тәжiрибесiне жүгiнiп отыр.
Ал бiздiң министр ше? Бiздiң министр, егер шындықты айтар болсақ өзiнiң не iстеп, не қойғанын да бiлiп отырған жоқ. Е.Сағадиевтiң өзi “жаңа реформа жасадым” деп ойлауы мүмкiн. Шынтуайтына келгенде, бұл – жаңа да емес, реформа да емес, ес­кiнiң де есте жоқ ескiсi, құсқының да қиюы жоқ құсқысы! Турасын айтсақ, бұл – ұлттың тағдырымен ойнау! Ұлттың тағдыры – менiң де тағдырым. Де­мек, бұлар ұлтты мазақ етiп, бәрiмiздiң де тағдырымызбен ойнап отыр (Нәлет мұндай тiрлiкке!).
6 жастағы бүлдiршiнге 3 тiлдi қатар оқыту… Қазақ асыра сiлтеудiң неше атасын көрдi ғой, бiрақ мұндай асыра сiл­теудi бұрын-соңды көрген емес! Ақылға да қонымсыз, санаға да сыйымсыз мұндай тәжiрибе бiрде-бiр елдiң (!) тәжiрибесiнде жоқ. “Бала бастауыш мектептi тек ана тiлiнде тәмамдауы керек. Шетел тiлiн 13 жастан бастап оқып-үйрен­генi жөн” дейдi рухани көсемi­мiз Ахмет Байтұрсынов. Мұның сыртына А.Байтұрсынов “Қа­зақ мектебi қандай болуы керек?” деген мәселе төңiрегiн­де артына қаншама үлгi-өнеге, ақыл-кеңес, нұсқаулықтар қалдырды десеңiзшi! Осының бәрiн тәрк етiп, бiз қазақ тiлiн жоюдың, ұлтты жоюдың ең төте жолына бет бұрдық. Яғни, биылғы 1 қыр­күйектен бастап 6 жастағы ұл-қыздарымызға 3 тiлдi қатар оқытамыз деп шештiк.
Қазақтiлдi зиялылардың әрқайсысы өз баласының ертеңгi күнi ұлт қызмет­керi, ұлттық қайраткер болып шығуын қалайтыны да белгiлi. Ал ендi үш тiлдi қатар оқытатын мектептi бiтiрген бала ешуақытта ұлт қызметкерi, ұлттық қай­раткер бола алмайды. Оны айтасыз, олар қыл аяғы қазақ та болып жарытпайды. Олар қазақ болуы үшiн ұлттың тiлi жырымдалмайтын, ұлттың рухы сақ­тал­ған ұлттық мектептi бiтiруi керек.
Бәрiнен бұрын… Иә, асыға күткен 1 қыркүйек те келiп жеттi делiкшi. Бүл­дiршiндерiмiз, көзiмiздiң ағы мен қарасындай қарақтарымыз томпаң қағып мектепке қарай кетiп бара жатыр. Ал ендi бұларға нен­дей тiлек, қандай тiлеу тiлеймiз?
“Көздерiңнен айнала­йын жаудыраған… Бiз сен­дердi ана тiлiнде сөйлеу бақытынан айырдық. Бiз сен­дердi ұлт тiлiнде ойлау бақытынан айырдық. Шын бақытсыздық дегенiмiз де – осы… Кешiре көрiңдер, бiздi… Сендерге ара түсе алмаған бiз секiлдi бейбақ ата-аналарыңды, бейбақ аға-әпкелерiңдi, бейбақ заманды, бейбақ қоғамды кешiрiңдер… Кешiрiңдер, қарақтарым… ” дейтiн шығармыз.
Жоқ әлде “Сендердiң обалдарың – ұлтсыздан­ған, орыстанған билiкке! Орыстанған шенеунiктерге! Орыстанған аға-әпкеле­рiңе!” деймiз бе?!
Ерте кезде қазақтарда “алғадай” деп аталатын жанкештi, жауынгер топ болған. Ентелеп келе жат­қан жауды қайткен күнде де кiдiрту үшiн, сөйтiп уақыттан ұту үшiн (жиылып-терiлiп, үлкен соғысқа даярлану үшiн) ата-бабаларымыз әлгi алғадайларды жау­дың жолын тосуға аттандырады екен. Аттандырып жатып, бiржолата қоштасады екен. Өйткенi алғадайлар қайтып оралмайды…
Бәлкiм, 1-сыныпқа бара жатқан бүлдiршiндерiмiз­бен бiз де бiржолата қоштасармыз, өйткенi олар да ендi қайтып қазақ бола алмайды! Қазақтыққа қайтып оралмайды! Осы кеткенi кеткен…

aika902007@rambler.ru
Әмiрхан Меңдеке
zhasalash.kz

Related Articles

  • Tridon Mk2 зениттік қондырғы

    Tridon Mk2 зениттік қондырғы

    Швеция мен Дания Украинаға арнап британ-швед өндірісіндегі заманауи Tridon Mk2 зениттік қондырғыларын сатып алуға бірігіп кірісті. Кешен әсіресе жақын қашықтықта ұшатын ирандық «Шахед» дрондарына қарсы ең тиімді қарудың бірі. Қазіргі уақытта Tridon Mk2 өз класындағы ең озық әуе шабуылына қарсы жүйе саналады. Tridon Mk2 зениттік қондырғысының басты ерекшелігі атыс қарқыны. Ол минутына 300 оққа дейін жаудыра алады. Осылайша әуе кеңістігіне енетін шағын дрондардың көзін жылдам әрі дәл жоюға мүмкіндік туады. Тағы бір артықшылығы атылатын 40-мм снарядтардың құны небәрі 27 долларды құрайды. Экономикалық тұрғыдан тиімді екенін дәлелдейді. Қару-жарақ саласындағы мамандар Украинадағы әскери қақтығыстарды ескере отырып, арзан әрі тиімді әуе қорғанысы қаруына сұраныс жоғары екенін айтады. Tridon Mk2 жүйесінде қолданылатын арнайы британдық

  • Тек тілге байланысты…

    Тек тілге байланысты…

    Қазақ Республикасында бір ғана мемлекеттік тіл бар. Ол- қазақ тілі. Қазақ тілінен басқа ешбір екінші тілге мемлекеттік мәртебе берілмеуі керек! Отыз жылдан астам уақыттан бері геосаяси ахуалды сылтауратып келдік. Енді біздің де мінезімізді һәм мысымызды көрсететін уақыт келді. ҚР-ның азаматы һәм салық тапсырушы қатардағы тұрғыны ретінде талап етемін! Алдағы бес жылда Қазақ Республикасында елеулі демографиялық өзгерістер болады. Атап айтқанда 2030 жылынан кейін қазақтардың республикадағы жалпы үлесі 80-85% ке дейін артады. Славян халықтарының өсімі азайып 10%-ға дейін түседі. Есесіне елдегі түркітілдес өзбек, татар, ұйғырлардың өсімі еселеп өсіп тіпті 10-15 жылда орыстардың орнын басып озуы мүмкін. Сол кезде Қазақ Республикасындағы жалпы түркітілдес халықтардың үлес салмағы 85-90% ке жетеді. Нәтижесінде қазақ мектептерінің саны,

  • Қызық…

    Қызық…

    1989 жылы Қазақ ССР-дың мемлекеттік тілі біреу, ол қазақ тілі болған. 2026 жылы Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіл біреу, ол қазақ тілі болмақ. Мәселе, 37 жылдан бері публикацияға тіл туралы баптың 1- тармағын көрсетіп (қоғамдағы ұлтшылдықты басу үшін) ал ісжүзінде 2- тармақпен баса жұмыс істеуінде жатыр. 1989 жылдан бері қазақ тілінің құзіреті конституцияның күшінен көбірек қазақ ұлтшыларының инерциясының арқасында өркендеді. Өйткені қазақтілді орта урбанизацияланды, былайша айтқанда қаладағы мәдени аймақтарды қазақтілді ішкі миграция басып алды. Қазақша мектеп, бала-бақша, орта және шағын бизнес тб бәрі ішкі миграция мен урбанизацияның есебінде көбейді. Конституцияда мем-тіл қазақ тілі деп көрсетілсе де мем-жүйе 2-тармақпен жұмыс жасады. Ал кейбір мекемелер мен облыстардағы қазақ тіліне басымдықтың берілуі тікелей демографиялық

  • Математиканың Nature-сы мен Science-ы

    Математиканың Nature-сы мен Science-ы

    Математиканың Nature-сы мен Science-ы: Математика саласы әрдайым басқа ғылымдардан ерекшеленіп тұрады және ешбір ғылымнан тәуелсіз, өз алдына дамып келеді. Керісінше, көптеген басқа ғылым салаларын математикасыз елестету қиын. Бүгінгі жазбамда математиканың тағы бірнеше ерекшелігін атап өткім келеді. Бұл ақпарат ғылыми ортада жүрген көптеген адамдарға пайдалы болады деп үміттенемін. Барлығымыз білетіндей, көптеген ғылым салалары үшін ең жоғары марапат саналатын Нобель сыйлығы математиктерге берілмейді. Алайда бұл математиктер Нобель алуға қабілетті емес дегенді білдірмейді. Керісінше, басқа салалар бойынша Нобель сыйлығын алған математиктер де бар. Математиктердің «Нобелі» саналатын әлемде ең ірі екі сыйлық бар. Біріншісі – Фильдс сыйлығы. Бұл марапат 40 жасқа дейінгі ең үздік математиктерге, ұзақ жылдар бойы шешілмей келген аса күрделі есептерді шешкен

  • “Қазақ тілі – мемлекеттік тіл” деп жазылып тұр ғой дейді. Неге ондай сөздің пайдасы жоқ екенін түсіндірейін.

    “Қазақ тілі – мемлекеттік тіл” деп жазылып тұр ғой дейді. Неге ондай сөздің пайдасы жоқ екенін түсіндірейін.

    “Қазақ тілі – мемлекеттік тіл” деп жазылып тұр ғой дейді. Неге ондай сөздің пайдасы жоқ екенін түсіндірейін. “Жаңа конституцияның” 9-бап 2-тармағы тұрғанда құжаттар ешқашан қазақша жасалмайды. Тек аударма тілі болып қалады. Себебі мемлекеттік бюрократия 9-баптың 2-тармағына сүйеніп, іс-қағаздарды орысша жасап үйренген. Сол себепті іс-қағаздың бәрі алдымен орысша жасалады, кейін қазақшаға қалай болса солай аударылады. Сол себепті 1-тармақтың болғаны қазақ тілінің нағыз мемлекеттік тіл мәртебесінде болуына еш көмектесе алмайды. Бір ғана жолы бар: конституцияда мемлекеттік тіл де, ресми тіл де – қазақ тілі деп тайға таңба басқандай жазылып тұруы керек. Құжаттың мемлекеттік тілдегі нұсқасының ғана заңды күші болуы тиіс. Сол кезде басқа тілдердегі нұсқасы жай аудармасы болады. Сол кезде ғана қазақ

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: