|  |  |  | 

Мәдениет Руханият Қазақ шежіресі

Қазақ таныған жұлдыздар

Жұлдыз туралы түсінік

28992-6-24_yrk_iekke_arnal_an__ru

Болат Бопайұлы Жота Қажы

Этнограф,сыншы, зерттеуші

Қазақ аспан есепшілері – аспанның оңтүстік және солтүстік бағыттарын аспан жұлдыздарын қарап өте жақсы айыра білген. Мұнда өздері отбасында үнемі тұтынып жүрген шөмішке ұқсаған «жеті қарақшы» жұлдызын жазбай таниды. Ол жұлдыздың айналу қозғалысын үнемі бақылап, бағыт-бағдарын айырып отырды. Сол арқылы аспан әлемінің оңтүстігі мен солтүстігін жазбай-жаңылмай парықтайды.

Ал аспанның қақ ортасында оттай маздап нұр шашып жанып, қозғалмай тұрған жарық жұлдызды «темір қазық жұлдызы» деп атады. Оны ат арқандайтын қазыққа ұқсатты. Темір қазық жұлдызына ең жақын тұрған екі жұлдыз бар. Оның бірі – жеті қарақшы жұлдызы, енді бірі – өрмекшіге ұқсаған «өрмекші жұлдызы» немесе «қарақұрт жұлдызы», болмаса «бүйе жұлдызы» деп атады. Қазақ есепшілері ең әуелі басқа жұлдыздардан бұрын осы жұлдыздарды жақсы білді. Әрі бұл жұлдыздарға қазақ тілінде осындай жарасымды аттар  тауып қойды.

Жеті қарақшы жұлдызы мен темір қазық жұлдызы аралығында «кіші аю» жұлдызы аталатын тағы бір жұлдыз бар. Бұл жұлдызда жеті қарақшы жұлдызына сәл ұқсап кетеді. Бірақ оның шөміш сабы екінші жаққа қарап, майысып тұрады. Оның жұлдыз саны да жетеу болып көрінеді. Майысқан басы аюға ұқсағандықтан оны қазақ есепшілері «кіші аю» жұлдызы деп атаған.

Қазақ есепшілерінің бағзы замандардан бері аңыз етіп айтып, «ақ боз ат жұлдызы», «көк боз ат жұлдызы» деп жүрген осы «кіші аю жұлдызы» ұясына кіреді.

Қазақ осы аталған жұлдыздардың тұрған орны арқылы аспан бағыттарын дұрыс, дәлме-дәл айыра білді. Мәселен, жеті қарақшы жұлдызы көкжиекке қарай төмендеп тұрса, өрмекші жұлдызы жоғары қарай көтеріліп, өрлеп тұрады. Темір қазық жұлдызының шығыс жағында тағы бір жұлдыз бар. Оны қазақ «көпір жұлдыз» деп атайды. Ол ақ боз ат жұлдызы мен көк боз ат жұлдызын өткізетін көпір жұлдызы деп тұжырым жасаған. Қазіргі кездегі «кәпила» жұлдызы деп атап жүргені сол.

Темір қазық жұлдызының екінші жағында әлірек айтқанда батыс жағында «нұр жұлдызы» деген жұлдыз тұр. Оның олай аталуы юес жұлдызға ұқсап кетеді. Жан-жағына нұр төгіп тұрады. Қазіргі кездегі «вега» жұлдызы деп жүргені сол.

Ал көпір жұлдызы солтүстік аспандағы ең арық жұлдьыздар қатарына кіреді. Егер түндерде осы жарық жұлдыздар бұлт басып, тұманда жақсы көрінбесе, ертесіндегі ауа-райы өзгереді. Жауын-шашын, желді, боранды, бұлтты болады деп ұығарады.

Қазақ аспан есепшілері бұл жұлдыздардың уақыт, мезгіл аясындағы орын, қозғалыстарын дәл әрі қанық меңгерген. Мәселен, жазғытұрым солтүстік аспандағы жұлдыздар жоғарғы айтқан орындарынан баяу ғана орын ауыстырып, оған қарама-қарсы туып тұрады. Өрмекші жұлдызы төменге, жеті қарақшы жұлдызы жоғарыға қарай орын ауыстырады. Нұр жұлдызы шығыс жаққа, көпір жұлдызы батыс жаққа қарай алмасады. Осы кезде жеті қарақшы жұлдызы шөміш басын оңтүстік жаққа қөарай бұра созылып көрінеді.

Бұл кезде аспаннан «қызғылт жұлдыз» туады. Оны қазақ есепшілері «арай жұлдызы» деп атаған. Осы күнгі «арктур» деп жүрген жұлдыз сол. Осыдан кейін көпір жұлдызына таяу маңда «үркер шоқ жұлдызы» шоқтанып туып тұрады. Үркер жұлдызының саны алтау. «Ұйысқан алты жұлдыз» деп те аталады.

Қазақта «Үркер – алты, жұт – жеті», «Үркер туса, сорпа ас болар», «Үркер жерге түспей, жер қызбайды», «Үркерлі айдың бәрі қыс», «Үркер суға түссе құт, тасқа түссе жұт», «үркер ауып барады», «үркер үркіп жүр», «үркердей бір шоқ», «үркер үдірейіп туды», «үркердей ұйысқан» деген сөз тіркестері бар. Осыған қарағанда, үркер шоқ жұлдызын танымайтын қазақ баласы аз шығар.

Қазақ аспан есепшілері аспандағы тағы бір жұлдызды «мос жұлдызы» деп атайды. Ол қазіргі кездегі «перси жұлдызы» атанып жүр. Қазақ бұл жұлдызды бағзы заманнан-ақ өзінің шай қайнатып, тамақ асып жейтін, от үстіне құратын тұрмыс құрлы мосқа ұқсатып солай атап кеткен.

Ал күннің шығып-батар жолында тағы бір төрт жұлдыз бар. Ол жұлдыздар екі-екіден топтасып тұрады. Бейнесі кіріп-шығатын есікке ұқсайды. Бұл жұлдыздың бейне-белгісіне қарап қазақ «босағалық жұлдыз» немесе «есік жұлдыз» деп атаған.

Қазақта «Босағалық жұлдыз туса, аспан да қуанады, жердегі жылаған бала да уанады», «Босағалық құт жұлдыз, күн жолы,  барлық жұлдыздан нұры күшті жұлдыз» деп ұйғарған.

Қазақ есепшілері темір қазық жұлдызы аспанның қай жағында тұрса, сол жақты аспанның солтүстік жағы деп ұйғарады. Солтүстік жақ дегеннің орнына кейде «аспанның темір қазық жағы» дей салады.

Жеті қарақшы жұлдызы

 orig_blog_2041_0

Қазақ есепшілері «жеті қарақшы» жұлдызын батпас жұлдыздар қатарына жатқызады. Жеті қарақшы жұлдызы күзде, іңір кезінде жер шарына таяп келеді де, көкжиекте үнемі көрініп тұрады. Батып, жоқ болмайды. Сосын қайтадан шығысқа қарай жылжиды. Бірте-бірте шырқау аспанға қарай көтеріле бастайды. Баяғыда ата-бабаларымыз жеті қарақшы жұлдызын «пан әлемінің сағаты»немесе «аспан тілі»деп атаған екен. Қазақ малшылары жеті қарақшы жұлдызының аууынан түнгі тәулікті дұрыс айыра білген. Соның нәтижесінде бір түнді үшке бөліп қарастырған. «Кеш», «түн ортасы», «таң алды» немесе «түн басы», «жеті қараңғы түн», «соңғы түн» деп бөлген.

Қазақ түн  қатып жол жүргенде, алыс сапар алғанда, барар бағыт-бағдарын аспан жұлдыздарына қарап, дұрыс межелеп, анық айырып отырған. Аспан шырақтарының бағытын дұрыс бетке алғандықтан барар жеріне, қонар ауылына жаңылмай барып, жазбай тауып, аман-есен жетіп отырған.

Қазақ түн баласында ұзақ-ұзақ жол жүргенде бірніші болып  темір қазық жұлдызын аспанға қарап, тауып алады да, одан соң жеті қарақшы жұлдызының қалай қарай ауып бара жатқан бағытына көз жібереді. Сосын оның қай жақта, қай орында тұрғанын анықтайды да, баратын бағыт-бағдарын, бет алсыны соған қарай туралайды. Сосын нық сеніммен алға тартып жүріп кетеді.

Қазақ есепшілерінің аспан әлемі есебінде жеті қарақшы жұлдызы бір тәулік ішінде аспан әлемінің солтүстік жарты шарын бір рет толық айналып шығады. Алты сағат уақытта аспан шарының солтүстік шарын жүз сексен градус, қазақша айтқанда, толық шеңбер айналып барып бұрылады деп есептейді.

Қазақтың байырғы малшылары мал күзеткен кезде күздің ұзақ-ұзақ түндерінде, сарғайған сары таңдарында жеті қарақшы жұлдызының аспандағы орнына қарап күзеттен кезекпен ауысатын болған. Ол замандарда сағат болмағандықтан олар аспандағы жұлдыз жеті қарақшыны уақыт өлшейтін сағат орнына пайдаланған. Уақыт тілі деп білген.

Қазақ есепшілері кешқұрым жұлдыз туа бастаған шақта жеті қарақшы жұлдызы аспан әлемінің солтүстік қазан бүйірінен көрінген кезде бұл кезді «кеш кірді», «қызы іңір болды», «ала кеуім кеш», «жұлдыз жанды» немесе «жұлдыз туды» деп ұйғарған.

Түн ортасында жеті қарақшы жұлдызы аспан әлемінің солтүстік қазанының қақ ортасынан көрінуін қазақ «жеті қараңғы түн», «түн ортасы», «қап-қараңғы түн», «шалқар түн» деп есептеген.  Таң алдында жеті қарақшы жұлдызы аспан әлемінің солтүстік жарты шар қазанының бүйірінен көрінуін қазақ «таң алды», «таң алау», «таң құлан тек», «сәресін» деп ұйғарған.

Қазақ есепшілері темір қазық жұлдызы мен жеті қарақшы жұлдызын асапн әлемі сағатының бағдаршы тілі ретінде пайдалана білген. Күн мен түннің теңелу нүктелерін де аспан әлем сағатының темір қазық және жеті қарақшы жұлдыздарының тілдік көрінісі арқылы біліп, айырып, ұғып, үлкен ұғымға айналдырып отырған.

Қыркүйек айының 23 жұлдызы, түн ортасы кезінде жеті қарақшы жұлдызының шөміш сабы аспаннан төмен қарай салбырап тұрады. Бұл кезде күн барынша қысқарады, түн мейлінше ұзарады.

Наурыз айныың 25 жұлдызы, түн ортасында жеті қарақшы жұлдызының шөміш сабы жоғары қарап оңтүстік жақты көрсетіп тұрады. Бұл кезде күн мен түн теңеледі. Көктем кіреді, топырақ жұлдызының бағы жанды деп есептейді.

Желтоқсан айының 22 жұлдызы, түн ортасында жеті қарақшы жұлдызының шөміш сабы шығыс жақты көрсетіп тұрады. Бұл кезде күннің ең қысқарған кезі, түн ұзара береді.

Қазақ арасына тараған жеті қарақшы жұлызы туралы мынадай аңыз әлі күнге айтылады. Жеті қарақшы жұлдызы темір қазық жұлдызына байланған ақ боз ат пен көк боз атты ұрлап алмақшы болып, түн бойы торуылдап, аңдып жүреді. Сол кезде үркер шоқ жұлдызы қаптаған қалың нөкердей аспан әлемінен көрінеді. Осы кезде жеті қарақшы жұлдызы аспан әлемінің солтүстігіне қарай сырғи жөнеледі. Бір уақытта ар жағынан жарқырап «таразы жұлдызы» көтеріледі. Оның тағы бір қырынан сүмпиіп сүмбіле жұлдызы көрінеді. Енді жеті қарақшы жұлдызы көз ілмей, осы жұлдызарды түгел батырып, ұйықтатып тастап, ақ боз ат пен көк боз атқа таяп қалғанда, қолы шылбырға іліне бергенде, таң атар алдында ар жағынан арайланып, жап-жарық нұрға бөлеп таң шолпан жұлдызы күн шығыс жақтан жарқ ете қалады. Күшті гұрын түсіреді. Сонымен лезде таң атады да кетеді. Жеті қарақшы жұлдызы ұрлығын тоқтатып, келер кеште жалғастыруға қалдырады. Ертесіне кеште бұл әрекет аспан әлемінде тағы солай жалғасады. Сөйтіп жеті қарақшы жұлдызы жұлдыз боп жаралғалы аспан әлемінде қарақшылығын тоқтатқан емес, ұрлыққа қолы да жеткен емес. Мәңгі осылай айналыспен кете береді деп біздің қазақ аңыз етіседі.

Бұл аңыз жеті қарақшы жұлдызының аты қалай қойылғанынан мәлімет береді.

Қазақта жеті қарақшы жұлдызы туралы екінші бір аңыз бар. Оны да сабақтай кетейік. Бағзы замандарда баукеспе, жеті ұры бірігіп, ұрлық істеп, тамық отынан қорққаннан түнде Алладан кешірім сұрайды екен. Күндіз істеген ұрлықтарының қиянатын Алла кешіруі үшін түнде олар аяқтарын арқанмен байлап, шаңыраққа салып, асылады да, бастарын төмен қаратып салбыратып тұрып, қара кештен таң атқанға дейін сол салақтаған күйінде кешірім сұрап, күнәларын жууды өтінеді екен. күндердің күнінде жетеуі бірдей апатқа ұшырап, дүниеден өтіп, жан тапсырыпты. Осы кезде Алладан Әзірейіл періштеге әмір-пәрмен келіп, жетеуінің жанын аспанға алып шығып, жеті жұлдызға айналдырып жіберіпті. Бұл жұлщдыздың «жеті қарақшы» жұлдыз атануы содан екен. жеті қарақшы жұлдызын жерлегі адамдар көргенде ұрлық жасамайтын, қарақшылық қылмайтын болып жүрсін деген мұғжиза.

Жеті қарақшы туралы қазақ арасында тағы бір әпсана бар. Бастарында алты ұры екен. Олар бірігіп келіп,  үркер жұлдызының бір қызын ұрлап алып, аспанға шығып кетіпті. Сонымен жерге түсе алмай, ақырын сарғыш тартқан жеті жұлдызға айналыпты. Содан бастап оны жеті қарақшы жұлдызы деп атап кеткен деседі.

Иә, қарап отырсақ, бұл жұлдыз туралы айтылған аңыздардың оқиғасы, айтылымы басқа болғанымен, мазмұндық астарында ұры деген сөз бар. Жеті деген сан бар. Соған байланысты үшеуі де жеті қарақшы жұлдызы деп ел ішіне кең тарап кеткен.

Қазақ есепшілері жеті қарақшы жұлдызы туралы жеті саны киелі, жеті қарақшы жұлдызы жеті күнге күзетші, жеті түнге жетекші деп қараған. Осыған байланысты «жеті қазына жұлдызы», «жетіген жұлдызы», «жеті қат жұлдызы», «аспанның жеті тілі» т.б. деп жанамалай да, әр өңірде әр түрлі атап келген.

Қазақ есепшілері жеті қарақшы жұлдызы бұлт арасынан көрінсе, ертесінде ауа-райы бұзылады, жауын-шашын болады, боран-шапқын болады. Ал жеті қарақшы жұлдызы аспанда шаңқиып, анық көрініп туса күн ашық болады деп жорамал жасап жатады. Қазақта жеті қарақшы жұлдызы туралы әр алуан өлең жолдары да кезігеді.

 

Жеті қарақшы жұлдызы,

Жұлдыздардың тілі екен.

Аспанның ол құндызы,

Жалт-жұлт етіп тұр екен.

 

Жеті жұлдыз киелі,

Жеті санының дәлелі.

Жеті қарақшыға бір қарап,

Аспан айналымын біледі.

 

Біздің қазақ әрқашан

Жеті санды құрметтеп

Марқұм болған адамға

«Жеті нәзір» береді.

 

Үстімізде жеті аспан,

Астымызда жеті жер.

Ортасында біз бар деп,

Өмір сүріп келеді.

 

Жеті қарақшы – жеті ұры,

Ұрлық деген – жан соры.

Аспанда жанған бұл жұлдыз,

Ашылған ұрлық сыры.

Үркер шоқ жұлдызы

 4b7b35a5b9e2684d348e47a163be7c66

Қазақ есепшілері аспанның түнгі жұмбақ әлеміне көз сала жүріп, сан санақсыз жұлдыздар арасынанүркер шоқ жұлдызын да жақсы таныған. Тіпті ертеден білген. Үркер шоқ жұлдызының аууынан ауа-райы өзгереді деп қараған. Аспан айының тоғауы, тоғыс күндерінің жүруі де үркер шоқ жұлдызының аууымен тығыз байланысты деп есептеген.

Қазақ үркер шоқ жұлдызының батқан кезін жаз айындағы «қырық күн шілде» басталды деп біледі. Ал үркер шоқ жұлдызы қайтадан көкжиекке көтерілген кезде күз айының басталғанын, қыстың келе жатқанын, күздің салқын тартқанын, тары мен бидайдың піскендігінен дерек береді деп ұйғарады.

Қазақ есепшілері күзді күндері үркер шоқ жұлдызы аспанның шығыс жағында туады деп қарайды. Бұл жұлдыз шығыс жақтан туғаннан бастап мал семіреді, сорпа піседі, шөп буыны қатаяды, дәрілік қуаты толады, жайылымдар малға жұғысты бола бастайды. Мал құмалағы сары алтындай болып сарғайып түседі деп есеп жасайды. Бастау, өзен, құдық сулары тұнады. Емдік қуатқа, сусындық суатқа жарады деп тұжырым жасайды.

Қазақ үркер шоқ жұлдызы көкжиекетен көрінген күннен бастап таудың мөлдір бастау суларынан ауруларына ем-шипа іздей бастайды. Мәселен, жүрек, бауыр, өт, бүйрек және асқазан созылмалы ауруы бар адамдар тау бұлағының бастау көзінен шарт ретінде әр күні таң бозында жеті кеседен аш қарынға жалғастырып су алып ішсе, ауруынан біржола жазылады. Ал семіз және қан қысым жоғары адамдар солай ісетсе, артық майдан айырылып, қан қысымы ауруынан біржолата құтылады. Денесінде тері ауруы бар адамдар әр күні таң бозында тау бұлағының суынан жеті шелек су алып құйынса, тері ауруы қалпына келеді.

Қазақ үркер шоқ жұлдызын қыс ортасы болғанда аспанның қақ ортасынан, яғни төбемізден көреміз. «Үркер төбеге келді, қыс ортасы болды» деп есептейді. Бұл кезде күн қатты суытады, қабағат қалың қар жауады деп алыс сапарға шықпайды, ұзақ жерге жолаушы бармайды, малдарын үй маңындағы жайылымдар мен қора қалтқыларында ұстауды жөн санайды.

Көктем кезіндегі іңірде үркер шоқ жұлдызын күн батыстан көреміз, бұл кезде қазақ есепшілері көктем келді, үркер жамбасқа түсті дейді. Қыстың ызғары қайтты, көктме құстары орала бастайды. Енді малды төлдеулікке қарай көшірудің қамына кіріседі.

Жазды күні үркер шоқ жұлдызы аспан әлемінен мүлде көрінбей, ғайып болады. Бұл кезде қазақтар үркер жерге түсті, үркер жерге түспей жер қызбайды деп қарайды. Үркер аспан әлемінен көрінбей кеткен күннен бастап «қырық күн шілде» басталды, шілде айы кірді, шіліңгір ыстық басталды деп есептейді. Бұл кезде құм мен тас, жер қызады. Ойпаттардағы құмдар емдік құмға айналады. Үркер көрінбей кеткен күннен бастап құрғақтағы, қырдағы таза құмдарға барып, адамдар көміліп, емделсе, ыстығын өткізсе, әр түрлі буын аурулары және ревмотизм, сүйек, жел-құз аурулары, т.б. сол сияқты суықтан болған ауруларды пісен құм сорып, сіңіріп алады. Адамның бойына емдік және күш қуат дарытады. Үркер аспанға көтерілген күннен бастап құмға түсуге болмайды деп тыйым салады.

Расында, үркер шоқ жұлдызы жерге түсе ме?

Бұл халық аңызы. Өте ертедегі сәбилік санадан туған балаң ой мен жорамалды қиялдың көз жетпеген бұлдыр түйіні. Амалиятта олай емес. Жұлдыздың жерге түсуі мүмкін емес. Бұл қырық күнде үркер шоқ жұлдызы күннің қолтығына кіреді де, ар жақ тасасында жасырын қалады. Содан өтіп шыққанша, қырық күн уақыт өтеді. Күн жарығына шағылысып көрінбей қалған үркерді баяғы ата-бабалаырымыз жерге түсті деп жорыған. Қырық күн өткен соң, таң жарығында күннен алыстап, батысқа қарай жылжып бара жатқан үркерді көреміз. Бұл қозғалыс жыл сайын осылай жалғасып отырады. Бірақ бір нәрсені қазақ жақсы білген. Дәл осы кезде жердің қызуы, құмның ем болуы, расында, аспандағы күннің де, жұлдыздардың да қатысы болғандығын қазақ жақсы білген.

Қазақ есепшілері әр жұлдыздың сыңары, егізі болады. Он сегіз мың ғаламдағы барлық нәрсе егізден, сыңарымен тұрады. Аспан әлеміндегі жұлдыздар да егіз жұлдыздардыңтоптасып көрінуінен қалыптафады деп қарайды. Қазақ шоқ-шоқ болып көрініп, бірыңғай, бірге аспан әлемінен ауып жүретін жұлдыздар шоғырын «шоқ жұлдыздар» немесе «жұлдыздар шоғыры» деп атаған.

Ал аспан әлеміндегі жұлдыздардың түнде жарқырап жанып, жайнап, нұрланып тұрып аяқ астынан өшкіндеп, бозғылт тарта қалуын – сол жұлдыздардың егіздерінің жарығына шағылысуынан болады деп ұйғарады. Аспан әлеміндегі жұлдыздар белгілі уақыт аясында қозғалыс жасап, тәртібімен айналып тұрады, тынымсыз әрекет жасайды деп біледі. Осындай қозғалыс салдарынан егіз жұлдыздар бір-біріне жақын келгенде бір-біріне нұрын түсіреді немесе бірінің жарық нұрына бірінің жарық нұры шағылысады. Анығырақ айтқанда бір жұлдыздың егізі екінші бір жұлдыздың ар жағында, тасасында қалады да, оның нұры жерден қарап тұрған адамға әлсіреп, өшкін тартып көрінеді. Мұны қазақ «жұлдыздың тоғысуы» немесе «жұлдыздар тоғысы», не «жұлдыздар шағылысы» деп атаған екен.

Жұлдыздардың тоғысы ұзаққа бармайды. Ұзағанда бір шай қайнатым уақытқа немесе сүт пісірім уақытқа ғана созылады. Бір жұлдыз бір жұлдызды қалқалап немесе көлеңкелеп барып өтіп кеткен соң, жұлдыздардың жарығы бұрынғы қалпына қайта келеді.

Қазақ есепшілері түнгі аспан жұлдыздарының тоғысына айрықша көз салады. Өйткені жұлдыздар тоғысы кезінде аспанда ала жаңқа бұлттар болса, қысты күні қар жауады. Күз бен көктем кезі болса, ертесәнде жауын-шашында, боранды, желді болады деп жорамал жасайды.

Қазаққа аспан әлеміндегі шоқ жұлдыздар ішіндегі ең танысы – үркер шоқ жұлдызы болып есептелінеді. Аспандағы жұлдыздар тұтылған кезде үркер шоқ жұлдызы жердегі қарап тұрған адамға жымыңдап тұрғандай сезілсе, онда бұл ай жайлы өтеді, жылы ай, жылы жұмалар болады деп қуанады. Аспандағы жарық жұлдыздар түн ортасынан ауған кезде жаық сәулесін азайта басатса, көрер көзге әлсіз көрінсе, сол жұлдыздармен бірге үркер шоқ жұлдызы да нұрын бәсеңдетсе, онда бұл ай жауын-шашынды болады, қыс айлары болса аяз қысады, қарлы боран соғады деп жорамал жасайды. Малшылар қауымына алдын ала сақтық хабарларын береді. Алыс жолға жолаушы жүрмеуге ескертулер жасайды.

Қазақ есепшілері үркер шоқ жұлдызы шығыс жақта туса, шығыс желі болады, батыс жақта туса батыс желі болады. Үркер шоқ жұлдызы шығыс-оңтүстік жақта тұрса, бұлт арасынан өтсе, оңтүстікте ауа-райы өзгереді. Солтүстікте тұрса, солтүстіктен боран соғады. Бұлттар солтүстіктен оңтүстікке қарай көшеді деп жорамал жасайды. Бұл қазақ есепшілерінің ұзақ ғасырлық қарапайым төл тәжірибелерінен қорытындылғанған және шындық көзінен өткен есептік жорамалдары болып табылады.

Құс жолы жұлдызы

 558648ca8951b4b3acf15330dd985d96_resize_w_1140_h_696

Қазақ есепшілері бағзы замандарда-ақ күз аспанының түніне көз жіберіп, аспан қазанының оңтүстіктен солтүстікке қарай бауыры ағараңдап көрініп, ұзақтан ұзаққа созылып жатқан сан санақсыз жұлдыздар шоғырын, ұлдыздар ұясын тым ерте замандардың өзінде байқаған екен.

Күз айларының соңғы күндерінде осы жұлдыздардың бауыры ағараңдап, балық қарындынап, анық көрінген кезде жыл құстары жылы үйекке қарай қайта бастайды. Бұл күз айының, күз маусымының соңғы кезінен дерек беретін аспандағы көрнекті жұлдыз көрінісі болып табылады. Қазақта мынадай сөз бар: «Жыл құстарынан артық есепші жоқ, олар аспандағы бауыры ағараңдаған сансыз жұлдыздар шоғырының жолын бойлап, жылы үйекке ұшып жетеді, бағытынан адаспайды. Осы жүлгеде әдемі ауа ағысы болады, құстар сол ағыспен жеңіл ұшып, жерге жетеді». Мұны қазақ есепшілері ерте біліп, сансыз жұлдызға «құс жолы» жұлдызы деп ат қойға. Кейбір өңірлерде бұл жұлдыздарды «бағдар жұлдыз», «балық қарын жұлдыз» деген аттармен де атайды екен.

Күз айларының шайдай ашық түүндерінде «құс жолы» жұлдызына көз жіберсеңіз, бұл жұлдыздардың кей жердері көмірдей қара, кей жерлері ақ бауыр тартып, күмістей жылтырап, алыстан көз тартады. Бұл шоғыр жұлыздар өте көп, жерде тұрған адам көзбен көріп, санына жету мүмкін емес. Бұл жұлдыздар бірінің үстіне бірі қабаттасып, ығы-жығы болып, жыпырлап көрінеді. Анықтап қарап тұрған дамаға бірі жанып, бірі сөніп тұрғандай мың сан құбылып, қайнап жатқандай, аспанның ақ бауыры аунап бара жатқандай көрінеді. Бұл жұлдыздар шоғырының құбылуынан қазақ есепшілері ауа райы өзгереді деп алдағы күндердің болжамдарын жасайды.

Құс жолы жұлдыздарының бауыры ақшыл тартып анық көрініп тұрса, осы жұмада, бұл айда күн ашық болады, жауын-шашансыз өтеді, жел тұрмайдығ боран соқпайды деп жорамал жасайды. Малдарын алыс өрістегі жайылымдарға апарып жаяды. Үй, қора маңындағы  жайылымдарды тұяқ кесті етпей, қорғап қалады. Алысқа жолаушы жүретіндер болса, батасын беріп, тоқымын қағып, көлікке мінгізіп жолға салады.

Құс жолы жұлдыздарының бауыры қара барқындап анық көрінбесе, бұрын ақ бауыр тартып тұрған жерлері енді бозғылт тартып, жұлдыздардың жарқылы азайса, бұл жұмада, осы айда жауын-шашынды болады, ауа райы аяқ астынан өзгереді. Күндіз жер бетін тұман басады, түнде ауа дымқылданады. Қыс күндері болса қабағат қалың қар жауады, артынан үскірік боран жүреді. Таулы өңірлерде жайылымды омбылап қар басады. Ойпаң, жазық жерлерде ақ мылтық боран соғып, ақ жорға жүреді деп жорамал жасайды. Малды қолда ұстап, алыс өріске апармайды. Алыс сапар алатындарды осы ауа райының құбылысы өтіп кеткенше жолда қауіп-қатер болады деп жолға шығармайды.

Қазақтың әдеби тіл өнерінде «құс жолындай сайрап тұр, төбеде жұлдыз қайнап тұр», «құс жолы жұлдызы жарық болса, мал отқа қарық болады», «құс жолы жұлдызындай ақ бауыр» деген тәрізді сөз тіркестері бар.

Қазақтың байырғы есепшілері құс жолы шоғыр жұлдыздары аспан әлемінің оңтүстігінен солтүстігіне дейін созылып жатады. Бұл жұлдыздар шоғырына «бүйе», «мерген», «қалқан», «жылан бөктерген», «бүркіт», «ошақ», «мосы», «аққу», «айна», «егіз», «босағалық», «сыңар мүйіз», «үлкен арлан» шоқ жұлдыздарының үстін басып өтеді деп есептейді. Оңтүстік аспан әлемінен созыла жүрып отырып, тұтас аспанды доға тәрізді белдеулеп шығады. Аққу шоқ жұлдызына келгенде ғана екіге айрылады. Аспан әлемінің жарты шарына жеткенде бірігіп, қайта қосылады. Баяғыдағы көнекөз қазақ есепшілері құс жолы жұлдыздарының жүлгесі мен басқа да шоқ жұлдыздарының райын үнемі бақылап отырған. Әр айда, әр тоқсанда құс жолы жұлдыздарының әр түрлі реңде құбылып көрінуін естелікке алып, зер сала зерттеп отырған. Мәселен, көк тоқсанда құс жолы жұлдыздар шоғыры сарғыш реңге кіреді не ақсары түсті болып көрінеді. Ағараңдаған бауырының жолағы сарғыш қаймақ түсті болып тұрады.  Бұл кезде көктем күндері жайма шуақ күйге өтеді, ауа райы жқсарады. Аспан тұнық айнадай болып көрінеді.

Ал жаз тоқсан айларында құс жолы шоғыр жұлдыздары күміс әлетті ақ жылтыр болып ағараңдаған бауыры ішін тартқан жылқыдай жарау, жіңішке тартып көрінеді. Бұл кезде жерде көкорай шалғын өсіп толады. Өсімдік жапырақтары алақандарын иектеп жаяды. Дәрілік шөптер қуатын басына шығарады.

Күз тоқсан айларында құс жолы шоғыр жұлдыздары мөлдіреп барып, ақ бауыр тартады. Ондағы жанып тұрған жұлдыздар алтын реңді болып көз тартады. Бұл кезде жер бетінде өсімдіктер сарғая бастайды. Егіндер орылып, қырманға қапталып қамбаға қарай ағылып жатады.

Ақ тоқсанда құс жолы шоғыр жұлдыздары оттай жанады. Меруерт айдарлы болып көрінеді. Сүт реңді күйде көзге түседі. Ақ жолақ бауыры жалпақ тартып анық көрінеді. Бұл кездерде жерді, тұтас өлкені аппақ болып қар басып қалады.

Қазақ есепшілері құс жолы жұлдызының әр уақытта әр түрлі реңге кіруіне, өзгеруіне қарап-ақ төрт тоқсанның басталғанын біледі. Салқын, ыстық, суық, жылы сынды ауа райының өзгерістеріне қарай құс жолы шоғыр жұлдыздарының да бауырының реңі өзгеріп отыратындығын ұзақ ғасырлық тәжірибеден өткізіп, шындыққа көздерін жеткізген.

Қазақ еспешілері құс жолы шоғыр жұлдызарын «аспан сақинасы» немесе «аспанның алтын белбеуі», «аспан айғыры», «аспандағы құс жолы», «жұлдыздар ұясы» деген атаулармен әр өңірде әр түрлі атап келгені белгілі.

Қазақ құс жолы жұлдызының айналасын сәуір бұлты мен қанатты қар бұлт қоршап тұрады деп ұйғарған. Бұл сол жұлдыздар маңындағы жұлдыздар атмосферасы болса керек. Құс жолы шоғыр жұлдызының бейнесі дөңгелек жүзік не қойын сағатқа ұқсайды деп жорамалдаған. Қазіргі аспан зерттеу ғылымында құс жолы жұлдызын «галактика» деп атап жүр.

Қазақ құс жолы жұлдыздарының санын анықтау мүмкін емес, жеті қат аспанның барлығында дәл осындай жұлдыздар шоғыры бар, олар бірінен бірі алыс, тіпті көз жетпейді деп қараған. Бұл он сегіз мың ғаламның бір ғаламындағы ғана жұлдыз шоғыры. Мұндай жұлдыздардың тағы да он сегіз мың шоғыры болуы мүмкін деп жорамалдар айтып кеткен.

Таразы жұлдызы

 1368013040

Қазақта «Таразы туса, таң салқын, тары бидай піседі», «таразы туса, шөп буыны қатаяды, гүл қартаяды», «таразы туған түні шөп сабағы дәрі», «ем іздесең таразының шөбінен ізде, жем іздесең таразының шөбін күзе» деген сөз мәтіндері бар.

Қазақ есепшілері жаз ортасы ауа бастағаннан аспан жұлдзыдарына көз саа бастайды. Қай күні аспаннан жарқ етіп таразы жұлдызы туа қалса, күздік жиын-терімді бастайды. Малдарды қырдың ақ отына қарай айдап бағады. Бір жұма ойдың көк отына, бір жұмақырдың ақ отына баққан малдың еті мен сорпасы дәріге айналады, емдік қуаты жоғарылайды деп есептейді. Күз айы басталды деп ұйғарады. Сосын қыс қамына жедел кіріседі. Қазақ аналары бұл кездегі айран, сүт, құрт, ірімшік, іркіт, шұбат кереметтей дәрі деп балаларына мейлінше ішкізіп-жегізеді. Әсіресе қымыздың дәмі келді, таразы туды, қымыз дәрі, сары қымыз ауруға ем дәрі қымыз деп біледі. Осы күнгі ғылымда «орион жұлдызы» деп жүргені осы таразы жұлдызы.

Қазақ есепшілері таразы жұлдызы жаздың ең ыстық кезі қырық күн шліде өткен күні түнде туады деп есептейді. Кей жылдары отыз тоғыз күн, кей жылдары қырық бір күн өткен соң көк аспанда таразы жұлдызы көрінеді. Қазақтың «қырқына шыдаған, қырықы біріне де шыдайды», «қырқына толмай қыдырған жаман ырым» деген тәмсіл сөзі бар. Бұл осы жұлдыздардың аңызына байланысты туған сөз. Расында әр жылы жаз айларында таразы жұлдызы туған күннен бастап, жаз таңы салқын тарта бастайды. Таулы өңірлердегі шөп, гүл бастарыына таңға жақын қырау не мөлдір шық қонады. Осы кезден бастап диқандар егінге орақ қоя бастайды, күз өнімдерін қауырт жинайды. Күз шыбаныдықтарын шабады, төр-түлік малдың жем-шөптерін әзірлейді. Міне, осындай қажетті жұмыстарыд бастау үшін аспанға қарап, таразы жұлдызының тууын күтіп жүреді. Қазақта «таразы жұлдызы күз жұлдызы», «салқын жұлдыз» деп атайтыны да содан.

Қазақ есепшілері таразы жұлдызының тууы жазй айының өткендігінен, күз айының басталғандығынан берілген аспан белгісі, уақыт сигнла джеп қараған. Таразы жұлдзыы жаз бен қыстың, көктем мен күздің, ыстық пен суықтың, салқын мен жылының арасын таразылап тұрады. Сондықтан бұл жұлдызды қазақ «таразы жұлдызы» немесе «қазы жұлдыз» деп атап кеткен екен. таразы жұлдзыы туған күннен бастап күздің алғашқы ұсақ маржан, салқын жаңбыры басталады. Қырдың қара оты таразы жаңбырымен қайта жайқалып өсіп толады. Артынан тез сірге айналады. Сосын жайылым малға ерекше жұғысты бола бастайды. Төрт-түдік мал тез қомданады, шледнеді. Шыныланып, жұп-жұмыр болып семіреді.

Қазақ арасында таразы жұлдызы туралы айтылған өлең де бар.

 

Таразыда тамшылап жауын жауар,

Домаланып қауын мен қарбыз пісер.

Айналады аспанда ақ бауыр бұлт

Шөліркеген құмдардың шөлін басар.

 

Таразыда таң салқын, самал болар,

Қора-қалтқы малдарға қамал болар.

Көкте туған таразы жұлдыз болса,

Кіретін қыркүйекте «амал» болар.

 

Таразыда ақ жауын жауып өтер,

Аппақ болып қар жауса, еріп кетер.

Бидай тары піскенде таразыда

Шаруалар егіндерін теріп кетер.

 

Таразы амал аты, жұлдыз аты,

Күздің көкте туған аманаты.

Таразы жайлы туса аспанында

Естілмес ешкімге де жаман аты.

 

Қазақ есепшілері таразы жұлдызын кейде «арқар жұлдызы», «үш арқар жұлдызы», «шідер жұлдызы» деген жанама аттармен де атап келгені анық.  Таразы жұлдызы көктем мезгілі кезінде үркер шоқ жұлдызы жерге түсуден жиырма күн бұрын көкжиектен көрінбей батып кетеді де, күн жүйесінің ар жағына тасаланып, жасырынып қалады. Сосын үркер шоқ жұлдызы жерге түсіпқырық күн шіле толғанда аспаннан қайта көтеріледі. Осыдан жиырма күн өткен соң аспанда таразы жұлдызы туады. Яғни сексен күн таразы жұлдызы жердегі адамның көзіне көрінбей аспан қойнауындағы күн қолтығында жасырынып жатады. Мұны қазақ үркер шоқ жұлдызы аспандағы ұясныда күн нұрына шомалап, қырық күн дем алса, таразы жұлдызы аспан ұясында жатып сексен күн күн нұрына шомылып тынығады деп есептейді.

Қазақ есебінде қыркүйек айының он тоғызыншы күні мен жиырма бесінші күніне дейінгі бір жұма аралығында «таразы амалы» кіреді бұл күндері ауа райы өзгереді. Күн салқын тартады, салқын же немесе қатты боран соғады еп жорамал жасайды. Бұл құбылыс әр жылы осы күйімен айнымай қайталанып отырады.

Таразы жұлдызы бұл күндері биіктеп, алыстап, аспан қазанының ең түбінен көр інеді. Бұл күндері ауаны тұман, ас панды бұлт басып қатты суық жел сарнап тұрса, биылғы қыс қатты, сақылдаған сары аязды болады деп ұйғарады. Қыс қамына ерте дайындалады. Сосын малшылар қауымына ертерек құлаққағыс етіп, қыс апатынан мал мен жанды алып қалудың әдіс-амалдарын қарастырады.

Темірқазық жұлдызыZirkumpolar_ani

 

Қазақ есепшілері аспан қазанның қақ ортасын жарқырата жандырып қаққан қазықтай жылдар бойы орнын сақтап тұрған ерекше жарық жұлдызды «темірқазық жұлдызы» деп атаған.

Темірқазық жұлдызы түні бойы жарқырап жанады да тұрады. Таң ағарғанда ғана көзге көрінбей сол тұрған орнында батады. Кешке қарай тағы да сол орнынан туады. Тіпті заман заман болғалы, адам адам боп жұлдыз танығалы сол бір орнынан көрінгендіктен, басқа жұдыздар сияқты орнын ауыстырмайтындығынан, басқа бағытқа аумайтындығына қарап «темірқазық жұлдызы» немесе «орталық жұлдыз», «кіндік жұлдыз», «нүкте жұлдыз» деп атап кеткен.

Бағзы замандардағы ата-бабаларымыз аспан әлеміндегі сан-санақсыз, қисапсыз қалың жұлдыздардың бәрі-бәрі осы темірқазық жұлдызына арқандаулы тұрады. Темірқазық жұлдызы – бар жұлдыздың патшасы. Оларды алысқа жібермей өзіне қарай тартып тұрады. Қалған жұлдыздар арқандаулы аттай темірқазық жұлдызын айналып, әрекет жасап жүреді деп ұйғарған екен.

Темірқазық жұлдызын жұлдыздардың патшасы деуге де үлкен негіз бар. Күллі аспандағы аумалы-төкпелі, орындарын алмастырып жүрген жарық жұлдыздардың бәрінен ең жарығы да, нұры күштісі де, әрі орнынан қозғалмай қатып тұруы да темірқазық жұлдызына тән дара ерекшелігі болып табылады. Бағзы замандағы ата-бабаларымыз да темірқазық жұлдызының аспан әлеміндегі осы биік орнына, бөгенайы бөлек бейнесіне қарап та оны «патша жұлдыз» деп атағаны содан.

Қазақ есепшілері темірқазық жұлдызын кейде «бағдар жұлдыз» деп атаған кездері де болған. Өйткені ертедегі қазақтар түн қатып жүрсе болды ең бірінші темірқазық жұлдызына қарап баратын бағыт-бағдарларын айырып, жүретін жолдарына бет түеп отырған.

Қазақ есепшілері темірқазық жұлдызы аспан ортасындағы жалғыз жарық жұлдыз емес, оның қасында алты жарық жұлдыз жанып тұрады. Ол алты жарық жұлдыздың нұры темірқазық жұлдызының нұрынан сәл әлсіз болғандықтан жерден қараған жай адамның көзіне өшкін тартып көрінеді де, темірқазық жұлдызының нұры ол нұрды басып, күшті көрінеді немесе қасындағы алты жаық жұлдыздың нұрын өзінің күшті нұрымен басып тастайды деп есептеген. Темірқазық жұлдызының екі жағында екі жарық жұлдыз жанып тұрады. Оның оң жағындағысын ақбозат десе, сол жағындағысын көкбозат деп атайды. Аспанның оң және сол қанаты деп біледі. Ортасындағы темірқазықты кейбір өңірдегі қазақатар аспанкөзі деп те жорамалдаған.

Қазақ есепшілері темірқазық жұлдызының оң және сол қванатына қарап, қап-қараңғы, қою түндердің өзін де ен далада керіле жатып-ақ аспан әлемінің оңтүстік және солтүстік жақтарын, шығыс және батыс шарларын анық айыра білген. Сол арқылы өздерінің жердің қай бағытында келе жатқанын, қай бағытқа қарай жол аларын толық біліп, күшті сеніммен айырып отырған.

Қазақ ең әуелі аспанның солтүстік жұлдыздарына көз жібереді. Темірқазық жұлдызының солтүстік жағындағы шөміш сабы бар жеті қарақшы жұлдызын тауып алып оның қасында     белгісіне ұқсаған бес жұлдыз көзге ілінеді. Мұны қазақ «теріс таңбалы жұлдыз» деп те атайды. Жеті қарақшы жұлдызы мен темірқазық жұлдызының арасындаітағы да теріс жазылған    белгісіне ұқсаған жеті жұлдыз тұрады. Мұны қазақ «тетір жұлдыз» немесе «кері жұлдыз» деп атаған екен.

Қазақ аспандағы жұлдыздарды батпас жұлдыздар және бататаныжұлдыздар немесе сөнетін жұлдыздар не сөнбес жұлдыздар деп екі үлке топқа бөлген. Мұның себебі мынада. Аспан әлеміндегі кей жұлдыздар кеш бата туады да, түн ортасында көзге көрінбей ғайып болады, батып кетеді. Қазақ мұндай жұлдыздарды «бататын жұлыздар» немесе «сөнетін жұлдыздар» деп атаған.

Ал жоғарыдағы темірқазық, ақбозат, көкбозат, жетіқарақшы, өрмекші т.б. жқұлдыздар кеш бата тудаы да, таң атқанша аспанда жарқырап көрініп тұрады. Аппақ болып, таң атқанда сөнеді. Мұны қазақ «батпас жұлдыздар» немесе «сөнбейтін жұлдыздар» деп атаған.

Мұның сыры неде?

Бататын жұлдыздар қайда кетеді?

Қазақ есепшілері аспан айналымындағы жұлдыздардың арасы алыс-жақын, ары-бері орналасқан немесе жоғары-төмен тұрады деп білген. Батпас жарық жұлдыздар жерге жақын орналасқан. Бататын жұлдыздар жерге алыс немесе батпас жұлдыздардың ар жағында тұрады деп ұйғарған. Батпас жұлдыздар мен бататын жұлдыздар белгісі есеппен тоқтаусыз айналып тұрады да, түн ортасы болғанда шеңбер айналып келіп, бататын жұлдыздар батпас жұлдыздардың үстіңгі қабатында немес ар жақ тасасында көрінбей қалады. Сонда батпас жұлдыздар бізге көрініп тұрады да, бататын жұлдыздар со жұлдыздардың нұрының ар жағында көрінбей қалады деп жорамалдаған. Осындай жұлдыздар әрекетінен дәл сол шақта батпайтын жұлдыздардың нұры бататын жұлдыздардың нұрына қосылып, жерден жай көзбен қараған адамға күшті көрінеді деп есептеген.

Күз айларында темірқазық жұлдызы көзге ап-анық болып, ерекше нұрланып көрінеді. Осы кезде көк аспанның көкжиегінен алыстап барып, жеті қарақшы жұлдызы бұлдырап, шоғырымен көзге түседі. Одан жоғары таразы мен сүмбіле жұлдызы жанып тұрады. Темірқазықтан шығысқа қарай босағалық көрініп көз сүріндіреді. Оның қарама қарсысында сары жұлдыз бен қызыл жұлдыз жарқырап жанып тұрады. Міне, бұл – аспан әлемінің солтүстік жарты қазан шарындағы батпас жарық жұлдыздар деп аталады.

Күннің шығып-батар жолындағы босағалық жұлдызының атқарар міндеті бар. Бұл жұлдыз көктем, күз, жаз, қыс сынды төрт маусымды қарсы алып, өз босағасынан кіргізеді. Осыған қарап қазақ босағалық жұлдызын «ауысым жұлдызы» немесе «маусым жұлдызы» деп те атап кеткен. Темірқазықты жұлдыздың төресі, төрінде отырады деп білген.

Темірқазық туралы қазақта айтылған өлең жолдары бар.

 

Темірқазық аспанның

Жанып тұрған көзі ме?

Аспанға қаққан қазықтың

Нұрға айналған өзі ме?

 

Аспан – шатыр, үй болса,

Темірқазық – түндігі.

Аспан – егер қарын болса,

Темірқазық – кіндігі.

 

Темірқазық қадалып,

Аспанда нұр боп жанып тұр.

Күдіктің бәрінен арылып,

Жолаушы алға жүріп тұр.

 

Көп жұлдыздар байланған,

Темірқазық патшасы.

Алыстаса да жұлыздар

Белгілі болды қашпасы.

 

Ат айналып табады,

Арқандалған қазығын.

Жұлдыздар да табады,

Айналып алтын қазығын.

 

Темірқазық орнынан

Қозғалмайды ешқашан.

Бір қадамда ғасырлар

Басқа жаққа баспаған.

 

Мызғымайтын жұлдыз бұл,

Тұрағы мықты, соны біл.

Темірқазық атанып,

Кеткені де оның сол.

Сүмбіле жұлдызы

 сум-300x284

Қазақ халқының арасына бағзы заманан кең тарап, әлі күнге айтылып жүрген мынадай мақалдар бар: «Сүмбіле туса, су суыр», «Сүмбіле туар сүмпиіп, Жылқы семірер құнтиып», «Сүмбіледе қар жауса, тоқты құйрығы қалар шұнтиып». Бұл сөз тіркестер ұзақ ғасырлар айтылды. Ұзақ тәжірибелік сыннан өтті, сөйтіп талай ғасыр аттап бізге жетті. Бұл қазақтың жұлдыз тануынан туған дүниетанымдық сөздерінің қорытындысы деуге болады.

Қазақ есепшілері «сүмбіле жұлдызы» күз айында туатын жұлдыз деп есептейді. Сүмбіле жұлдызы туған күннен бастап су суиды, таң мен түн салқын тартады. Жаздың шыбын шіркейі арылады немесе азаяды. Жаздағы қаулап өсіп толған ойдың көк сіріл оты сары түске, қара сірікке айналады. Мұны қазақ «сүрі от» деп атайды. Аспанда сүмбіле жұлдызы туғаннан бастап, қырдың қара оты құмды қыратты, тастақты, мал жайылымдарындағы сірікті шөптері күз жаңбырымен қайта өсіп тола бастайды. Осыған орай туған қазақ малшыларының арасында «қыр оты сүмбіледе толады, жаздың оты кқктемде болады», «көкшіл шөп – көк оты,  қара сірік – жер оты», «шөп сарғайса, қымыз дәрі, сүт – қуат, ет – шипа» деген тәмсіл бар. Бұл тәмсілдер тектен текке айтылмаған.

Қазақ есепшілері сүмбіле жұлдызы туған түннен бастап күз айы басталды, күз ауысымы кірді деп есептейді. Расында, сүмбіле туғаннан бастап төрт-түлік мал семіреді, соның ішінде әсіресе жылқы түлігі алдымен жылтырай бастайды. Бұл кезде жылқы жыра салады, қой қомданады, сиярлар жаяланады, түйелер өркештенеді, ешкілер шелденеді. Кез-келген мал пышаққа ілінеді, сойысқа жарайды деп қараған. Қазіргі кезде аспан ғылымында қазақтың айтыпжүрген сүмбіле жұлдызын «сириус жұлдызы» деп атайды.

Қазақ бағзы замандардан бері «сүмбіле – малдың айы, қазан – түйенің айы» дейді. Сүмбіле алғаш туған айда жылқылар түні бойы өрістен қайтпай жайылады. Қазан айы туғаннан бастап түйелердің өркеші екі баладай болып көтеріле бастайды. Соған қарап, қазақ есепшілері аспандағы жұлдызды адам емес, мал екеш мал да біледі деп есептейді.

Қазақ тәжірибесінде аспанда таразы жұлдызы туып, жиырма күн өткен соң сүмбіле жұлдызы туады. Таразы туса, таң салқын, сүмбіле туса, су салқын деп жүргені екеуінің арасында жирыма күн парық бар. Осы жиырма күннің аралығындағы ауа райында таразыда таң мен түн  салқындаса, сүмбілее су салқындайтыны рас. Халықтың ғасырлық тәжірибесімен анықталған ақиқат.

Қазақ есешілерінің аспан жұлдыздарының орнын ауыстырмай туып, әр жұдызды дұрыс тануында өз тәжірибелері бар. Олар жұлдызды аспанға түн-түн сайын көз жіюеріп, «арқар жұлдызының» туған орнын белгілеп алады да, «үш арқар жұлдызынан» оңтүстік аспан қазан шарының бойына қарай ұзақ тартылып бара жатқан жұлдыздардың түзу сызық бойын қуалай отырып, көз жіберіп, аспанды қыдыра қарайды. Осы кезде аспанда ерекше жарық, нұрлы жұлдыз көзге ілінеді. Осы жұлдызды қазақ есепшілері бағзы заманда-ақ сүмбіле жұлдызы деп атаған екен. соған орай қазақтар сегізінші айды сүмбіле айы деп үшке бөліп есептеген. «Лақ сүмбіле» – бұл айдың бастапқы жартысы, бұл кезде лақ еті дәріге айналады, ауруға шипа болады, лақ пышаққа ілінді деп топшылайды. Бұл өткен соң «теке сүмбіле». Бұл айдың ортасы кеі. Бұл кезде қошқар мен текеден күйек алады. Ауылдағы даңсалы бәйбішелер мал төлі көп болсын деп, қошқар ментекенің аузына бидай мен тары құйып, ырым етеді. Осыдан кейін «соңғы сүмбіле» деп атайды.

Қазақ сүмбіле жұлдызы туған түні аспанды қара қою бұлт торлап тұрса, жел азынап соғып тұрса, сарнаған желдің салқыны сүйектен өтсе, малдар қораға қарай ығыстаса, онда алдағы қылышын сүйретіп келе жатқан қыс қатты болады, қар қалың жауады. Қыстай сарышұнақ аяз бет қаратпай тұрады, бәлкім ойылған жұт болуы мүмкін деп есептейді де, сол есептерін айлар бұрын малшылар қауымына ұқтырады. Малшылар  қауымы болар апаттан сақтанып, малдың жем-шөбін молынан жинайды. Қора-қалтқыларын қалыңдатады. Алысқа жолаушы баратындар жер қара, күн жылы кезде қыс түспей барып-келіп алады. Міне, қазақ есепшілері әр жұлдыздың туған күннің мінезіне қарап, табиғатта болатын тосын құбылыстарды алдын ала біліп, кү.н ілгері болжап айтып отырған. Сөйтіп ғасырлар бойы туылып жататаын апаттардан сақтанып, аман-есен, жеңіл өтіп отырған. Қазақта сүмбіле жұлдызы туралы да айтылатын өлең бар:

 

Аспанда бір жұлдыз бар «сүмбіле» атты,

Ұқсамас көп жұлдызға, бөлек затты.

«Таразыдан» жиырма күн кейін туып,

Аспанның бір шетін нұр боп жарқыратты.

 

Сұлу жұлдыз, сүмбіле, бөлек затты,

Жазды бөліп, күзді кеп ажыратты.

Жылқылар жыра салды бұл күндері

Өрісте ойнақ салды, тыраң қақты.

 

Су суыды, сүмбіле туды, міне,

Түн суыды салқындап күз де кіре.

Пышаққа ілініп лақтар жарап жатты,

Сойылатын болды есіктен қонақ кіре.

 

Сүмбіледе қошқар текеден күйек алар,

Аузына бәйбішелер тары мен бидай құяр.

Мал төлі көп болсын деп тілек тілеп,

Сиынып бір Құдайға жалбарынар.

 

Сүмбіле ырыс жұлдыз күзде туар,

Ыстығын жаздың келіп, өзі қуар.

Мал семіріп, егін жинап жүрген халық,

Келін ап, қыз ұзатып тойлар жасар.

 

Сүмбіледе су тұнып, дәрі болар,

Қара от жеген малға нәр болар.

Сүт, қымыз, айран, қатық қоюланып,

Жайлыған дастарханның мәні-сәні болар.

 

Сүмбіледей сұлу жұлдызды

Сүмбіле деп атайды.

Сүмбіле туса аспанда

Қыс қамын бәрі жасайды.

 

Мал семіріп бұл айда,

Май мен етті асайды.

Ауқаттанған ел-жұртым

Қыздырып той жасайды.

 

Қазақ есепшілері сүмбюіле жұлдызының ең жақын, ақ түсті, ергежейлі, серік жұлдызы бар. Ол елу жылда бір рет сүмбіле жұлдызын айналады. Қазақтағы «Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан жаңа» деген сөзі осы аспандағы жұлдыздардың құбылысы мен жердегі адам тіршілігін салыстыра-жарыстыра, сабақтастыра айтқаны болса керек.

Шолпан жұлдызы

 27faa90a436f3c475ed10fd7ffe20cd1

Қазақ есепшілері таң атар алдында шығыс оңтүстік жақтан жарқырап жанып көрініп, көкжиекті ерекше жарық етіп туып тұратын нұрлы, үлкен жұлдызды «шолпан жұлдызы» немесе «таңшолпан жұлдызы» деп атаған екен.

Бағзы замандардағы ата-бабаларымыз бұл жұлдызды әр түрлі атармен атап келгені белгілі жай. Кейде «алтын жұлдыз» десе, кейде «таңшолпан», кейде «керуен жұлдыз», «таңсөгер», «таңтаңба», «шопан жұлдыз», «малшы жұлдыз» деген тәрізді аттармен құбылта атаған екен.

Қазақ малшылары түн қатып мал өрістеткенде, жылқы күзеткенде таңшолпан жұлдызы көрінгенде малдарын өрістен қайтарады, қораларына айдап келеді. Өздері үйлеріне оралады. Таңі алауында шолпан туған шақта мал екеш мал да жайылмайды. Түнімен жайлыған мал өздігінен қораға қарай қайтады. Мұның сырын қазақ есепшілері мен қазақ малшылары жақсы білген. Шолпан туған шақта мал ары қарай жайылса, малдың ішмайы кетеді. Мал шарбыланбай қалады деп ұйғарған.

Қазақ қара өлеңдерінде де шолпан жұлдызы туралы мынадай дерек айтылады:

 

Әуеде бір жұлдыз бар ай секілді,

Кей жаман бас білмейтін тай секілді.

Шығыстан шолпан туып жарқыраса,

Нұры оның басқа жұлдыздан бай секілді.

 

Шолпаннан жарық жұлдыз, әсте, болмас,

Таң сыз бермей шолпан да туа қоймас.

Өрістен мал қайтарып, малшы қауым

Малдарын таң алауда жая қоймас.

 

Жә, қазақтың малшыларының таң алауында өріске мал жаймауының да өзіндік құпия сыры бар көрінеді. Түнімен далаға жайылған малды таң алауында ары қарай жайса, малға «тышқақ ауруы» тиеді екен. Себебі түнде өрістегі шөптер дымқыл нілін тамырына тартып сақтап тұрады да, таң алауында шолпан жұлдызы туған шақта сол тамырындағы көк нілін сабағына немесе басына  шығарады екен. Түнімен кібіртік шөп жеген мал енді сусап тұрған шөпті жесе, дереу іші ағып, тышқақ тиіп, ішмайы кетеді екен.

Қазақтың ықылым замандарындағы есепшілері шолпан жұлдызын жерден көрі күнге жақын деп ойлаған. Киүннің жақын серігі, жолдасы деп білген. Шолпан жұлдызының беті жалпақ болғандықтан күннің нұрын күшті сіңіреді, оның нұры күшті болып көрінеді. Ал күнге жақын дейтін себебі шолпан туа салып артынан көп ұзамай көкжиектен шолпан жұлдызды қуып күн көтеріледі.  Шолпан жұлдызын малшы қазақтар ен дала төсінде малын бағып жүріп-ақ көкжиектен көрген, тіпті шолпан жұлдызы күннің ар жағына барған сәттернін де байқаған. Ол кезде шолпан жұлдызы кішкентай жарық нүкте болып көрінсе керек. Ал күннің бер жағынан қарағанда, шолпан жұлдызы орақ бейнесіндегі ай мүйізді болып көрінген. Күн бүйірінен көргенде жарты дөңгелек ал таңда көрінгенде бүтін, толық дөңгелек, толған ай тәрізді болып көрінген. Жерге ең жақын тақап келген кезде көрінбей жасырынып қалған. Мұның себебі шолпан жұлдызы осы кезде күн мен жердің арасынан, ортасынан өтеді. Шолпан жұлдызы күннің бетін басып өткендіктен күннің күшіт жарығынан жердегі адамға көрінбейді деп топшылаған. Көрінсе де, кішкене ноқат түрінде байқалуы мүмкіндеп жорамалдаған. Мұны қазақ есепшілері шолпан жұлдызының күнді сағаап өтуі немее күнге күюі, күн нұрына шомылуы, күн бетінен срғуы, нұрға сіңуі деп есептеген. Шолпан жұлдызы күн бетін басып өткен кезде ай сияқты орағы бір-біріне тиердей тақап тұрып көрінеді. Екі мүйізі айдың ұшындай алыс болмайды. Бір-біріне жақын, бірақ тимейді деп қараған.

Қазақ есепшілері шолпан жұлдыздың туу бейнесіне қарап ауа райын болжайды. Шолпан жұлдызы туған шақта аспан шайдай ашық болып тұрса, оның маңында сансыз жұлдыздар жамырап анық көрінсе, онда бүгін күн жыы юолады. Жаз болса, аптап ыстық болады. Қысты күн болса, жылымық өтеді депкүнбе күндік ауа райын да жұлдыздың туу бейнесінен топшылап отырған.

Таңшолпан жұлдызы

 e87e0add482bb4706da3c9a157011db6

Қазақ атам замандарда-ақ таң алдында сап-сары алтындай болып күншығыс жақтан жарқырап туған жұлдызды шолпан жұлдызы деп атайды да, онымен қатар жарыса артынан туған сәл кішілеу жарық жұлдызды «таңшолпан» деп атаған. Алдыңғысын «жай шолпан» десе, кейінгісін «таңшолпан», кейде үлкен шолпан, кейде кіші шолпан деп те жанамалап аттар қойған.

Қазақ шолпан мен таңшолпан айырым-айырым екі жарық жұлдыз немесе аспан әлеміндегі апалы-сіңілілі туысқан жұлдыз. Бұл екеуі де таң атып келе жатқанда, таң белгісі ретінде жарық шақыратын, күн шығаратын, адамдарға тіршілік сыйлайтын киелі жұлдыз деп білген және солай есептеген.

Қазақта шолпан жұлдызы мен таңшолпан жұлдызының қатар туғаныны көрген адам өмір бойы, тіпті жеті атасымен бақытты болады, мол ырзықты, таусылмас дәулетті болып өтеді, ұзақ өмір сүреді деп ырымдаған. Бұл ырым жаман ырым емес. Адамдарды, ұрпақтарды ерте тұруға, ерте әрекеттеніп еңбек етуге шақыратын ырым. Осы күнгі аспан ғылымын зерттеген кітаптарда таңшолпан жұлдызын «меркурий жұлдызы» деп атап жүр. Бұл екі жұлдыздың да таңмен таласа оянған қыз бен жігіт қатар көрсе, екеі өмір бойы бір-біріне ғашық болып өтеді, араларына жамандық кірмейді, ұрпақты, ғұмырлы болады деп ырымдаған. Мұның бәрі қазақ халқының сол туған таңшолпандай сұлу көңіл-күйінен, таза ниетінен, ұрпақтарын райсыз сүйгендігінен, жарық нұрды, жақсы жұлдызды ұнататындығынан туған ырымдар.

Қазақ есепшілері таңшолпан жұлдызын мынадай екі уақытта көруге болады деп қараған: бірі, күн шығар алдында, ала таң кезінде, таңмен таласа жай шолпаннан кейін туады. Екінші, қара барқын түндерде, бұлтсыз ашық кештерде өте зейін қойып, аныө бақылап іздеген адамға көрінеді. Ал айлы жарық түндерде, ай сүтей жарық болып толып тұрған алакеуім таңдарда таң шолпан жұлдызын мүлде көре алмайсың. Қазақтың таңшолпан жұлдызын көрген адам бақытты болады дегені де рас. Өйткені таңшолпан жұлдызының атын көп адам біледі, естиді. Бірақ оны ө көзімне көрген адамдар тым аз, тіпті жоқтың қасы деуге болады.

Қазақтың байырғы есепшілері таңшолпан жұлдызы үнемі күнді бағып жүреді. Өйткені таңшолпан жұлдызы туа сала артынан күйіп-жанып көкжиектен күн көтеріоледі. Сонымен кү нтаңшолпан жұлдызын өзінің нұрлы құшағына, күшті сәулесіне сіңіріп әкетеді. Сонымен таңшолпан жарқ етеді де, жоқ болады. Қазақта таңшолпанды көрем десең, күннен бұрын орныңнан тұр деген сөз бар.

Қазақ есепшілері таңшолпан жұлдызы бір жылда сексен сегіз рет қана шығыс көкжиектен көрінеді. Қалған күндері таңшолпан күн қойнында күнмен ілесіп, көрінбей жүреді. Ол күннің ғашығы деген рауаят бар. Қазақта «Сегіз – сегіздің аяғы семіз, семіздің аяғы – сексен сегіз» деген әмсіл сөз бар. Осы тәмсіл таңшолпанның бір жылдағы сексен сегіз рет жарық болып көрінуіне байланысты туған сөз.

Қазақтың көне есебінде таңшолпан жұлдызы көкжиектен көп көрінеген жылдары жыл есен, ай аман, жұмалар жайлы, ел іші тыныш, құт-берекелі болады, мал мен бас қатар қаулап өсіп, байтақ жерге құт орнайды деп жорамал жасайды. Сөйтіп қазақтар таңшолпан жұлдызын тылсымдандырып, жақсы көреді. Ол туралы өлең де бар.

 

Таңшолпан жерден қашып күнге кетті,

Оңдырмай оған күннің қызуы өтті.

Таң шақырып алдымен шолпан туса,

Артынан кеп таңшолпан да жарық етті.

 

Таңшолпан енді ұзап тұра алмайды,

Күн жетіп жарығымен оны ұрлайды.

Сексен сегіз таңды сығалап кеп,

Артынан ғайып болып ол қорғалайды.

 

Таңда тұрып таңшолпанды көрген адам

Өмір бойы еш нәрседен құр қалмайды.

Қатарынан қос шолпанды көрген адам

Бақытын бұл дүниеде солдырмады.

 

Таңшолпан – сұлу жұлдыз, сымбаты артық,

Түсірсе кеудеңе кеп нұрын жарық.

Қап-қараңғы кеудеңде аппақ таңдар атып,

Сол шолпандай нұрланып болар жарық.

 

Таңшолпан күннің рас, ғашығы екен,

Күннің оны қуғаны машығы екен.

Сексен сегіз таңменен жылт еткізіп,

Тұрғызбай алып кеткені асығы екен.

 

Қалған күні күн қойнында жатады екен,

Кей кеште көрініп барып батады екен.

Содан кйін жасырынп көрінбейді,

Күнде тарап жүргені атағы екен.

 

Таңшолпан жай шолпаннан кіші екен,

Ай шолпанның сіңілісі жақын екен.

Таңға жақын көкжиектен туа-тұғын,

Қос шолпанды осы жұрт біле ме екен?

 

 

Қос шолпанның қозғалысы

 depositphotos_80528284-stock-illustration-constellations-cassiopeia-big-dipper-cepheus

Қазақ есебінде жай шолпан мен таңшолпанның екеуі де жерден көрі күнге жақын тұрады деп есептелінеді. Екі шолпан да іңір жарығы кезінде күн батыстан туады, не таң шапағымен араласып күн шығыс жақтан туады. Түн ортасында қос шолпанды жұлдыздар арасынан көре алмайсың. Қос шолпан да күнге ілесіп, күнді жанап бірге айналып жүреді. Түн ортасы болған кезде жердің жарық болып тұрған күндізгі қабат жағынан айналып өтеді. Таңға жақын шығыс жақтан көрінеді. Қос шолпан бірінің артынан бірі көрінсе, әрсіресе таңшолпанның көрінуінен кейін-ақ күн күлімдеп көкжиектен көтеріледі. Осы қозғалыстан қос шолпанның күнге ең жақын жүретін жұлдыз екенін білуге болады.

Қазақтың бүгінгі сұңғыла аспан есепшілері қос шолпан да түн ортасында біраз уақыт көрінбей жүреді де, таң алауымен араласып күн шығыс жақтан жарқ ете қалады. Олар күн жарығымен ілесіп көрінбей, батысқа қарай баяу қозғалып сырғып отырады. Күн батып, жер бетінде жарық сөнген соң, іңір жарығында туа қалады. Мұны білетін қазақ есепшілері бұл кездегі шолпанды шолпан деп атамайды. «Болпан» туды дейді. Осыдан кейін болпан күн шығысқа қарай айналып жылжиды. Күн шығысқа жетіп, таң атар алдында туғанда оны енді «шолпан» деп атайды.

Қазақ малшыларының арасында жұлдызды есепті білетін тәжірибелі малшылар бар. Олар шолпан жұлдызының іңірде, қысты күні жарқырап туып тұрғанын көріп, оны жақтырмай «тұл қатын» көрінді деп, оған жағымсыз ат қойып алған. «Тұл қаты» көрісе, қысты күні түн қараңғылығы түскен сайын аяз қысады, күн суиды. Таң атқанша шыңылтыр болады. Күн суыған сайын шолпанның қабағы да жарқырай береді деп батыстан көрінген шолпанды «тұл қатын» немесе «болпан» деп атауының себебі осында жатыр.

Ал таңшолпан болпан болған шолпаннан сәл өзгеше. Таңшолпан негізінен күн ығыс жақтан күн шығар алдында ғана көрінеді. Бір айыбы көп ұзап тұрмайды. Жарқ етеді де, жоқ болады. Күн қызғанып артынан лезде шығады, өз жарығына сорып әкетеді, қойнына тарты сіңіріп кетеді деп әңгіме етеді.

Қазақтың малшылары малды бопан туа қораға, шолпан туа өріске айдадық деген ұғымы бар. Бұл үлкен шолпанның батыстан кқрінуі мен қайта айналып күн шығыстан тууына, таңның атып, кештің батуына қарай шаруашылығын ыңғайлағандығынан туындаған сөз болса керек.

Есекқырған жұлдызы

 Pistol_star_and_nebula

Қазақ есепшілері аспан әлеміндегі үлкен жарық жұлдыздарды бақылау барысында кей түндері түн туа сала, кей түндері түн ортасы ауғанда, кей түндері шолпан туардан бұрын кішілеу күміс реңді табақьтай болып жарқырап үнемі туып тұратын ғажайып жұлдызды байқаған екен. бұл бір қараған көзге бейне таңшолпан немесе жай шолпан жұлдызына ұсқап кетеді. Үнемі жұлдызды бақылап, көзін жұлдызға суарып жүрмеген адам болса, бұл жұлдызды көрген жерден таңшолпан жұлдызы деп айыра алмай қалары сөзсіз.

Қазақ есепшілері бұл жұлдызды ұзақ уақыт қайта-қайта бақылау арқылы оны «есекқырған» жұлдыз деп атағн екен. бұл жұлдыздың есекқырған жұлдызы атануының да өзіндік тамаша аңызы бар.

Бағзы замандарда бүгінгідей қатынас құралы дамымаған кезде саудагерлер көп есекке жүктерін артып алып, қыстың суық күндерінің бірінде үлкен шаһарды бетке алып жолға шығады. Кешке қарай жолдағы қоналқыға келіп, қонақтанады. Есектегі жүктерін түсіріп, тынығады, дем алады. Керуен басы сол ауылдағы күзетшіге өзін шолпан жұлдызы туа салып оятып жіберін өтінеді. Өзі саудагерлермен бірге тастай қатып ұйықтап қалады. Түн ортасында аспан әлемінен жарқырап туған жұлдызды көрген әлгі күзетші саудагерлер жатьқан үйге келіп, «Шолпан туды, шолпан туды, тұрыңыздар!» деп саудагер басын да, басқа саудагерлерді де түгел оятады. Саудагерлер таң атуға жақын қалған екен деп асығыс-үсігіс есектеріне жүкті артады да, ұяқылы-ояу жолға шығып кетеді. Әлі таң атпайды, жолда аяқ астынан ауа райы бұзылады, күн қатты суытады, қарлы боран соғады. Олар жолдван адасады, түнде жөнді жем-шөп жемеген, алыс жолда ылғи ауыр жүк көтерген есектер терлеп келе жатады да, қатты суыққа ышыдамай қырылып қалады. Бұл кезде таң атуға тақап қалған кез еді. Шығыс жақтан шақшиып щолпан жұлдызы туады. Сонда саудагерлердің біреуі «шолпан жұлдызы туды» деп айқай салады. Саудагерлердің арасынан тағы біреуі бағанағы күзетшінің айтқан шолпан жұлдызы  жұлдыз емес пе дегенде оны естіп тұрған саудагердің басшысы шамырқанып, ол шолпан емес, ол есекқырған деп бақырыпты. Содан бастап бұл жұлдыздың аты ел ішіне «есекқырған» жұлдызы деп тарап кеткен екен деседі.

Қазақ есепшілері есекқырған жұлдызының қасында төрт серігі бар деп есептейді. Ол төрт серігінің өзінен алыстау тұратын тағы сегіз серігі бар. Ол сегіз жұлдыз деп аталады. Сол сегіз жұлдызға төрт жұлдыды қосып, он екі серігі бар есекқырған жұлдызы бар деп ұйғарады. Бұл он екі жұлдыз он екі айға және он екі жылға бағымды болады деп тұжырым жасайды. Есекқырған жұлдызының он екі серік жұлдызы бір жылдағы он екі айға уәкілдік етсе, он екі жылға куәлік береді. Оған есекқырған жұлдызын қосса, он үш жыл бір мүшел уақытқа толады деп есептеген.

Қазақ есепшілері есекқырған жұлдызын жер шарына ең жақын тұартын жұлдыздар тобына санайды. Жер шарының жақын серігі деп біледі. Оның айналасын қоршап жүрген он екі серігін нөкерлері деп ұйғарады. Ол он екі жұлдыздың да әр кезге қарай әр түрлі айналымдармен көрінеді. Есекқырған жұлдызының он екі сергі кей түндері есекқырған жұлдызының екі жағына екі-екіден қаз-қатар бөлініп, бір түзу сызықтың бойынан көрінеді. Мұндай көрінген кезде бұл айдағы ауа райы жақсы болады, қауіп-қатер жоқ. «Жолаушыға жол түсіп тұр», «аспан шырағы бір сызық бойында шырадай жанып тұр» деп қуанады. Алысқа жол алатын жолаушылардың тоқымын қағады, қоржындарын толтырып сапарға аттандырып жібереді. Жұлдыз қабағы күліп тұр, жолың түсіп тұр, алаңсыз жүре бер деп тілек білдіреді.

Ал кейбір айларда есекқырған жұлдызының серіктері оның ар жақ тасасында жасырынып, көлеңкесіне тығылып көрінеді. Бұл кезде оның он екі жолдасы, серігі, нөкері «тұтытулға» тап болады. Өшкін тартып өлегізеді. Сәулесі бәсеңдейді, әдемі ажарынан айрылады. Бұл кезде аспанды буалытр тартады, ауа райы бұзылады. Қазақ есепшілері мұндай күйді көргенде аспан жұлдыздары «нақыс күйге өтті», жер бетінщдегі тіршілік дүниесіне кедергі бар деп ұйғарады. Жолаушы жүретін, алыс сапар алатын адамдардың жолын тосады, өте-мөте жақын жер болмаса, алысқа сапарға шығармайды. Себебі ауа райы қатты бұзылғанда жолда қауіп-қатерге ұшырайды, жол бейнетін тартып қана қоймай өміріне қауіп төнеді деп қарайды.

Кей айларда есекқырған жұлдызының серіктері қарайып, есекқырған жұлдызының бетін басып өтеді. Мұндай кезде аспан буалдыр тартып, әлдеөқандай тұман әлетінде тұрады. Есекқырған жұлдызы жерден қараған адамға бұлт арасынан ала сағым болып әзер көзге түседі. Осы кезде есекқырған жұлдызының жарығымен оның серік жұлдыздарының жарығы бір-біріне беттеседі.біріне бірі нұрын түсірісіп шағылысады.  Мұны қазақ жұлдыздың жартылай тұтылуы, тоғысуы, қарсыласуы деп біледі.

Қазақ аспандағы мұндай өзгерістердің салдарынан жердегі ауа райы өзгереді, бір жұмаға дейін қысты күні алыс сапарға бармайды. Малдарды қорада ұстап, алыс өрістерге айдамайды. Әлдеқөайндай ртұтқиыл және белгісіз апат болуы мүмкін деп жорамал жасайды.

Қазақ есепшілері есекқырған жұлдызының өзіне жақын тұратын төрт серігі бар. Бұл төртеуі оның бас уәзірі, төрт уәзірі төрт құбылаға уәкілдік етеді деп қарайды. Жыдың төрт маусымына қатысты деп те біледі. Есекқырған жұлдызы төрт уәзір жұлдызына ұрымтал жерден қарсы жүру бағыты болады. Сондай кезде төртеуі де жарығын әлсіретіп тоқырайды. Бұл патша жұлдыздың уәзір жұлдызына қарама-қарсы келуі немес кері айнаплуы деп есептейді. Мұндай өзгеріс төрт жүз күн өкенде бір рет қайталанып отырады деп ұйғарады. Мұндай кезде де көлікке мініп алыс сапарға саяхатқа, аң аулауға шықпайды. Бұл бір жұмаға созылады. Осындай нахыс күн өткеннен кейін аспан әлеміндегі жұлдыз орнына келгенде жердегі жағдай да жақсарады деп қарайды.

Қазақ есепшілерінің есекқырған жұлдызы деп атап жүргенін қазіргі ғылымда «юпитер» деп атап жүр. Қазақ есекқырған жұлдызы күн жүйесіндегі ең ірі алып жұлдыз деп біледі. Төрт жүз күнде бір рет өзінің серігіне қарсы кері айналып жүреді. Сол арқылы өзінің төрт серігін бағыдырып, орнынан қояды деп біледі.

 

 

 

 

 

Қызыл жұлдыз

 

Қазақтың бағзы замандағы есепшілері шетсіз-шексіз аспан әлемін, жұлдызды кеңістікті бақылай жүріп, жер шарына жақын тұрған қызыл қан жұлдызды көреді. Ол жұлдыздың қызыл реңіне қарап, оған «қызыл жұлдыз» деп ат қояды. Қазіргі кездегі «марс» деп атап жүрген осы жұлдыз.

Қазақ есепшілері қызыл жұлдыз кеш бата қызыл іңірде туады да, түн бойы аспаннан қызарып, көзге көрінеді де тұрады. Түн ортасында оңтүстік аспан әлемінен қызғылт нұрын шашып, жарқырап көрінеді. Осы кезде қазақ есепшілері қызыл жұлдыз туған аспаннан көз айырмай бақылайды екен. Егер қызыл жұлдыз туып тұрған аспанда ала сабыр бұлттар көшіп жатса, сол қызыл жұлдыз анда-мында бұлт қойнына кіріп-шығып қызғылт нұрын шашып көрінсе, жазды күн болса, ертеңінде жауын-шашынды болады, қысты күні болса, қапсағай қалың қар жауады, қызыл шұнақ аяздың көкесі болады, ағаш басына сүңгі қырау тұрады. Мұндай қыс жарты айға созылады деп жорамалдайды.

Қазақ қызыл жұлдыз қыркүйек айларындағы түндерде анық көрінеді деп біледі. Бұл кезде қызыл жұлдыз жер шарына тақап келеді. Қазақтың көне ырымдарының бірінде қызыл жұлдыз жер шарына жақындаса зілзала болуы мүмкін деп сақсынады. Әсіресе қыркүйек айының 10-11 жұлдызы қызыл жұлдыздың жер шарына төніп келіп қайтатын түндері деп ескертеді. Бұдан қорққан бұрынғы ата-бабалырымыз «қызыл жұлдыздың қырсығы аспанда қалсын, жақсылығы жерге түссін» деп ырым етіп, тілек тілейтін көрінеді. Тіпті кейбіреулері ақсарбас атап сойып кемтар-мүгедек, кедей-кембағал адамдарға садақа да берген деседі. Байырғы қазақтар қызыл жұлдызды суық жұлдыздар қатарына жатқызады. Көбіне қысты күнгі ауа райын қызыл жұлдыздың тууына қарап айырып,  болжайтын болған. Қызыл жұлдыз туып тұрған кездегі аспанның оңтүсітк жағынан бұлт көрінсе, жер шарына оңтүстік жақтан жел соғады, боран тұрады. Ал солтүстік жағынан қара бұлт көрінсе, онда жер шарына солтүстік өңірде қар жауады, күн қатты суытады, көк тайғақ болады деп жориды. Қызыл жұлдыз аспанның қай бағытынан көрінсе, жердің де сол бағытында ауа райы өзгереді, күн жайсыз күйге енеді деп бірден кесіп айтады. Қазақта «Екі, сегіз, он алты, он алтыны кім алды» деп аспанда туып тұрған қызыл жұлдызға қарап, онымен бірге айналып ауып бара жатқан алты серігі, жолдасы бар екендігін де аңғарған. Қызыл жұлдыздың өзінің түсіне, түріне, реңіне ұқсайтын он алты жолдасы немесе аспандағы сабақтасы бар дейді. Олардың реңі де қызғылт тартып алыс аспаннан өлегізген сәулесімен әзер-әзер көзге түседі. Олар үлкен қызыл жұлдызды бағып, қоршап, қолдап, айналасын бағып, бірге айналып жүреді. Оларды күз айларының ашық аспанды түндерінде ғана көруге болады. Қызыл жұлдыздың он алты серігі оның алты нөкеріндей, қорғаушысындай болып күн батыстан туады. Аспан жұлдыздарының тәулік айналысына қарсы жүреді де, күн шығыстан барып күн жарығына батады. Соған қарап қазіргі есепшілер қарсы бағытты жұлдыз немесе кері жұлдыз деп атаған. Кейде жаман ырымға балап, қорқатыны да содан. Өйткені қазақ халқы ылғи да оң бағытты жақсы ырымға балайды. Қазақта «Екі көзі қызыл жұлдыздай қызарып кетіпті», «Көзің қып-қызыл, қан басып тұр» деген сөз бар. Бұл ашуланған, қан қысымы жоғарылап ауырған не жынданған адамдарға қарата қолданылатын сөз. Қызыл жұлдыздың кері айналысын жақтырмай, жағымсыз ұғымға пайдаланған.

Қазақта қызыл жұлдыз туралы айтылған өлең бар.

 

Қып-қызыл боп аспанда,

Қызыл жұлдыз туады.

Бұлт ілінсе аспанға

Қар боп жерге жауады.

 

Шыңылтырланып әр жерде

Аяз болып қысады.

Ақ мылтық пен ақ жорға

Бұрқақтатып соғады.

 

Қызыл жұлдыз қызарып,

Беті теңбіл тартады.

Қыстың түні ұзарып,

Мал жемге иек артады.

 

Қызыл жұлдыз жақындап,

Жерге таман келеді.

Жерге таяса тақымдап,

Атам қазақ біледі.

 

Кері айналысты кер жұлдыз,

Керісі артынан ер жұлдыз.

Жерге әсте келмесін,

Кері айналсын кері із.

 

Қызыл жұлдыз қан жұлдыз,

Басқада бар сан жұлдыз.

Бақ боп аспанда жана бер,

Аспанда жанған бар жұлдыз.

 

Екі сегіз – он алты,

Он алтысы қолдапты.

Қызыл жұлдызды айналып,

Айналасын қоршапты.

 

Өңдері де қызарып,

Уақыт өтті ұзарып.

Қызыл түске еніпті,

Қанын тартып бозарып.

 

Қызыл жұлдыз қызыл нұр,

Қызарып аспаннан жанып тұр.

Қыркүйекте қызарып,

Көк аспаннан туып тұр.

Құйрықты жұлдыз

 

Қазақтың көне аспан есепшілері аспан әлемінен құйрығы бар, құйрығынан от жанған, құйрығы жалындап тұрған жұлдыздарды көріп, таң-тамаша қалып, оған «құйрықты жұлдыз» деп ат қойған екен.

Қазақ есепшілерінің аспандағы жұлдызды салыстырып, айырып, бақылау тәжірибесінде «құйрықты жұлдыз» аспан әлемінен елу не жүз немесе мың жылдарда бір рет көрінеді деп есептеген екен. қазақ құйрықты жұлдыздың көп көрінуінен пайда жоқ, жердегі адамдарға, жер шарына, мал-дүние, жәндік-өсімдіктерге зиян тиюі мүмкін деп апат болуы ғажап емес деп жорамалдаған. Аспаннан құйрықты жұлдыз көрінгенде әр түрлі сақтық шараларына кіріскен. Бағзы замандағы ата-бабаларымыз аспаннан құйырқты жұлдыз туып тұрса, ақсарбас мал атап шалып, Аллаға жалбарынған, жақсы дұға-тілектер тілеген. Қашан бір құйрықты жұлдыз аспаннан ғайып болып көрінбей кеткенше алаңдап жүретін болған.

Күллі аспандағы бар жұлдыздан бөгенайы бөлек бұл жұлдыздың сұрқы өзгеше көрінген. Оның арт жағында немесе бас жағында шашырап жанған жарық құйырғы немесе айдары болады деп сенген. Ол жұлдыз көбіне күнге бағып, күн шығысқа қарай қарсы қозғалады екен. құйрықты жұлдызды күн көрсе, күн көзінен өтсе, күндіз туса, күн тұтылады, жер беті алагеуім көлеңке тартады, соған қарай ауа райы да өзгереді деп жорамалдар жасап, аспан әлеміне қиял қыдырта қарайтын болған. Құрықты жұлдыздың қозғалысын қырық саққа жүгіртіп, жорамалдар жасаған. Қазақ жаман түсті де жақсылыққа жорығаны  сияқты аспан жұлдызындағы қорқынышты көріністі де жақсылыққа балап жоритын көрінеді.

Қазақ есепшілері аспан  әлемінде мұндай құйрықты жұлдыз жалғыз жұлдыз емес деп қараған. Шексіз-шетсіз аспан әлемінде мұндай жұлдыздардың әлі де талайы бар деп есепетеген. Жер шарына бір көрініп кеткен құйрықты жұлдыз ол қайта оралғанша мың жылдықтар өтуі мүмкін. Оның орнына басқа құйрықты жұлдыздар келіп көрініп қайтып тұрады деп сенген. Бәлкім заман ақыр боларда аспандағы көөп құйрықты жұлдыздар жер шарына жақындап келіп, құйрықтарынан зобалаң тууы мүмкін деп жорамалдар жасаған көрінеді.

Қазақ тарихындағы ауа райын болжайтын аспан есепшілері аңыз етіп айтып кеткеніне қарағанда құйрықты жұлдыз көрінген жылдары қыс айлары болса, омбылап-омбылап, жұма-жұмаға ұласқан қарлар жауып, қатты аяз болып, мал жұтап, малшылар ақ таяққа сүйеніп қалған деседі. Ал жаз айлары болса, жұма-жұмаға жалғасқан ақ жауын, сел, бұршақ жауып, топан су апаты болған көрінеді. Қазақ құйрықты жұлдыздың тууын аспаннан көрінуін қаламаған, ұнатпаған.

Қазақтың құйрықты жұлдызды қаламайтыны сонша өз қасында жүрген әлдебіреулерді жақтырмай қалғанда «құйырқты жұлдыздай сұмның өзі екен», «құйрықты жұлдыздай құйрығынан от төгілген берекесіз адам екен», «құйрықты жұлдыздай қорқынышты» деп сөзбен қағытады. Жақтырмаған сыңай танытады. Кез-келген жақтырмаған, ғайбат айтатын өсекші адамдарды берекесіз жандарды көьіне құйрықты жұлдызға ұқсатады. Салыстырып айтып, шенеп жатады. Өйткені құйрықты жұлдыз жерге апат әкеледі, тіршілікті бүлдіреді деп қорққан.

Қазақ есепшілері заман заман болғалы өз көздерімен көріп, жұлдыз танығалы әр кез көрінеген құйрықты жұлдыздардың құйрығының бір-біріне ұқсамайтына қарап, ол жұлдыздардың құйрыңына әр алуан атар қойған екен. «жалқы құйрық», «қос құйрық», «көп құйрық», «шашау құйрық», «ұзын құйрық», «келте құйрық», «парақ құйрық», «сояу құйрық», «шашпа құйрық», «жалын құйрық» т.б. деп атаған.

Қазақта «құйрықты жұлдыздың құйрығынан сақта, жаман ұлықтың бұйрығынан сақта» деген тәмсіл сөз бар. «Өзі от болса, құйрығы шоқ болса, одан не пайда» деп ары қарай дамытып, астарлап айтып жатады. Бір ауыз сөзбен айтқанда, құйрықты жұлдыз апат нышаны деп түсінген.

 

Құйрығы бар жұлдыз бар аспанда да,

Маздап от боп құйрығы жанады да,

Жылжиды күнге қарап аспан бойлап,

Жүзеді аспанда аспайды, саспайды да.

Қорқады жердегі адам ол жұлдыздан,

Бір пәле бола ма деп құйрығынан.

Көріпті бұл жұлдызды атам замандардан

Құйрығыңмен жеріме жолама деп.

 

Жалқы құйрық, егіз құйрық, көп құйрықты

Қария баласына беріпті бір бұйрықты.

Аспаннан дәл осындай жұлдыз көрсең,

Жасырмай айт халқыңа бар шындықты.

 

Құйрықты жұлдыздан жерге қауіп төнер,

Оның сырын баяғыдан атам білер.

Аспанның кейде оңынан, кейде солынан туып,

Құйрығын от жалын ғып жағып келер.

 

Құйрықты жұлдыз туса қысты күні,

Сақылдаған сары аяз қысты түні.

Айдаһардай ысқырған далаларда

Ақ мылтық естілер боран үні.

 

Жұлдыздың да осындай құйрығы бар,

«Таны, балам», деген атамның бұйрығы бар.

Құйрығынан от жалын көп шашылса,

Жерге салар әлегі, қырсығы бар.

 

Алқа жұлдызы

 

Қазақ есепшілері аспан әлемін бақылай жүріп, сан-санақсыз жұлдыздар арасынан бөгенайы бөлек, алқаға ұқсайтын бір жарық жұлдызды көреді. Оны түн-түн сайын күзете жүріп, бір кезде оған «алқа жұлдызы» немесе «аспан алқасы» деген ат қояды. Бұл жұлдыз аспан әлемінен күнде-күнде көріне бермейді. Аспаннан бір көрінгеннен кейін араға үш жүз жетпіс сегіз күн салып барып көрінеді. Алқа жұлдызы туғанда ол жұлдыздың бейнесі адамның мойнына салатын алқаға ұқсап, алқасы жалтырап, нұрын шашып туады. Көзге анық көрінеді. Алқа жұлдызы аспан әлемінен анық көрінген кезде оның айналасын дөп-дөңгелек болып қоршап тұрған сақинасы көзге оттай басылады. Ол сақина жұлдыздың еш жеріне тимей, қоралап, қоршап тұрғандай білінеді. Осыған қараған қазақ бұл жұлдызды «алқа жұлдыз» немесе «қоршамалы жұлдыз» не «сақиналы жұлдыз» деп те атағанға ұқсайды.

Қазақ есепшілері алқа жұлдызының қасында еріп, айналып жүретін тоғыз ірі жолдасы, серігі бар. Оның ең шетіндегі тоғызыншы кенже серігі алқа жұлдызына қарсы бағытта айналып тұрады. Сол арқылы қалған сегіз серік  сабақтас жұлдыздарының тартылыс күшін ретке салады деп білген, есептеген, жорамалдаған.

Қазақ алқа жұлдызының туған кезіндегі оның маңында қалқып жүрген бұлт жаңқаларына қарап, ауа райын болжайтын болған. Егер алқа жұлдызының оң немесе оңтүсітк жағында қара бауыр бұлт қалқып тұрса, жаз күндерінде жауын жауады, қыс күндерінде көрінсе, қалың қар жауады деп жорамал жасаған. Егер солтүстік жағында ақ жаңқа таудай-таудай бұлттар көрінсе, таулы өңірлерге сел жауып, қызыл су қаптайды. Қысты күні болса, бұ\үтін жайлымыдарды қар басып қалады. Сақ болыңдар деп жорамал жасап, малшылар қауымына бірден ұқтырады.

Қазақ есепшілерінің «алқа жұлдыз» деп атап жүрген жұлдызы бүгінгі ғылымда «сатурн» жұлдызы деп аталып жүр.

 

Аспанда бір жұлдыз бар сақинадай,

Жарығы киіз үйге жаққан шамдай.

Айналған алтын шеңбер айналасын,

Айналдырып алтын бумен қоршағандай.

 

Аспанда бір жұлдыз бар айдан аппақ,

Айналдырып құлағына сырға тақпақ.

Аспанда алқа тағып, сырғып жүрсе,

Қараған көздің нұры одан таймақ.

 

Аспанда бір жұлдыз бар алқа таққан,

Қазақ оны көріп, ауа райын баққан.

Қоршаса ол жұлдызды бұлттар төніп,

Бір жұма боран соғып жаңбыр жауған.

 

Аспанда бір жұлдыз бар күнге жақын,

Бір жыдан соң айналып жерге жақын.

Жыл бойы көрінбейтін алқа жұлдыз

Кей кезде туады күзге жақын.

 

Аспанда бір жұлдыз бар айдан жақсы,

Жомарт кедей малы бар байдан жақсы.

Алқа жұлдыз айналып туған күні

Қыр оты ой отынан малға жақы.

 

Аспанда бір жұлдыз бар жымыңдаған,

Сыртында алқасы бар зыр айналған.

Алқасы алтындай боп нұр шашады,

Жыл бойы көрінбей жыл ұрлаған.

 

Көп жұлдыз көрінеді шалқасынан,

Бұл жұлдыз танылады алқасынан.

Күн жақта жасырынып жатады екен,

Нұрына шомылады күн қасынан.

 

Алқа жұлдыз атанып кеткені сол,

Алтындай жарқыраған нүры да мол.

Күн қасында үнемі жатқандықтан

Нұрдай болып жүретін жолы да сол.

 

Қазақ алқа жұлдызды күн қойнындағы баласы, оның сыртындағы алқа болып айналып тұрған нұры күннің нұры, оның анда-санда бір көрінуі жердегі адамдарға алқасын көрсетуінен деген аңыз айтады.

Ақпа жұлдыз16bet_f4_meteor

 

Қазақ есепшілері аспан әлеміне, аспанның түнгі құбылыстарынан тағы бір «ақпа жұлдызды» байқаған екен. Әр күні кеш батып, жұлдыздар туа бастаған шақта аспан әлемінен жұлдыздар арасынан жарық нүкте артына жарық із қалдырып, атқан оқтай зымырап барып өшіп қалады. Мұндай аспн құбылысы түні бойы ауық-ауық жалғасып тұрады. Түнгі аспанның жұлдыздары сөніп, күн шығып, жер бетіне жарық түскенге дейін жалғасып жаиатады. Аспан әлемінің сырын жетік меңгере қоймаған бағзы замандағы ата-бабаларымыз аспаннан жұлдыз ақты, бұл жұлдыздың аты «ақпа жұлдыз» деп атаған екен. сол аталарымыз аспаннан мұндай жұлдыз ақса, жердегі адамдардың біреуі жан тапсырады не бір сәби дүниеге келеді деп ырымдаған екен. бұл ата-бабалырымыздың ескі замандардағы сәбилік танымынан туған болжам-жорамалдары болса керек.

Қазақ есепшілері бұл жұлдыздыд ұзақ-ұзақ ғасырлар бақылай жүріп, оның адам баласына зияны жоқ екеніне көздері жетеді. Ал аспандағы жұлдыздардың бәрі, еаспандағы алып шарлар, планеталар, ол шарлар тым алыста тұрады, алыстатұрғандықтан бізге кішкене болып көрінеді, ол жұлдыздар өзінің қозғалу тәртібімен аспандй айналып тұрады, бет алды олай ақпайды деп түсінген, білген.

Аспандағы аққан жарық нүкте не нәрсе?

Бұл – ақпа жарық, аспан әлеміндегі жерді қоршаған ауа сыртындағы жердің тартылыс күшінен тысқары бостықта қалқып жүрген заттар. Оны қазақ есепшілері кейінгі кезде «ұшпа заттар» не «қалқымалы қалдықтар» деп атаған екен. бұл заттар ауның сыртында жұлдыздардан көп бері жерге жақын маңда қалқып ұшып, ағып, жүреді. Бір кезекте жердің тартылыс күшіне сәл ұшырай қалса, жерді қоршап тұрған ауа қабатына келіп үйкеледі немесе сіріңке тартқандай ауаны сүйкеп өте шығады. Сол кезде ауадан жарық от көрінеді. Қалқымалы заттардың ауаны сызған жері қызады да, от жарығына айналады. Мұндай қалқымалы заттардың көлемі кіші болса, ауаға соғылған кезде жарық шығарып барып жанып, ериді де ауаға сіңіп жоқ болады. Ірі-үлкендеуі болса, ауаға соғылған күйінде жерге түседі, топыраққа айналып кетеді. Бірақ мұндай қақымалы заттардың жерге түсетіндері тым аз немесе сирек кездеседі. Кейінгі қазақ есепшілері мұндай ағылған жарықты ақпа жарық деп атап кетті. Қазақта «аққан жұлдыздай зымырап барады», «аққан жұлыздай жарқ етті де, жоқ болды», «жұлдыздай зымырап ағып барады», «ақпа жұлдыз секілді», «аққан жұлдыздыдай жарқырап көрінді» деген теңеу сөздер бар осы сөздердің барлығы аспандағы құбылыстардан алынған бейнелі көріністер.

Қазақ есепшілері түнде далаға шығып аспан әлеміне көз салғанда аспанда осындай ақпа жарықтар арт-артынан ағып, жанып-сөніп жатса, жұлдыздар жамырап анық көрініп тұрса, ертеңгі ауа райы жақсы болады, күн қабағы күлімдеп туады, жайлы жұма өтеді деп жорамал жасайды.

Сурттер әлеуеттік желіден алынды

kerey.kz

Related Articles

  • САРБАС РУЫ ЖӘНЕ САРТОҚАЙ БАТЫР

    Тарихты түгендеу, өткеннің шежіресін кейінге жалғау – атадан балаға жалғасқан ежелгі дәстүр. Шежіре, ұлт-ру, тайпа тарихы – атаны білу, арғы тарихты білу болып қалмастан ұлттың ұлт болып қалыптасуы жолындағы бастан кешкен сан қилы оқиғалары мен ауыр тағдырынан да мол дерек береді. Шежіре – тұтас халық тарихының іргетасы ғана емес, ұлт пен ұлыс танудың әліппесі  саналады. «Қазақ халқы 200-ден аса рудан құралса да әр рудың өз шежіресі болған. Шежірешілер жүз, тайпа, ру, ата тарихын терең талдай білген»(1). Патшалық ресейдің дәурені аяқталар тұста қазақтың мемлекеттігін қалпына келтіруді мақсат тұтқан Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан (1866-1937) алғашқы болып қазақ тарихының қажеттілігін алға тартып, башқұрттың әйгілі ғалымы Уәлиди Тоғанмен кездесіпті. Уәлиди Тоған өзінің естелігінде: «Мен бірнеше

  • Герб ауыстыру мәселесі немесе «терістеу синдромы» қалай пайда болды?!

    Еліміздің гербін ауыстыру туралы Президенттің ұсынысы (о баста ұсыныс суретші-дизайнер мамандардан шыққан сияқты) тұтас қоғамда болмағанмен, әлеуметтік желілерде әжептәуір қарсылық тудырды. Бірақ, байыптап қарасақ, бұл қарсылықтың қазіргі гербтің қазақ үшін ерекше қастерлі немесе эстетикалық тұрғыдан мінсіз болуына еш қатысы жоқтығын аңғарасыз. Соңғы уақыттары, ауыр індетпен қатар келген қаңтар трагедиясынан бастап, халық айтарлықтай күйзеліске ұшырады. Қазақстанның еркінен тыс, соғысқа, басқа да себептерге байланысты болып жатқан экономикалық қиындық салдарынан халықтың әл-ауқаты төмендеді. Осының бәрі қазір қоғамда байқалып қалған «терістеу синдромына» түрткі болды. «Терістеу синдромы» – дұрысты да бұрысқа шығаратын, қандай бастамаға болсын қарсы реакция шақыратын құбылыс. Әлеуметтік психологияны зерттеушілердің пайымдауынша, осы құбылысты барынша күшейтіп тұрған фактор – әлеуметтік желілер. Яғни, алдағы уақытта

  • Айтпай кетті демеңіз… (Тибет архиві туралы)

    Алтайдан ауған ел туралы тарихи жазбаларда оқтын-оқтын айтылғаны болмаса исі қазақ жұртына Тибет туралы түсінік әлі күнге дейін беймәлім. Әсіресе Тибет жазба деректерінде күллі түркі баласының тарихы туралы тың деректердің көмулі жатқанын тіптен біле бермейміз. Тибет- тарихи деректің ең көп сақталған аймағы саналады. Мәдени, әдеби, рухани және тарихи түрлі деректердің ықылым заманнан бері жақсы сақталуымен сырт әлемді өзіне баурап кеген Тибет жұртына 19 ғасырдан бастап Батыс экспедициясы баса назар аударып кешенді зерттеулер жасады. Соның негізінде Тибеттегі кейбір салалық байырғы деректер Батысқа көшірілді. Есесіне Тибеттану ғылымы қалыптасты. Жағырафиялық орналасуы тым ұзақ болғандықтан Тибеттану ғылымы қазақ жұртына қажеттілік тудырмады. Тибеттанумен негізінде алпауыт күштер айналысты. Олар тибет жұртын игеруді басқа қырынан бағалады. Тибетте

  • Демографиялық сараптама

    1-ші сурет қазақтар; Демографиялық ахуал 1949-2020 жж. аралығын салыстырмалы көрсеткен. 1949 жылға дейін, атап айтқанда коммунистік қытай үкіметі орнағанға дейін Шынжаң өлкесінің солтүстік бөлігінде қазақтар, оңтүстік бөлігі Қашқарияда ұйғырлар басым санды ұстады. 1951-54 жылдары ұлттық межелеу кезінде орталық үкімет құрған комиссия сараптамасы бойынша ұлттық автономиялық территорияны анықтау мына екі бағытта жүргізілді. Олар: БІРІНШІ, ұлттық автономияны межелеу бойынша оның атауын тұрақтандыру. Осы бойынша үш атау ұсынылды: *ШЫғыс Түркістан автономиялық федерациялық респубиликасы; *Ұйғырстан автономиялық респубиликасы; *Шынжаң автономиялы респубиликасы. ЕКІНШІ, автономияның әкімшілік тұрпатын анықтау; Осы бойынша: *Федерециялық тұрпат; *Автономиялық облыс және окург тұрпат; *Аймақ және аудан дәрежелі автономиялық окург тұрпаты. Межелеу комиссиясы аталған екі бағытта сараптама нәтижесін қорытындылады. Комиссия қорытындысы бойынша Шынжаң өлкесінің

  • …ойы бөлек болғанымен ол да осы елдің тумасы, біздің отандасымыз.

    Әлеуметтік желіде осы отандасымызды қызу талқылап жатыр екен. Көбі сын айтып жатыр. Видео жазбаның толық нұсқасы жоқ, пікір-талас тудырған бөлігі ғана тарап жатыр екен. Соған байланысты өз ойымды айта кетпекшімін: Бірінші, отандасымыздың видеосы, фотосы әлеуметтік желіде желдей есіп тарап жатыр. Ол азаматтың (азаматшаның) жеке құпиясы саналатын фотосы, видео жазбасы кімнің рұқсатымен тарап жатыр екен? Өз басым осы постты жазу үшін ол азаматтың (азаматшаның) видеодағы бейнесін қара бояумен өшіріп тастауды жөн көрдім. Және рұқсатынсыз фото бейнесін жеке парақшама салғаным үшін одан кешірім сұраймын. Діни ұстанымы, ойы бөлек болғанымен ол да осы елдің тумасы, біздің отандасымыз. Екінші, отандасымыздың діни ұстанымына байланысты айтқан сөздері қоғамда қатты пікір тудырған екен. Тіпті оны “ұлт дұшпаны”

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: