|  |  |  | 

Көз қарас Тарих Қазақ шежіресі

ТАРИХ ҒЫЛЫМЫ ҚАЗІР ЭЗОТЕРИКАЛЫҚ ТОПТАРДЫҢ  МЕНШІГІНДЕ

    Qazaq jasagi

Шығыстанушы-тарихшы Өмір Тұяқбайдың бұрында да «Қазаққа қандай тарих керек? Тәуелсіздік кезеңінде жасалған тарихи мистификациялар хроникасы» деп аталатын мақаласын  (22.05. 2025. Zhasalash.kz) оқып ем. Риза болғам.

Жақында Ө. Тұяқбайдың «Қазақстанда тарихи бұрмалаулар мен мифтерге тосқауыл қоюдың жолдары» (02.10. 2025. Zhasalash.kz) атты тағы бір мақаласымен және таныстық. Өте өзекті мәселені көтеріпті. Тарихта орын алып жүрген жағымсыз жайттар турасында ой толғапты. Журналистерді, блогерлерді айыптапты. Тарихтан арнайы кәсіби дайындығы жоқ, бәрін бүлдіріп болды деп.  Келеңсіздікті тоқтатудың нақты жолдарын ұсыныпты. Бұған да көңіліміз бек толды.

Әйтсе де тарихты бұрмалауға, өз өтіріктерін насихаттауға тек журналистер мен блогерлер ғана емес, «арнайы кәсіби дайындығы бар» «тарихшылардың» да «зор үлес» қосып жатқанын баяндап, айтылған пікірді одан әрі өрбітіп, жалғастырайық.

Қазір өздерін «кәсіби тарихшы» санайтын, «Қазаншының еркі бар, қайдан құлақ шығарса да» деген қағиданы берік ұстанған шарлатандар көбейді. Қиялдарынан түрлі «оқиғаларды» ойлап тауып, айдан анық ақиқатты еш шімірікпестен бұрмалап, соларын кеңінен насихаттап жүр.

Жалған жайттардың кейбірі тіпті мектептің тарих, биология, әдебиет оқулықтарына да еніп кетті. Теріс тәрбе беріп, балалардың санасын өстіп өтірікпен улады. Бұған «Сегіз сері Баһрамұлы», «Шипагерлік баян», «Толыбай сыншы ұлы Қожаберген жырау», «Түп-тұқияннан өзімше шейін…», т.б. сөзіміздің дәлелі.

«Арнайы кәсіби даярлығы бар» «тарихшылар» бұл өтіріктердің әшкере болуын қолдаудың орнына кезінде астыртын түрлі бөгесіндер жасады.

Біз республикалық деңгейде мәселе етіп көтеріп, Құзырлы орындарға бірнеше жыл тынбастан қайта-қайта шағымданып, айтысып-тартысып жүріп, бұлардың кейбірін оқулықтардан әрең дегенде алдырдық. Кезінде жазған арыздарымыздың, олардың қайтарған жалтарма жауаптары қолымызда, сақтаулы тұр…

Тарихшылар тарапынан шындық деп танылып, осы күні кеңінен насихатталып жүрген жалған деректердің бірқатарына жалпылама шолу жасалық енді.

Өте күмәнді, нақты дәйектері жоқ Бұланты, Аңырақай, «Орбұлақ» «шайқастары», «үш жүз бас қосып өткізді» делінетін «Ордабасы», «Қарақұм» «құрылтайлары», «Табын Бөкенбайдың қарауыл шоқысы», т.б. турасындағы өтіріктер – «арнайы кәсіби даярлығы бар» қазақ тарихшыларының «еңбектері». Бұлар – солардың жауапсыздығынан, білім өрістерінің тарлығынан,  өресіздігінен орын алған жайттар…

Совет өкіметі орнағаннан кейін оқулықтар жазу, қазақ тарихын қаттау жұмыстары қолға алынды. Бұлардың бірқатарын дәрігерлер С. Асфандияров, Х. Досмұхамедов, теміржол инженері М. Тынышпаев сықылды т.б. тұлғалар атқарды. Әрине, олар бұрын-соңды мұндай жауапты істерді атқармаған, машықтары жоқ-тын. Ұсынатын тезистерін дәйектейтін аргументтері мен фактілері, дәлелдемелері де тым аз болатын. Тіпті жоқтың қасы еді. Тарихқа қатысты ойларын, болжамдарын, тұжырымдарын қолдарындағы бар мәліметтерімен айғақтап, түзіп шыққан. Барымен базарлап. О заманда кемшіліктерін сараптап, тексеретін кәсіби тарихшы мамандар да жоқ кез-тін. Бірақ бұл – сол дәуір үшін елеулі оқиға, жетістік еді.

Алтын орда ыдыраған соң жан-жаққа бөлініп, бір бөлігі өзбек құрамына енген Алшын тайпасынан  шыққан Самарқан әміршісі Байходжа ұлы Жалаңтөс жөнінде, «Ақтабан шұбырынды» оқиғасының мерзімі, Бұланты, Аңырақай «шайқастары», «Ордабасы» жиыны жайында олар жасаған дәйексіз жорамалдар атақтарынан ат үріккен, зор саналған тарихшылар тарапынан жан-жақты екшеліп, тексерілмеген. Керісінше, әрі қарай әсіреленіп, әркім өзінің жалған деректерімен толықтырып, өтіріктерімен жамай түскен.

Аталған бұл тұлғалардың жаңсақ пікірлеріне байланысты сыни мақалалар жазған ек, солардың кейбірін атап өтейік:

а) «Ақтабан шұбырынды» оқиғасы 1723 жылы емес, 1722 жылы болған! // e-history.kz. 23.10. 2023;

ә) Баһадүр Ялантуш (Жалаңтөс) расында өзбектің Алшын руынан! // madeniportal.kz. 21.04. 2024;

б) Бұланты-Аңырақай шайқастары: жалғаны мен шындығы. // kerey.kz. 09.06. 2025.

Сондай-ақ, Шәкерім қажының, А. Левшиннің еңбектеріндегі нақты дәйегі жоқ кейбір қате пайымдар да кейінгі жаңсақ пікірлерге негіз боп жүр. Мұны да жан-жақты қайта қарап, екшеу керек деп санаймыз.

Бүгінгі тарихшылардың айтары да, жазары да  18-ғасыр кезеңіндегі өтірік-шыны аралас оқиғалар төңірегінде. Жоңғарлардың көрсеткен «зәбірі», солармен соғысқан әр рудан шыққан батырлардың «қаһармандығы» жайлы. Қазақтың тарихы тек осы дәуірден басталатын сықылды. Әрі қарай бармайды.

Айта кетейік, тарихқа қатысты зерттелмей жатқан күрделі сала көп-ақ. Соның бірі – ноғайлы дәуірі. Осы тақырыпқа да назар аудару керек еді. Бірақ тарихшылардың жоңғар көрсеткен «зәбір» турасында, оған «атойлап» қарсы шапқан хас батырлардың ерлігін әсірелеп толғаған, ұзынсонар «жыр-желісінің» таусылар түрі жоқ әзір…

Ақиқатында архивтік деректерге мұқият зер салсаңыз бүгіндері ыза-кекпен, үлкен өкінішпен, ауыр күрсініспен қайғыланып тарихшылар баяндап жүрген «жауыз жоңғарлардың» Қазақ ордасына соншалықты қауіпті жау болмағанын аңдайсыз. Ресей мен Цин империясының қасында.

Әбілқайырдың «1726 жылы Бұлантыда үш жүзден құралған әскерге қолбасшылық етуі», «Аңырақайда ұрыс даласын таққа таласып, тастап кетуі», т.б. негізсіз әңгімелер. Өте күмәнді бұл деректер – этнограф Ә. Диваевтың «Көк-Кесене» деген шағын аңызы бойынша М. Тынышпаев жасаған дәйексіз жәй долбарлар-тын.

Осы күні де қазақтың мақтан көретін ертедегі көшпелі өмірі, хандарымыздың айналасындағы өзге түркі жұрттарға деген өктемдігі, олармен ортақ тіл табыса алмауы, тұрақты әскер ұстап, қару-жарақты жетілдіруге ұмтылмауы  һәм рулардың бір орталыққа бағынбаған алауыздығы, т.б. отарға түсудің басты себебі болғанына нақты айғақ.

Әбілқайыр хан тұсында Еділ қалмақтары мен қазақтар арасындағы «соғыс» Наполеон мен Кутузовтың қалың қолмен бетпе-бет келген қанды қырғын шайқасындай дәрежеде болмаған. Немесе Суворовтың. Ара-тұра тиіп қашып қана соққы беріп отырған. Тұтас қалмақ жұртына емес. Бөлек-бөлек шеттеу көшіп-қонып жүрген ұлыстарына. Тұтқиылдан. Онысы барымта сипатында ғана өткен. Бала-шағасын тұтқындап, малдарын айдап кету сияқты.

Бірыңғай жауласа да бермеген. Кей уақыттарда тату болып та жүрген. Бір қызығы, жасалғалы жатқан барымтадан аман қалу үшін бір-біріне алдын ала астыртын хабар жіберіп, сақтандырып отыратын достық сипаттағы қазақтар мен қалмақтардың екі жақта да болғаны кей деректерде айтылып қалады.

Қазақ ордасының қалың әскер жинап, жоңғарға қарсы қырғын майдан ашып, соғысқаны жайында мәлімет өте аз. Бірді-екілі ондай архивтік деректер кездескенмен қайсысының жеңгені, қайсысының жеңілгені ашып айтылмаған. Белгісіз. Бірақ бұлар «тарихшылар» тарапынан жалған деректермен толықтырылып, баяндалған…

Жалпы назарға ұсынылған тезис аргументтермен нақтыланады. Бұл – кез-келген пәндегі талап. Еш ерекшелігі жоқ, тарих ғылымында да тап солай.

Аргумент (дәлелдеме) дегеніміз – логика ғылымының ережесі бойынша дәлелдеуді қажет етіп тұрған тезистің (пікірдің) растығын айғақтап, жан-жақты ашып беретін негіз немесе алғышарт. Бұлар еш қайшылықсыз бірін-бірі қуаттап, өзара логикалық тығыз байланыста тұруы шарт, осы жағдайда ғана шығарылатын қорытындының, яғни тезистің – шындығы күмәнсіз дәлелденеді.

Бұл жайттарды негізге алсақ қандай да бір тезисті (пікірді) дәлелдеу үшін  айғаққа ұсынылатын аргументтерге қойылатын мынадай қатаң талаптар бар екен:

а) аргументердің ақиқаттығы дәлелденетін тезиске тәуелсіз болуы керек;

ә) аргументтердің жиынтығынан қажетті тезис тууы тиіс.

Бірақ бұл талап-шарттарды алдымен «кәсіби даярлықтан өткен» «тарихшылар» сақтамайды. Сақтамайтын себебі қисынымен ойлау қабілеттері, машықтары өте кемшін. «Кәсіби даярлығы» шала, нашар болғандықтан. Мәліметтердің ақиқаттығын жан-жақты тексермейді, тарихта өткен оқиғаларға, ақпарларға сыни көзқараспен қарамайды. Жағдаяттың себебін, салдарын, мәнін, т.б. ашпайды. Архивтік деректерді құр тізбектеп көрсетудің төңірегінде жүр. Сонысын ғылымда тау қопарғандай көреді. Өзін соған нық сендірген.

Және айта кетер бір жайт. І. Есенберлиннің «Алмас қылыш», «Қаһар», «Жанталас» атты еңбектері, М. Мағауиннің «Аласапыран», Ә. Кекілбаевтың «Үркер», «Елең-алаң» деген кітаптары тарихи кезеңдерге арналып жазылған. Көркем шығармалар. Мұндағы оқиғалар, адамдардың іс-әрекеттері жазушылардың ой-қиялдарынан түзілген. Нақты дәлелдерге, деректерге жатпайды. Қарапайым жұртты былай қойғанда, осыларды айғаққа тартатын «ғалымдарды» да көрдік. Тарих ғылымының деңгейін біле беріңіз осыдан-ақ…

Кейбір парықсыз дүмшелер ойлап жүргендей, тарих ештеңеге қатыссыз жеке дара тұрған айрықша ғылым емес, ол – пәнаралық байланыстағы сала. Музыкадан да, географиядан да, этнографиядан да, фольклордан да, әдебиеттен де, тілден де, т.б. іргесін мүлде аулақ сала алмайды. Олай болуы мүмкін де емес. Басқалары да керісінше солай, тарихсыз – жұтаң. Мәнсіз. Мұны тарқатып айтса ұзақ әңгіме. Бұл – соңыратын бөлек қаузалатын тақырып…

Естуімізше, көп томдық қазақ тарихын жазу қолға алыныпты. Бірақ жаңа біз атап өткен жайттар ескеріліп, соны көзқараспен, жаңа пайыммен қарастырылып, түзетіліп, керемет боп шығатыны өте күмәнді…

Нидерландтық тарихшы Йохан Хейзинга былай депті: «Историческая наука, находящаяся во владении эзотерического круга ученых, – вещь ненадежная» (Қараңыз: Хейзинга И. Homo Ludens; Статьи по истории культуры. / Пер., сост. и Х 35 вступ. ст. Д.В. Сильвестрова; Коммент. Д. Э. Харитоновича – М.: Прогресс-Традиция, 1997. Стр. 123.).

Бұл профессор Жамбыл Артықбаевтың аудармасында былай: «Ғалымдардың эзотерикалық тобының меншігіне түсіп қалған тарих ғылымы – сенімсіз дүние».

«Эзотерика» дегеніміз – магияның астрология, пальмология, бақсылық, көріпкелдік, нумерология, сәуегейлік сықылды түрлерімен айналасушылар. Бұлардың қай-қайсысы да өзгелерді әртүрлі айла-шарғымен, құйтырқы көлгір амалдарымен өзіне табындырып, сендіре алады.

Тәуелсіздік алғаннан кейін қазақ тарихы міне, осындай шарлатандардың шырмауына түсіп қалды. Түрлі жолдармен «кандидаттықты», «докторлықты» қорғап алған кейбір «кездейсоқ ғалымдар» Йохан Хейзинга айтқандай, өздерінің ішкі мақсаттарына, яғни, жершілдікке, рушылдыққа, т.б. орайластырған бұрмалаушылықтары мен өтіріктеріне қарапайым жұртты ұйытып, иландыруға әрқилы «әдістермен» жұмыстанатын эзотерикалық топтар құрып алған. Олар жымысқылықпен тынымсыз әрекет үстінде.

Бұған жан-жақты зерделеп, әшкере еткен «Сегіз сері Баһрамұлы», «Толыбайсыншы ұлы Қожаберген жырау», «үш жүзді бірлікке шақырған» Қарақұм «құрылтайы», «Табын Бөкенбайдың қарауыл шоқысы» турасындағы, т.б. сын мақалаларымызды ел назарына жариялау кезінде, олардың таламақ боп әр тұстан гиенадай шуылдап шыға келгенінде көз жеткізген ек.

«Ет сасыса тұз себесің, тұз сасыса не себесің?!». Айтпағымыз, фальсификацияның, түрлі өтіріктердің тыйылмауының негізгі бір себебі тарих ғылымын осы эзотерикалық топтардың меншіктеп алғандығынан.

Хош, сөзімізді осы тұстан қайырайық. Кейін кеңінен көсіліп, жіліктеп отырып айтпақпыз,  тарихтағы басқа да былықтарды.

Сонымен пікірімізге себеп боп отырған «Қазақстанда тарихи бұрмалаулар мен мифтерге тосқауыл қоюдың жолдары» (02.10. 2025. Zhasalash.kz) атты мақалаға оралайық. Онда айтылған мына жайттар іске асса тарихта орын алып жатқан келеңсіздіктерді жоюдың нақты қадамы болар еді:

а) Ө. Тұяқбайдың «бұрмаланған деректердің орын алуына жол бермеу үшін құрамына білікті тарихшылар, архившілер, филологтар, тағы басқалары енген сараптамалық және қадағалау комиссиясын құру аса қажет деген» ұсынысы  нақты ақиқатқа айналуы керек;

ә) сондай-ақ, ғалым және атап көрсеткендей, ISBN жан-жақты, әбден екшеліп тексеруден өткен, келтірілген әр дерегінің анықтығы, бұрмаланбағандығы, фальсификациядан таза екені расталған еңбектерге ғана берілуі нағыз әділдік болар еді;

б) ғалымның осы ұсыныстары тиісті Құзырлы орындар тарапынан қолдау тауып, іске асқан жағдайда тарихи ескі жазбалардағы мәліметтерге, архивтік деректерге қайшылығы бар дау тудырып жүрген монографиялар, басқа да кітаптар тізімге алынып, жалғандық әрі қарай жалғаса бермеуі үшін жарақсыз деп танылуы керек;

в) «зерттеулері scopus базасына енгендер ғана ғылыми дәрежені, ғылыми атақты иелене алуы керек» деген пікір де негізгі бұлжымас талап-шартқа айналуы қажет-ақ.

Ғылымдағы фальсификацияны осындай амалдармен ғана ауыздықтауға болады. Һәм бұл – трайбалистердің өз руласын не атасын басқадан бітімі бөлек, ерекше батыр,  ел басқарған дана, әулие қылып әсірелеп, тарихи нақты деректерді бұрмалап енгізіп жүрген кітаптарына тосқауыл қоюдың бір жолы. Сондай-ақ, ғылыми дәрежелерін бетке ұстап, «мен бәрін білемін, бәрін мен білемін», «тек менікі жөн» деп көкірек соғып, ойларына келгенін істеп, ауа жайылып кеткен кейбір көтерем тарихшыларға да бөгесін, үлкен соққы болмақ.

Бөрібай КӘРТЕН,

Ақтөбе қаласы.

Related Articles

  • “Төңкеріс жасауға машықтанғандар” кім? Қаңтар құпиясы ашылса, салдары не болады? Депутатпен сұхбат

    “Төңкеріс жасауға машықтанғандар” кім? Қаңтар құпиясы ашылса, салдары не болады? Депутатпен сұхбат

    Нұрбек ТҮСІПХАН Қазақстан парламенті мәжілісінің депутаты, заңгер Абзал Құспан Азаттыққа сұхбат беріп отыр. Астана, 26 қазан, 2023 жыл Қаңтарды кім ұйымдастырғанын билік біле ме, білсе неге ашық айтпады? Парламентте неге Қаңтар бойынша тағы тыңдау өтпейді? Президент Тоқаев Қаңтар “төңкеріс жасауға әбден машықтанған мамандардың жетекшілігімен” ұйымдастырылды деді. Олар кімдер? Мәжіліс депутаты Абзал Құспан осы сұрақтарға жауап берді Азаттық: Абзал мырза, сіз – Қаңтар оқиғасына бір тараптан емес, жан-жағынан қарауға мүмкіндік алған адамсыз. Ең алдымен сол оқиғаға тікелей қатыстыңыз, жұртты алаңға шығуға шақырдыңыз. Одан кейін қанды қырғында қамауға алынғандарды босатуға ат салысып, заңгер ретінде де араластыңыз. Одан бөлек мәжіліс депутаты есебінде де жаңа бір ракурстан қарап отырсыз. Айтыңызшы, жан-жағынан қарағанда Қаңтар оқиғасында сізге

  • Атеистер мен тәңіршілдерге мың алғыс! 

    Атеистер мен тәңіршілдерге мың алғыс! 

    Елдес Орда Сурет: Автордың жеке архивінен алынды. Қазақ қоғамында жаңа интеллектуалдық кезең туып келеді. Бірінші, қазіргі қазақ қоғамында сенім мәселесіне қатысты пікірталастардың күшеюі кездейсоқ құбылыс емес. Бұл дегеніңіз әлеуметтік желілердің, ашық ақпараттық кеңістіктің және жаһандық интеллектуалдық ағымдардың ықпалымен қалыптасқан жаңа қоғамдық ойлау формасының көрінісі. Атеистік көзқарастардың ашық айтылуы, тәңіршілдік идеялардың қайта жаңғыруы және дәстүрлі діни орта арасындағы пікір қақтығысы зиялы ортада алаңдаушылық тудырғанымен, шын мәнінде бұл құбылыс қоғамның рухани әлсіреуін емес, саналы ізденіске бет бұрғанын көрсетеді. Екінші, ұзақ уақыт бойы қазақ қоғамындағы діни дискурс негізінен МОНОЛОГТЫҚсипатта болды. Уағыз айтылды, ал тыңдаушы тарап оны талқылаусыз қабылдауға тиіс еді. Сұрақ қою күмәнмен, күмән әлсіз иманмен теңестірілді. Мұндай ортада сенім дәлелдеуді емес, қайталауды талап етті. Ғылыми

  • Олжас Сүлейменов. Мен білем!.. 

    Олжас Сүлейменов. Мен білем!.. 

    Серік Ерғали Суреттер: madeniportal.kz және С.Ерғали мұрағаттарынан алынды. «Я знаю!..» кітабынан үзінді-аударма. ОСИРИС ЗАҢЫ I Біз адамзат тарихын өте нашар білеміз. XIX ғасырдың басында Наполеон әлемге Мысырды ашты, ал ғалымдар бұл елдің қирандыларын зерттеп, оның шамамен б.з.д. III мыңжылдыққа тиесілі екенін анықтады. Сол кезде адамзат тарихы тағы да қос мыңжылдыққа тереңдей түсті. Бірнеше мыңжылдық бұрын (мен білем) адамзат (немесе оның кейбір бөлігі) таңбалы жазуды қолданып, жазып жүрген. Бұл білімдерді қалпына келтіру арқылы біз XX ғасырдың басында жасанды түрде үзілген тіліміздің тарихына қатысты қолжетер шындықты қайта тануымызға тура келді. 1926 жылы Бакуде өткен алғашқы түркологиялық конгрестен кейін түркология ғылым ретінде қалыптаса алмады… …2018 жылы Назарбаев мені әңгімелесу үшін Ақордаға шақырды. Үлкен үстелдің басында

  • Қытай интеллигенциясы қытай иероглифін сынады, қытай тілін емес…

    Қытай интеллигенциясы қытай иероглифін сынады, қытай тілін емес…

    Қазір әлеуметтік желіде кейбір қазақ зиялыларының қазақ тілін сынаған пікірі тарап жүр. Есіме бір кездері Қытай интеллигенциясының қытай иероглифін сынағаны түсіп кетті. 20- ғасырдың алғашқы ширегінде қытайдың дәстүрлі иероглифтерін сынамаған зиялы кемде кем. *** *** *** “Иероглифтерде заманауи идеялар мен теорияларды жеткізетін сөздік қор жоқ, әрі олар зиянды ойлардың ұясына айналады. Оларды жоюда ұят жоқ” деп жазды 1918 жылы Қытай Коммунистік партиясының негізін қалаушылардың бірі әрі Жаңа мәдениет қозғалысының жетекші қайраткері Чэнь Дусю (陈独秀). Қытай иероглифін қатты сынаушылардың қатарында тағы да Қытай коммунистік қозғалыстың жетекшілерінің бірі Цюй Цюбай (瞿秋白) де болған. Ол тіпті 1931 жылы “Қытай иероглифтері шын мәнінде әлемдегі ең лас, ең жексұрын әрі ең жиренішті нәрсе. Тіпті ортағасырлық

  • Қазіргі заңнама аясында мемлекеттік тілді қалай дамытуға болады?

    Қазіргі заңнама аясында мемлекеттік тілді қалай дамытуға болады?

    Zhalgas Yertay         Қазақстан билігі мемлекеттік тілді дамыту үшін қатаң шешімдерге барғысы келмейді дейік. Бірақ қазіргі заңнама аясында мемлекеттік тілді қалай дамытуға болады? Соны ойланып көрейік. Қазақ тілін дамыту жайын айтқан кезде Қазақстан билігі қоғамды екіге бөледі. Бірі – тілді дамытудың радикал шешімдерін ұстанады, екінші жағы – қазіргі статус-квоны сақтағысы келеді, яғни ештеңе өзгертпей-ақ қояйық дейді. Бірақ екі жолды да таңдамай, ортасымен жүруді ұсынып көрсек қайтеді!? Батыл қадамдарға барайық, бірақ ол радикал жол болмасын. Қазақ тілін күшпен емес, ортаны дамыту арқылы күшейтсек болады. Яғни адамдар тілді үйреніп әуре болмай-ақ, халық жай ғана қазақ тілі аясында өмір сүруді үйренсін. Негізгі ой осы. Біз осы уақытқа дейін адамдар ортаны

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: