|  | 

Саясат

АҚШ президенті сайлауы: негізгі кандидаттардың өмірбаяны

Көрнекі сурет.

Көрнекі сурет.

АҚШ-тағы сайлау қарашаның 8-і өтеді. Мақалада сайлауға Демократиялық партиядан түсіп жатқан Хиллари Клинтон мен республикашыл кандидат Дональд Трамптың және екі партияның вице-президенттікке ұсынған тұлғалары мен басқа партиялар үміткерлерінің өмірбаяндары берілген.

ХИЛЛАРИ КЛИНТОН

АҚШ-тың бұрынғы мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон Филадельфияда маусым айында өткен партия съезінде Вермонт штатынан сайланған сенатор Берни Сандерспен арадағы ауыр тартыстан кейін президенттікке демократтар атынан түсетін кандидат ретінде таңдалған.

АҚШ-тың бұрынғы президенті Билл Клинтонның жұбайы Хиллари – негізгі екі партияның бірінің атынан президент сайлауына түсіп жатқан алғашқы әйел.

Сайлау науқаны кезінде Хиллари Клинтон орта таптың табысын көбейте түсуге; мейлінше көп азаматтардың жоғары білім алуына жағдай жасауға; денсаулық сақтау жүйесінде 2010 жылы Барак Обаманың бастамасымен басталып, осы күнге дейін сынға ұшырап жүрген “Обамакейр” реформасын жетілдіруге уәде берді.

Хиллари Клинтон Ресейдің Украина мен Сириядағы әрекеттеріне қарсы әрі бұл тараптағы позициясы қатаң. Мемлекеттік хатшы болған кезінде Сириядағы шабуылды күшейте түсуді бірнеше мәрте ұсынған, алайда оның ұсынысын президент Обама қолдамады.

Ол мемлекеттік хатшы болған кезінде жекеменшік почта серверін пайдаланғанына қатысты жанжалдың ұлғаюына жол бермей, дер кезінде тоқтатты. Маусым айында ФБР қылмыстық іс қозғауға себеп жоқ екенін мәлімдеді. Қазанның 28-і күні ФБР директоры Джеймс Комей өздерінің жаңа табылған электрондық хаттарды қарап жатқанын хабарлады, бірақ қарашаның 6-сы күні «жаңа тексерістер бастапқы шешімді өзгертпеді» деп мәлімдеді.

АҚШ президенті сайлауына Демократиялық партия атынан түсіп жатқан кандидат Хиллари Клинтон. Огайо штаты, 6 қараша 2016 жыл.

АҚШ президенті сайлауына Демократиялық партия атынан түсіп жатқан кандидат Хиллари Клинтон. Огайо штаты, 6 қараша 2016 жыл.

 

Мұнымен қатар, Хиллари Клинтон өзіне тағылған «Демократиялық партия басшылығы оны праймериз кезінде Сандерске қарағанда көбірек қолдады» деген айыптан да, халыққа берген уәделеріне қарамастан «кәсіпкерлер (сауда) еркіндігін» қолдайды деген айыптаудан да сытылып шыға алды.

Клинтон өзінің саясаттағы тәжірибесін алға тартып, президент сайлауындағы қарсыласы республикашыл Дональд Трамптың жоғарғы бас қолбасшы болуға «дайын емес» екенін айтты.

Клинтон Демократиялық партия праймеризінде Обамадан жеңілген соң, Обама әкімшілігінде 2009–2013 жылдары мемлекеттік хатшы қызметін атқарған.

Хиллари Клинтон 1947 жылы қазанның 26-сы күні Чикагода дүниеге келген, балалық шағы сонда өткен. Оның тегінде валлийлер, шотландтар, ағылшындар бар.

Хиллари Клинтон мемлекеттік мектептерде оқыған. Оқу үлгерімі жақсы болған, үйірмелерге қатысқан. Жеткіншек жасында президент сайлауына түскен республикашыл кандидаттарды, соның ішінде Барри Голдуотер мен Ричард Никсонды қолдаған.

1969 жылы ол Уэлсли колледжінде – бакалавр дәрежесін, ал 1973 жылы Йель университетінде құқық докторы дәрежесін алған.

Университетті бітірген соң балалар құқығын қорғау саласында заңгер қызметін атқарды, президент Никсонға қатысты импичмент процедурасының басталуына себеп болған Уотергейт жанжалы кезінде Конгресс мүшелері кеңесшісі болды.

Ол Билл Клинтонға тұрмысқа 1975 жылы шықты. Мұнан соң көп ұзамай олар Арканзас штатына көшіп, Билл Клинтон сол штатта бас прокурор қызметіне тағайындалды.

Хиллари Клинтон Арканзас университетінде құқықтан дәріс оқиды, ал 1979 жылы Билл губернатор болып сайланғанда, штаттың бірінші ханымы болды. Клинтондар Вашингтонға 1992 жылы Билл президент болып сайланған соң көшіп келді.

Хиллари АҚШ-тың бірінші ханымдары ішіндегі белсендісі болды. Сегіз жылдың ішінде ол 79 елді аралады, АҚШ-та денсаулық сақтау саласында реформа жүргізуге талпынды, алайда бұл бастаманы Конгресс қолдамады.

2000 жылы Билдің президенттік мерзімінің соңында ол Нью-Йорк штатынан сенатор болып сайланды. 2006 жылы осы қызметке қайта сайланды.

Клинтондардың Челси есімді қызы, екі немерелері бар. Хиллари – христиан дінінің протестант шіркеуінің методистік ағымы өкілі.

ТИМ КЕЙН

Вирджиния штатынан сайланған сенатор Тим Кейн – Демократиялық партия атынан вице-президенттікке кандидат.

Вирджинияның бұрынғы губернаторы Тим Кейн 2016 жылы шілденің 22-сі күні, демократтар съезіне бес-ақ күн қалғанда, партия атынан президенттікке кандидат Хиллари Клинтонның додаға бірге қатысу туралы ұсынысын қабылдады.

Саяси көзқарасы бойынша ол «ортаңғы» қатарға жатады әрі «нағыз демократ» саналады. Ол ішкі және сыртқы саясатты жетік біледі, оны кейде тіпті «саяси мыжыма» деп те атайды.

Католик болғандықтан Тим Кейн абортты қолдамайды, дегенмен үкімет жасанды түсік жасатқысы келген әйелдерге кедергі жасамауы керек деп санайды.

58 жастағы Тим Кейн бір кездері колледжде оқытушы болып та, адвокат болып та қызмет істеген. Вирджинияның астанасы Ричмондтың мэрі де болған. 2001 жылы Кейн Вирджинияның вице-губернаторы болып сайланған. Ал 2006 жылы осы штаттың губернаторы болды. 2012 жылы сенатор болып сайланғанға дейін ол екі жыл бойы Ұлттық демократиялық комитет төрағасы болған.

Миннесотада дүниеге келген. Оның ата-бабалары Ирландия мен Шотландиядан шыққан. Тим Кейн Канзас-Ситиде өскен. 1979 жылы Миссури университетін үздік бітіріп, экономика бакалавры дәрежесін алып шығады.

1983 жылы құқықтану бойынша Гарвард университетінің докторы атанады. Оқу кезінде бір жылдай Гондурастағы католик шіркеуінде жұмыс істеп, сонда испан тілін үйренген. Үйленген, үш баласы бар.

ДОНАЛЬД ТРАМП

Нью-Йорктен шыққан бизнесмен әрі реалити-шоу жүргізушісі Дональд Трамп биыл жазда күтпеген жерден праймеризде жеңіп шығып, Республикалық партия атынан президент сайлауына түсіп жатыр.

Ожарлау миллиардер саясаттанушылар мен партия басшылығын тегіс таңғалдырып, басқа 16 үміткерді шаң қаптырып, шілде айында Кливлендтегі партия съезінде кандидат ретінде ресми түрде ұсынылды.

АҚШ президенті сайлауына Республикалық партия атынан түсіп жатқан кандидат Дональд Трамп. Вирджиния штаты, 7 қараша 2016 жыл.

АҚШ президенті сайлауына Республикалық партия атынан түсіп жатқан кандидат Дональд Трамп. Вирджиния штаты, 7 қараша 2016 жыл.

 

Трамп саясатпен айналыспаған, сондықтан ол истеблишментке қарсы кандидат саналады. Ол теледебат кезінде немесе Twitter парақшасында өзінің тәжірибелі қарсыластарын дөрекі түрде жиі сынап келеді.

Трамптың партия ішіндегі соңғы қарсыластары Техастан сайланған сенатор Тед Круз бен Огайо губернаторы Джон Кейсик болды. Оларды жеңген соң Дональд Трамп Демократиялық партияның кандидаты Хиллари Клинтонға қарсы басты саяси бәсекеге қатысуға ресми түрде мүмкіндік алды.

Трамптың сайлау кампаниясы жұмыс орындарын көбейтіп, салықтарды азайту арқылы «Американы қайтадан ұлы елге айналдырамыз» деген ұранмен өтті. Дегенмен ол бұл жоспарының жай-жапсарын толық айтқан жоқ әрі көзқарасын жиі өзгертіп отырды.

«Заң мен тәртіпті күшейтемін» деген ол заңсыз иммиграцияға тосқауыл қою үшін АҚШ пен Мексика арасына биік дуал тұрғызатынын, әрі оның шығындарын Мексикаға өтеткізетінін мәлімдеді.

Бұған қоса, ол террористерді табу үшін мұсылман иммигранттарды «қатаң түрде» тексерткізетінін, тіпті мұсылмандардың АҚШ-қа кіруіне толық тыйым салатынын да айтты, бірақ кейіннен бұл идеясынан бас тартты.

70 жастағы Трамп Барак Обаманы әлсіз басшы санайды, ал оның Сирия мен басқа да тұрақсыз аймақтардағы саясатын түкке алғысыз деп есептейді. Ол әсіресе 2015 жылы Вашингтонның белсенді түрде қатысуымен қол қойылған Иранмен арадағы ядролық келісімді қатты сынады.

Хиллари Клинтонды АҚШ тарихындағы «ең нашар мемлекеттік хатшы» деп сипаттаған ол Путинге келгенде мәрттік танытып, оны «тамаша басшы» деп мақтады.

Трамп сыртқы саясатта көп жайттан хабарсыз екенін бірнеше рет байқатты. Мәселен, ол Ресейдің Қырымды әскери жолмен басып алғанын білмейтін болып шықты.

Трамптың бойында неміс пен шотланд қаны бар. Ол Нью-Йоркте, ауқатты девелопер Фред Трамптың отбасында дүниеге келген.

Трамп «Нью-Йорк әскери академиясы» аталатын жекеменшік мектеп-интернатты бітірген, содан соң біраз уақыт Бронкстегі Фордэм университетінде оқыған. 1968 жылы ол Пенсильвания университетінің беделді саналатын Уортон бизнес мектебін бітіріп, экономика бакалавры дәрежесін алған.

Трамп әскерде болмаған. Вьетнам соғысы кезінде студент ретінде немесе денсаулығына байланысты әскерге алынбай қалған.

Ол колледжде оқып жүріп-ақ әкесінің жылжымайтын мүлік саласындағы компанияларының бірінде жұмыс істеген. 1999 жылы әкесі қайтыс болған соң Трамп сол компанияның басшысы болды. Трамптың корпорациясы әлемнің әр түкпірінде зәулім ғимараттар мен ойынханалар салған. Ол тұрғызған ғимараттардың көбі Нью-Йоркте. Соңғы кездері Трамп гольф алаңдарын салып, Америкада және әлемде қыздардың сұлулық байқауын ұйымдастырып жүр.

Трамп компаниялары бірнеше рет банкрот болып жарияланған. Бұған қоса, оның университет ашу идеясы жүзеге аспай қалды, өз маркасымен бөтелкедегі су мен стейк шығару туралы жоспары да құрдымға кетті.

3 – 3,7 миллиард доллар байлығы бар деп саналатын Дональд Трамп 2004 жылы экранға шыққан «Кандидат» реалити-шоуының жүргізушісі ретінде танылды. Әр серияның соңында ол жобаның бір қатысушысына «Сен кетесің!» деп ойыннан шығарып отырады. 2016 жылы «Эн-Би-Си» телеарнасы Трамп эммигранттарға қатысты жайсыз пікір айтқан соң хабарды жауып тастады.

Трамптың үш әйелден бес баласы, сегіз немересі бар. Қызы Иванка мен ұлдары – кіші Дональд пен Эрик оның сайлау кампаниясында маңызды рөл ойнайды. Ол протестантизмнің бір бағыты – пресвитериан шіркеуін қолдайды.

МАЙК ПЕНС

Индиана штатының губернаторы Майк Пенс – Республикалық партия атынан вице-президенттікке кандидат.

Конгрестің бұрынғы депутаты Майк Пенс Дональд Трамптың сайлауға бірге түсу туралы ұсынысын шілденің 15-і күні партия съезіне екі апта қалғанда қабыл алған.

Ол әлеуметтік және салық мәселелеріне тым консервативтік тұрғыда қарайды. Өзін «Құдайға қатты сенетін христиан» атайды.

2008 және 2012 жылдары оны президент сайлауына түсетін адам деп атаған. Алайда ол ешқашан президенттік додаға түспеген.

Саясатқа араласқанға дейін Пенс заңгер және радиохабар жүргізушісі қызметтерін атқарған.

57 жастағы Майк Пенс Индианада, ирландтардың католик әулетінде дүниеге келген. 1981 жылы Хановер колледжін, ал 1986 жылы Индиана университетін бітірген. Заңгер дәрежесі бар.

Бірнеше жыл прокуратурада қызмет істеген, 1988 және 1990 жылдары Конгреске сайлауға түскен. Сол кезде ол заңгерлік қызметі мен саясат тақырыбына арналған «Майк Пенс шоуы» хабарының жүргізушілігін қатар алып жүрген.

2000 жылы Конгреске сайланып, сонда 2012 жылға дейін жұмыс істеген. Артынша Индиана штатының губернаторлығына таласып, сайлауда жеңіп шыққан.

2009 жылы ол Республикалық партияның Конгрестегі үшінші ірі лауазымды қызметіне тағайындалған.

Өкілдер палатасының сыртқы саясат комитетінде жұмыс істеген, халықаралық қатынастар маманы саналады. Губернатор кезінде салықты азайтып, Индиана штатының бюджет профицитін қалыптастырған.

Жақында ЛГБТ қауымдастығы оның губернатор кезінде қол қойған заңы өздерін кемсітеді деп мәлімдеп, дау шықты. Бүкіл ел аумағында өткен наразылық шерулерінен кейін заңға түзету енгізілді.

САЙЛАУҒА ТҮСІП ЖАТҚАН БАСҚА КАНДИДАТТАР

Бұлармен қоса, президенттік қызметке тағы 24 кандидат таласып жатыр. Бірақ барлық 50 штаттағы бюллетендерде олардың ішінде тек біреуінің – Либертариандық партия өкілі Гэри Джонсонның есімі ғана жазылады.

«Жасылдар» партиясының өкілі Джилл Стайн мен тәуелсіз кандидат Эван Макмаллиннің де есімдері біршама танымал.

Либертариан партиясының өкілі Гэри Джонсон. Бостон, 27 тамыз 2016 жыл.

Либертариан партиясының өкілі Гэри Джонсон. Бостон, 27 тамыз 2016 жыл.

 

Нью-Мексико штатының бұрынғы губернаторы Гэри Джонсон 2012 жылғы сайлауға Либертариандық партия атынан үміткер ретінде қатысып, 1% дауыс жинаған.

Джонсон салықты төмендетіп, федералдық үкіметтің функцияларын азайту керек деп санайды әрі шетелдегі АҚШ әскерін қысқартуға уәде береді.

Оның үстіне 63 жастағы Гэри Джонсон – марихуананы заңдастыруды қолдайтындардың бірі.

Қыркүйек айында тілші Сирияның ең үлкен қаласында болып жатқан әскери қақтығыс туралы сұрағанда ол «Алеппо деген не?» деп қайыра сұрап БАҚ назарына ілікті. Тағы бір сұхбатында ол өзі қатты қолдайтын шетелдік саясаткер туралы сұраққа жауап бере алмай, тосылып қалған.

Джонсонмен бірге вице-президенттікке түсіп отырған кандидат – республикалық партия өкілі, Массачусетс штатының бұрынғы губернаторы Уильям Уэлд.

Джонсон «басты мақсаты – сайлауда 5% дауыс жинау» екенін айтқан.

Нью-Мексикода туып-өскен ол 1985 жылы жергілікті университетті «саясаттанушы» мамандығымен бітірген.

Саясатқа барғанға дейін құрылыс компаниясын құрып, онысы сәтті жұмыс істеген. Джонсон ажырасқан, екі баласы бар.

Тәуелсіз кандидат Эван Макмаллин.

Тәуелсіз кандидат Эван Макмаллин.

 

Эван Макмаллин – президент сайлауына қатысатынын тек тамыз айында жариялаған тәуелсіз кандидат.

Мұның алдында ол Конгресте кеңесші болып, Орталық барлау басқармасында (ЦРУ), БҰҰ-ның босқындар жөніндегі жоғары комиссарының басшылығында жұмыс істеген. Өзін Дональд Трамп пен Хиллари Клинтонға балама үміткер санайды.

ЦРУ-ден кеткен соң ол Goldman Sachs инвестициялық банкінде жұмыс істеген, содан соң Өкілдер палатасының сыртқы саясат комитетінде аға кеңесші болған.

Макмаллинды Республикалық партияның Трампқа қырын қарайтын бірнеше қаржылық доноры қолдайды.

Макмаллин Вашингтон штатында туып-өскен. Бригам Янг университетін халықаралық құқық бойынша бітірген ол кейін Пенсильвания университетінен іскерлік басқару бойынша магистр дәрежесін алған.

Онымен бірге Twitter-дің бұрынғы қызметкері, цифрлық медиа бойынша стратег Минди Финн вице-президенттікке түсіп жатыр.

Макмаллин 40 жаста, үйленбеген. Ол университеттегі оқуын үзіп, Бразилиядағы мормондар миссиясында қызмет етіп келген.

Джилл Стайн ханым – сайлауға «Жасылдар» партиясынан түсіп жатқан кандидат.

Стайнның мамандығы дәрігер, әрі ол – экологияны қорғау бастамаларына жиі қатысатын қоғамдық белсенді. Массачусетс штатының губернаторы қызметіне таласқан, 2012 жылы «Жасылдар» партиясы атынан президент сайлауына түсіп, 0,4% дауыс жинаған.

"Жасылдар" партиясының атынан АҚШ президенті сайлауына түсіп жатқан Джилл Стайн.

“Жасылдар” партиясының атынан АҚШ президенті сайлауына түсіп жатқан Джилл Стайн.

 

Стайн ханым бұл сайлаудағы ең солшыл кандидаттардың бірі саналады. Ол Ресейдің Украинадағы әрекеттеріне қолдау білдірген. Бұған қоса, ол 2014 жылы «Еуромайдан» кезінде Украинадағы мемлекеттік төңкеріске септесті деп АҚШ үкіметін айыптаған.

Стайн Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхуды «соғыс қылмыскері» деп атаған. Бұл кандидат ата-бабалары құлдықта болған афроамерикалықтарға өтемақы беру ұсынысын жақтайды.

Вице-президенттіктен үміткер ретінде ол құқық қорғаушы Аджама Баракты таңдаған.

66 жастағы Стайн Чикагода туып-өскен. Ол – Ресейден ауған еврей иммигранттарының немересі, өзін агностик санайды.

Гарвард университетінен медицина баклавры және докторы дәрежесін алған. Бостонда терапевт болып жұмыс істей жүріп, саяси белсенділікті де ұмытпаған.

Бұған қоса, Стайн барабан мен гитара ойнай алады, тіпті Somebody’s Sister фолк-тобымен бірлесіп альбом да жазған.

Тұрмыста, екі ересек баласы бар.

Мұхтар ЕКЕЙ

Азаттық радиосы

Related Articles

  • АҚШ Иранның Харк аралын басып ала ма? 

    АҚШ Иранның Харк аралын басып ала ма? 

    Киан ШАРИФИ Иран ислам республикасына тиесілі Харк аралы. Америка мен Израильдің Иранға әуе шабуылдары жалғасып жатқан тұста АҚШ-тағы саяси ортада ислам республикасына тиесілі Харк аралын басып алу идеясы талқылана бастады. Сарапшылардың айтуынша, Вашингтон Ирандағы мұнай экспортының негізгі ошағы саналатын Харк аралын нысанаға алуы әбден мүмкін. Бұл санкциялар құрсауындағы Иран экономикасын құлатпай ұстап тұрған басты табыс көзін жауып тастауы ықтимал. Алайда Иран мұнай экспортының 90 пайызын қамтамасыз ететін Парсы шығанағындағы шағын аралды басып алса, бұл АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысын тіпті ушықтырып жіберуі мүмкін. Мұның өзі де Иран экономикасын толық құрдымға жібере алмайды дейді сарапшылар. 7 наурызда Axios басылымы АҚШ әкімшілігі Харк аралын басып алу мүмкіндігін талқылағанын хабарлады . Иран бұл аралға

  • Тоқаев мырза тіл жайлы тағы бірдеңе депті 

    Тоқаев мырза тіл жайлы тағы бірдеңе депті 

    Zhalgas Yertay Орыс тілінің мәртебесін еш төмендетпедік, оның бәрі күңкіл сөз деген екен. Қазақ тілінің де мәртебесі төмендеді деп байбалам салмаңдар деп ұрсыпты. Алдымен жауабы жоқ сұрақтардан бастайық. Тоқаев мырза, егер ештеңе өзгермесе, онда “тең” сөзінің “қатарға” ауысуы жай көз алдау әрекеті ме? Қоғамдағы градусты басуға талпыныс қана ма? Қазіргі мемлекеттік бюрократиялық аппараттың статус-квоны сақтап қалуға тырысуы деп бағаласа бола ма? Енді Тоқаев мырзаның әр сөзіне тоқталсақ.“Жаңа Конституция мәтінінің ресми құжат ретінде қазақ және орыс тілдерінде жариялануы көп нәрсені аңғартпай ма? Бұл жерде түсініктеме беріп, ақталудың өзі артық”Иә, қазіргі қазақ тілінің проблемасы да сол – қазақ тілі мен орыс тілінің құқықтық теңдігі мемлекеттік тілді кемсітіп тұр. Өйткені бюрократия құжаттарды орысша әзірлеп, кейін

  • Конституцияда қазақ тілін мемлекеттік әрі ресми тіл етсек, басқа тілдердің құқы шектеле ме?

    Конституцияда қазақ тілін мемлекеттік әрі ресми тіл етсек, басқа тілдердің құқы шектеле ме?

    Бұған нақты жауап – жоқ, бұл шешімнен ешбір тілдің, соның ішінде, орыс тілінің де құқы шектелмейді. Неге? Өйткені конституциядағы мемлекеттік тіл мәртебесі биліктің жұмыс тілін ғана реттейді. Ол норманың қарапайым адамдардың қатынас тіліне қатысы жоқ. Яғни, мемлекеттік тіл – мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару ұйымдары жұмыс істейтін тіл деген сөз. Бұл шешім орысша сөйлейтіндердің құқығын шектемейді, орысша сөйлеуге тыйым салмайды. Қарапайым адамдар үйінде, қоғамдық орындарда, бизнесте, медиа мен мәдениет ошақтарында қалаған тілінде сөйлей де, жұмыс істей де алады. Бұған конституцияның басқа баптары нақты кепіл болып отыр. Ал жаңа конституцияда 9-баптың 2-тармағы қазіргі күйінде қалса, бұл – қазақ тілінің құқығын шектейді. Себебі мемлекеттік органдар құжаттарды өздері үйренгендей алдымен орысша жазып,

  • Қазіргі биліктің ең үлкен қорқынышы…

    Қазіргі биліктің ең үлкен қорқынышы…

    Zhalgas Yertay Конституциядан орыс тілін алып тастасақ, Ресей бізге соғыс аша ма? Билік осылай қорқыта бастады. Бірақ ол сұраққа қысқа жауап – жоқ. Себебі, Ресейге қарсы Әзірбайжан да, Армения да неше түрлі әрекетке барды, барып та жатыр, бірақ оларға қазір соғыс қаупі төніп тұрған жоқ. Бұл әдісті саяси манипуляция дейді, шын мәнінде, бұны қазіргі статус-кво жағдайын сақтап қалғысы келетін жүйенің асығыс ойлап тапқан аргументі деуге болады. Ойлап көріңізші, Ресейге біздің мемлекеттік органдар қай тілде іс-қағаз жүргізетіні емес, лоял болғанымыз керек. Ендеше, Ресей біздің лоялдығымызды сақтап қалғысы келсе, конституциядағы тіл мәселесіне қарсы болмауы керек. Себебі бұл ішкі тұрақтылық мәселесі. Дені сау елдің билігі өз көршісіне осындай қарсы аргумент айтар еді. Енді

  • «Мағынасыз жұмыстан шаршадым»: қазіргі Конституцияның авторы мәлімдеме жасады

    «Мағынасыз жұмыстан шаршадым»: қазіргі Конституцияның авторы мәлімдеме жасады

    Қазіргі Ата заңның авторларының бірі, академик Майдан Сүлейменов Конституция реформасын сынады. Ол заңның мәтінін шағын бір топ әлдеқашан жазып қойғанын, ал комиссия жай ғана мақұлдайтынын айтады. Оның сөзінше, ғалымдар мен сарапшылардың ұсыныстары ескерілмейді. Бұл туралы академик Facebook-те жазды: Кейінгі кезде менен Конституцияны талқылап жатқанда, неге үнсіз қалғанымды жиі сұрап жатыр. Қысқа қайырсам: мағынасыз жұмыстан шаршадым. Иә, мен қазіргі Конституцияның авторларының бірімін. Талқылау кезінде екі мәселе үшін күрестім: Конституциялық сотты сақтау және Парламенттің өкілеттігін шектемеу. Бірақ екеуі де қабылданбады. Соған қарамастан, мен бұл Конституциядан ұялмаймын. Мен Назарбаев пен оның отбасының жеке билігін нығайтуға бағытталған кейінгі түзетулерден ұяламын. Назарбаевтың кезінде-ақ осы масқара түзетулердің барлығын талдап, Конституцияны жетілдіру бойынша бірқатар ұсыныстар енгізу туралы

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: