|  |  | 

Тарих Тұлғалар

АМАНГЕЛДІ ҚАЛАЙ АЖАЛ ҚҰШТЫ? 

Менің әжем – Ұзын Қыпшақ Бегімбет руының қызы. Қазіргі Амангелді ауданының Үрпек ауылында туған. Әкесі Молдабек пен анасы Дәметкеннің Құдайдан мойындарына бұршақ салып тілеп алған жалғыз перзенті екен.

1916 жылғы дүрбелеңде Молдабек Байтөреұлы Амангелдінің әскеріне қосылып, орыс патшасына қарсы соғысқан әрі Амангелдіге туыстығы (екеуі де  Бегімбет руынан) да бар. Сардар Торғайда комиссар болып тұрғанда атын баптап, көмекшісі де болған екен. Амангелдіні соңғы тірі көргендердің бірі де осы Молдабек атамыз. Молдекең өткен ғасырдың 40-шы жылдары озыпты өмірден. Кемпірі –Дәметкен әжеміз Амангелді өлгенде батырдың жұбайы Балыммен қатар отырып жоқтау айтыпты. Және ол жоқтауды өмірінің соңғы жылдарында магнитофонға жаздырған екен. Өкініштісі, ол таспа қолды болып,  жоғалды.

Әжей 1984 жылы пәнимен қош айтысады. Баяндалатын оқиға осы Дәметкен Райысқызының (менің әжемнің шешесі) көзі тірісінде айтқан естіліктерімен өріледі.
«1919 жылдың жазғытұрым кезі. Торғай өзені сол жылы ағыл-тегіл тасып, айнала көп уақыт тасқын судан құрғай қоймады. Төрт түліктің аузы көкке ілініп, қыстың күйбең жұмысынан арыла бастаған едік. Тыныштығымызды ат тұяғының дүбірі бұзды. Күнде хабар күтіп, елеңдеп жүрген аласапыран шақ. Кебісімізді аяққа іле сап далаға шықтық. Салт атты біреу желе жортып келеді, жүрісі суыт. Жолаушының сырт бейнесі алыстан жол азабын тартып келе жатқан адам екенін айтпай-ақ аңғартып тұр. Жақындағанда байқасам үйдегі қожайыным екен. Беті түтігіп, жақ жүні үрпиіп, арып-ашқан. Көздері қызарып, әлденеше күн ұйқы көрмегені білініп тұр. Астындағы атының ақ көбігі шыққан.
Отағасы Торғайға ағасымен (Амангелді) бірге кеткен. Жарау атқа шана жегіп, Батыр өзімен бірге абысынды (Балым) да ала кетті. Сол кеткеннен көріп тұрғанымыз осы жазғанды.
…Атының басын тартты да, ерден сыпырылып түсті. Жиналған көрші-көлем, ағайын-жұрт қаумалап алды, не дер екен деп күтіп тұрмыз. Жүзінен жақсылықтың нышаны байқалмайды, не болса да бір жаманат хабар естіртейін деп тұрғанын сездік. Сөздің қысқасы: «батырдан айырылдық» деді…

Ауыл-аймақ қара жамылып, азан-қазан болдық та қалдық. Жылау,сықтау. Келіндер отыра қап күніне бірнеше рет жоқтаймыз. Балым абысын жоқтау айтып отырып талықсып кетеді, есін жиғызып аламыз, сәлден соң тағы талып қалады. Ей, несін айтайын, ірің ішіп, қан құсқан күндер еді ғой…

…Батыр дуанда (Торғай қаласы) қызмет етіп жатқанда «алаштықтар» қалаға кіруге рұқсат сұрайды. «Біз үкіметтен кешірім алдық, қызылдар жағына өттік» деген екен. Оларды Міржақып бастап келген. Міржақып пен Батырдың төңкеріске дейін де жұлдыздары жараспай жүріпті. Батырдың Би ағасы (Көшімбек би) кезінде ауылында мектеп ашып, бала оқытқан дейді. Сол мектепте Міржақып мұғалім болады. «Еті сенікі, сүйегі менікі» деген заман ғой, Міржақып өзі оқытқан бір оқушыға қол көтеріп, содан дау шығады. Таяқ тиген балаға Батыр жақтасып, содан екеуі қырбай болып кетті дейді білетіндер. Екеуі де ешкімге иілмейтін, кек алмай қоймайтын адам болған сияқты. Бір-бірінің шалыс басқан сәтін аңдып, арбасумен қысты өткізген. Тек, Міржақып бұрын қимылдап, батырдың алдын орап кетті.

Дүрбелең басылып, билікке қызылдар келген соң Батыр жаңа үкімет жағына өтті. Торғайда жаңа биліктің орнауына ат салысты. Бұл Ханға (Әбдіғапар) ұнамаса керек. Әр жердегі мәжілісте бірінің шығарған шешіміне екіншісі қарсы келіп қала береді. Батыр сайлаған болысты Хан орнынан алып тастап, аралары одан сайын ушығып кетеді. Бұл жағдай Міржақып пен оның айналасындағыларға қол болды. Араға адам салып, Ханды өздеріне қаратып алады және Батырды өлтіруге келіседі. Міржақып оны Ханның келісімінсіз де өлтірер еді, тек, кейін ел арасындағы жанжалда «Ханның ризашылығы болды» деп айту үшін ғана істеген ғой. «Інің орысқа қызмет етіп кетті, сені ұмытты, сыйлауды қойды» деп азғырған дейді.

Күн жылынып, жер құрғай бастаған күндерде Батырдың қол астындағы қызметкерлердің бірі әскерді ойнатамын деп қала сыртына алып кетеді. Сол адам сатқындық қылды, салдаттарды қастықпен әкетті дейді, кім білсін. Содан әскер сыртта жүргенде қалада атыс басталған. Батырдың кеңсесін шабуылдап, көшенің астан-кестеңін шығарыпты. Екі-үш көмекшісімен қалған Батыр түске дейін қарсыласып, ақыры берілмепті. Амалдары таусылған олар енді айлаға көшеді. Міржақып Батырға адам жіберіп, кешірім сұраған болады. «Доңыз, иттер арақ ішіп, мастықпен мылтық атыпты, жазасын келіп өзің бер» дейді. Батыр бармайды, тағы адам жібереді, оған да бармаған. Сөйтіп, не керек, ақыры мешіттің молдасын қолына Құран ұстатып, «Амангелдіні қайтсең де көндіріп, ертіп кел» деп жұмсайды. Молданы көптен таниды екен. Келе салып: «Батыр, бір ашуыңды бер, мені аналар жаналқымнан алып, еріксіз жіберді. «Татуласамыз, бітімге келеміз, қорықпаса қарусыз келсін» дейді. Жүре ғой менімен. Құран ұстап кеп отырмын» дейді.

Батыр – діндар, бес уақыт намаз оқитын адам еді, хазірет кеп тұрған соң сенеді ғой баяғы. Балым мен біздің жазған (Молдабек) жібергісі келмей безектейді. Бір бет алған соң кері қайтсын ба, шақырған жерге тартып отырады. Міне, сол кеткеннен Батыр мол кетті ғой.

…Шақырған үйіне кіре берісте Батырды сенекте екі адам екі жағынан кеп ұстап, байлап тастапты. Сол күйі абақтыға тыққан. Сол күні дуанға Хан да келеді. Оны да әдейі шақырып отыр ғой, сонда болды деу үшін. Батырды өлтірер алдында Хан: Амагелдінің сөзінде сиқыр бар, тыңдап тұрсаң арбалып қаласың. Сөйлетпеңдер және көзіне қарамаңдар! – деп айтты дейді. Батырдың көзі өңменіңнен өтердей өткір, сұсты еді.

Батырды абақтыдан байлаулы күйінде алып шығыпты. Түн ортасы, ел аяғы басылған кез екен. Жан-жағына соңғы рет көз салғанда бірден Ханға қарап:

– Әй, Хан аға! Сен биік жар емес пе едің, мен сол жарда секірген лақ емес пе едім?! – деп сөз бастағанда Хан:

– Мынаны сөйлетпеңдер дедім ғой. Тұрмаңдар қане! –деп айқай салады. Сонда топ ішінен шыққан біреу ұзын кездікті Батырдың бауыр тұсына сілтеп кеп қалды дейді. Жерге екі бүктетіліп түскен Батырды ат құйрығына байлап шаба жөнеледі. Иен далаға апарып, көміп кетеді. Батыр осылай ажал құшады…

Ел болып, жұрт болып Батырдың сүйегін іздедік, көп іздедік. Мал бағып жүрген бір малшы кездейсоқ байқап қалады. Ол байғұс бір пәлесі жұға ма деп айтуға қорқып жүріпті. Тұспалдап айтқан жерді шолып шыққан ақсақалдар бір күні тапты ау әйтеуір. Денесі бассыз жатқан көрінеді, өлтіргенде кесіп алған ғой. Мүрдені қазып жатқанда басы екі аяқтың арасынан шығыпты. Ой, Алла, не деген жауыздық десеңші. Елге әкеп, арулап жерледік.

Батырдың құнын даулап ағасы (Көшімбек би) ізденді, тапты да. Нақты қылмыстылар «Амангелдінің құнын дауладың» деп оның ауылын да шапты. Ой, көрсетпегені жоқ қой… Енді қанша айтсаң да Батыр қайтып келмейді.»

Дәметкен әжеміздің әңгімесі осы еді.

Н.Әлменов

Abai.kz

Related Articles

  • Ғалым Боқаш мерейлі 50 жаста

    Ғалым Боқаш мерейлі 50 жаста

    Altyn Magauina Бүгін Атамыздың ең жақын шәкірттерінің бірі, біздің бауырымыз, қазақтың мақтан тұтатын жастарының бірі Ғалым Боқаш мерейлі 50 жасқа толып отыр. Біз үшін бұл күн – жай ғана Ғалымның туған күн емес, бұл – оның жарты ғасырлық өнегелі өмір жолының, адал еңбегінің, биік парасат пен адамгершілігінің мерекесі. Біз Ғалымды тек терең білімі үшін емес, үлкен жүрегі үшін қадірлейміз. Ғалымның әлемнің ең беделді оқу орындарының бірі – Оксфорд университетінде білім алып, “Азаттық радиосында жемісті еңбек етіп, бүгінде Америка Құрама Штаттарының мемлекеттік қызметінде абыройлы жұмыс атқарып жүргені оның табандылығының, білімге құштарлығының және еңбекқорлығының айқын көрінісі. Алайда адамның шынайы бағасы оның қызметімен немесе жеткен жетістіктерімен ғана өлшенбесе керек. Адамның қадірі оның жүрегінде,

  • Қазақ этногенезінің дағдарысы һам жаңа концепция

    Қазақ этногенезінің дағдарысы һам жаңа концепция

    Арма ағайын! Шағын сараптама Бірінші, қазақ этногенезінің дағдарысы келе жатыр. Дағдарысқа қарсы қазақ этногенезінің жаңа концепциясының жасалмауы алаңдатады. Біз қазір 18 ғасырлардағы қазақ хан-сұлтандары қабылдаған этногенездік концепциясымен әлі өмір сүріп келе жатырмыз. Одан кейінгі үш ғасырда колонизациялық кіріптарлық этногенездік жаңа концепцияны қабылдауға һәм трансформациялауға мұрсат бермеді. Қолданыстағы қазақ шежіресін ашып қараңыз, рулар шежіресінің концепциясы 18 ғасырларда қабылданған мизамға сәйкес келеді. Тіпті шежіредегі аталық рулар сол ғасырдағы қандайда бір тарихи тұлғадан (батырдан) бастау алады немесе шежіредегі аты аталатын рулар 18- ғасырға барып тоқтайды, ары қарай үзік-үзік. Бұл 18- ғасырдағы жаугершілік заманның талабына сай сұрыпталған қазақ этногенезінің көрінісі еді. Яғни қазақ шежіресінің концепциясы қазақ этногенезінің моделін қалыптады. Екінші, саяси және мәдени шешімдердің

  • КӨКБАЙ АТА ШЫҒАРМАЛАРЫ – ҚАЗАҚТЫҢ ӨРКЕНИЕТТІК ӨРЕСІНІҢ АЙҒАҒЫ

    КӨКБАЙ АТА ШЫҒАРМАЛАРЫ – ҚАЗАҚТЫҢ ӨРКЕНИЕТТІК ӨРЕСІНІҢ АЙҒАҒЫ

    Адамның бәрі бірдей емес. Ақыл-ойы еркін, мәнді, құнды дүниелер туғыза алатын, жасампаздық қуаты зор адамдар болады. Сол сияқты өркениеттік әлеуеті (потенциалы) зор халықтар болады. Ондай қасиет өзіндік құндылықтар жүйетін жасай алатын, ешкімге ұқсамайтын, терең тамырлы руханияты бар халықтарда болады. Қазақтың бүкіл тарихы мен мәдениеті біздің сондай халықтар санатына жататынымыздың айғағы. Сондай айғақ Абайдың ақындық мектебінің көрнекті өкілі Көкбай Жанатайұлы шығармашылығында молынан табылады… Кеше Семей қаласындағы Абайдың қорық- музейінде Көкбай Жанатайұлының 165 жылдығына арналған “Абайдан сабақ алдым бала жастан” атты әдеби кеш өтті. Зал белгілі абайтанушы, профессор Жандос Әубәкірдің тағылымы мол, әсерлі баяндамасын ерекше ынтамен тыңдады. Спикерді тыңдап отырып: “Біз Көкбайды тіпті білмейміз деуге болғандай екен ғой… Кейде тіпті жеңіл, үстірт

  • Саяси қуғын-сүргінге ұшыраған арғы беттің көрнекі тұлғалары мен зиялы қауым өкілдері

    Саяси қуғын-сүргінге ұшыраған арғы беттің көрнекі тұлғалары мен зиялы қауым өкілдері

    Арма әлеумет! 31 мамыр саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Осыған байланысты іргелес елдерде соның ішінде Шығыс Түркістан өңірінде өмір сүріп жатқан Шыңжаң қазақтарының саяси, әлеуметтік һәм мәдени тарихын танып біліп жүргеніміз артық болмас. Алдымен суреттерге түсініктеме: Бірінші сурет: Шыңжаң өлкесінде 1934-44 жылдары өлке губернаторы болған Шэн Шицайдың (盛世才) бейнесі. Екінші сурет: Тайвань Тайпэйдегі Шэн Шицайдың мазары. 2024 жылы арнайы іздеп тауып басына барғандағы естелік. Ол туралы естелікті кейін оқисыздар. Үшінші сурет: Шыңжаң өлкесі Құмыл аймағының аймақ губернаторы болған Жолбарыс Бег-тің мазары. Тайвань Тайпэй қаласындағы мұсылмандар зиратында жерленген. 2024 жылы арнайы іздеп тауып басына барып қайттым. Төртінші сурет: 1944 жылы ұлт-азаттық көтерілісшілері Құлжа қаласын азат қылған соң қала

  • ҒАЛЫМ БОҚАШ. «Өзіне ар тұтқан, жаттан зар тұтады!»

    ҒАЛЫМ БОҚАШ. «Өзіне ар тұтқан, жаттан зар тұтады!»

    Екі мыңыншы жылдардың басында қазақ руханиятында ерекше басылымдар болды. Атап айтсақ, Атырау шәрінде шыққан «Алтын Орда» газеті болса, одан кейінгісі Алматы қаласында шығып тұрған «Жас қазақ», сондай-ақ «Шетел Әдебиеті» сынды газеттер еді. «Алтын Орда» газетіне Мейірхан Ақдәулетұлы, ал қалған екеуіне Талғат Ешен мен Ардақ Нұрғазы іспетті қазақтың интеллектуал азаматтары бас редактор болған еді. Бәрі  де есімдері елге мәлім, ғажайып ақындар. Бәз біреулердің: «Журналист болмаса, ақын ешқашан жарытып газет шығара алмайды», – деген сыпсың сөздерінің ауызына құм құйып, әлгі әпербақан түсініктің аяғын көктен келтірген де осы талантты қаламгерлер болды.  «Әдебиет порталы» «УАҚЫТ ПЕН КЕҢІСТІК…» айдарымен  тек аталған осы басылымдар ғана емес, жаңа ғасырдың басында қазақ баспасөзінде жарық көрген небір жілікті жазбалар мен танымдық

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: