|  | 

Әдеби әлем

«ТҮЙЕМОЙНАҚ, АҚШЫҒАНАҚ, ҚАРТ ТОРҒАЙДЫҢ ҚАНАТЫ…»

Жұмат ӘНЕСҰЛЫ

«ТҮЙЕМОЙНАҚ, АҚШЫҒАНАҚ,

ҚАРТ ТОРҒАЙДЫҢ ҚАНАТЫ…»

(Дарынды ақын Кеңшілік Мырзабековтің туған жері туралы эссе)

Кеңшілікпен бала кезімізден Түйемойнақта бірге өстік. Түйемойнақтың табиғаты ерекше жер.  
Тосын құмын осы жерден ортасынан қақ айырып  Ырғызға қарай өтеді. Құм іші арша, тобылғы,жиде ағаштарына толы. Сағыз шағыр, тау жуа да осында. Өзеннің бергі бетіндегі құм шағылдың ұзындығы жеті сегіз, ені үш төрт  шақырымдай. Осы құм шағылдардың Кеңшілік екеуміздің баспаған қуысы қалмаған шығар. Ең қызықты балалық дәуреніміз осы құмның ортасындағы Түйемойнақ ауылында өтті.  Кеңшіліктің үйі өзеннің арғы бетіндегі Көртоғайды қыстайтын. Бастауыш мектепке Кеңшілік өзеннің арғы бетінен келетін. Бір күні өзен жағасында тұрсам, Кеңшілік қасында екі үш адам бар, қалтылдақ қайықпен бергі бетке өтіп келе жатыр екен. Қайық толқыған сайын Кеңшіліктің ойбайлаған дауысын естіп тұрған менің оған күлгенім есімде қалыпты.Торғай777-300x186

Қалай десек те, біреулерге ақындық өсе келе дариды, біреуге ақындық туғаннан, қанында болады. Кеңшілік  бала кезінен әсершіл, сезімтал еді. Кеңшілік өзінің балалық шағындағы әсерлерін жүрегінде мәңгілік сақтап қалыпты.  Кеңшілік балалық шағы туралы, замандастары біз туралы,

туған жері Торғайға талай тамаша өлең арнаған ақын.:

«Көртоғайдан» кешкілік бір топ бала,

Жидек іздеп,күндер- ай, қыр таптаған.

Адырлардан әрі алып кетуші еді,

Бұралаң жол белдегі бұлтақтаған…»

Біз, Кеңшілік соғыстан кейін өмірге келген ұрпақтармыз. Біз соғыстан кейінгі тұрмыстың қиыншылығын көрдік. Жасымыз жетпей үлкендермен бірге еңбекке араластық.. Кеңшілік  осы соғыстан кейінгі дәуірдің тынысын, замандастарының образын, елдің келбетін  жырлары арқылы, балладалары арқылы керемет сомдап, артына үлкен мұра қалдырған ақын.

Мәселен, Кеңшіліктің соғыстан кейінгі  ауыл өмірін суреттейтін «Қырман басында» атты атақты өлеңіне тоқтала кетейік:

«Қырық тоғызыншы жылы қырманға барғаным есімде,

Тайынша жетектеп, тырбаңдағаным есімде.

Қайрағым да жоқ, орағым да жоқ қолымда,

Күн құлап кеткен бесінге,

Құрдан -құр барғаным есімде.

Кешке жақын, дала салқын,

орып алған егістік қара барқын,

Жанымда Хайдолла бар,

Хайдолла қара нартын..

Сарғайған сабанның торсықтай дәні тырсылдап,

Белі шойрылсада Хайрекең,

Бауды тізгіндеп жүр ырсылдап.

Күн қағып әбден бозарып кеткен көйлектен,

Тобылғы майдай  тамады тамшы шым -шымдап.

Орақ аяқталған,

Күз таяп қалған

Бармақтай дәнді көріп,

Хайдолла тояттаған…» («Қырман басында» өлеңінен үзінді)

Кеңшіліктің балақ шағында көріп суреттеп отырған бұл кезеңі маған жақсы таныс еді. Кеңшіліктің «егістік» деп отырғаны, ауылда ол кезде шағын тары алқабы болды.Соны күзде колхоз жинап алатын. Кеңшіліктің осы жырында аталып отырған  кейіпкер Хайдолла  күзетші елге есімі белгілі жыршы еді.  Бұл жырдың бір ерекше қасиеті, оны оқып отырып, халықтық дәстүрлі әндердің ырғағына түсіп, ыңылдап ән айтқың кеп кететіндігінде. Бұл өлеңнің тағы бір ерекше қасиеті, ақынның соғыс жылдарынан кейінгі өмірін шынайы түрде көз адыңа алып келе алатын полотнолық суреткерлігінде. Жоғарыда  соғыстан кейін туған ұрпақтардың тағдыры туралы айтып кеттім. Біз тіршіліктің қадірін ерте білдік, ерте есейдік. Ерте есейгені ғой, «Жолда» атты өлеңді Кеңшілік балаң мұрты жаңа шығып келе жатқанда жазған. Бұл өлеңде жас баланың фермадан колхоз орталығына өгіз арбамен май әкеле жатқандағы,  өгізге ие бола алмай көрген «қорлығы» суреттеледі.

«Қайқиған қырдың қарсаңы- ау, деймін,

Сары кідір өгіз шаршады- ау, деймін,

Бір білем шүйге,біріккен жиде,

Желкесін сірә, шаншады -ау, деймін,

Жаздың бір жолы қиын шағында,

Ырдуан арба ыңырсығанда.

Үргедек  шіркей үйір боп қонып,

Өгіздің ылғал құйымшағына.

Шілденің  шыбын шіркейі шалдуар,

Құйрығын қағып, үркеді жануар.

Шалқайып кетіп, шыңылтыр аспан,

Сәулесін сәске бүркеді сәруар…» (өлеңнен үзінді).

Бұл жырдағы  күн шыжғырған ыстық күні құмды жолмен сона шіркейден мазасы кетіп келе жатқан өгіздің бейнесі ғажап суреттелген. Сөзді ойнату арқылы суреттелген жол оқиғасының динамикасы оқырманды өзіне еріксіз тартып отырады.

Соғыстан кейін туып, тұрмыстың тауқыметін көрген балалардың психологиясын, айқай, дөрекі бригадирлерден қысым көрген  жас келіншектердің образын келістіріп сомдаған Кеңшіліктей суреткер жоқ та шығар. КЕҢ ақынның сол кез туралы жазған «Көшу атты балладасын күрсінбей, көзіңе жас алмай оқу да мүмкін емес!

«…Сықырлап былғары ері тақымдағы,

Бір кезде арбамызға жақындады.

Жеңешем бет жыртқан жоқ, кешіккен соң,

Кінәсін үнсіз ғана мақұлдады.

-Әй ,бала ештеңе жоқ жасқанатын,

Сенен кем бе, басқа ұл, басқа қатын,

Бар, күркеге тіге бер,қосқа апарып,

Сендейінде жігіттер тас жаратын.

Жеңгеңменен екеуміз қыстауға анау,

Тұқым жинап қайтамыз, кешке жақын!…

Жан- жағымда иен қыр дала жатыр,

Жеңгем маған жәудіреп қарады ақыр.

Ала өгізді атты адам жетекке алып,

Есіз жатқан қыстауға бара жатыр…». Баланы тастап, иесіз қыстауға бет алған бұл екеудің бейнесі, тек баланың ғана емес, сырт көз болып отырған оқырманның да жүрегін селт еткізері сөзсіз.

1959-жылы Тосынның арғы шетінде аудандағы оншақты шаруашылықтың бірі болып, совхоз ашылды. Орталығы Ақшығанақ болды. Түйемойнақтағы орта мектеп Ақшығанаққа көшті. Содан бастап, Кеңшілік, Серік, мен совхоздың  орталығында оқыдық.

Кеңшіліктің сол кез туралы жазғаны.:

«Түйемойнақ, Ақшығанақ,-

Қарт Торғайдың қанаты…». Бұл жолдарда ақынның туған жеріне сағынышы да, мақтанышы да бар.  Ақшығанақ Жангелді ауданының ең түкпірінде, Ақтөбе облысының Ырғызымен шектесіп жатқан жерде тұр. Содан -ау, Кеңшіліктің Ақшығанақ туралы, турасы Тосын құмы туралы;

«Шалқардан Ырғыз арқылы,

Торғайдан тартсаң – Нұрамен.

Тосынның орғыл сар құмы,

Томсарып жатқан бір әлем.

Бір шеті -анау Ұлықұм,

Бір шеті -мынау «Балақұм»,

Бір шеті айбын Ұлытау,

Бір шеті -айдын Аралым.

Жиектеп құмды қарт Торғай,

Алқымы кеппей ағатын…» деп салмақты суреттеп шығатыны бар.

Кең ақынның алғашқы жинағына енген «Әубәкір туралы балладасын», «Ақ көйлек» атты жырын оқығанда осы Ақшығанақ еске түседі. Әубәкір «серінің» шынында да Кең ақын суреттегендей іс әрекеті ел аузында жүретін кісі еді. Ақшығанақ совхоз орталығы болып, еңбеккерлерге шатырлы үй салып беріп жатқанда, ауылдың Ырғыз жақ бетінде киіз үйін тігіп алып, ісмерлігімен көзге түсіп жүретіні менің де есімде. Кең ақынның «Әубәкір туралы балладасы» былай басталатын:

«Әубәкір жалқы, әкеден жалғыз әулеті,

Әубәкір әуей,ақ көңіл жігіт, әулекі.

Албарда қой көп, аулада той боп жататын,

Он саусағы өнер, қолының кірі дәулеті.

Әубәкір салсын, әуелетіп бір ән салса,

Топқа да барсын, тойға да кірсін, тамсанса,

Ел ақтап кетіп, апталап кейде келгенде,

Әйелі жұртқа бастаңғы беріп, қарсы алса,

Қимылына бір риза болмай, әйтеуір,

Ұрмай тынбайтын, қолына бір қамшы алса..

Ер тұрман жасап, тарамыс тартып, таспа өріп,

Келіншектердің қасында жүрді қас керіп.

Байғазыға да байтал мінгізген Әубәкір,

Бәсекелерде бас алып, және бәс беріп…» деп ақын балладасының бас кейпкері Әубәкірдің образын сан қырынан шебер сомдап өтеді. Бұл балладаның аяғы өте аянышты драмамен түйінделген.

«Әр үйге тарап, құсауызы мен қышқашы,

Әйелін алды, әйелі өлген тұстасы…».деп. Осы балладаны аяқтағанда әуелде әкеден жалғыз, сан қырлы өнерімен елге сыйлы да, әуей болған Әубәкірдің артына ұрпақ қалдыра алмай өмірден өте шығуы оқырманның сезіміне ине қадалғандай әсер етері сөзсіз. Оның басты себебі бізге соншалықты қазақы тағдырдың шынайы, көркем тілмен суреттелгенінде болуы керек. Қазақ әдебиеті тарихында ақын Кеңшілік Мырзабековтің  балладалары өзіндік айшықтарымен лайықты орынын алған. Кезінде Кең ақынның жақсы лебіз айтылып, мақталған балладалары мен жырлары, поэмалары  біршама башылық. Соның ішінде мен жақсы көретін балладалары «Төлеутайдың төрт қызы» мен «Ақ көйлегі».

Кең ақынның «Төлеутайдың төрт қызы» атты балладасы  «Әубәкір туралы» балладасымен «туыстас», «тағдырлас», жаныңды  « от шалдырмай» өртейтін шығарма.  Ұлы жоқ, көп қызды отбасының қазақы тағдыры туралы. Баллада:

«Соғыс бітіп, солдат келіп жатқан кез,

Ел мейрамға, ен мейрамға батқан кез.

Бізге көршіТөлеутайдың төрт қызы,

Бойжеткен кез, шеттерінен боп кербез…» деп басталады. Бұл баллада шағын болғанымен, сол кездегі соғыстан кейінгі өмірдің шынайы, қаз қалпында шеберлікпен суреттелетіні сондай,Төлеутай мен оның төрт қызының тағдырларына ішің ауырып,  соларға тілектес болып, сол өмірдің арасында өзің жүргендей халге түсіретіні бар. Төлеутайдың үш қызы «Бірі шолақ, бірі молақ, бірі ақсақ кісілерге тисе де, баллада соңында  оқырманның да жүрегін лүпілдетер мынандай жолдар бар:

«Келер жолы күйеуімен келді Ұлдай,

Қолдарында ұлдары бар балғындай,

«Сүйегіне таңба салған» қызының,

Сүйіп ұлын, Төкең мейірін қандырды ай!

Ғайып болып қапа көңіл бұлтаңы,

Қос күйеуін қарсы ап жатты бұл тағы.

Күбірледі «Күйеулерім соғысқа,

Берді, берсе аяқ қолын намыс па.

Ал, әйтпесе, жігіттердің сұлтаны!…»

Бұл баллада соңында айтылған Төлеутайдың ішкі сөзі., пәлсапасы! Адам тағдыры осындай философиясымен құнды. Ал, сол өмірдің  шындығын қапысыз жеткізіп тұрған ақынның шеберлігін айтсаңызшы!  Ақын Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВТІҢ жырлары, балладалары соғыстан кейінгі қазақ өмірінің тұтастай көркем полотносы тәрізді  сол дәуірдің шынайы суретін, кейпкерлерін көз алдыңызда дәлме дәл елестетуге мүмкіндік береді.

Ақын Кеңшілік Мырзабековтің шығармашылығының терең сыры, мәні, тамырлы өзегі оның туған жерінің тарихында жатыр. «…Түйемойнақ, Ақшығанақ,

Қарт Торғайдың қанаты» деп Кеңшіліктің өзі жазғандай, Тоңқаймада. Түйемойнақта, Ақшығанақта тархан Шақшақ Жәнібек батыр бабамыздың, Ұлт азаттық көтерілісі басшыларының бірі Оспан ханның іздері жатыр. Түйемойнақ, Ақшығанақ біздің қатарымыздың, ақын Кеңшіліктің балалық қызық дәурені өткен жерлер!  Сонау тарихтың  16-жылғы оқиғаларын еске алсақ, Ырғыз жақтан келген Лаврентьевтің жазалаушы отряды пен Оспан ханның сарбаздары арасында Ақшығанақта, Түйемойнақта, Тоңқаймада үлкен шайқастар болған. Азаттық үшін, елдің келешегі үшін болған осындай бабаларымыздың ерлігін, ақындарының ел аузындағы жырларын  басқалар ұмытса да, тарих, ел ұмытпайды.

Жұмат ӘНЕСҰЛЫ, әдебиеттанушы, жазушы

Related Articles

  • Тұрсын Жұманбай «Үйсінбай кітабы»

    Тұрсын Жұманбай «Үйсінбай кітабы»

    Бұл Дағандел, Бақанас өлкесінен шыққан би Үйсінбай Жанұзақұлы хақында құрастырылып жазылған кітап. Тың толықтырылған еңбекте болыс Әлдеке Күсенұлы, Дағанделі болысының басшылары мен билерімен қатар Әбдірахман Әлімханұлы Жүнісов сынды айтулы тұлғалар жайлы әңгіме қозғалған. Олардың ел алдындағы еңбектері, билік, кесім – шешімдері, халық аузында қалған қанатты сөздері мен өмір жолдары, ата – тек шежіресі қамтылған. Сонымен қатар мұрағат деректеріндегі мәліметтер келтірілген. Кітапқа есімі енген ерлердің заманы, үзеңгілес серіктері туралы жазылған кей мақалалар, жыр –дастандар, үзінділер енген. Кітап қалың оқырман қауымға арналған. Тұрсын Жұманбай «Үйсінбай кітабы», - Жебе баспасы, Шымкент қаласы.134 бет толық нұсқасын төмендегі сілтеме арқылы оқи аласыз. Үйсінбай кітап kerey.kz

  • «Алғашқы кітап» деректі бейнефильмі

    «Алғашқы кітап» деректі бейнефильмі

    Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Мәдениет комитетіне қарасты Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының тапсырысымен «JBF company» компаниясы Семей қаласында, Шыңғыстау өңірінде, Алматы облысының Жамбыл ауданында  «Алғашқы кітап» атты деректі бейнефильм түсіруде. Деректі фильм Абайдың 1909 жылы Санкт Петербургтегі Илья Бораганский баспасында басылған алғашқы шығармалар жинағының жарық көруіне арналады. Ұлы Абай мұрасының қағаз бетіне таңбалану тарихын баяндайды. Қазіргі адамдар бұрынғы уақыттың, Абай заманының нақты, деректі бейнесін, сол кездегі адамдардың әлпетін, киім үлгісін көз алдарына елестетуі қиын. Көпшіліктің ол уақыт туралы түсінігі театр мен кинофильмдердегі бутафорлық киімдер мен заттар арқылы қалыптасқан. Алайда Абай уақытындағы қазақ тіршілігі, қазақтардың бет-әлпеті, киім киісі, үй – жайы, бұйымдары таңбаланған мыңдаған фотосуреттер сақталған. Бұлар Ресей, Түркия, Ұлыбритания

  • ШОҚАН УӘЛИХАНҰЛЫ ДЕГЕН ЕКЕН..

    ШОҚАН УӘЛИХАНҰЛЫ ДЕГЕН ЕКЕН..

    Ел аузында қазақ оқымыстылары айтты деген сөздер аз емес. Белгілі ғалым, этнограф А. Сейдімбек құрастырған тарихи тұлға, асқан оқымысты Шоқан бабамыздың тапқыр сөздерін назарларыңызға ұсынамыз. * * * Омбыға оқуға жүрер алдында бала Шоқан әкесінің ел іші мәселесін шешудегі кейбір өктем, ожар қылықтарына көңілі толмай, «оқуға бармаймын» деп қиғылық салса керек. Тіптен көнбей бара жатқан баласын қатал Шыңғыс жәрдемші жігіттеріне байлатып алмаққа ыңғайланып: «Шықпаса көтеріп әкеліңдер, арбаға таңып аламыз!» − дейді. Сонда дәрмені таусылған Шоқан әкесіне: «Байлатпа! Абылай тұқымынан байланғандар мен айдалғандар жетерлік болған!» − деп тіл қатады. Бала да болса ақиқат сөзді айтып тұрған баласынан тосылған әке дереу Шоқанды босаттырып жібереді. * * * Петербургте Сыртқы Істер министрлігінің бір

  • Кітапқұмар жасқа тегін оқу бақыты бұйырды

    Кітапқұмар жасқа тегін оқу бақыты бұйырды

    Адамзат кітапқа ғұмыр бойы қарыздар. Кітапсыз келешектің алтын кілтін ешкім қолына мықтап ұстай алмаған. Мардан Рахматулла – кітапқұмар он жеті жасар жігіттің бойында өз қатарластарының бойынан табыла бермейтін ұлы қасиет бар. Ол – кітапқа деген махаббат. Бұл махаббаттың сәт санап артуының да сыры бар. Мардан – Асылы Осман, Дархан Қыдырәлі сынды бүгінгі қазақ руханиятының тірегі саналатын азаматтар туған топырақт туып-өскен. Топырақтың киесін дәл осы кезде еріксіз мойындай түсесің. Қоғамдағы «жастар кітап оқымайды» деген қасаң пікірді жоққа шығаруға тырысқан жастардың да саны басым. Күн санап олардың саны артып, кітаптың құдіретін жер-жерде дәлелдеп бағуда. Кітапқа жаны құмар жан бір күнін кітапсыз елестете алмайды. Ғұмыры кітаппен етене байланған, оқу ғұмырының мәніне айналған жастарды

  • «Бейсенбі ме бүгін деп, Жұмаға қарсы өткені-ай…» (Абай)

    «Бейсенбі ме бүгін деп, Жұмаға қарсы өткені-ай…» (Абай)

    Қазақ халқының даңқты перзенті, ұлы жазушы Мұқтар Мағауин 85 жасқа қараған шағында дүниеден озды. «Бейсенбі ме бүгін деп, Жұмаға қарсы өткені-ай…» (Абай) Шұбартауда дүниеге келді. Жондағы Жобалай Керейдің ең үлкен Аруағы Жобалай бидің ұрпағы еді. Байқотан би, Томан би, Бегеш шешен, Уәйіс, Төлеу ақын… Атағы Аталарынан асып кетті… Тірісінде олай деген жоқ… Бұл сөзді дүниеден өткен соң біз айтып отырмыз… Өмірінің соңғы кездері шетте өтті. «Үкіметке, басқаларға да өкпем жоқ, өкпелейтін олардың жағдайы жоқ!» (М.Мағауин) деген еді өзі бертінде. Астары ауыр, еңсеңді езердей салмақты сөз… Данышпан адам неге елден жырақ кетті. Бұл «Оңаша жатқанды ұнатамын, Елімді ел қылмасын ерте сезіп… Елден кеттім жырақ…» (Шәкәрім) дейтін кетіс сияқты. Сонда да «Көк

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: